АГРАРЛЫ ЕЛ БОЛСАҚ ТА...

АГРАРЛЫ ЕЛ БОЛСАҚ ТА...

АГРАРЛЫ ЕЛ БОЛСАҚ ТА...
ашық дереккөзі
458
Өткен аптада Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына екі күндік жұмыс сапарымен барып, аймақтағы индустрияландыру мен ауыл шаруашылығының даму үрдісін қатты сынға алды. Жағдайдың нашарлығы соншалық, тіпті облыс әкімі ауысты. Анықталғандай, облыс 70 пайызға республикалық бюджетке тәуелді. Тек 30%-ға ғана өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын Алматы облысы көрші елдерге тәуелді. Себебі, 1991 жылдан бері 23 жыл ішінде бәсекелестікке қабілетті, қарқынды ауыл шаруашылық секторы қалыптаспаған. Жетісу жеріне қарап, өкінішке қарай, еліміздің басқа облыстарының хал-ахуалы да осындай екенін мойындауға тура келеді. Сонымен бірге, Ресейдің өзіне қарсы санкцияларға жауап ретінде Еуропа импортынан бас тартуы отандық аграрлық саланың осалдығын тағы бір байқатты. Ресей Федерациясы толығымен еуропалық көкөністер мен жеміс-жидектерге шектеу жариялаған тұста Үкімет батыс кәсіпкерлерінің орнын қазақстандық өндірушілердің иемденетінін мәлімдеп, сүйінші сұрағаны есімізде. Біз тауарымызды Ресейге экспорттаудан бөлек, ең алдымен өз-өзімізді қамтамасыз ете алмайтын болып шықтық. Бұның бәрі ондаған жылдар бойы осы салада қордаланған мәселелердің шешілмегенін анық көрсетуде. Қазіргі ауыл шаруашылығының жағдайына қарап «ежелден мал баққан халық» екенімізге күмәнмен қарайтындар көбейді. Ендеше кілтипан неден? Аграрлық ел бола тұра, ауыл шаруашылығын құлдыратқан кім?

 

МАУСЫМ САЙЫН ҚАЙТАЛАНАТЫН МӘСЕЛЕЛЕР

 

3 трлн. теңге! Міне, осыншама қыруар қаржы салық төлеушілердің қалтасынан ауыл шаруашылығын 2020 жылға дейін дамытуға жұмсалады. Барлық іс-шаралар 2013-2020 жылдарға арналған бағдарлама аясында жүзеге аспақ. Оның ішінде өңдеуші өндірісті қалпына келтіруге 30 млрд. теңге бөлінеді. Шаруалар үшін субсидия көлемі 4,5 есеге артады. Статистика бойынша, аграрлық салада 1,8 млн. адам жұмыс істейді. Алайда Қазақстанда 20 жылдың ішінде серпін көрсете алмаған ауыл шаруашылығын жеті жыл ішінде батқан былықтан шығару мүмкін емес сияқты. Шенділердің неге үміттеніп отырғаны белгісіз. Өз кезегінде сарапшылар салаға бөлінген қаражаттардың мақсатсыз жұмсалып, болашағы жоқ, бәсекеге қабілетсіз шағын өндірістердің пайда болатынын айтады. Қазіргі таңда еліміз 60 пайызға ғана өзін ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Қалған 40% импорт үлесінде. Алайда, бүгінгі қалыптасқан жағдайға қарап, бұл үлестің артып отырғанын байқау қиын емес. Билік Қазақстанның Кеден одағы аясында импорт 14%-дан 41%-ға дейін, ал экспорт 4-тен 7%-ға дейін өскенін айтты. Осы тұста Ресей мен Беларусьтің де Қазақстанға қатысты экспорттық өнімдерінің үлесі бізге қарағанда бірнеше есеге артқанын да айтқан жөн. Және де нарықта отандық тауарларға қарағанда шетелдік өнімдер көп. Бұл аграрлық салаға жауаптылардың 20 жылдан астам уақыт ішінде мал мен өсімдік шаруашылықтарын тоқырауға ұшыратқанын айқындап отыр. Ауыл шаруашылығының жеткен жетістігі саналып отырған астықтан да қадір кетті. Астық экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің біріміз. 2013-2014 жылдары 8,7 млн. тонна астық шетелге шығарылған. Мемлекеттердегі астық терминалдарының саны көбейіп келеді. Мәселен, жақында Иран-Түркіменстан шекарасында жаңа терминал салынбақ. Бірақ, әр жыл сайын астық сақтайтын қоймалардың тапшылығы, жанармай бағасының қымбаттауы, субсидиялардың кешіктірілуі сынды түйткілдер қайталанып отырады. Соңынан астық шіріп, диқандар шығынға ұшырайды. Әрбір маусым сайын қайталанатын мәселелерді министрлік шешуге қауқарсыз. Одан бөлек, астығы көп елде нанның қымбат болуы мүмкін емес. Әлемдік тәжірибеде мемлекет қай тауарды не өнімді көптеп шығарса, оның құны нарықта төмен болады. Ал министрлік ет, жұмыртқа, басқа да өнімдерді өндірудің көбейгенін айтқанымен, оның қара базарда құны шарықтап тұрғанын айтқысы келмейді. Мәселен, жақында «ҚазАгро» ұсынған мәліметтерге сәйкес, тауық еті Ақтауда 535 теңгеден 825 теңгеге дейін өскен. Қостанайда 14 пайызға, Қарағандыда 10 пайызға қымбаттаған. Дәл осындай жағдай өзге мал еттеріне де байланысты. Баға тұрақтылығының сақталмауы шаруалар мен оны сатып алатын халыққа ауыр тиіп отыр.

 

ЕТ ӨНДІРУ БІР МЫСҚАЛ АРТҚАН…

 

Жоспарларға сенсек, 2020 жылға қарай азық-түлік импорты азаяды. Алайда ахуалдың қауіпті екенін парламент отырыстарының бірінде депутат Қожахмет Баймаханов мәлімдеген болатын. «Импорт көлемі 50%-дан астам тауарларға күрішті қосуға болады. Қызылорда облысында күріш молынан өндіріледі, тіпті екі Қазақстанды қамтамасыз етуге болады», – деген еді депутат. «Біздегі Аралда ең жоғарғы сұрыптағы тұз өндіріледі. Бірақ импорт 96%. Бұл неткен масқара, сұмдық! Бұл Кеден одағы аясындағы жағдай. Ертең Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кірсек, біз мүлдем ештеңе өндірмейтін жағдайға келеміз», – деді халық қалаулысы. Бұл тек тұз бен күрішке қарап айтылған сын емес. Бұл мемлекеттің өндіріс орнын ашып, бірақ оның даму-тетіктерін ойламайтындығынан. Өйткені шенеуніктер ең алдымен мемлекет берген қаражатты жылдам игеруді ойлап, қымбат зауыт-фабрикаларды салады. Алайда болашақ бизнес-жоспардың жоқтығы ол өндіріс орнының ғұмырын ұзаққа барғызбайды. Немесе құны жоғары өндірістің нарық сұранысына сәйкес болмай шығатын мысалдар да баршылық. Барлық мемлекеттік органдар секілді ауылшаруашылық министрлігі де ашықтық, жария­лылық секілді принциптеріне үстірт қарайтын сияқты. Бүгінгі таңда шаруаларға беріліп жатқан субсидия, демеу қаражаттардың қаншалықты мақсатты түрде жұмсалғаны жөніндегі объективті ақпарат жоқ. Мәселен «ҚазАгро» биыл кәсіпкерлер үшін 40 млрд теңге несие бөлді. Алайда, қаражаттар ең қажетті қай саланың дамуына жұмсалатыны, оның қаншалықты нәтижелі болатыны тексерілмеген. Мысалы, мал шаруашылығын дамытуда сәтсіздікке ұшыраған 10 ауданның әкімдерін жұмыстан босату туралы бұрынғы премьер Ахметов айтқан болатын. Себебі, аудан басшылары аталмыш саланы тек 2%-ға дамыта алған… Бұған қоса, ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ет өндіру өткен жылы 1%-ға, сүт 1,5%, жұмыртқа 6,3 пайызға артқанын мәлімдеді. Президенттің біздің базарлардағы беларусь етінің көптігіне шүйлігуі де осыдан. Қазақ үшін мал шаруашылығы сияқты төл саланың дамуы 1%-ды көрсетсе, онда басқа салалар туралы сөз қозғау да артық.

 

БОС ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР КӨП

 

Өткен аптада 2013 жылдың 9 қыркүйегінде «Landsat 8» спутнигінің қазақ-қытай шекарасын түсірген суреті жарияланды. Онда Қытайдың солтүстік-батысы мен Қазақстанның шығысы, Балқаш көлі аймағы қамтылған. Суретте Қытайдың көпшілік бөлігі жасыл түсте, біздің аумақ болса, түгелдей қоңыр түсте. Жасыл түстегі аймақтарда ауылшаруашылық секторының белсенді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Ал Қазақстанның басым бөлігі қоңыр түсте болуы аграрлық саланың нашар дамып жатқанының белгісі болып отыр. Ал жауапты ведомство бұған қоса жер учаскелерінің бос жатқанын да мойындайды. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков: «Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жалпы көлемі 6,8 млн. гектарды құрайтын 18 мың жер учаскелері ешбір қолданыста жоқ. Яғни, бұл дегеніміз – ешқандай да мақсатты пайдаланылмай, бос жатқан жерлер деген сөз. Осы ретте, жер салығы ставкасын 5 есеге өсіріп, аймақтарға пайдаланылмай жатқан жерлердің ставкасын ұлғайтуға құқық бере отырып, 10 есеге өсіру ұсынылып отыр», – деді. Демек, ауыл шаруашылығы үшін берілген жерлердің өзі бос жатыр. Ал әрбір жер телімінің мақсатты пайдалануын бақылап, реттеуі тиіс құзырлы органдар қайда қарауда?!

 

КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕС БАСЫМ

 

Жемқорлық бұл саланы да кері айналып өте алмады. Қазіргі таңда бұрынғы вице-министр Мүслім Өмірияевке қатысты іс сотқа берілді. Экс-шенеунік мамыр айында ірі көлемдегі пара алды деген айыппен ұсталған. Тергеушілердің мәлімдеуінше, оның мемлекеттік сатып алуда кәсіпкерге оңтайлы жағдай жасап, көрсеткен көмегі үшін 100 мың доллар алған. Өз кезегінде Асылжан Мамытбеков бұрынғы орынбасарының қылмысына сенбейтінін, кінәсі дәлелденсе, отставкаға кететінін мәлімдеді. Құқық қорғаушылар Өмірияевтің міндетті түрде жауапкершілікке тартылатынын айтады. Ендеше, Асылжан Сарыбайұлы сөзінде тұрып, қызметін тастауға дайын ба екен?! Әзірше бұл уақыттың еншісінде. Министрдің өзі келтірген дерегіне сенсек, 2012 жылы министрліктегі 45 қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал өткен жылы 20 адам жауапкершілікке тартылған. Көбіне, шенділер өз лауазымын асыра пайдаланып кәсіпкерлерге «қолдау» көрсететін көрінеді. Осыдан көлеңкелі экономиканың пайда болатынын ескерген жөн. Жалпы, ауыл шаруашылығы саудадан кейін (22,9%) көлеңкелі бизнеске бейім саланың бірі болып табылады. Оған заңсыздықтың 15,6 пайызы келеді екен. Бір жағынан, көлеңкелі экономиканың орын алуы Қазақстандағы бизнес үшін ешқандай жағдай жасалмағанын байқатады. Кәсібін заң аясында өркендете алмайтынын білетін кәсіпкер оңтайлы жол іздеуге мәжбүр болады. Есеп комитетінің де өткен жылы жариялаған ақпаратына сәйкес, министрлік бюджеттен бөлінген 6,2 млрд теңгені игермеген. Оның 1,2 млрд. теңгесі өңірлерге, ал 2,4 млрд. теңгесі «ҚазАгро» холдингіне тиесілі. Сонымен бірге комитет көптеген жобалардың аяғына дейін іске қосылмағанына назар аудартады. «Есеп комитеті Үкіметке қайта өңдеу өнеркәсібінің жаңа және пәрменді өндірістік қуатын тиімді пайдалану жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің қазіргі ұйымдастыру құрылымының жұмыс істеу тиімділігін қарауды ұсынады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «ҚазАгро» ұлттық холдингіне бөлінген бюджет қаражатының игерілуіне мониторинг пен бақылауды күшейту қажеттігін атап өтеді», – делінген ақпаратта. 2012-2013 жылдары бейшара­ кәсіп­кер­лерді қағазбас­тылықтан құтқарып, қызметін жеңілдетуі тиіс «АӨК-ғыр­нама» ақпараттандыру жобасы іске асырылуы керек болатын. Бұл 5 мем­лекеттік қызметтің 350000 түрлі құжатты бе­руін реттеуге көзделген. Алайда, қазір бұл тұғырнаманың шаруаларды батпанқұйрықтан құтқарғаны шамалы. Қағазбастылық сол деңгейде.

 

«ТИІМСІЗ МЕНЕДЖЕР»

 

Жоғарыда атап өткен мәселелерден бө­лек, ауыл шаруашылығы деп аталатын салада қор­даланған мәселе көп. Ветеринария мен са­нитария, инновация… Жалпы, көптеген сарап­шылар ауыл шаруашылығының дағ­да­рысқа түсуін оның басшысы Асылжан Мамыт­бековпен байланыстырады. Шы­нын айту керек, соңғы уақытта бұл шаруа­шылық түрі мүлдем дамудан қалды. 2008 жылы «ҚазАгроны» басқарып, істі оңға сүйрей алмаған Мамытбековтің ауыл шаруашылығына бас маман болып келуі күдікті көбейтті. Жұмысының нәтижесіздігін тіпті әлеуметтік сауалнамалар көрсетті. 2012 жылы «Стратегия» агенттігі оны «Ең тиімсіз менеджерлер» қатарына қосты. «Аутсайдерлер» тобына кіріп, 43 орынды қанағат тұтты. Өз қызметі барысында министрдің мүлт кеткен жағдайлары көп. Олар – астық сақтайтын қоймалардың тапшылығы, ауыл шаруашылық өнімдері бағасының жоғары болуы, «Тиімсіз менеджер» осылай ауыл шаруашылығын одан ары терең дағдарысқа ұшыратқан сияқты. Еліміз алдағы уақытта ДСҰ-ға кіруге үмітті. Бұл ұйымға мүше болған жағдайда Қазақстан тоқыраудағы ауыл шаруашылығын мүлдем құтқара алмайды. Себебі, біздің нарыққа жаңа ойыншылар келеді. Ал шетелдік өндірушілерге бәсекелес бола алмайтын отандық кәсіпкерлерді сәтсіздік күтіп тұр деуге толық негіз бар.

Диас БЕЙСЕНБЕК

Серіктес жаңалықтары