ЖАТАҚХАНА – БІТПЕЙТІН ЖЫР

ЖАТАҚХАНА – БІТПЕЙТІН ЖЫР

ЖАТАҚХАНА –  БІТПЕЙТІН ЖЫР
ашық дереккөзі
279

Жаңа оқу жылы басталып, оқушылар партаға, студенттер дәрісханаларына жайғасқанына да бір аптаның жүзі. Оқу жылы басталысымен «жатақхана жырын» жырлайтын студенттер арасында биыл да тыныштық жоқ. Білім қуып, Қазақстанның әр түкпірінен Алматыға келген студенттер бұл мәселемен тағы да бетпе-бет келді. Соған қарағанда, Білім министрлігі бұл мәселенің шешімін табуды биыл да қолға алмаған секілді. 

Алматыны студенттер қаласы деп атайтыны белгілі. Өйткені еліміздегі іргелі оқу орындарының көпшілігі осында орналасқан. Алып шаһардағы жоғары оқу орындарының саны 20-дан асып жығылады. Ал қаладағы студенттер саны 200 мыңға жуық. 200 мың студентке арналған студент үйлері небары 80-нен ғана астам. Ендеше, қаншама студенттің жатақханасыз жүргенін көзге елестету қиын емес. Елімізде жыл сайын жоғары оқу орындарының саны артып жатқанымен, білімгерлердің паналайтын орны ескеріле қоймайтын сияқты. Тіпті, жатақханасы атымен жоқ колледждер де бар. Оларды айтпағанның өзінде, жатақханасы бар оқу орындары студенттерінің бәрі жайлы төсекте жатыр деуге болмайды. Ең бастысы, Алматыға келетін студенттердің қатары жыл сайын 10 пайызға артып отырады екен. Жатақхана мәселесі бүгінгі күні Алматы қаласындағы барлық жоғары оқу орындарының шешімі табылмай жүрген түйткілдерінің бірі десек, қателеспейміз. Оқу үшін алыс ауылдардан сөмкесін арқалап келген жастардың көбі жатақханаға қол жеткізе алмаған соң, пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ол пәтердің ақысын төлеу үшін студенттердің қосымша жұмыс істеуі қажет. Жұмыс істеген студенттің күн сайын сабаққа үлгеруі де екіталай. Осы­лайша, студенттердің көбі ақша табу үшін оқудан қол үзіп қалады. Ал пәтер құнының күн өткен сайын аспандап бара жатқандығы жасырын емес. Осылайша, студенттің басына қиын-қыстау күн туады. Оқу ақысы бір жағынан… Бұндай жағдайда жоғары деңгейде білім алу қиын, тіпті мүмкін емес. «Қазіргі студенттердің көбі – білімсіз» дейтіндер қалыптасқан жағ­дайды білмейтіндер немесе көзге ұрып тұрған жағдайды есепке алмайтындар. Әсіресе, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен және ақылы оқитын студенттер үшін пәтер жалдап тұру үлкен қиындықтар туғызары сөзсіз.

Студенттердің жоғары оқу орнына да оңайлықпен түспегені белгілі. Жатақхана алудың қиын­дығы оқуға түсу мәселесінен де қатты өршіп тұр. Тамыз айының соңғы күндерінен бастап сергелдеңге түскен студенттер қауымы әлі толық жатақхана алып үлгерген жоқ. Үлгерген жоқ дейміз-ау. Жатақхананың жетіспеушілігі жыл соңына дейін студенттерге кесірін тигізетінін айтпай кетуге болмайды. Оқу орнынан жатақхана алғысы келгендер ректорат тарапынан шығатын бұйрықты күтіп жүргенде оқу жылы аяқталып та қалады. Жатақхананы 4- курс студенттеріне ең соңынан береміз дегенді желеу еткен оқу ор­ын­дарының басшылары кө­біне жоғары курс студенттерін жатақханасыз қалдыруға әдеттеніп алған. 4-курс студенттері қалаға бой үйреткен, қиындыққа қарсы тұра алатындықтан, пәтер жалдап өмір сүруге де мүмкіндіктері бар деп есептеледі екен. Демек, студенттің соң­ғы курста жатақханадан қағылып қалуы әбден мүмкін. Жыл сайын ұрыс-керіспен берілетін жатақхана мәсе­лесі студенттер үшін тым күр­делі болып барады. 1 курс студент­тері көбейген сайын жоғарғы курстың білімгерлері жатақханадағы орын­дарын босатып беруге мәжбүр. 

Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина­лық университетінде 8, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника­лық университетінде 5, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университе­т­ін­де 15, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 8, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында бір ғана жатақхана бар. Ал осы оқу орындарының әрбірінде ондаған мың студент­тер білім алады. Қазақстан бойынша жоғары дәрежеге ие бұл университеттерде студенттердің көп болуы да заңды. Сонда студенттердің басым бөлігі тек пәтер жалдап өмір сүре ме? Пәтерақысын төлеу үшін жұмыс істей ме, әлде білім алу үшін еңбектене ме? Міне, мәселе сонда. Қосымша жұмыс істеп жүріп, оқуын ақ­сатып алған балаға кінә тағатындар жатақхана мәселесін шешуге неге күш салмайды? Еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында, жастар сапалы білім алуы тиіс дейтін Білім министрлігі қайда қарап отырғаны белгісіз.


«Бізге неге жатақхана берілмейді?» 


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еліміздің түрлі аймақтарынан келген 20 мыңнан астам студент білім алады. Осы студенттерге арналған 15 жатақхана ғана бар ұлттық университеттің қарамағында. 15 жатақханада 5000-нан астам орын бар. ҚазҰУ – Қазақстандағы студентінің де, жатақханасының да саны көп университет. Оқу орны­ның барлық факультетіне бір-бір студенттер үйі бөлінген. Әр бөлмеде екі немесе төрт адамнан тұратын ҚазҰУ қалашығындағы студенттерге арналған жатақханалардың жағ­дайы жақсы, студенттер үшін өте қолайлы. Тек сол қолайлы жа­тақ­­ханалар студенттерге жет­кілік­сіз екендігі өкінішті. Жыл сай­ын жөндеуден өтетін аталмыш жатақ­ханалар барша студенттердің сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Оқу жылының басынан-ақ жатақхана іздеген студенттер факультет декандарының кабинетін тор­уылдайды. Барлығының да сұрағы біреу? Бізге неге жатақхана берілмейді?

Басшылар болса, жатақхана ең алдымен көп балалы, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасының балаларына, жетім немесе жартылай жетім балаларға берілетіндігін айтып ақталады. Бұған ешкімнің де қарсылығы жоқ. Олардың бірінші болып жатақхана алуына жағдайдың қарастырылғаны орынды-ақ. Бірақ оқу орнындағы өзге студенттер де жатақхана алуға құқылы емес пе? Айта кетейік, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жаңадан тағы бір 9 қабатты жатақ­хана пайдаланылуға берілді. Бұл жатақхана да жыртыққа жамау бола алмаған сияқты. Жетіспейтін жатақхана жыры әлі аяқталған жоқ. 9 қабатты студенттер үйінің 7 қабаты студенттерге берілсе, 2 қабаты университет қонақтарына арналған екен. 

Осы университеттің география және табиғатты пай­далану факультетінің бір студенті жатақханадан орын ала ал­мағандықтан, қала шетінен қаты­нап оқып жүр. Райымбек пен Яссауи көшелерінің қиылысында, туыс­тарының үйінде жатқан студент таңертең ерте шығып, кешке үйіне кеш жететінін, тіпті тапсырма орындауға да уақыты жетпей қалатындығын айтып, шағымданды. Аты-жөнін атамауымызды өтінген студент жатақхана алу үшін тамыз айында өтініш жазып қалдырған. Алайда, одан бері қанша уақыт өтсе де, жатақханаға қол жеткізе алмай келеді. «Деканаттағы қызметкерлер ректоратқа өтініштеріңді жібердік, солардың бұйрығымен тізім шығарылады. Сол тізімді күтіңдер дегеннен басқа ешнәрсе айтпайды», – дейді география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті. Жоғары жақтан бекітілетін бұл тізімді күтіп жүргеніне де біраз болып­­ты. Осыған дейін шыққан тізім­ге бұл студент енбей қалған. Бір­неше рет шығарылған студенттер ті­зіміне ене алмай жүрген, шарасы таусылған студент қайда барып шағымданатынын да білмей дал. «Тізімді күтіп жүре берсем жатақханасыз қалатын түрім бар. Өзім мемлекеттік грант иегерімін. Оқуға құжаттарымызды қабылдағанда грант иегерлері жыл сайын жатақхананы кезексіз алады деген еді. Қайдан? Бәрі де жай сөз екен», – деп ренішін білдірді ол. 

Осы студент секілді жатақ­ханаға қол жеткізе алмай жүрген жүздеген, тіпті мыңдаған тәлім­герлер бар Алматыда. Көбінің жатақ­ханаға орналасуға құқығы бар. «Жатақханамен қамтамасыз ете­міз» деп уәдені үйіп-төгіп, студент жинайтын көптеген оқу орындары бірінші курстан кейін бұл жайында ұмытып та кететін секілді. Жемқорлықты жеңе алмай жүрген елімізде парақорлықтың бір ұшқыны жоғары оқу орындарында көрініс таба бастады деушілер күн өткен сайын көбейіп келеді. Бұрын мұғалімдерге жақсы баға үшін жақсы пұл беретінін естіген жұрт көп болатын. Енді жатақхананы да көк қағазға сатып жатыр деген сыбыс сту­денттердің аузынан түспейді. Тамыр-таныс пен әке-көкелердің арқасында жатақхана алып жатқан студенттердің де бар екенін айту­шылар аз емес. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Тіпті, жатақхананың дәл қазіргі баға­сы 400 АҚШ долларына тең көрінеді. Егер осы соманы берсе, еш қиындықсыз әлгі жоғарыда айтылған «құнды тізімге» енеді. Ал осындай жолмен жатақхана ал­ған студенттердің барын біз сөйлескен студент те жоққа шығармайды. Уақытының көп бөлігін Алматының кептелісінде өткізіп, титықтап жүрген әлгі студент «қалтамда сондай қара­жатым болса, жатақхана алу үшін мен де аямас едім» дейді назаланып. Студенттердің мұңын, шарасыздығын пайдаланып, қал­тасын қалыңдатып жатқандардың нақты кімдер екені әзірге ешкімге беймәлім. Кім білсін, бұл жәй ғана қауесет шығар…

ҚазҰУ-дегі жатақхана мәс­е­лесіне қатысты тағы бір түйткіл – әр факультеттерге бөлінген жатақханаларда өзге мамандық студент­терінің қоныстануы бол­ып тұр. Өз студенттері тол­ық орналасып болмаған жатақ­ханаларға өзгелерді паналату сту­дент­тердің түсінбестігін тудыруда.

ҚазҰУ студенттері жыл сайын жатақхана жетіспегендіктен, бұқаралық ақпарат құралдарына шағымданып жататыны баршаға белгілі. Биыл жаңа жатақхананың пайдалануға берілгендігі бұл мәселенің шешімін табуға кө­мектесер дегендер көп болған. Үміттер ақталмаған сияқты. 

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағдарламасын бекіткен болатын. Осы бағдарлама аясында Қазақ­стан бойынша 32 жатақхана бой көтеріп, 54 жатақхана күрделі жөндеуден өткізілуі қажет еді. Рес­публикалық маңызы бар Алматы мен Астана қалаларында студенттік қалашықтар салу да жос­парланған еді. 2013 жылдан бастап орындалуы тиіс құрылыс жұмыстары әлі де бастала қоймаған көрінеді. Яғни бұл бағдарлама да студенттердің жатақхана мәселесін шешуге көмектесе алмайтын түрі бар. 


Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары