393
ҚАЛ-АҒАҢМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШУ
ҚАЛ-АҒАҢМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШУ
Көркем әдебиетке бауыр басып ержеткен біздер кітап оқымай уақыт өткізіп алсақ, әлде бір «витаминіміз» жетпейтіндей қоңылтақсып жүреміз. Іздегеніміз қызылды-жасылды дүние-жиһаз болмады – кітап болды. Өсек-аяңнан бойымызды аулақ салып жүруге дағдыландық. Дағдыландырған – сол кітаптар әлемі. Иә, күнделікті газет-журналдарды айтпағанда, біз кітап оқудан кенде болғанымыз жоқ.
Әлбетте, кітаптың да кітабы бар. Оны керексінгенде талғамыңа татымдысын ғана іздейсіз. Ондай дүниелер баяғы «сараман дәуірдегідей» сауда нүктелеріне күнде түсіп жатпағанымен әредік-әредік бір кездесіп қалатын болды бұл күнде. Сондай сиректерден сәтті күннің бірінде Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті драматург Қалтай Мұхамеджановтың таңдамалы шығармаларының үш томдығына жолығып қалдық. Барша інілері «Қал-аға» дейтін ардақты қаламгердің бұл үш томдығы оқырман-дарына Алматының «Атамұра» баспасынан жол тартыпты. Үшеуін де жүйелеп құрастырған қазақтың қара сөзінің қадіріне жеткен белгілі аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев екен.
Бірінші том атақты Шыңғыс Айтматовтың «Менің Қалтай досым» деген беташарымен басталған. Ұлы қаламгер: «Біздің елде жақсы жазушы көп. Әйтсе де жазу-сызудың «ауқымды» жинақтаушылық тәсілін, прозаиктің қалт етпес дәлдігін, ақынның әсершілдігі мен әуезділігін, философтың сарабдалдығын қатар меңгерген және мұның сыртында артистік іштей түлеу қабілеті дарыған адам ғана пьеса жаза алады. Сондықтан да, бізде нағыз драматургтер аз, ал мен Қалтай Мұхамеджанов досымды сондай дегдарлар санатына қосамын», – деген екен.
«Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, міне, мықтыны мықты осылай бағалаған. Бұл жинаққа Қалекеңнің біз білетін 5 пьесасы және «Тың жыры» либереттосы, Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» романының кейбір тарауларының сарынымен жазылған «Шыңдағы шынар» сценарийі енгізіліпті. Сонымен бірге оқырмандарымыз 1966 жылы таңдаулы драмалық шығармалардың жабық бәйгесінде сыйлық алған «Жат елде», Ш.Айтматовпен бірігіп жазған, әлем сахналарын аралап шыққан «Көктөбедегі кездесу» драмаларымен және «Менің дертім» драмалық повесімен,«Қуырдақ дайын», «Осылай да кездесу болады…» комедияларымен танысады. Бұл шығармалардың бәрі де көңілде жатталған, сондықтан да жүрегімізге ыстық. Бұл томда Қалекеңнің театр сахналарында қойылған бірнеше драмалық шығармалары мен «Қазақфильмнің» үш туындысы: «Біз – Жетісуданбыз», «Біздің сүйікті дәрігер» және «Қыз Жібекті» талдап жазған мақалалары да бар.
Құрастырушы Әбілмәжін Жұмабаев екінші томды Әбділдә Тәжібаевтың «Менің інім» мақаласымен ашқан. Ақын: «Қалтайдың кеудесінде өмірі сарқылмайтын алтын «ұядай» күлкі ұясы бар. Сол ұядан оның сүйгеніне де, сүймесіне де арналған күлкілер кезектесе ұшып тұрады…» дей келіп, талант табиғатын одан әрі аша түседі.
Оқырман қауым Қалекеңнің «Айман-Шолпан» киносценарийін де осы екінші томнан табады. Ары қарай «Портреттер» және «Өнер жайлы ойлар» аталатын бөлімдерге автордың әр жылдарда жазған мақалалары топтастырылған. Осы бөлімдерде Мұхтар Әуезов, Серке Қожамқұлов, Шахмет Құсайынов, Асқар Тоқмағамбетов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асқар Тоқпанов және басқа да ылғи ірілер мен сүлейлер туралы толғаған кемел ойларына қанығамыз.Театрлар тарихы, қазақ драматургиясының даму жолы, театр сыны туралы да мол мағлұмат жинақталған.
Біз білерде Қалекең публицистикалық толғамдарын екі тілде /орысша және қазақша/ бірдей көсілтіп жазып жүрді. Үшінші томда қаламгердің осы қыры ескерілген екен. Қазақша жазғандары мен орысша толғамдары екі бөлімге іріктелген. Содан да болар, үшінші кітабы алдыңғы екеуінен де қалыңырақ. Бұл том тағдырлас досы Әбдіжәміл ағаның толғамымен басталыпты. «Небір кісі мертігер, небір майып қылар зұлымдықтың өзін Қалтай күлкіге орап жібергенде, ішіңе ине кетіп бара жатса да сезбей қаласың», – дейді Әбең «Кемел кезеңінде» деген уытты ойға толы мақаласында. «Қалтайдың күлкісі сіркірей түсіп басыла қалатын әлдеқалай өткінші жаңбырдай өмірі қысқа күлкі емес» – дегені де бар осы мақаласының және бір толғамында.
Сонымен түйіндей келгенде, біздің Қал-ағамыз ең қиын жанр драматургияның да, ең қиын кәсіп – аударманың да шынайы шебері болуымен бірге тым талғампаз Нұрпейісовтің танымында жәй ғана қалам жорғалатар емес, көркем сөздің де арқалы майталманы екен.
Меценат азаматтардың бірі Мұхтар Құл-Мұхаммед Қалекеңнің мына үш томдығының әр кітабының таралымын 3 мыңнан шығарыпты. Барлығы – 9 мың! Осындайда елім деген ерлерге алғыс айту жарасады-ақ!
Әлемдік өркениеттен жырақ Сыр бойының қалың қамысы басқан бір бұйығы түкпіріндегі «Шіркейліден» шыққан бозбала жоғары білімге жету жолындағы оқуын Қызылордадан бастап, Ташкентте жалғастырып, Мәскеуде аяқтапты. Ел ішіндегі ескілікті әдебиеттерден көкейіне түйгендерін әлемдік білім жауһарларымен ұштастырған Қалтай Мұхамеджанов қаламгерлік тағдырын театр сыншысы болудан бастап, өрісті драматург, өрелі қоғам қайраткерлігімен жалғастырған тұлға. Әкім Тарази Қалекең талантының табиғатын дәл танып, дәл айтқан. Ақиқатында қазақ театры сахнасына М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтей дара тұлғалы драматургтерден кейін жүрексінбей драмалық шығармалар ұсынуға қандай тәуекелдің болуы мүмкін?! Бұл дегеніңіз, Әкімше айтқанда, өзін-өзі құрбан ету ғой…
Қалекең алғашқы комедиясымен-ақ қазақ театры сахнасын уытты күлкіге көміп жіберген. Оның күлкісі осы күндері телеарналарда өріс алып кеткен кейбір дәмі де, татуы жоқ дарақы күлкілердей емес, тұзы ауыр күлкі еді. Қалекеңнің театр сахнасынан басталған сол күлкісі қашан ғұмыры таусылғанша тарқаған жоқ, қайта қыры мен сыры жарқырап өткірлене түсті. Иә, Қалекең таңғажайып талант еді. Еске түсірейікші, жиырмасыншы ғасырдың сонау жетпісінші жылдарында «Қазақ әдебиеті» газетін өркештендіріп жіберген ұтырлы әжуасымен қоғамымыздың жанды жерін «инемен шабақтаған» Бүйенбай әңгімелерін еске түсірейікші, Қалекең бас редакторы болған жылдары «Ара-Шмель» журналы қандай еді?! Сол кезеңдегі сатиралық журналыңыз көзден бұл-бұл ұшқанымен көңілден өшкен жоқ. Қалекең бас редактор болып тұрған кезінде «Ара-Шмельдің» иығын одақтық «Крокодилмен» теңестіріп жіберген еді-ау! «Енді екі Кенен тумайды қара жерге ексең де» демекші, ондай журнал, ондай журналдың Қалтайдай қазыналы редакторы арман болып қала берер ме, қайтер? Бізде бүгіндері қоғамды жайлап алған кеселді сынасаңыз, қағып түсер «қылышы» иманыңды қасым ететін ресми цензура жоқ, алайда баяғы «Ара-Шмель» сияқты журнал шығаруға дәрмені де жоқ.
* * *
Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдары еді. Шақыртқасын салып-ұрып Алматыға бардым. Қалекеңнің қабылдауында болдым. Майып болған аяғын кабинетінде электр каминнің қызуына қақтап отыр екен.
– Әкелген нең бар, оқиын, – деді.Дайындап апарған екі материалымды ұсындым. Екеуін де сол сәтінде көзімше оқып, қалам түртпестен қолын қойды да, бірін келесі нөмірге жібертті, екіншісін секретариатқа жөнелтті. Өз тарапынан түзету енгізген жоқ. Бұхалтыр келіншекті шақыртып алып, таныстырды да:
– Қолына он мың теңге ұстат. Алматы мен екі ортаны жол қыламын деп отыр, – деді.
Күлкіге көміліп келіншек кеткесін:
– Қалғанын жұрт берер, – деп мені де күлдіріп қойды. Алды кең, жайдары отырады екен. Аға алақанына жарымаған шегене басым іштей тебіреніп толқыдым. Халықаралық «Түркістан» апталығының Ақтөбе – Қызылорда облыстары бойынша аймақтық тілшісі болуыма бұйрық бергені осы жаңа ғана, қолыма он мың теңгені ұстатып отыр.
Мұндай редакторды өмірімде бірінші жолықтыруым.
* * *
Жалағаш ауданының орталығында мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновке орнатылған кеуде мүсінінің ашылу құрметіне келген Қал-ағаң ашық аспан астында, ескерткіштің түбінде шалқып сөйлеп тұр. / Мен блокнотыма бірін үлгеріп, бірін үлгермей жазып алған болдым/.
Сондағы үлгергенім:
«…Егемендік алу дегеніміз ең алдымен ес жинап алу…
…Триумфальный арканы Парижден көргендер ауыздарының суы құрып, аспандатып мақтайтын. Сондай арканы Сыр бойында Жалағаштан бірінші көруім. Қожахмет інім /Жалағаш ауданының әкімі Қ.Баймаханов/, талабың да, ісің де қайырлы болсын! Еліңді осылай өркендете бер…
…Ал өзіме келсем, мен баяғы бала күнімде үш колхоздың генеральный почтальоны болған заслуженный адаммын…
…Темекеңнің бұл мерекесі – жүз жылдығы тарихи жолымызды шамамыз жеткенше тағы бір саралап алатын айтулы мерекеміз болғалы тұр…
…Халқымыз бұл күнге дейінгі үш жүз жылда 6 миллион адамынан айрылды… Көктемде жайнап, құлпырып кететін қызыл түсті қызғалдақтар – тегін емес. Сол 6 миллион шейіттеріміздің қаны мен көз жасынан сол қызғалдақтар жылда жердің бауырын жарып өсіп, жайқалып жатады…
Жиырмасыншы ғасырға біздің халқымыздың өкпесі көп болды. Бұл ғасырдан алғанымыз аз болған жоқ десек те, айрылғанымыз алғанымыздан асып түсті. 1937-38 жылдары халқымыз 120 мыңдай ақыл-ойынан көз жазып қалды. Олар халқымыздың қаймағы болатын. Оларды дүниеге қазақ дейтін халықтың толғағы келтірген еді… Амандық болса, халқымыз әлі талай- талай Темірбектерді туады. Қазақтың әйелдері баланы да туған, елді де билеген, ханды да, биді де, батыр бағланды да тоқтатқан…
Осынау Сыр бойында ойшылдар да, әулие-әмбиелер де болған. Солардың бірегейі – Жүргенов! Ол өзінің ісімен де, кейінгілерге қалдырған ұлағатымен де, ұлылығымен де өмірден баяғыда өткен Жүргенов болып қалған жоқ. Ол біздің бүгініміз де бола алған Жүргенов! Ол ақ жолында опат болды. Есесіне өзі ғайып болғанымен рухы тірі, демек, оның рухы бүгінгілермен де, келер ұрпақтарымен де бірге ғұмыр жасай береді…
Біз осы күнгі дәуірімізге дейін бізден басқалар-ақ ұлы бола берcін, біз-ақ кіші болайық деп, ұлылықты соларға бергенбіз. Сөйтсек, Құдайдың бізге қарасқаны ғой, революцияшыл фанатиктердің қылған ісі ақыр аяғында адыра қалды.
Тарих солай шешті. Бірақ біздің сол тарихтан білетініміз аз. Бізде әспеттелген Қазақстан тарихы бар, оның өзі де «қырық өтіріктен» тұрады. Ал қазақтың төл тарихы жоқ. Бар дегеніміз түгел емес, түгелденбеген. Біз бүкіл әлемге жұмбақ халықпыз…
…Темекең туралы іргелі зерттеулер әл-әзір туа қойған жоқ. Біз алдымен ақиқат деректермен жазылған шынайы тарихымызды игере алмасақ, жөнді мемлекет бола алмаймыз. Тарихымызды түгелдеп, түзетіп алу үшін әуелі осы Темкең сынды ұлыларымыздың рухани қазыналарын игеріп алуымыз керек…
Теңдігімізді алдық. Алайда халқымыздың айдарынан жел есе қойған жоқ. Ел басшылығы алдымен қазаққа қамқор болсын, қазақты түлетсін! Онсыз біз Абай айтқан «толық кемел» мемлекет бола алмаймыз. Ал қазақтың өзі бүгінгі тірлігі мен бірлігін, ертеңгі келешегін ойласын. Ойланса, талпынса, тірлік пен бірлікке ұйытар ұйытқысын табатын кезі келді. Келешегіміздің кілті – халқымыздың ұйытқысында. Бұл Басшының да, басқамыздың да қаперімізде болсын. Хан мен қараша бір болса, бірдей болса, қазанымыз оттан түспейтін болады…»
* * *
29.V.1999 ж. Қызылорда. Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрының төрінде «Қазаққа келмесе де түрі-түсі, қазақшаға ағып тұрған бұл кісі» деп ақын Темірхан айтқан сол Кісі отыр. Қасында тағдырлас серігі – жеңгеміз.
Бұл кісінің театрдың құрметті төрінде гүлге бөленіп осылай отыратын орайы бар. Түрі-түсі қазаққа келіңкіремейтін сол Кісіңіз «ойда жоқта» жетпіс жасты ерттеп мініп алыпты. Кәдімгі Қалтай Мұхамеджанов!
Қазаққа біткен қара сөздің тағы бір киелісі Шерағаң /Шерхан Мұртаза/ театр төрінде шамырқанып сөйлеп тұр. /Мен де блокнотыма жазып алуға кірістім/. «Орталарыңа Қыдыр келді! – деп бастады ол. – Қалтай Қыдыр келді! Бұл Қалтай Қыдыр болмағанда кім болады?! Осы облыстың әкімі /Бердібек Сапарбаев – А.С./ Қалағаңды Түркістанның шекарасынан күтіп алды. Әкімнің қаламгерді күткені, иншалла, бір жақсылық болатын шығар. Бұл Қалтай, шын аты Қалиолла, шеңгел өскен, қамыс өскен жабайы далада ержеткен. Әкесі отыз жетінші жылы атылып кеткен. Сол кезде жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп жүрген жетім бала бүгінгі атақ дәрежесіне қалай жеткен?!
…Бұл Қалтай рухани мәдениетіміздің ханы болды. Оның драмалық шығармалары әлем сахнасын жаулап алды. Он тоғыз тілге аударылды. Алла тағала әрбір пендесін жаратқанда, оның жұдырықтай жүрегіне титтей ғана шоқ салып жібереді екен. Қалтай сол шоқты сөндіріп алмаған шығар, үрлеп лаулата түскен болар. Бұл Қалтай, сірә, сөйткен шығар. Әрине, оны ата-бабаларының әруағы қолдаған да болар. Туып өскен топырағы да құнарлы шығар. Қалтайға біткен дара талант, дара қасиет сол құнарлы топырақтан дарыған болар…
…Қалтайды халқы Тараз қаласынан бастап бас иіп күтіп алумен болды. Мұхаммед Хайдар ескерткішінің ашылу салтанатында, Бауыржан Момышұлының ауылында, Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университетте, Түркістан қаласындағы Қазақ-Түрік университетінде сағаттап сөз сөйледі. Бір «лекциясын» екінші, үшінші және төртінші «лекциясында» қайталаған жоқ. Бұл не деген заңғар?! Ағылып тұр ғой…
Міне, Қалағаң осындай!
Иә, осындай! Орталарыңа келіп қалды ұлан-ғайыр Қалтай-күлкі…
…Қазақты «жалқау халық» дегенді құлағымыз шалып қалады. Сандалыпты! Сыр бойындағы Шиелі арнасын уақытында 44 мың кетпен қазған екен. Сол жалқау халықтың қолынан келетін іс пе?! Мына Қалтайдың халқы жалқау емес, тек оларды қандай іске болса да ынталандырып ұйымдастырсын. Сонда Қалтайдың халқы тауды да қопаратын болады…»
* * *
Сол жолы ғой, Қалтай аға туған ауылы «Шіркейлінің» клубында еркелеп сөйлеп тұр. Сөзінің біссімілласынан-ақ ауылдастарын қыран-топан күлкіге көміп тастады.
« …Менің әкелерім мен ағаларым қалай үйленсе, мен де солар сияқты үйлендім. Өйткені адам әуелі махабаттан, сосын ажалдан қашып құтыла алмайды екен. Мен де басқа замандастарымдай махабат кеселіне ұшыраған еркек болдым. Мына кісіні /жеңгемізді нұсқап/ алғашқы көргенімде мен саған үйленбей қоймаймын дегенмін. Сонда, бұл кісі маған «нахалсың» деген. Өтірік айтып тұрсам, әне, өзі отыр ғой. Сонымен не керек, осы кісіге үйленіп тынғанмын. Содан кейінгісін өзінен сұрап біле жатарсыңдар…»
Содан Қалекең қазақтың қыздары мен әйелдері туралы толғап тұрып алды. Мен оның сөзді түйдек-түйдегімен боратқан екпініне ере алмадым. Тек мына бір үзігі ғана.
«…Сыр елі күріш дақылын сумен суара ма, терімен суара ма, біле алмадым. Тек, сендер мені таңқалдырумен болдыңдар. Сол таңқалуыммен осынша жасқа жетіппін. Ұлбаладай 12-13 бала туып, тәрбиелеп өсіріп, отыз гектар күріш егіп, оның әр гектарынан жүз центнерден өнім алып рекорд жасаған социалистік еңбек ері әйелді әлемнің мен оқыған тарихынан таба алмадым…
…Ауылда, осы жерде, мен не көрмедім, не істемедім. Шошқа баққаннан басқаның бәрін істедім. Оны да баққан болар ма едім, менің сорыма қарай, біздің осы ауылда бір оңған шошқа болсайшы. Емге болған жоқ…
…Мені осы жұрт Қалтай-күлкі келе жатыр дейді. Күлкіден бала туатын болса, мен бүкіл дүние жүзі бойынша бәйге алған болар едім. Маған бәйге берген жоқ…
…Бұл жетпіс дегенің айдарынан жел ескен жас емес екен. Батбат кесірткелер ұзақ жасайды дейтін. Қайдам… Шыңғыс ханның тұңғыш баласын көрген батбат кесірткелердің жұрағат ұрпақтары осы жерлерде әлі де жүрген шығар…
…Мен қайда жүрмейін, алып мұхиттың арғы жағындағы түу-сонау Америкаға шығандап шығып кетсем де, түсіме «Шіркейлі» кіреді. Неге кіре береді екен, осы кезге дейін түсініп жарымадым. Күлкіні де, өтірік айтуды да үйреткен өздерің. Кеше Қызылордада өткен кездесуде айтқанмын, үш колхоздың жалаң аяқ, жалаң бас генеральный почтальоны болып жүргенімде үйренгенмін. Ауылсовет «қара қағазды тек маған әкеліп тұр» деп құлағымнан бұрап қойған. Сол қаралы қағаздарды ауылсовет қашан егін-терін жиналып біткенше өзінде сақтайтын. Үй-үйдегілер: «Ау, Қоңырлақ, бізге хат бар ма?» дейді. Мен бетім бүлк етпестен жоқ деймін де, кідірмей желе жөнелем. Кейде көзімнен жас ыршып шығып кетеді. Хат бар, «қара қағаз» болып келген …
Әне, бүгінгі ойда-қырда желдей ескен өтіріктерді біз осылай үйренгенбіз. Содан бері жаңылмастан айтып келеміз…»
* * *
2001 жыл, 7 мамыр. Мәскеуден суық хабар сумаңдап жетіп келді. Қалтай аға дүниеден озыпты. Аптаның жұмасында жерленді. Иісі қазақ тағы бір айтулы арысын азалап қала берді.
Тағдырдың дегені болыпты. Күрсіндік. Дәрменсіз күрсіну. Ұлтымыздың мәдени-рухани шыңына бір-бір шынары болып бой салған ұлы алыптарымыздың тамырлас жалғасы – аға буын арыстарымыздың да сирекси бастағанын ойлап уайымдадық.
… Көз алдымыздан өткен шақтың белгілері елестеп өтіп жатты. Теледидарда Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, Давид Кугульдтинов, Қайсын Құлиев, Мұстай Кәрім, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, орталарында Қалағаң, Алматының алаңында бәрін күлкіге кенелтіп келе жатыр. Күні кешегідей болып зердемізде қалыпты.
Міне, біздің Қалағаң өмірді осылай күлкіге кенелтіп өтті. Ғажайып күлкілерін өзімен ала кеткен жоқ. Бізге қалдырып кетті. «Қалтай айтыпты» деген ақиқаты мен аңызы аралас көңілді әңгімелер «Шіркейліден» басталып, Алматыға, одан бүкіл елге жайылып кеткелі қашан. Азбайтын да тозбайтын астарлы қалжыңдары театр сахналарында, халқымыздың жадында, қыртысы қалың томдарында қалды.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ
Қызылорда қаласы