ШЫҢҒЫСХАННАН ШАХАНОВҚА ДЕЙІН

ШЫҢҒЫСХАННАН ШАХАНОВҚА ДЕЙІН

ШЫҢҒЫСХАННАН  ШАХАНОВҚА ДЕЙІН
ашық дереккөзі
197

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің кезекті еңбегі «Шыңғысханнан Шахановқа дейін» деп аталыпты. Бұл жинақта халық тағдыры, ұлт тарихына қатысы бар, елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен жүргізген сұхбаттары топтастырылған.

Сұхбаттар «Мәдениет» телеарнасында өт­кен «Кітапхана» бағдарламасының тақы­рыптары бойынша жинақталған. Телеар­на­лардан көрермендерге ақын-жазушылардың шы­ғармаларын насихаттайтын мұндай бағ­дарламаның көрініс табуы қуантарлық жағдай. Бағ­дарламаның әр санында жазушылардың таң­даулы шығармаларын белгілі тұлғалармен бірге отырып талдап, таразылайды. Кітап оқуға аса құмарта қоймайтындардың осы бағдарлама арқылы талай шығармаларға қызығушылығы оянған болар. Жүсіпбек Қорғасбек сол бағдарлама қонақтарының айтқан ойлы пікірлері мен тұжырымдарын қағазға түсіріп, үлкен туынды ретінде оқырманға ұсынып отыр. 

Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» повесі, Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы, Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романы, Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны» кітабы, Мұқағали Мақатаевтың жыр жинағы, Мұхтар Шахановтың поэзиясы, Бауыржан Момышұлының күнделігі жайында белгілі тұлғалар ой-пікірлерін ортаға салып, шығармалардың, авторлардың табиғатын терең түсінуге тырысқан. Телебағдарламаның жазбаша нұсқасын орынды әзірлей білген жазушының бұл туындысында қазақ әдебиетінде, оқырмандар арасында ойып алған орны бар жазушылар шығармаларының артықшылықтары мен ерекшеліктері, тіпті, кемшіліктері де сөз болады. Шығарманың әрбір бөлімі, негізгі идеясы, мағынасы, тәрбиелік мәні, автордың жазу стилі, өзіндік ерекшелігі, бәрі-бәрі сыншылардың, әдебиетшілердің көзімен сарапқа салынады. Танымал тұлғалардың шығарма туралы пікір қайшылықтары, әдебиет сыншыларының өткір сындары да толық жарияланған.

Автордың орынды сұрақтары, қатысу­шы­лардың ұтымды жауаптары өте үйлесімді берілген. Осы арқылы Жүсіпбек Қорғасбек сұхбат жанрының да тамаша үлгісін көрсеткен деуге негіз бар. 

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары