ТӨРТІНШІ СЕССИЯ ШЫМЫЛДЫҚ ТҮРДІ
ТӨРТІНШІ СЕССИЯ ШЫМЫЛДЫҚ ТҮРДІ
Газетіміздің өткен санында жазғанымыздай, осы аптаның сейсенбі күні бесінші шақырылым Парламентінің төртінші сессиясы салтанатты түрде ашылып, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Бұл жиынға ықшамдалған Үкімет мүшелері түгел қатысып, депутаттармен бірге алдағы саяси науқандағы мақсат-міндеттерге қатысты қадау-қадау тапсырма алды.
Жалпы, Президент сөзін ду қол шапалақпен мақұлдау саяси дәстүрге енгелі қашан. Дегенмен, бұған дейін Президент Жолдауларына немесе Тәуелсіздік күні сияқты айтулы мерекеге орай жасаған баяндамасына қошемет көрсетудің жөні бөлек еді. Әдетте, ұлттың рухын серпілтіп, намысын қайрайтын сөздер жаппай қуаттауға лайық саналатын. Одан өзге, халықтың әлеуметтік ахуалын көтеру, ана мен бала денсаулығы сияқты өзекті мәселелерге ден қою туралы тың ұсыныстар қызу қолпаштау арқылы қолдауға ие болатын еді. Ал бұл жолы депутаттар мен шенеунік мырзалар алдын ала тапсырма орындағандай орынды-орынсыз тұста қайта-қайта қол шапалақтап отыруы ерсі көрінген сияқты. Жобалай айтқанда, әр үш-төрт абзацтан соң «дәстүрлі» түрде қол соғу саяси әдептіліктің белгісі ме?
Бұл жолғы жаңалық – ғаламдық экономикадағы ахуалды және халықаралық геосаяси шиеленістерді ескере отырып, Президент депутаттарды каникул мерзімдерін қысқартып, Үкіметпен тізе біріктіре, белсенді түрде жұмыс істеуге үндеді. Депутат қауымы тағы да бір кісідей ду қол соқты.
Президент назар аударған ең маңызды мәселелердің бірі – Украинадағы жағдайға орай өзара жарияланған халықаралық экономикалық санкциялардың ұлттық экономикаға зардабы тиюден сақтау.
Осыған орай, Үкімет экономикалық дамудың оптимистік және пессимистік сценарийлерін дайындап, соған сәйкес кешенді шаралар кестесін әзірлеген. «Бізде қазірдің өзінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы іс-әрекеттердің нақты жоспары бар. Дамудың барлық ықтимал нұсқаларында да Үкіметке мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруды шектемеу тапсырылды. Бұл өте маңызды. Бізде халықтың әл-ауқатының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті барлық ресурстар бар», – деді Елбасы.
Президент тамыз айында өткізілген әкімшілік реформа жайына қысқаша тоқталып өтті. Кәсіби және ықшам мемлекеттік аппарат құру мақсатында мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттілікті шектеу туралы Жарлыққа қол қойылды. Бұдан былай бірін-бірі қайталайтын құрылымдар жойылып, жекелеген министрліктер мен жергілікті әкімшіліктердің басқару жүйесіндегі бастамашылдық пен жауапкершілік жүгі артады. Енді әр министр өзі басқаратын салаға қатысты қажетті өкілеттіліктерге толық ие болып, оны жүзеге асыруға да өзі жауапты болмақ. «Қолмен істегенді мойынмен көтер» дейтін қағида жүзеге асар күн жақын, шамасы.
«Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына байланысты басты міндеттің бірі – әкімшілік реформасын жалғастырып, кәсіби және жинақы мемлекеттік аппараты бар тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру. Өздеріңіз білесіздер, Үкіметтің жаңа құрылымы туралы шешім жүзеге асырылды. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойылып, іске асырылуда. Бұл мемлекеттік аппараттың жұмысындағы көпсатылық пен бір-бірін қайталауды азайтуға мүмкіндік береді», – деді Президент өз сөзінде.
Сонымен, төртінші сессия тұсында заң шығарушы орган жер қойнауын пайдалану мәселелері, ауыл шаруашылық кешенінде өнімділікті арттыру үшін салық заңнамасына өзгерістер жиынтығын енгізу, автономды білім беру мекемелерін академиялық басқару жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны жөніндегі заң жобаларын бірінші кезекте талқылап, қабылдауы тиіс.
Бұған қоса, Президент жаңа кезеңдегі Кәсіпкерлік және Азаматтық іс жүргізу кодекстерін қабылдау үдерістерін аяқтау, арбитражды толыққанды дамыту, «Электрондық үкімет» негізінде 2017 жылға дейін қолданыстағы барлық мемлекеттік жүйелер мен мәліметтер базаларының интеграциясын іске асыру жайында өз ойымен бөлісті.
«Негізгі мақсат – бизнес жүргізуге барынша қолайлы жағдай жасау, инвестиция ағынын ынталандыру, кәсіпкерлікті қорғау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру», – деді Президент.
Жаңа саяси маусым Сенат депутаттары сайлауын өткізумен ерекшеленбек. 2008 жылғы қазанда сайланған 16 депутаттың өкілеттік мерзімі аяқталды. Енді бір айдан соң Парламент Сенатының құрамының үштен бірі жаңарады. Бәлкім, бұл да каникулсыз жұмыс істеуге тас-түйін бекінген Парламент жұмысына тың серпін берер.
Гүлбиғаш ОМАР, Астана