Украинадағы ұшақ апатына қатысты сараптама нәтижелері шығарылды
Украинадағы ұшақ апатына қатысты сараптама нәтижелері шығарылды
17 шілде күні Амстердамнан
Куала-Лумпурға бет алған «Boeing-777» ұшағы Украинаның Донецк
облысында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында болған 298 жолаушының барлығы
мерт болған. Ұшақтың апатқа ұшырауына байланысты түрлі болжамдар да жасалды.
Киев үлкен апатқа халық жасақтарын кінәлағанмен, бүлікшілер бұл
кінәні мойындарына алмады. Олар көктегі әуе кемесін атып түсіруге мүмкіндік
беретін құралдарының жоқтығын айтып ақталған. Бұл ұшақ апатына күдіктілер
қатарына Ресей де енген еді.
Әлі де сыры ашылмаған «Boeing-777»
ұшағына қатысты сараптамалар тоқтатылған жоқ. Украинадағы «Boeing-777»
ұшағының апатына байланысты тергеудің алдын ала талдау нәтижелері белгілі
болды. «Малайзиялық ұшақтың апатқа ұшырауына сырттан әсер еткен құрылымдық
зақымдану себеп болған. Лайнердің быт-шыты шыққан. Сырттан болған бірнеше
энергетикалық объектінің әсерінен ұшақ зақымданған. Соның әсерінен ұшақ әуеде
бірнеше бөлікке бөлінген» делінген Нидерланды қауіпсіздік кеңесінің алдын ала
жасаған баяндамасында. «Boeing-777» ұшағының апатқа ұшырау себептері туралы
қорытынды баяндама алдағы уақытта жарияланатын болады. Бұл апатқа қатысты
баяндама тергеуге қатысып жатқан елдердің барлығына – Ресей мен Украинаға да
жолданбақ. Сарапшылар малайзиялық ұшаққа қатысты апатқа әлі де қосымша тергеу
жүргізу керектігін айтуда.