Жириновский жауапқа тартыла ма?
Жириновский жауапқа тартыла ма?
Биыл ақпан айында Жириновский Қазақстанға қатысты бірнеше орынсыз мәлімдеме жасап,
бүтіндей бір халықтың ашуын туғызған еді. Осыған байланысты қазақстандық заңгер
Асқар Қаймақов Ресейдің бас прокуратурасына өзінің ЛДПР фракциясының жетекшісі
Владимир Жириновскийді атышулы мәлімдемелері үшін қылмыстық жауапкершілікке
тарту туралы арызын бейжай қалдырмауды сұрап, хат жолдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Заңгер РФ бас прокуратурасына 2014 жылдың наурызында шағым
жолдағанын еске салды. Онда Қаймақов Жириновскийді Ресей Қылмыстық кодексінің 3-ші бабы бойынша: “Жеккөрінішті немесе
дұшпандықты қоздыру және адамның ар-намысын қорлау”, “Көпшілік
алдында экстремистік қызметке үндеу” және “Көпшілік алдында
басқыншылық соғысты туғызуға үндеу» сияқты ұлт араздығын тудырғаны үшін заң
негізінде жауапқа тартылуын сұрады. Әсіресе оның ашықтан-ашық
“Ортаазиялық федералдық округ” құру туралы ұсынысы отарлаушылық
саясатын жүргізуге ықыласты екендіктерін байқатады. А.Қаймақов мамыр айында РФ
бас прокуратурасынан жауап алды. Онда заңгерге оның хаты тергеу алды тексеру
жүргізу үшін Ресейдің Тергеу комитетіне жолданғаны жазылған. Қаймақов бұдан
кейін ешқандай хат-хабар алмағанын айтып отыр. Ресейдің бас прокуратурасына
жазған келесі хатында заңгер қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарын
бұзған РФ Тергеу комитетінің лауазымды тұлғаларына қатысты шара қолдануды және
оларды қабылданған процессуалдық шешім туралы қаулының көшірмесін
шағымданушының мекенжайына жіберуге міндеттеуді сұрайды.
Владимир Жириновский
митингте сөйлегеннен кейін ҚР Сыртқы істер министрлігі ресейлік әріптестеріне
нота тапсырған болатын. РФ Федералдық Кеңесі Мемлекеттік Думасы аппараты
жетекшісінің орынбасары Юрий Шувалов өз кезегінде Қазақстан мен Ресей
арасындағы қатынастарда ешқандай өзгерістердің болуы мүмкін емес екенін айтты.
Десе де, айтылар сөзі айтылғаннан кейін жауап беруі тиіс Владимир Жириновский
заң негізінде ешқандай жазаға басұрмайтын түрі бар. Тіпті, келесі жолы да,
дүйім жұрт алдында сандырағын жалғастыруы бек мүмкін. Сол себепті, еліміздегі
көзі ашық мамандар Ресей прокуратурасына артын суытпай хат жолдаған еді.
Соның әсері ме, Қазақстанға көзінің көлеңкесін
қиғаш түсіріп жүрген орыс саясаткері Владимир Жириновский мәселесі Ресейдің
Мемлекеттік думасында қаралатын болды. Бұл туралы жақында Астанада өткен
социал-демократтардың халықаралық конференциясында Мемлекеттік дума депутаты
Олег Нилов: “Мен Жириновскийдің пасық әрекеті
үшін тағы да кешірім сұраймын. Ол арандатушылыққа бара береді. Оның келесі
деңгейі енді фашизм болып табылады. Басқа мемлекеттердің парламентінде, аттарын
атамай-ақ қояйын, ондайлар қаптап жүр, ал Ресейде ол біреу ғана, осынысы бізге
кішкене болсын көңілге демеу. Бірақ бұл оның бүкіл ерсі қылығына төзіп, бетіне
жіберіп қою керектігін білдірмейді”,- деп ағынан жарылғандай болды. Жириновскийдің
Қазақстанға қатысты айтып жүргендерінің барлығын орыс депутаты арандатушылық
әрекет деп бағалады. Орыс саясаткерінің сандырағының астында ешқандай астар
жатпады деп ақтап алудың еш қисыны жоқ. Сондықтан, айтылған сөздері үшін
Владимир Жириновский жауап беруі тиіс.