ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫН БИЛЕГЕН ТҰРМЫСТЫҢ ҚАМЫ

ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫН БИЛЕГЕН ТҰРМЫСТЫҢ ҚАМЫ

ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫН  БИЛЕГЕН ТҰРМЫСТЫҢ ҚАМЫ
ашық дереккөзі
190

Алмағайып ағыстарға толы бүгінгі қоғамда жас маманның белгісі мәселенің үстінен қалқып, шаптығу білімділігінде сияқты. Өкінішке қарай біліктілікті білімділікпен ұштастырған жастардың табақтай дипломды алысымен бірден қоғамдық ортаға кірпіш болып қалана кетуі қиынның қиынына айналып отырған жайы бар.

Жастардың жайын күйттеп, оң көзқарас танытып отырған жобалар мен бағдарламалардың ішінде оңды, оңсызы да кездеседі. Қалада алтын бар деп, барғандар бақырға да жарымай, «Дипломмен ауылғаны» да місе тұтпай, қара базардағы қара жұмысқа желініп жүргендіктері – ащы шындықтың бірі. Осыдан келіп, естияр жастардың арыстандай айбаттылық, жолбарыстай қайраттылық танытуға дәрменсіз, қоғамда өз орнын қалыптастыруға құлықсыз болуының себебі – жұмыссыздыққа келіп тіреледі. ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «Бүгінде 130 ЖОО мен 849 колледжде миллионнан астам адам білім алуда. Жыл сайын 300 мың түлек еңбек нарығына шығады. Олардың көпшілігі, яғни 80 пайызы жоғары оқу орнынан кейін, 70 пайызы колледжден кейін кәсіптері бо­йынша алғашқы жылы жұмысқа орналасады. Заманауи оқу орындары мен басқарудың жаңа модельдері құрылуда. Нәтижесінде бітірушілерді мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткіші 10 пайызға артты», – деп мәлімдеген болатын. Оның сөзіне қарағанда, соңғы 2 жылдың ішінде жоғары білім беру саласын қаржыландыру 20 пайызға артып отыр. Жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру нәтижесінде олардың саны 16-ға азайды. 2013 жылы 9 ЖОО халықаралық рейтингке енді. Ал оларды қаржыландыру көлемі 7 есеге артты. Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, еліміздегі жастардың жалпы саны 4,3 млн. адамды құрайды, бұл жалпы ел халқының 25,8 па­йызы десек, оның 2,4 млн.-ы (44,9 %) – қала тұрғыны болса, 1,9 млн.-ы (55,1 %) – ауылда тұрады. 2,2 миллионы жұмыс істесе, білім алып жатқандардың саны 1,9 млн. Ал жұмыссыздар саны  ̶ 117 мың. 15 пен 28 жастың аралығындағы білім алмайтын, жұмыс істемейтін, біліктіліктері жоқ жастардың үлесі 2013 жылы 8,0 пайызды құраған, бұл халықтың жұмыспен қамтылу жағдайына жасалған зерттеудің мәліметтері. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитетінің төрайымы Роза Кәрібжанова хабарлаған еді. Қазақстан жастарының 40 пайызының жоғары, аяқталмаған жоғары және арнаулы орта білімі бар. Соңғы кезде жоғары білімді жастар саны үш есеге, ал арнаулы орта білімі бар жас­тар саны екі есеге өскен. Десе де, қала жастарының арасында жұмыссыздықтың көптеп белең алуын Жастар ісі комитеті жасырмайды. Сан-саққа жүгірген сандардың көрсеткіші мен өмірдегі шынайы бейненің бір-бірімен үнемі сәйкесе бермейтіндігі айтпаса да түсінікті. Қағаз шеңберінде ғана шешілетін мәселелердің жолы «көкесіз», «көк қағазсыз» шешілмейтінін көпшілік қауым замананың зарына салып айтып жүр. Сонда бізде жұмысқа алу процесі мен орындалу жүйесінің бармақ басты, көз қыстымен реттелуге машықтанып кеткені ме? Кінәратты қай жақтан іздесек те, дипломға қолы әрең жеткен жастардың мейманасы тасымай-ақ тұр. Артынан 4 жыл жүгірген бір жапырақ қағазды сандықтың түбіне терең тастап, мейманхана жағалап, нәпақасын содан айырып жүргендері тағы бар. Мамандығы бойынша жұмысқа орналастырудан пайданың жоқтығын, жалақыдан жалақыға әрең жетіп, басын аяғына жеткізе алмай жүргеннен қара базарды «зор» санайтындар да жоқ емес. Енді бір тобы, қолымызды іске іліндіріп, аузымызды асқа жарытып отырған мемлекет жоқ дегенді алға тартады. «Ауылды көтереміз» деп ұрандатып барған жастардың да екпіні су сепкендей басылып, аңсары қайтадан қалаға ауып сала береді. Қысқасы, жастардың да санасын билеген – тұрмыстың қамы. 

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 36-бабында еңбек шартындағы сынақ мерзімі туралы талаптың 5-тармағы бо­йынша орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірген, оларды бітірген күннен бастап бір жылдан кешіктірмей алған мамандығы бойынша жұмысқа алғаш кіретін адамдарға, мүгедектерге сынақ мерзімі белгіленбейді делінген. Қызығы сол, жас мамандарды сынақ мерзімінсіз жұмысқа алып жатыр десек, сөзіміз қырық өтіріктің бірі болар еді. Еңбек жолына енді қадам басқалы отырған жастардан «стаж» сұрайтынын қайтеміз. Осы сынды керітартпа көзқарастар, ақылға қонымсыз талаптар, өлшеулі ғұмырдың жартысымен өлшенер сынақ мерзімдерінің салдарынан жастарымыз отау иесі болмақ түгілі, ішер асқа жари алмай әлек.

Елдің ертеңі жастар деген саналы мемлекет сол жас буынды жарылқаса, болашақтың қамы үшін жасалған бірінші жақсылық сол болар ма еді?! 

Еркежан ЖҰМАТАЙ 

Серіктес жаңалықтары