ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕКТІ НЕГЕ КҮШПЕН ЖІБЕРДІ?

ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕКТІ НЕГЕ КҮШПЕН ЖІБЕРДІ?

ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕКТІ  НЕГЕ КҮШПЕН ЖІБЕРДІ?
ашық дереккөзі
446

Украинадағы соғыс әлі де тоқтар емес. Соңғы уақыттағы өзекті мәселе Ресейдің Украинаға жіберген гуманитарлық көмегі болып тұр. Ресей Украинаға гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылдағаннан бері, бұл туралы сан түрлі пікірлер айтылуда.

Украина Ресейдің жіберген жүк көліктерін елге кіргізуден бас тартқанына қарамастан Ресей өткен аптада шығыс Украинаға 280 жүк көлігін енгізді. Бұл жүк көліктерінде 400 тонна қарақұмық, 100 тонна қант, 62 тонна балалар тағамы, 54 тонна дәрі-дәрмек және өзге де медициналық заттар болды делінеді. Бірақ, телеарналардан көрсетілген бейнематериалдарда жүк көліктерінің бірқатары бос. Бұл да көпшіліктің көңіліне күдік ұялатты. 2000 тоннаға жуық гуманитарлық көмек тиеген ресейлік жүк көліктері Украина шекарасынан ресми Киев пен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің рұқсатынсыз өткен болатын. Ресейдің Украинаға мұндай гуманитарлық көмек жіберуіне әлемдік саясаткерлер күдіктене қарап отыр. Гуманитарлық көмек арқылы Ресей сепаратистерге қолдау көрсетуі мүмкін деп алаңдауда. 

НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен: «Мәскеу бүлікшілер аумағына жататын Шығыс Украинаға жіберген гуманитарлық көмегін сылтауратып, Украинадағы дағдарысқа әскери түрде араласуы мүмкін. Ресей «Гуманитарлық көмегінің» Украина билігінің келісімінсіз шекарадан баса көктей кіруі Украинаның «ашық шапқыншылыққа ұшырауы» болмақ. Украина тарапының рұқсатынсыз және Қызыл Кресттің араласуынсыз жасалған ашық заң бұзушылық әрекет», – деді. Киев пен НАТО Кремль Украинаға әскери күш кіргізуі мүмкін деп қауіптенгендіктен, аталмыш керуен Украина шекарасында тоқтап қалды. Ал Халықаралық Қызыл Крест Комитеті бұған дейін барлық тараптар жағынан қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілсе, жүкті қабылдап, ары қарай жеткізетінін айтқан еді. 

Басты күдік туғызған жайттың бірі – көмектің Луганск қаласына жөнелтілуі болды. Және аталмыш керуен Киевтің толық келісімінсіз ел аумағына өктемдікпен кірді. Бұл қаланы сәуір айынан бері ресейшіл сепаратистер басып алған болатын. Ол аймақта қазір мыңдаған адам су, жарық, дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай отыр. Сепаратистерге әскери көмек көрсетуі мүмкін деп қауіптенген жүк көліктерінің дәл сол қалаға бағытталуы шынында да біраз дау тудырды. 

Дегенмен, Ресей ешкімнің пікіріне қарамай, бұл шаруаға бел шеше кіріскен секілді. Алғашқы жіберген көмегі кедергіге тап болса да, екінші рет тағы да гуманитарлық көмек жолдау туралы жоспарымыз бар деп мәлімдеме таратты. Және бұл жолы еш кедергі болмайтын шығар деген сенімде екендігін де жеткізді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Гуманитарлық керуен Украинадағы қиналған жандарға азық-түлік тасып жүр ме, әлде астыртын қару-жарақ тасуда ма? Бұл халықаралық бақылаушыларға белгісіз болып қалуда.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары