Шымкенттің шыны ыдыстарына сұраныс жоғары

Шымкенттің шыны ыдыстарына сұраныс жоғары

Шымкенттің шыны ыдыстарына  сұраныс жоғары
ашық дереккөзі
176

Қазақстандықтар ендi Ресей және өзге мемлекеттерден әкелiнетiн шыны ыдыстарға тәуелдi болмайды. Өйткенi бұл ыдыстар Шымкенттегi «Евро Кристалл» шыны бұйымдарын өндiру зауытында шығарыла бастады. Жуырда аталған кәсiпорынның ашылу салтанаты атап өтіліп,оған облыс әкiмiнiң орынбасары Сапарбек Тұяқбаев арнайы қатысып, зауыттың жай-күйiмен танысқан болатын. 

«Евро Кристалл» зауыты ҮИИД мемлекеттiк бағдарламасы аясындағы индустрияландыру картасы шеңберiнде iске қосылған. Мұнда жылына 150 миллиграмнан 2 литрге дейiнгi 70 млн. шөлмек пен банкалар шығарылады деп болжануда. Кәсiпорынның бас директоры Рус­там Суховтың айтуынша, өндiрiс орнының ашылуына мемлекет тарапынан тиiстi қолдау көрсетiлген. 

– Осы жобаны жүзеге асыру туралы идея 2006 жылы туындады. Алайда, қаржы дағдарысына байланысты iске аспай жүрдi. Екi жыл бұрын жобамызды жоғарыға ұсынып, оң бағасын алдық. Нәтижесiнде бiзге әкiмдiк «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргiзiп бердi. Несие бойынша да мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлдi. Жобамызға «Bank RBK» несиелерiн ұсынды. Сол үшiн Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiне, «Даму» қорына алғыс айтамын. Қазiр елiмiз бойынша Алматыда ғана осындай зауыт бар. Бiз де өз сапалы өнiмiмiзбен отандық нарықты жаулауды көздеп отырмыз. Өйткенi «Евро Кристаллда» өндiрiлген банка мен шөлмектер сапалы әрi Ресей өнiмдерiнен 20 пайызға арзан, – дейдi ол.

Бүгiнде мұнда 150 адам жұмыспен қамтылған. Оларға Қытайдан шақырылған мамандар тәжiрибелерiн үйретуде. Таяу уақытта кәсiпорынның екiншi кезеңi iске қосылса, жұмысшылардың саны 260-қа жетпек. Кәсiпорында швейцариялық «Emhart» компаниясының құрал-жабдықтары орнатылған. Бұл қондырғының артықшылығы тек сапалы өнiм шығарып қана қоймай, ақауы бар ыдыстарды бiрден анықтайды. Сапасыз ыдыстар шикiзат ретiнде өңделiп, қайтадан шығарылады. 

  Облыс әкiмiнiң орынбасары Сапарбек Тұяқбаев шыны зауытының елiмiзде ерекше орны бар екенiн айтты. 

– Өздерiңiз көрiп тұрғандай, Шымкентте тағы бiр кәсiпорын ашылды. Оған мемлекет тарапынан тиiстi қолдау көрсетiлдi. Осында өндiрiлген ыдыстар тек елiмiзде ғана емес, көршiлес мемлекеттерде де сұранысқа ие болады деген ойдамын. Жалпы биыл, «Оңтүстiк» индустриалдық аймағында 65 жобаны жүзеге асыру көзделсе, оның 32-сi iске қосылды. Алдағы уақытта аудандарда да индустриалдық аймақтар құруды жос­парлап отырмыз. Жаңа кәсiпорын, жұмыс орындарын ашу шаралары әлi жалғаса бередi, – дедi С.Тұяқбаев мырза. 

Жаздың шiлiңгiр ыстығына қарамай 1500 градусқа жуық қызуы бар пештiң қасында еңбек етiп жүрген жұмысшылар тыным таппайды. 

– Жалақы мәселесi шешілген, жұмыс жоспары дұрыс жолға қойылған. Отандық өндiрiске үлес қосып жүргенiмiзге қуаныштымыз, — дейдi олар. 

Елімізде мұндай алып шыны зауыттары өте аз. Мамандардың айтуынша, «Евро Кристалл» зауыты республикадағы сұраныстың 15 пайызын қамтып отыр. Егер жобаның бірінші бөлігі сәтті болса, кәсіпорын кеңейтіліп, жұмысшылар саны артуы да мүмкін. Шыны ыдыстардың барлық түрін шығаруға қауқарлы Шымкенттегі зауыттың өнімдері болашақта әрбір отбасының асханасын жайнататыны сөзсіз. Бәсекеге қабілетті тауар өндіруді қолға алған оңтүстіктің кәсіпкерлері сәті түссе, көршілес елдердің нарығына да енуден кетәрі емес. 

Дайындаған Ғабит САПАРБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары