ШУАҚТЫ ШАҺАРДАҒЫ ҚАРАТАУ АУДАНЫ

ШУАҚТЫ ШАҺАРДАҒЫ ҚАРАТАУ АУДАНЫ

ШУАҚТЫ ШАҺАРДАҒЫ ҚАРАТАУ АУДАНЫ
ашық дереккөзі
310
Елбасы мен Үкіметтің назарындағы Шымкент шаһары бұл күндері еліміздегі үшінші қалаға айналып келеді. Өндіріс орындары ашылып, халық саны да арту үстінде. Биыл Төлеби, Ордабасы және Сайрам аудандарынан елді мекендердің қосылуының нәтижесінде қала кеңейіп, жаңа аудан ашу қажеттілігі туындады. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен өңірде бұл бастаманы жүзеге асыру жұмыстары қыза түсті. Облыс әкімі Асқар Мырзах­ме­тов қала әкімі мен тиісті сала басшыларына тапсырма жүк­теп, жаңа ауданның дамуы тікелей бақылауында болатынын жеткізді. Ал таяуда Шымкенттегi «Балалар мен жасөспiрiмдер» үйiнiң мәжiлiс залында қоғамдық тыңдау өтiп, шаһардың зиялы қауым өкiлдерi, тұрғындары және жергiлiктi мәслихат депутаттары жаңа ауданның атауына қатысты ұсыныстарын бiлдiрдi. Алдымен Шымкент қаласы әкiмiнiң орынбасары Баһадыр Нарымбетов көпшiлiкке жаңа ауданның аумағын, оған қосылатын шағынаудандар мен әлеуметтiк нысандар туралы қысқаша баяндады. – Бұл ауданның аумағы – 33 мың 300 гектар. Мұнда 210 мың­ға жуық тұрғын тұрады. Жаңа ауданда 32 мектеп пен бала­бақша, 2 жоғары және 3 арнау­лы оқу орны, 23 денсаулық сақтау мекемесi, 5 кiтапхана, 7 спорт нысаны орналасқан. Облыс орталығында салынып жат­қан әкiмшiлiк-iскерлiк орта­лық та осында. Сондықтан аудан­н­ың әлеуетi өте жоғары болмақ. Жалпы, қаладағы 28 елдi мекен жаңа ауданға қосылады. Олардың қатарында «Асар», «Достық», «Асар-2», «Ақжайық», «Бозарық», «Нұрсәт», «Тұран», «Азат», «Мирас», «Қайтпас-1» шағынаудандары, «Қайнарбұлақ» саяжайы тұрғын үй алабы мен «Таскен», «Мәртөбе», «Тассай», «Шапырашты» және өзге де елдi мекендер бар. Үкiмет қаулысына сәйкес, ауданға, қалаға атау беруде жергiлiктi тұрғындардың ұсыныстары ескерiлiп, келiсiмдерi алынады. Сондықтан тарихымызға, өзегiмiзге жақын атауды бiрлесiп таңдайық, — дедi ол. Жиында көпшiлiк қауым бел­сен­дiлiк танытып, өз ұсыныстарын жеткiздi. Олардың арасында Астана, Алаш, Нұрсәт, Қаратау, Күлтөбе секiлдi бiрнеше ұсыныстар болды. Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi Мархабат Байғұт жаңа ауданды «Қаратау» деп атасақ деген ойын жеткiздi. – Мен «Қаратау» деген атауды ұсынғым келедi. Өйткенi Қаратау — қазақтың тарихы, тағдыры әрi қарашаңырағы. Бұл тау Оңтүстiктегi үш облыстың аумағына созылған. Соның iшiнде ең үлкен, ең шұрайлы жерлерi бiздiң облыста. Мәселен, Созақтағы Мыңжылқы Қаратаудың ең биiк жерi. Келiншектау, Қанай тау, Пiстелi тау деген бөлiктерi де шежiреге тұнып тұр. Түлкiбас, Бәйдiбек және Созақ аудандары Қаратаудың баурайында орналасқан. Қаратауды жарып ағатын Боралдай өзенiнiң өзi не тұрады? Демек, қай жағынан алсақ та жаңа ауданға «Қаратау» атауы сай келiп тұрған сияқты. Тарихқа тереңдей ену және жастардың отаншылдық сезiмiн ояту үшiн Қаратауды қолдауға шақырамын, – дедi ол. Ардагер, профессор Әмiр Мұсақұлов пен Оңтүстiк Қазақстан облысының Құрметтi азаматы Дүйсенкүл Бопова да осы ұсынысты қолдайтындықтарын жеткiздi. Астана деген атауды қолда­ған­дар да болды. Облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұлов: «Түрлi ұсыныстардың айтылғаны дұрыс. Қоғамдық пiкiр әрқашан құнды болмақ. Астана атауы да жақсы. Дегенмен, Қазақстанда Астана бiреу-ақ. Ол өз биiгiнде қалғаны жөн. Елорданың атын әр жерге қоя беру дұрыс емес деп ойлаймын. Қай жағынан алып қарасақ та, Қаратау ұғымы өте сай келiп тұр», – дедi. Бұл ұсынысты елдi мекендердiң төбе билерi, жастар қауымы, қалалық мәслихат депутаттары да бiрауыздан қолдады. Қоғамдық тыңдаудағы бар­лық ұсыныстар хаттамаға енг­i­зiлдi. Нәтижесiнде көпшiлiктiң ұсыны­сына орай жаңа ауданды «Қаратау» деп атау туралы қаулы қабылданды. Қала­лық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров бұл қаулы мәслихатта бекiтiлген соң республикалық ономастикалық комиссияға бекiтiлу үшiн жiберiлетiнiн жеткiздi.

 Ғабит САПАРБЕКОВ

Суретті түсірген 

Қайсар Шерім

Серіктес жаңалықтары