ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАН – Ауыл спорты ойындарының жеңiмпазы!
ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАН – Ауыл спорты ойындарының жеңiмпазы!
6-10 тамыз аралығында Тараз қаласында Қазақстан Республикасы жасөспiрiмдерiнiң II жазғы ауыл ойындары өттi. Оған елiмiздiң 14 облысының өрендерi қатысып, кiшi футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, қазақ күресi, асық ату, президенттiк көпсайыс, үстел теннисi, таэквондо, еркiн күрес, жалпы спорттың тоғыз түрiнен жүлделердi сарапқа салды. Тартысты бәсекелер қорытындысында Оңтүстiк Қазақстан облысының сайыпқырандары қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, командалық есепте бiрiншi орынды жеңiп алды. Олар 199 ұпай олжалап, абыройды аспандатты.
Тараз төрiндегi айтулы сында оңтүстiк өрендерi таэквондо және үстел теннисiнен қарсылас шақ келтiрмедi. Сондай-ақ, волейболшы қыздары да финалда ақтөбелiктердi жеңiп, бiрiншi орынды иемдендi. Ал волейболшы бозбалалар екiншi орынды мiсе тұтты. Кiшi футбол мен еркiн күрес бәсекесiнде де облысымыздың спортшылары күмiс жүлденi олжалады. Командалық есептегi жеңiске барлық спортшылар мен жаттықтырушылар үлес қосты. Әрбiр бәсекеде бағалы ұпайлар үшiн барын салып, өжет мiнез көрсеткен жасөспiрiм спортшыларды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлiбек Нұртаев құттықтап, сайыстың жабылу салтанатында жеңiмпаз кубогiн қабылдап алды.
– Қазақтың құты – ауылда. Бүгiнде Қазақстанды айдай әлемге мәшһүр қылып, бәсекеге қабiлеттi ең озық елдердiң қатарына қосып жатқан Елбасымыз да ауылда өстi, ауыл мектебiнде оқыды, – дейдi Әлiбек Нұртаев. – Қазақтың алғашқы олимпиада ойындарының жеңiмпазы Әлжан Жармұхамедов пен Жақсылық Үшкемпiров те үлкен спортқа ауылдан келдi. Тараз төрiнде өткен ауыл ойындарында Оңтүстiк Қазақстан облысы спортшыларының бас жүлденi жеңiп алуында үлкен заңдылық бар. Облыс әкiмi Асқар Исабекұлы Мырзахметов спорттағы өзектi мәселелердiң денiн сала-саласымен шешiп берiп келедi. Ауылдарда спорт кешендерi көптеп ашылып жатыр. Түбiнде, оңтүстiк спортын үлкен түлеу күтiп тұр десек қателеспеймiз.
Командалық есепте екiншi орын – Жамбыл, ал үшiншi орын Алматы облысының командасына бұйырды. Он төрт облыстың арасынан топты жарып шыққан Оңтүстiк оғландары өңiрде бұқаралық спортты дамыту iсi дұрыс жолға қойылғанын дәлелдеп қайтты. Ауыл спорты ойындарында жеңiмпаз атанған ұл-қыздардың арасынан әлем және олимпиада жүлдегерлерi шығады деген ойдамыз. Себебi, ұлы жеңiстер осындай сайыстардан бастау алады.