«МҰҒАЛІМДЕРДІҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРУ – БАСТЫ ПАРЫЗ»
«МҰҒАЛІМДЕРДІҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРУ – БАСТЫ ПАРЫЗ»
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстанда болды.Таяуда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапармен ат басын бұрып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Іс-сапар барысында біршама өзекті мәлелелер, түйткілі көп, шешімі табылмай тұрған жайттарды көзбен көріп, қара халықтың мұң-мұқтажын өз ауызынан естіді. Бірінші болып, қалалық №1 ауруханаға бет алды. 150 науқасқа шақталған мекеменің жай-күйімен жете танысып, одан соң «Нұр Отан» партиясының Солтүстік Қазақстандағы филиалында болып, жергілікті тұрғындарды қабылдады. Басқосу барысында жергілікті халықтың талап-тілектерін ортаға салып, алдағы уақытта басшылыққа алатын келелі мәселелерді күн тәртібіне енгізді. «Нұр Отан» партиясының белсенділері мен өңірдегі «Жас Отан» жастар қанатының өкілдерімен кездесуді де назардан тыс қалдырмады. Бауыржан Байбек партия белсенділері алдында сөйлеген сөзінде «Нұр Отанның» алдағы уақыттағы жұмыс бағытын тарқатып берді. Өңірлердің дамуы да басты назарда болатынын ескертті. Одан әрі іс-сапар Асанов ауылы тұрғындарының қисыны келмей отырған ауыз су мәселесінің шиленістерімен жалғасын тапты. Жағдайды көзбен көрген партия өкілі алдағы уақытта мәселенің оң шешілетініне уәде етті.
Бауыржан Байбек сондай-ақ, Петропавл ауыр машина жасау зауытының жас жұмысшыларымен кездесті. Аталмыш зауыт 50 жылдан бері Қазақстанның және алыс-жақын шетелдердің технологиялық нарығындағы алдыңғы қатарлы өндіріс орны саналады. Кәсіпорында 1000-нан астам адам еңбек етуде, олардың төрттен бір бөлігін жастар құрайды.
Кәсіпорынның жұмысымен танысқан кейін, Б.Байбек зауыттың жас жұмысшылары – инженерлер, конструкторлар, машина жасау мамандарымен т.б. кездесу өткізді. Бауыржан Байбек мырза аталған кездесуде: «Сіздер сол жастардың жаңа білімді меңгеріп, ғылыми-техникалық даму көшінен табылатын шоғырысыздар. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жастар бос отырмай, еңбекке ұмтылуы керектігін айтты. Жұмыс орындары ашылуда, ендеше сіздер еңбек етіп, өз болашақтарыңызды өз қолдарыңызбен қалыптастыруларыңыз керек», – деді.
Петропавлда ҮЕҰ өкілдерімен кездесуде Бауыржан Байбек мұғалімдер мен дәрігерлердің беделін арттыру қажеттігін айтып, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жемқорлық көріністеріне қарсы әрекет етуге шақырды. «Дәрігерлер мен мұғалімдердің басым көпшілігі ең бір қиын кезеңдерде осы салалардан қол үзбей, жұмыс істеуді жалғастыра берген жандар. Олар еліміздің нағыз патриоттары. Біз олардың бір кездегі беделін қайта көтеруіміз қажет. Ол үшін пара алушылардан арамызды тазартуымыз керек», – деп мәлімдеді.
Іс-сапар барысында жаңа өзгерістер де орын алды. Еліміздегі бірегей партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХХ конференциясында облыстық филиалдың төрағасы болып облыс әкімі Ерік Сұлтанов сайланды.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек облыстық филиалдың басшысына жаңа үлгідегі партия билетін табыс етті. Жаңа өзгерістермен қоса, жағымды жаңалықтар да жоқ емес. Петропавлда Жастар сарайы бой көтеретін болды.
Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында биылғы жылғы қоғамдық қабылдау бөлімдерінде азаматтарды қабылдау саны 560-қа жеткен. Бұл 2013 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4 есеге артқандығын аңғартады. Өтініштердің 75 пайыздан астамы тиісті шешімін тапса, қалғандары бақылауда. Сонымен қатар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және жеке кездесулер мен қабылдаулардың арқасында мүмкіндігі шектеулі 500-дей азамат жұмысқа тұрғызылған.
Еркежан ЖҰМАТАЙ