ИГІ БАСТАМА ІЗГІЛІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

ИГІ БАСТАМА ІЗГІЛІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

ИГІ БАСТАМА ІЗГІЛІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
ашық дереккөзі
161

Жақында Зырянда жалпыхалықтық қайырымдылық шарасы ретінде веложарыс болып өтті. Оқушылар мен спортшыларды айтпағанда, депутаттардың, тіпті, Зырян ауданының әкімінің де велосипедке отыруы – онсыз да қызығы мол бұл шараны одан әрі қызықты ете түскендей болды.Қатысушыларды мәре сызығын кесер жерде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары күтіп алып, жарыс жеңімпаздары оларға қосдөңгелекті көліктерді сыйға тартты.
Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданында биылғы жылдың басынан бастап жасөспірімдер арасындағы құқық­бұзушылықты жою мақсатында кең көлемде сауықтыру шаралары өткі­зілуде. Бұл тарапта, әсіресе, сан түрлі қиын жағдайларға тап болған отбасыларға көбірек назар аударылуда. «Бұл жылы біз жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының психологтармен, заңгер­лермен және полиция қызметкерлерімен жүз­десуін бірнеше рет ұйымдастырдық», – дейді, Зырян ауданының ішкі сая­сат бөлімінің жетекшісі Жанна Матаева. «Шындығына келгенде, оқушы­лардың сот қызметкерлерімен әңгі­ме өткізу шарасына қатысып, өз жауап­кер­­шіліктерін білуі аясындағы іс-ша­ра­­лардың пайдасы аз сияқты, олар үшін бұл өздерінің шалағайлықтары туралы әңгіме секілді көрінгендей бол­ды. Керісінше, олардың кейбір құр­бы­ларының теріс іс-әрекеттерінің сал­дарын ұқтыру – құқықбұзушылық неге апарып соқтыратынын түсінуге зор ықпал етті. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған ұйымдарға ерекеше назар аудару керек. Балаларды үйірме жұмыстарынан басқа әртүлі мәдени-спорттық шаралар да қызықтырады. Мысалы, көңілді старттар, сол сияқты қатарында аудан әкімі бар құқыққорғау ұйымдарының қызметкерлерінің олармен бір алаңда футбол ойнауы балаларда масаттану сезімін туғызып, ойынға еліктірді. Осындай, «ерекше кісілермен» танысу – көптеген жасөспірімдердің бойындағы жағымсыз қылықтарды жоюға көмектесері сөзсіз. Нәтижеде балалар заңды сыйлауға және спортпен дос болуға уәде берді».
– Өткізілген іс-шараларды сараптай­ келе, жағдайы жақсы, үлкен табысқа қол жеткізген кісілердің өнегесі – бала­лар­ға өмірде дұрыс жол таңдауға септігін тигізеді деген қорытындығы келдік, – дейді Жанна Матаева әңгімені одан әрі өрбітіп, – Сондықтан осындай біріккен іс-шараны тұрақты өткізіп тұруға шешім қабылдадық. Бұл тек салауатты өмір салтына жарнама болып қалмастан, әлеу­меттік жағдайы нашар отбасылардың бала­ларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өмірге құл­шындырары анық.
Біріккен веложарыс идеясын аудан әкімі, күштік құрылымдар жетекшілері мен кәсіпкерлер қызу қолдады. Веломарафонға қала мектебінің оқушылары да қатысты.
– Жарыс алдында біз велосипедімізді техникалық байқаудан өткіздік, – дейді, сегізінші сынып оқушылары Егор Беседкин мен Владимир Турнаев. – Жарыс жолында ұятқа қалып жүрмеу үшін кемшілігімізді жоюға тырыстық. Спортпен шұғылданудың керемет нәрсе екенін көрсеткіміз келді. Айтпақшы, өз ауламызда өз қолымызбен спорт алаңын жасадық. Әрбіріміз екі мың теңгеден ақша жинап, турник құрып алдық. Енді үздіксіз жаттығу жүргізіп жатырмыз. Бұның күні бойы компьютердің алдында телміріп отырудан әлдеқайда жақсы екенін сезіндік. Ал, мынадай көңілді веложарыстың қаламызда өтіп жатуы керемет қой!
Жасөспірімдердің айтқандарын осы акцияның ең егде қатысушылары, велоспорт­тың ардагерлері, алғаш велосипедтің еріне отырып құйғытқанына екеуара жүз жылға шамалас уақыт болған Анатолий Чуйкин мен Борис Минаев та қолдайды. Бұл жарысқа бірден келісім берген олар велоспортты үнемі насихаттап отыру қажет және өтіп жатқан акцияның өскелең ұрпаққа берері мол деп есептейді.
– Бүгінде деннің саулығы экономикалық жақтан да маңызы зор нәрсе, – дейді Зырян ауданының әкімі Ермек Сәлімов. – Сол үшін біз балаларды салауатты өмір сал­тына баулуымыз керек және оның артық­шы­лығын ұқтыру үшін өнеге көрсете білуіміз тиіс. Еліміздегі ең ірі мекеменің бірі ЖШС «Казцинк» мекемесі біздің идея­мызды қолдап, демеушілік жасады. Олар веломарафонға арнайы 10 велосипед әке­ліп, оларды жарыстың мәреге жетер тұ­сында әлеуметтік аз қамтамасыз етілген от­ба­сылардың балаларына сыйлады.
Балаларға қуаныш сыйлаған жарыстың ұйым­дастырушылары өз сыйлықтарының ие­лерін таңдап, қажетті қолға тиюін қада­ға­лады. Тоғыз жасар Евгений Зайцев үшін вело­сипедті болу орындалмас армандай көрі­нетін. Өйткені отбасын жалғыз өзі асырап отырған оның анасы Наташаның баласына велосипед сатып әперу түгілі, тапқан жалақысы екі баласын киіндіру мен тамақтандыруға жете бермейтін. Содан болар, кішкене бала өзінің велосипеді бола­тынына сене қоймайтын. Бірақ ертегілердегі ке­реметтің өмірде болатынына сенетін бала көңіл.
Балаларды қорғау күніне орай өткізілген мере­келік шараға қатысқан Евгений сонда аудан әкімі Ермек Сәлімовті көрген болатын. Сонда балаға назары түскен әкім одан нені қалайтынын сұрағанда, ол іркілместен «велосипед!» – деген еді.
– Маған қоңырау соғып, Женяға велосипед сыйлайтынын айтқанда, шыны керек, сенер-сенбесімді білмедім, – дейді Наталья. – Тіпті, босқа үміттендіріп жүрермін деп балама да айтуға қорықтым. Ал, ол велосипедті болатынын естігенде қуанышында шек болған жоқ. Ондай бақытты ол армандай да алмайтын еді ғой… Қазір оның жылдам жүретін велосипеді бар! Мені қуандыратыны, осы қуаныштан кейінгі оның оқуға деген ерекше құлшынысы. Енді ол сабақ оқу керектігі жөнінде ескерту күтіп отыруды тіпті де ұмытқан, мектептен келе сала сабаққа дайындалады. Адамның бақытты болуы да аяқ астында екен ғой.
– Баланың көңіліндей пәк жаратылыс бар ма? – деп толғанады аудандық мәслихаттың депутаты, веложарысқа қатысушы, демеуші мекемнің өкілі Олег Ледянкин. – «Казцинк» әрқашан салауатты өмір салтына үндеушілерді қолдап-қуаттайды. Спорт сияқты дұрыс жолды насихаттаудан талмау керек. Бір жақсысы, қаламызда стадион ашуға, хоккей мұзайдынын жасауға мүмкіндік бар.
Веложарыс қатысушылары қаланың орталық көшесімен жүріп өтті. Колоннаны аудан әкімі Ермек Сәлімов, аудан прокуроры Виталий Шабер және ҰҚҚД аудандық бөлімінің бастығы Бақытжан Қалиханов бастап жүрді. Сонымен бірге акцияға Зырян аудандық ІІД бастығы Ермек Сыдықов, ауданаралық қаржы бөлімі полициясының Зырян аймағы бойынша бастығы Руслан Абраев, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің жетекшісі Серік Құсымбаев, кәсіпкер Ғалия Алпысбаева, «Битнар» ЖШС директоры Владимир Дмитриев және Зырян орман шаруашылығы мекемесінің өкілі қатысты.
Ұйымдастырушылар оқушыларға арнайы акцияның атауы жазылған футболка дайындады. Жалпы, веложарыс бұқаралық сипат алып, қалалықтардың бәрінің де қызығушылығын тудырды. Сондықтан көптеген зыряндықтар болашақта осындай акцияларға белсене қатысатындықтарын жеткізді. Әкімнің айтуынша, акция жалғасын табатын көрінеді. Осы сияқты жарыс енді жарқыраған мұзайдында ұйымдастырылып, сырғанақ тебуге әлеуметтік жағынан нашар қамтамасыз етілген отбасылардың балалары мен олар үшін өнеге боларлық тұлғаларды қатыстыру жоспарлануда.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары