ҮЗДІКТЕР ҚАРА ҮЗСІН...

ҮЗДІКТЕР ҚАРА ҮЗСІН...

ҮЗДІКТЕР  ҚАРА  ҮЗСІН...
ашық дереккөзі
206

Шеберлікте шек жоқ. Кәсіби мамандар өз шеберлігін жылдан жылға шыңдаудан жалықпайды. Осыны ескерген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ басшылығы жыл сайын «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауын ұйымдастырып жүр. Биыл бұл байқау осымен жетінші рет өткізілді. 

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ Басқарушы директоры Қуанышбай Нұрғалиев байқаудың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде оның маңызын атап көрсетті. «Бірлік пен өзара сыйластықтың белгісіне айналған бұл байқау жыл сайын бәрімізді қанаттандырады, жетістіктерге жетелейді. Дәстүр бойынша, байқау еншілес компанияларда кезекпен өткізіледі. Осының арқасында мұнайшылар өзге кәсіпорындардағы жағдайды көріп, өз қызметімен салыс­тырып, ой түйіп, нәтижесінде өзінің жұмысын жақсарта алады», – деді ол.

Биылғы байқау Атырау облысындағы «Ембімұнайгаз» АҚ қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында ұйымдастырылды. Шеберлік сынына жалпы саны 56 маман қатысуға талап білдірген. Олар «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ және «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС және «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ қарасты басқа да еншілес және бірлескен кәсіпорындарының қызметкерлері. 13-15 тамыз аралығында үш күн бойы компанияға еншілес ұйымдар мен бірлескен кәсіпорындар қызметкерлері арасында ақтық сын ұйымдастырылды. 

Бұған дейін әр компанияда алдын-ала іріктеу сайыстары өткен болатын. Байқауға қатысуға талап еткендер негізінен он мамандық бойынша бақ сынасты. Мұнай мен газды өндіру операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, мұнайды дайындау операторы (тауар операторы), қабат қысымын қадағалау операторы, ұңғымаларды жер асты жөндеу операторы (бригада), мұнай кәсіпшілігі құрылғыларын жөндеу слесарі, газ-электр дәнекерлеушісі, токарь, электромонтер (бригада), химиялық сараптама лаборанты – олардың бәрі өз ісінің шеберлері. 

Бұдан бөлек, олар «Үздік маман» атану үшін екі сатыдан өту керек. Басқаша айтқанда, мамандар әуелі кәсіби білімі мен біліктілігін байқататын теориялық сынақтан өтсе, одан соң іс жүзінде шеберлігін көрсететін тәжірибелік сыннан сүрінбеуі тиіс. Шеберлерді сынақтан өткізу үшін кен орындарында тәжірибелік тапсырмаларды орындауға арнайы жұмыс орындары, құрылғылар мен құрал-жабдықтар дайындалды. 

Байқауға қатысушылар үшін үш күнде Атырау қаласын аралап, қайықпен серуендеп, облыстық өлкетану мұражайын тамашалау сияқты мәдени және ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылған. 

Үздіктерді анықтау барысында әділқазылар алқасы мамандардың еңбек қауіпсіздігі техникасын сақтау машығын, еңбекті қорғау ережелерін ұстану дағдысын ескеріп, олардың тәжірибелік тапсырманы қанша уақыт жұмсайтынына да, жұмыстың сапасына да ерекше көңіл бөлді.

Осылайша, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру компаниясының үздік мамандары арнайы төсбелгімен марапатталып, бағалы сыйлықтармен және ақшалай сыйақыға ие болды. Жеңімпаздарға арналған жүлде қоры қомақты: бірінші орынға ие болған қызметкерлерге бір жыл бойы жалақысына 30 па­йыз, екінші орын жеңімпазына 20 пайыз, ал үшінші орын иегеріне 10 пайыз үстемақы төленеді. 

Г.ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары