КОНСТИТУЦИЯ — ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗДЫҢ АДАСТЫРМАС ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

КОНСТИТУЦИЯ — ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗДЫҢ АДАСТЫРМАС ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

КОНСТИТУЦИЯ — ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗДЫҢ АДАСТЫРМАС ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
ашық дереккөзі
209

Саяси тұрақтылық пен ішкі тыныш­­тықты сақтап, барша қазақ­стан­дықтарды тәртіп пен бір­лік­ке ша­қыруды мақсат тұтқан Ата Заңы­мыздың қабылданғанына биыл, міне, 19 жыл толды. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған Басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы. Ғасырлар тоғысында әлем­дік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихы да тағдырлы ше­шім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қа­дам басты. 

Біздің елімізде ең алғашқы Конституция негізін қалаушы – Қорқыт бабамыз. Ол кісі бұл құжатын «Адат» деп атапты. Ол мынадай негізгі баптардан тұрған екен: Атамекенді Жерұйық деп білу, оны жаудан қорғау, жер-суды белгілі тәртіппен пайдалану, дау-жанжалды ақылмен шешу, кінәліні жазасыз қалдырмау. 

Бұдан кейін XIII ғасырда Шыңғыс ханның «Ұлы жосысы», XV ғасырда Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», XIV ғасырда Тәуке ханның «Жеті жарғысы» болса, ал бүгінгі қыраны көкке самғап, туы биікке желбіреген тәуелсіз еліміздің Ата заңы адамзат баласының жүздеген жыл бойы қалыптасқан жалпы құндылықтарын бойына сіңірді. 

Қазақстан Республикасының Конституциясы бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіріп, үйлестірген, жүзден аса ұлт пен ұлыстардың тегіне қарамастан бекіткен құжат болды. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде: «Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген конституция, әсіресе, XX ғасырдың екінші жартысында қабылданғандары мұқият сараптаудан өткізілді. 1995 жылғы конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелер, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелер барынша толық пайдаланылған еді», – деп көрсетті. 

Ата Заңымыз – мемлекеттің барлық арман-мүддесін толық қамтыған, елімізде жүзеге асқан және жүзеге асатын саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңарулар мен жетістіктердің құқықтық тұғыры. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы өз күшіне енгеннен кейін кеңестік сипаттағы жалған демократия мен жалаң биліктің белең алуына жол бермей, әлемдік өркениетке тән рухани құндылықтар мен саяси-әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге жол ашты. Сонымен қатар еркіндік пен теңдік сезімдері терең, тарихи, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ халқының өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді. 

Егемен еліміздің негізгі Заңы біздің қоғамымыздағы қайта құру кезеңінің өзекті мәселелерін шешумен қатар, сынды өткелдерден сүрінбей өткізетін бас құжат болды, тәуелсіз жас мемлекеттің басқару, атқару және заң шығару орындарын, елімізде демократиялық қоғам құрудың қағидаттарын белгіледі.

Тарихқа үңілсек, 1991 жылы Қазақ КСР-нің егемендік алып, Қазақстан Республикасы аталуы қазақ халқының тарихындағы маңызы зор елеулі оқиға болды. Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданып, өзінің саяси экономикалық және әлеуметтік құрылымын дамыта бастаған жаңа мемлекет қалыптасты. Қазақстан Республикасының конституциялық дамуының екінші кезеңі 1995 жылы қабылданған, биылғы жылы қабылданғанына 16 жыл толған Конституциясы әлемдік стандартқа сәйкес келетін саяси экономикалық және әлеуметтік мәнге ие болды.Конституция әлемдегі көшбасшы елдер конституцияларының негізінде қазақ халқы мен Қазақстанды мекен еткен басқа да ұлттардың ерекшеліктері ескеріле отырып жобаланған және көпұлтты Республика аумағында ұлттардың бейбіт және өзара тату тұруына, өзге ұлт өкілдерінің дамуына жағдай жасау көзделген. Конституцияда Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітілген және тұңғыш рет адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және міндеттері нақты түрде жарияланды. 

«Әр ұлт, әр мемлекет өз бетінше дамиды. Солай бола тұрса да, әлемнің барлық мем­лекет­тері бір-бірімен байланыста «өмір сү­реді». Олардың барлығы да жалпы адамзаттық құндылықтарды сақтап, дамыту ісінде халықаралық нормалар шеңберінде өмір сүруге міндетті. Ол нормалар – жалпыға ортақ тең құқықтық, діни сеніміне, шыққан тегіне, нәсіліне, жынысына байланысты белгілі бір топтарға ешқандай ар­тық­шылық берілмеушілік, елдегі демократия қағидаттарының сақталуы және басқалар. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республика­сының Ата Заңы әлемдегі ең озық үлгілердің бірі ретінде аталуда. Мұны, шетелдік қатал сыншы­лардың өзі мо-йындап жүр. Ата Заңымыздың Қазақстан азаматтарының тұрғындарының өмір сүруі, білім алуы, денсаулығын сақтауы, еңбек етуі жөнінен тең құқықты болуы, сондай-ақ, жеке­мен­шікке мемлекеттік кепілдік берілуі біздің елде қағаз жүзінде қалған уағыз ғана емес, керісінше, өміріміздің, күнделікті тіршілігі­міздің көрінісін қалыптастарған нақты бас құжат ретінде сыйлануы да сондықтан. Әрқа­шан да біздер күрделі бір мәселені шешуге тірелгенде Ата Заңға жүгінеміз», – дейді заң ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Сұлтан Сартаев бір мақаласында. Иә, ғалым айтпақшы, ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығына айналған Конституция аясында қабылданған көптеген заң қоғамдық өмірдің әр саласында тиімді қолданылып, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің бекуіне ықпал етті, экономиканың өрлеуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашты.

Конституция – саяси, экономикалық, әлеуметтік жетістіктердің жаңа белесіне құқықтық негіз берген Ата Заңымыз. Себебі, еліміздегі барлық саяси, экономикалық, құқықтық шаралар осы Ата Заңымыздан бас­тау алады. Конституцияда саяси-әлеуметтік және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар тәуелсіздіктің арқасында еңсесін тіктеген Қазақ елінде қай салада болсын жемісті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда саясаты салмақты, экономикасы еңселі, әлеуметтік жағдайы әлді, халқы тату, қорғанысы бекем, болашағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең, кең тұғырлы, еркін өмір сүруде. 

«Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мем­лекетіміздің басты төлқұжаты болып табылады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын бо­ла­шағымыздың бұлжымас бағдары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі әр қазақ­стандық үшін айнымас ақиқат.

Жанар АСАНОВА, 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 

Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси 

жұмыстар комитетінің бас сарапшысы

Серіктес жаңалықтары