ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫН ҚЫМҚЫРҒАНДАР

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫН ҚЫМҚЫРҒАНДАР

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫҢ  ЕҢБЕКАҚЫСЫН ҚЫМҚЫРҒАНДАР
ашық дереккөзі
130

Әсем қалада «Алатау» мәдени орталығының құрылысы аяқталып қалған. Бірақ мәселе онда емес. Себебі, орталықтың ашылуы болып, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өз көзімен көріп кеткен. 2012 жылдың соңында іргетасы қаланған мәдени орталық бас-аяғы бір жарым жылда халық игілігіне ұсынылды. «Алатау» мәдени орталығы – Алматы қаласының индустриалды-экономикалық даму бағдарламасы негізінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, оңтүстік астананың болашағына баланған Алатау ауданында ашылған. 

«Алатау» мәдени орталығы 3,5 миллиард теңгеге тұрғызылды. Бірақ мәдени нысан қандай күшпен тұр­ғызылды? Кімнің еңбегімен са­лынды? Әрине, отбасын асырау үшін қара жұмысқа жегілген құры­лысшылардың маңдай терімен бой көтерді. Бірақ әлі күнге дейін «Алатау» құрылысшыларына еңбек­ақы төленбеген. 3 миллиард теңгенің бір пұшпағын да көрмеген олар. 8 айдан бері тегін жұмыс істеп, басшылардың келуіне даяр қылған жұмысшылар өзіне тиесілі еңбекақысын ала алмай, зар илеп қалған еді. 

Нысанның мердігері – «Тол­қын» компаниясы. Ашуға мін­ген жұмысшылар аталмыш компа­нияның есігін қағып, директорына да барып қайтты. Бірақ жаттанды сөздер, құрғақ уәде мезі еткен. Бұдан кейін жалақысын даулаған жұмысшылар әкімдік алдына да барды. Бірақ нәтиже болмады. Телеарнаға мұң-зарын айтып, республикаға таралған эфирден соң кейбір жұмысшылар ақшасын жартылай алды. Толық еңбекақы тағы да құрғақ уәдемен толтырылды. Мәселен, есімін жасырған сылақшы апай ақшасын алған, бірақ толық емес. Оның айтуынша, осыған да қанағат ету керек. «Мен қазір басқа нысанға ауысып кеттім. «Алатаудың» ішкі әрлеу жұмыс­тары толық аяқталмаған. Бірақ жұмысшылардың барлығы басқа жаққа ауысып, бұл жақтан күдерін үзді. Біз өзімізді өртейміз деп дабыра салған соң, алдарқату үшін біраз тиын-тебен бергені рас. Басқасын бермейтін де шығар», – дейді мұңын шағып. Аталмыш нысанда төрт бригада жұмыс істеген. Төрт бригаданың қоластында өз жұмысшылары бар. Олар өз жұмысшыларының ақшасын жемейді дейді сылақшы апай. Алайда, Алматы қаласы сәулет құрылыс бақылау департаментінің бас маманы Мәди Отарбаев: «Біз салып бітірдік. Ақшаның бәрін төледік. Бізде кінә жоқ қой», – деп бойын аулақ салды. Сонда кінәлі бригадирлер болғаны ма? Бұл сауалға жұмысшылар мазақтап тұрсың деп жауап береді. «Біз объемға жұмыс істейміз, яғни саған пәленше жалақы деп белгілемейді. Жалпы, құрылысты қанша сомаға жасайтынымызды есептейміз. Әрбір шаршы метр есептеледі. Ал ай сайын немесе апта сайын еңбекақы алу деген жоқ. Құрылыс қалай аяқталады, солай ақшамызды теңдей бөлісіп алуымыз керек еді», – дейді сылақшы мұңын шағып. 

Бармағын тістеп, өкініп қал­ған жалғыз сылақшылар емес. Жұмысшы Шалқар Тұрсағатовтың ай­туынша, 500-ге жуық жұмысшы айлық­тарын ала алмай отыр. «Барлығымыздың бала-шағамыз бар. Сабақ басталып жатыр. Киім әперу керек. Жүрміз осылай неше ай бойы», – дейді құрылысшы. 

Құрылысшылардың еңбегін жеп, ақшасын бермей қоятын жағ­дай елімізде жиі орын алады. Әсіресе ірі қалаларда еңбекақысын ала алмаған жұмысшылар өз жала­қысын дауламақ тұрмақ, берген авансқа риза боп кете беретін болған. Құрылысшылардың өзімен кездесіп, сөзге тартпақ ниетпен «Алатау» мәдениет үйінің алдына біз де бардық. Сырты салынып біткен, ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалған екен. Бірақ күзетшілер ішке кіргізе қоймады. Ішіне кіргенмен пайда жоқ, себебі жұмыс тоқтап тұр. Жалақысын даулаған жұмысшылар нысанды тастап кетсе керек. Электр қуатын жүргізу жұмыстарын жасап жатқан жұмысшыны ғана кездестірдік. Жас жігітті сөзге тарттық. Оның айтуынша, сол 500-ге тарта жұмысшы басқа жаққа жұмысқа тұрып кеткен. «Олардың айлығын бере бастапты деп естідік. Бірақ толық емес. Басшылық ешқашан толық бермейді ғой. Мен өзім де бұрын құрылыста істегем, құрылыс басында айлап жататынбыз. Сонда жарты жылдан кейін жұмыс аяқталған соң 100 мың теңгеге риза боп кете беретінбіз. Негізі бір адамға миллиондап қарыз болатын», – дейді бұл жігіт. 

Ірі қалалардың құрылыс қарқыны үдеп, зәулім ғимараттарды сала бастағаны әлеуметтік түйткілге ұрындырып еді. 2000 жылдары басталған жаппай құрылыс Алматы мен басқа қалаларға да қатар жүрді. Мердігерлердің күні туып, сол кездегі құрылыс компаниялары ең бай – кәсіп мекемелерге айналды. Иә, кәсіптің көзін солар тапты, мемлекет қаржысын қалтаға қармады-ақ. Есесіне, жұмыссыздарға жұмыс табылып, құрылысшы қымбат қызметтердің біріне айналғандай болып еді. Бірақ бұл көптеген ауыл жастарын тура жолдан тайдырды десек қателеспейміз. Мектеп бітіре салысымен ауыл жастары қалаға оқу іздеп емес, оңай жол – құрылыс салуға келетінді әдетке айналдырды. Әуелде көк тиыны жоқ жастарға нәпақа көрінгенімен, кейіннен еңбегі желініп, көбісі сең соғып қалған еді. Міне, елімізде осы үрдіс әлі жалғасып жатқан сияқты. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары