«Түркіге ортақ тұжырымдама дайындалуда»

«Түркіге ортақ тұжырымдама дайындалуда»

«Түркіге ортақ тұжырымдама дайындалуда»
ашық дереккөзі
420

Сондықтан Түркі кеңесінің шешіміне сәйкес академия 1926 жылғы Баку конгресінен бастап бүгінге дейінгі түркі елдерінде латын қарпін енгізуге қатысты жас­алған барлық реформаға қатысты тәжірибелердің кемшілігі мен артық тұстарын жан-жақты зерделеп, жинақтау

«Түркіге ортақ тұжырымдама дайындалуда»


Сондықтан Түркі кеңесінің шешіміне сәйкес академия 1926 жылғы Баку конгресінен бастап бүгінге дейінгі түркі елдерінде латын қарпін енгізуге қатысты жас­алған барлық реформаға қатысты тәжірибелердің кемшілігі мен артық тұстарын жан-жақты зерделеп, жинақтауда. Бұл – қазақ елі латын қарпіне көшкенде қажет болатын тәжірибе деп есептейміз.

– Дархан Қуандықұлы, жуырда Түркі академиясының тізгінін қолға алдыңыз әрі академия халықаралық мәртебеге ие болды. Қос қуаныш құтты болсын! Әңгімемізді Халықаралық түркі академиясының басты міндеттері мен мақсатынан бастасақ. 
– Ізгі тілегіңізге көп рахмет! Иә, ба­у­ыр­лас елдер басшылары Бішкекте қол қойған келісімді Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз Республикасы ресми түрде мойындағандықтан, Түркі академиясы қазір халықаралық ұйым ретінде қайта құрылып жатыр. Астананы түркі әлемінің ғылым-білім ордасына айналдыратын бұл мерейлі белес бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. 
Өзіңіз білесіз, Қазақстан Респу­бли­касының Президенті Н.Назарбаев 2009 жылы Нахчыван қаласында өткен Саммитте түркі мәдениетінің әлемдік өркениеттегі алатын орнын бағамдап, түркі дүниесінің өткенін, бүгінін және болашағын зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұтымды ұсыныс бауырлас мемлекеттер тарапынан қолдау тауып, Астана қаласында Түркі академиясы құрылды. Әрине, жаңа ұйымның алдына жаңа міндеттер қойылды. Академияның мақсаты айқындалды. Түйіндеп айтар болсақ, түркі әлеміндегі қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар мен дүниежүзіндегі түркологиялық зерттеулерді үйлестіруші жетекші ұйым ретінде Түркі академиясына тарихы ортақ, тамыры бір туыс елдердің бағзыдан бүгінге дейінгі тарихын, тілі мен әдебиетін, рухани-мәдени құндылықтар жүйесін, әлеуметтік-экономикалық даму бағытын байыптап зерттеу міндеті жүктелді. Жалпы, Халықаралық Түркі академиясы түркі кіндігінен тарайтын жұрттардың жоғын түгендеп, барын бүтіндеп, шежіресі мен тарихын зерттеп, мақтанышын әлемге таныстырып, «ортақ ақылдың» төңірегінде бәтуаға келуін қамтамасыз ететін бірегей ұйым. Сондықтан өткенімізді зерделеп, өшкенімізді жаңғыртып, келешегімізді баянды етуге талпынып отырған академияның қызметі мен алға қойған мақсаттары әрбір түркі баласының тағдырымен тікелей байланысты деуге болады. Академияның мақсат-міндеттерінің барлығы тайға таңба басқандай етіп негізгі құжатта – құру туралы келісімде жазылған. Құрушы төрт мемлекеттің ұйғарымымен сайланатын ұйымның Ғылым кеңесі де академияның ғылыми бағыттарын белгілеп отырады. 
Сонымен қатар Түркі кеңесінде айтылған Мемлекет басшыларының сөздері мен ұсыныстары да біздің мақсаттарымызды айқындайды. Мәселен, биыл Бодрумда өткен Түркі кеңесінің IV Саммитінде Қазақстан Президенті академияның алдына түркі дүниесі ықпалдастығының тұжырымдамасы мен бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты қазір академияның басты міндетінің бірі осы маңызды құжаттың жобасын әзірлеп, мемлекет басшыларының назарына ұсыну. 
– Түркі академиясы түркінің бірлігін көздейтін басқа қандай ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста?
– Бұл жерде бір мәселені айта кеткім келеді. Қазір түркі әлемінің ынтымақтастығы мен ықпалдастығын көздейтін барлық ұйымдар Қазақстанның бастамасымен құрылған. Мәселен, байланыстардың мәдени саласын ұйымдастыратын ТҮРКСОЙ Қазақстан Президентінің ұсынысы негізінде 1993 жылы Алматыда құрылды. Сол сияқты, Түркі Ақсақалдар кеңесі, Түркітілдес Парламенттер Ассамблеясы және Түркі кеңесінің Тұрақты хатшылығы да Елбасының 2006 жылы Анталияда өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының алқалы басқосуында көтерген бастамасы негізінде дүниеге келді. Осыған байланысты түркі ынтымақтастығына қызмет жасайтын барлық іргелі ұйымдарды бауырлас, қанаттас ұйымдар деуге болады. Оның үстіне бұдан бұрын Түркі кеңесінде қызмет атқарған кезде де түркі ынтымақтастығын көздейтін ұйымдармен тығыз байланыста болдық. Сондықтан академия бүгінде Ыстамбұлдағы Түркі кеңесімен, Бакудегі ТүркПА және Анкарадағы «ТҮРКСОЙ»-мен етене араласып, бірге жұмыс істеп келеді. Аталған ұйым басшылары біздің барлық шараларымызға қатысып, қолдау көрсетуде. Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесімен де тығыз байланыстамыз. Бұның сыртында жалпы түркі құндылықтары мен мәдениетін, әдебиетін бір ізге түсіру үшін кешенді зерттеулер жүргізетін академия ретінде халықаралық ұйымдармен, өзге де орталықтармен тығыз байланыс орнатып отырамыз. Бұл ретте халықаралық академияның нысаны төрт мемлекетпен ғана шектеліп қалмайды. Алтайдан Ақтеңізге дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр атырап түркі тарихына тұнып тұр. Осы өлкеде сан ғасырлар бойы қаншама мәдениеттер тоғысты. Міне, осы мәдениеттерді зерттеу біздің мойнымызда. Бұның сыртында университеттер түркі одағы шеңберінде көптеген іргелі оқу орындарымен тығыз әріптестік орнаттық. 
– Түркі академиясының алқалы жиынында қазақ ғалымдары түркілердің ғылыми орталықтарымен, ғылым академияларымен ынтымақтастықты орнатуды ұсынды. Осы орайда, алғашқы қадам қандай болмақ?
– Жалпы, біздің академия түркі халықтарының ұлттық академиялары мен зерттеу орталықтарының бірегей үйлестірушісіне айналып келеді. Біз қазірдің өзінде осы мақсатта Түркия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Моңғолия, Мажарстан сияқты тарихы ортақ елдердің ұлттық академияларымен және түркітану орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, әріптестік меморандумын бекітіп, бірге жұмыс істеуге келістік. Мәселен, академия осы 6 айдың көлемінде осындай 23 құжатқа қол қойды. Ал жалпы алғанда әлемнің 30-ға жуық іргелі ғылыми зерттеу институттарымен, түркологиялық орталықтарымен байланысымыз бар. Оның сыртында ғылыми жобалар аясында бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін 13 елдің 90-нан астам ғалымы бар. Түркі елдері ғана емес, кезінде түркітанудың орталықтары болған, түркілерге қатысты деректері мол елдермен, ғылыми орталықтармен де бірлесе жұмыс істеу біз үшін өте маңызды. Қазір Ресеймен байланыс орнатып, Мәскеу, Қазан, Уфа, Новосібір және Сібірдегі түркологиялық орталықтармен тізе қоса жұмыс істеудеміз. Бірге жиындар, семинарлар өткізіп жатырмыз. Мәселен, академия осы он күннің ішінде Астанада, Сеулде, Қазанда, Анкарада, Бішкекте, Ыстықкөлде бірнеше халықаралық конференция өткізді. Мұндай шаралар жалғаса береді.


«Жастар түркі жазуына бет бұрды»


– 18 мамырды Түркі жазуы күні ретінде белгіледік. Мерекенің мақсаты қандай?
– Жазу – өркениеттің белгісі, терең тарихтың ерен үлгісі. Түркілер жалпы өзіне тән жазуы бар, жазу ойлап тапқан санаулы ұлттың бірі. Қазір өздерін өркениетті ұлт деп санайтын кейбір елдерден бұрын аталарымыз тасқа таңбасын басып, даңқты тарихы туралы ұрпағына мол мұра қалдырды. Өткеннің өшпес өнегесін бүгінгі ұрпаққа насихаттау, көшпенді өркениетінің рухын жаңғырту, сананы сілку бүгінгі кезең үшін ауадай қажет. Төл жазу мәдениетінің болғаны түркінің кіндігінен тараған кімнің болсын кеудесіне мақтан ұялатары сөзсіз. Мәселен, жуырда Мажарстанға барғанымызда ондағы жастардың көне түрік жазуын қолдануды сәнге айналдырғанын байқадық. Кейбір елді мекендердің аты тіпті көне сына жазуымен жазылғанын көріп ойландық. Бұл – өрлікке толы өткен тарихқа деген құрмет, мәңгілік таста қалған мұраға деген сүйіспеншілік. Осындай бабалардың жазуларын көру, оқу арқылы тарихи жадының жаңғырары сөзсіз. Бұл – бір жағынан түркі халықтарын біріктіретін асыл қазынамыз. Сондықтан биыл ел Парламентінің 18 мамырды «Түркі жазуы күні» деп жариялап, Үкімет шешімімен бекітілуі тарихи оқиға болды. Осы орайда атаулы күнге бастамашы болған Қазақстан Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне, комитеттің сол тұстағы төрайымы Дариға Назарбаеваға және депутат Алдан Смайылға, сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықоваға айрықша алғысымызды айтқымыз келеді. Біле-білген адамға, бұл мерекенің мәні ерекше. Мерекенің негізгі мақсаты – тарихта өшпес мұра болып қалған бабалар өркениетін жаңғыртып, келешек ұрпаққа насихаттау. Осы шараға байланысты Түркі академиясы Астанада алғаш рет «Түркі жазуы күні» атты екі күндік арнайы форум өткізді. Жиынға Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей және өзге де түркітілдес елдерден көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, депутаттар мен дипломаттар қатысты. Шетелден келген мәртебелі меймандар тағылымды шараның бастамашысы болған Қазақстанға алғысын білдіріп, болашақта бұл мерекенің күллі түркі жұртының мейрамына айналарына сенімді екенін айтты. Форум аясында отандық және шетелдік ғалымдар «Түркі жазуы: өткені, бүгіні және болашағы», «Ортақ тарих: теориялық-әдістемелік мәселелері» секциялары бойынша баяндамалар жасап, пікір алысты. Кітап көрмесі ұйымдастырылып, Түркі академиясы шығарған еңбектердің таныстырылымы өтті. Екі күндік жиын қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданады. Сол қарардағы ортақ ұсыныстың да әсері болар, биыл Бодрумда өткен Түркі кеңесі саммитінің қорытынды құжатында бұл атаулы күн түркі әлеміне ортақ мереке ретінде белгіленді. Мерекенің түркі әлемінде де қызығушылық тудырып, мемлекет басшылары тарапынан үлкен қолдау табуы академия бастамасының мақсатына жеткені деп білеміз. Ал Түркі академиясы бұдан былай «Түркі жазуы күнін» жыл сайын тұрақты түрде халықаралық деңгейде атап өтетін болады. 
– Кеңестік империя түркілерді бір-біріне жат етуге тырысты. Осының салдарынан, бүгінде түркі халықтарының көпшілігі аудармашысыз түсінісе алмайды. Сондықтан күн тәртібіне түркіге ортақ тіл проблемасы шықты. Кейбіреулер «80 миллионға жуық адам сөйлейтін түрік тілі ортақ тіл болсын» десе, енді біреулер «ортақ әліппе түзіп, жаңа тіл ойлап табайық» дейді. Сіздіңше, ортақ тіл мәселесі қалай шешілуі тиіс?
– Түркі халықтарының осыдан бір ғасыр бұрын бір-бірін оңай түсінгені тарихи шындық. Исмаил Гаспыралының сөзі­мен айтқанда, «Ыстамбұлдағы балықшы мен Түркістандағы көпес аудармашысыз түсінісе білген». Мысалы Абайдың «Тәржі­мәнды» алдырып оқығанын Әуезовтің шығармаларынан білеміз. Ол кездердегі бірқатар интеллектуалдарымыздың татар, түрік, шағатай, өзбек тілдерін емін-еркін менгергенін байқаймыз. Яғни, түркі ха­л­ық­тарының арасында тілдік тұрғыдан түсініспеу сияқты мәселе болмаған. Өйткені, жағрапиялық алшақтыққа қарамастан түркі тілдері ол уақытта бір арнада дамыды десе болады. 
Кеңес Одағы тұсында түркі халық­тарының арасын ашу үшін арнайы тіл саясаты жүргізілді. Сол кездері орталықтан жүргізілген саясат өз салқынын тигізбей қоймады. Арада ғасырға жуық уақыт өткенде Кеңес құрамындағы бауырлас халықтар бір-бірін тілмашсыз түсіне алмайтын хәлге жетті. Соңғы жиырма жылдың мұғдарында бұл мәселенің беті бері қараған жоқ. Өйткені тәуелсіз түркі елдері бас-басына жаңа сөз жасауға көше бастады. Жаңа сөздер арамызды тіптен аша түсері сөзсіз. Сондықтан осы мәселенің алдын алу үшін жақында академияның құрамында арнайы Терминология комитетін құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобадағы мақсатымыз түркі тілдерінің терминологиялық сәйкестілігі мен жақындығын қамтамасыз етуге үлесімізді қосу. Бұдан бөлек, академия қазіргі түркі тілдерінің мәселелерін зерттеп, бүкіл түркі дүниесіне ортақ сөздіктер жасау, ортақ түркі терминдері және әліппе мәселесі жөнінде ұсыныстар әзірлеу сияқты мақсаттарға қызмет ететін болады. Әрине, тіл дегеніміз жасанды құбылыс емес, керісінше өлмес рух. Біздіңше, тамырын тереңге жайған түркі тілдерін бір-біріне жақындастыру үшін ортақ терминдер, сөздіктер және әліппе мәселелерін шешу керек. Сондықтан қазір ортақ әліппидің қажеттілігі сезіліп тұрғандай. Түркі елдері арасында ортақ латын әліпбиін жасау мәселесіне қатысты 1992 жылы Ыстамбұлда алқалы жиын өткен. Оған барша түркі елдерінің мықты деген тіл мамандары мен ауызы дуалы ғалымдары қатысқан болатын. Алайда әр елдің түрлі латын әліпбиі графикасын қабылдауы түркітілдес елдерді жақындатудың орнына алшақтата түсті. Сондықтан Түркі кеңесінің шешіміне сәйкес академия 1926 жылғы Баку конгресінен бастап бүгінге дейінгі түркі елдерінде латын қарпін енгізуге қатысты жас­алған барлық реформаға қатысты тәжірибелердің кемшілігі мен артық тұстарын жан-жақты зерделеп, жинақтауда. Бұл – қазақ елі латын қарпіне көшкенде қажет болатын тәжірибе деп есептейміз. 
– Жаңа сөзіңізде айтып кеткендей ра­с­ында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев — түркі бірлігін қол­­дау­шылардың бірі. Елбасының бастамасымен түркі әлеміне тән талай игі шара қолға алынды. Биыл Түркияның Бодрум қала­сында өткен Түркі Кеңесінің саммитінде Елбасы түркі журналистерінің бірлігі, түркілердің ортақ ақпараттық кеңістігін құру және әлемдік деңгейде телеарна ашу туралы мәселе көтерді. Жалпы, түркілердің жедел ақпарат алмасуы, БАҚ саласында бірге жұмыс істеуі т.б жыл сайын түрлі жиындарда көтерілгенмен, сөз жүзінде қалып келеді. Сіздіңше, іс нәтижелі болу үшін не істемек керек? 
– Біле-білгенге биыл Бодрумда өткен Түркі кеңесінің IV саммитінде Елбасы өте өзекті мәселені қозғады. Оның аталған алқалы жиында ортақ ақпараттық кеңістік құру туралы айтқан ойы түркі елдеріне үлкен ой салды деп білеміз. XXI ғасыр — ақпараттың ғасыры. «Айшылық алыс жерлерден, көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызған», – деп әйгілі ағартушы Ыбырай қазіргі кезіміз туралы айтқандай. Бүгінде әлемнің кез келген жерінде болған оқиға туралы ақпаратты қас-қаққанша алып үлгереміз. Ақпаратқа шекара жоқ. Сондықтан жаһандық көштен қалмау үшін «түлкі заманды, тазы боп шалу» өте өзекті. Күн өткен сайын түркі бірлігі үшін ақпараттық интеграцияның да маңызы арта түсті. Бауырлас елдер бұл мәселеге жіті мән бере бастаған секілді, әр жерде ортақ ақпараттық кеңістік құру мәселесі сөз бола бастады. Сондықтан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың BBC, Al-Arabia, Euronews, МИР сияқты әлемдік және аймақтық деңгейдегі телеарналардың үлгісінде түркі тілдерінде хабар тарататын телеарна құру идеясы ұзамай жүзеге асады деп ойлаймыз. Өзіңіздің де әбжілдік танытып, атсалысып, «Түркі әлемі» телеарнасын ашып, жұмыс істеп жатқаныңызды білеміз. Түркі Кеңесіне мүше елдердің ірі телеарналарының басшылары ортақ арна құру жайын жиі кездесіп, пысықтаса, уақыт өткізбей оймақтай ойдың игі іске айналуы жеделдер еді. Күллі түркі дүниесін қамтитын мәдени және ақпараттық кеңістік қалыптастыру заман талабы. Өйткені бір-бірінен мәдени байланыстарын үзген түркі халықтары ең алдымен бір-бірін түсінулері керек. Мысалы, Астанадағы қазақ Кавказдың жаңалықтарын Әзірбайжан телеканалынан, Таяу Шығыстың хабарларын Түркияның телеарналарынан көріп, түсіне алса керемет емес пе? Оны түсіну үшін субтитрлер мен жүгіртпе аудармаларды қолдану арқылы тарихи-мәдени, ақпараттық-танымдық телебағдарламаларды көрсетуге болады. 
Бұл ретте біз де қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Түркі халықтарының ақпараттық бірлігін бекемдеу үшін һәм ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастырудың бастамасы ретінде академия «GLOBAL TURK» атты халықаралық талдау-сараптау журналын шығара бастады. Жуырда екінші саны жарық көрген басылым түркі елдерінің қазіргі саяси, экономикалық, қоғам­дық, мемлекеттік, халықаралық мәселелерін зерттеуге арналған. Оған түркі әлемінің белді ғалымдарының идеялары мен зерттеулері жарияланып отырады. Жалпы, ақпарат құралдары байланысты арттырар, бауырларды бір-біріне етене таныту арқылы жақындастыра түсетін алтын көпір екені рас. Ортақ ақпараттық кеңістік құрылса интеграция жылдамдар еді. Бір байқағаным, соңғы бірнеше жылдың көлемінде түркітілдес елдер арасында ақпарат алмасу жылдамдап келеді. Оған нақты мысал, «Қазақстан», «24kz», «Астана» арналары мен «Қазақпарат» агенттігінің Түркияда арнайы тілшілік қосын ашуы. Ал Түркияның «Анадолы ажансы» мен «Жиһан» сынды агенттіктерінің Астанада тілші ұстауы, Әзірбайжанның орталық арнасы «AzTV» мен «ITV» қоғамдық телеарнасының және Әзірбайжан мемлекеттік телеграф агенттігінің Қазақстанға тілші жіберуі бұл саладағы ұзақ жылғы сең жіби бастағанын көрсетеді. Сіз айтқан журналистер одағы да құрылып келеді. Бұл игілікті істерді ақпараттық бірліктің басы деуге болады. Бауырлас елдер үшін қандай да бір елдің ақпарат көздеріне жүгінбей, сүзгіден өтпеген ақпаратты тікелей алып, бұрмалаусыз, ұлттық мүдде тұрғысынан беруге жолдың ашылғанына нақты дәлел. Қазір осы ортақ ақпараттық кеңістік және ортақ телеарна құру мәселесімен Түркі кеңесі жан-жақты айналысып жатыр. Таяуда Ыстамбұлда алқалы жиын да өткізбек. Сонда біраз түйткіл тарқатылады деп ойлаймын. 

«Тарихымызды насихаттаймыз»

– Тарихы мен түбі бір түркінің мәдени мұралары да ортақ. Түркінің танымал тұлғаларын өскелең ұрпаққа насихаттау – идеологиялық тұрғыдан маңызды шара. Бұл мәселе де Халықаралық Түр­кі Академиясының назарынан тыс қалмаған шығар?
– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Түркітілдес халықтар үшін өткеніне үңіліп, төл тарихына терең зер салатын, мыңдаған жылдық туыстық жақындықты қайта жалғайтын уақыт жетті. Алдымен барша түркі елдеріне ортақ тарихи мұраны насихаттау арқылы жалпы түркілік ой-сананы қалыптастырудың мүмкіндіктерін зерттеу қажет. Түркі елдерінің рухани дәстүрлеріне негізделген ортақ түркілік құндылықтар жүйесін, ортақ мағлұматтар мен деректер қорын қалыптастыруға да болады. Ол үшін Яссауи, Ататүрік, Шоқай, Гаспыралы сияқты түркі халықтарына түсінікті де ортақ ұлы тарихи тұлғалардың еңбектерін насихаттауға көбірек көңіл бөлген жөн. Халықаралық Түркі Академиясы түркінің ортақ тұлғаларына қатысты түрлі халықаралық конференциялар мен форумдар, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Мысалы, маусым айында түркімен халқының ғана емес, жалпы түркінің тегеурінді ақыны Мақтымқұлы Пырағының туғанына 290 жыл толуына орай академия «Мақтымқұлы және дәстүрлі түркі әдебиеті» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырды. Шараға Түркіменстан мен түркі әлемінен ғалымдар қатысты. Қырғыздың жырауы Тоқтағұл Сатылғановтың шығармашылығына арнап та халықаралық конференция ұйымдастырдық. Осы қыркүйектің 25-26 күндері академия тағы бір үлкен іске мұрындық болмақ. Тәуелсіздікті енді алған елең-алаңда, өтпелі кезеңде атажұртқа ат арытып келген мажарстандық танымал түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокиге арнап халықаралық ғылыми конференция өткізгелі отырмыз. Жиынға шетелден көптеген белгілі түркітанушылар келуге ниет білдіруде. Форум аясында белгілі тарихшылардың қатысуымен «Мемлекеттік дәстүр сабақтастығы» атты ғылыми конференция ұйымдастырылады. Академия бұдан былай да, түркітілдес халықтарға ортақ ірі тұлғаларды шамасынша насихаттап, ұлықтауға үлкен көңіл бөлетін болады. Өйткені М.Қашғари, Ә.Науаи, Бабыр, Физули, Мақтымқұлы, Абай, Тоқтағұл, И.Гаспыралы, М.Э. Ресулзаде, Ю.Ақшора, М.Шоқай, А.Байтұрсынов, З.У. Тоған сияқты ұлы тұлғалар бөліп-жаруға келмейтін күллі түркіге ортақ мақтанышымыз. 
– Түбі бір түркінің болашағы – білімді жастар. Түркі әлеміндегі білім саласына бағытталған ортақ жобалар бар ма?
– Әлбетте, қай кезде болсын Мағжандар сенген жалынды жастар – елдің үмітін ақтап, ұлттың болмысын сақтай алған. Алдыңғы толқынның басты мақсаты – отты жастарға сенім арту, дұрыс бағыт-бағдар беру. Ал жалпы, білім-ғылым саласындағы ынтымақтастық түбі бір түркі ғалымдарын ғана емес, жастарды да жақындастыра түсетін төте жолдың бірі. Бұл бағытта болашақ ұлы істердің іргетасы қаланды деуге болады. Түркі кеңесінің ұйытқысымен былтыр түркітілдес елдердің университеттер одағы құрылды. Түркі академиясы осы университеттер одағымен тығыз байланыс жасауда. Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Түркияның білім министрлері бұл мәселе бойынша ортақ шешімге келіп, содан бері бірнеше мәрте жиын да өткізіп үлгерді. Одақ ЖОО арасында жүйелі байланыстар орнатып, білім саласындағы интеграцияның кейбір түйткілдерін шешу үшін құрылған болатын. Болашақта аталған одаққа мүше елдер оқу орындары арасында студенттердің еркін алмасып оқуына жол ашатын Еуропалық Одақтың «эразмусы» тәрізді бағдарламалардың түзіліп, туыстас елдер жастарының бірлігі тіптен артарына сенім мол. Тағы бір айта кетер мәселе, қазір түркітану саласына қызығып келетін жастар азайып барады. Бұл түркітану ғылымының «қартаюына» әкеп соғады. Белгілі түркітанушылардың алды ақсақал жасына ілінді. Сондықтан осы мәселені қазірден қолға алдық. Академия жанынан келер жылдары түркітанушы мамандарды дайындайтын докторантура бөлімін ашамыз. Біздің құрылым тұтас түркі әлеміне ортақ болғандықтан, бұны ортақ жобамыз десе де болады. Түркі елдерінен жас түркітанушылар келіп білім алып, зерттеу жұмысын жүргізе алады. Аталған салаға жаңа қан жүгірту үшін, жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында үш арнаулы шәкіртақы тағайындауды да ойластырып отырмыз. Шәкіртақылар түркі әлемі үшін ерен еңбек еткен, осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан танымал түрколог ғалымдар атында болады. 
– Әлемдік өркениеттің бастауы болған түркілердің тарихын бір кездері жат­жұрттық зерттеушілер жазды. Осының салдарынан тарихи деректерде бұр­малаушылықтар кездесетіні белгілі. Бұл тарихқа жасалған қиянат. Бір кездері сіз Түркі әлемі тарихшылар одағын құру туралы ұсыныс айтқан едіңіз. Қолдау тапты ма?
– Дұрыс айтасыз. Тарих ғылымы тұрғысынан алып қарасақ, біздің тарих, жалпы түркілердің тарихы – ең көп бұрма­ланған, ең көп қиянат жасалған тарих. Ұлан-ғайыр далада ұлы мемлекеттер құрған бабаларамыз даңқты тарихын ұрпа­ғына мәңгілікке мұра етіп қалдыру үшін тасқа бәдіздеп жазған. Бірақ екіталай күн туып, бодандық қамыты мойынға түскенде тарихымыздан тамыр үздірді. Дрекслер Артурдың «тарихты жеңімпаздар жазады» деген сөзі бар. Солақай саясатқа негізделген жасанды тарих жазып, «жа­байы» болғансыңдар деп кемсітті. Бер­тінге дейінгі тарихымызды өзгелер жазып келді. Тәуелсіздік алғалы ақтаңдақтар ақтарылып, текті тарихымыз түгенделе бастады. Бұл ретте туыс халықтар арасында Қазақстан елі озық шықты. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қатпарлы қалың тарихымыз біршама түгенделді. Қазір Халықаралық түркі академиясы түркінің терең тарихын жан-жақты екшеп, дәйектеп жазуда. Осы орайда шетелдің мықты ғалымдарын тарта отырып, ондаған жобалар жүзеге асырудамыз. Амандық болса, алдағы уақытта көпшілік те көзайым болар. Жалпы, тарих түркі халықтарын бөлуші емес, біріктіруші мықты тетік болуы керек. Бізді ортақ мүдде ғана емес, ортақ тарих та біріктіретінін ұмытпауға тиіспіз. Бұл орайда Түркі кеңесінің шешіміне сәйкес академияда ортақ тарих оқулығы жобасы әзірленіп жатыр. Оқулықта түркі халықтарының іргесі ажырамаған XV ғасырға дейінгі тұтас тарихымыз баяндалады. Онда наным-сенімдер, оқиғалар, ортақ мақтандарымыз, ұлы тұлғалар дау тудырмайтын нақты мысал­дармен, дәйектермен беріледі. Аталған маңызды жобаны түркі елдерінің белгілі ғалымдары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ақылдаса отырып тізе қоса жазуда. Елбасының «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген керемет сөзі бар. Мұны «жалпы түркі тарихында түркі ұялатын ештеңе жоқ» деп айтса, артық болмас. Ал түркі әлемі тарихшылар одағын құру туралы ұсыныс келешекте жүзеге асатын шығар. Соңғы кезде бірнеше үлкен жиындарда бұл мәселе көтеріліп, талқыға түсті. Егер ұйым құрылар болса, ортақ тарихымыздың көп жоғы бүтінделер еді. 
– Сіз кандидаттық және докторлық диссертацияңыздың тақырыбын Түр­кіс­танға арнапсыз. Қазақ ұлты, жалпы түркі үшін шоқтығы биік Шоқай туралы жасаған зерттеулеріңіз де терең. Түркі академиясына басшылық етуіңіз ғылыми жұмыстарыңызға кедергі болмай ма?
– Ел игілігі мен түркінің ғылымына қанатымен су сепкен қарлығаштай пайда тигізе алсақ, өзімізді бақытты санаймыз. Шоқай қазаққа немесе Түркістанға ғана емес, XX ғасырдағы түркі дүниесіне ортақ тұлға. Түркістанның тұтастығы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, бүкіл өмірін арнаған Мұстафа Шоқайдың арманы мен идеясына адал болу, сол жолда қолдан келгенше қыз­мет ету басты мақсаттарымның бірі. Ал халықаралық ұйымға Түркі Кеңесіне мүше төрт ел президентінің сенім артып, бас­шы етіп тағайындауы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Халықаралық түркі академиясының құрылуы – тұтас түркінің қамын жеген Исмаил бек Гаспыралы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабайұлы сынды алып тұлғалардың кешегі ақ армандарының бүгін нақты жүзеге аса бастауы деуге болады. Академия түркінің ұлыларымен қатар, есімі аталмай қалған тағдыры сан қырлы ортақ тұлғаларымызды жарқыратып, көпшілікке танытуға жаңа мүмкіндіктер береді. Қарап отырсаңыз, алдағы жылдары көптеген тарихи мерейтойлық даталар бірінен соң бірі келе жатыр. Түркі академиясы ұлт ұлдарын ұлықтаудан тыс қалмайтын болады. Қазан айында Алаштың қос арысы – Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың туғанына 120 жыл толуына орай халықаралық конференция өткізгелі отырмыз. Келер жылы Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығы. Оны да өз деңгейінде атап өтуді ойластырудамыз. Алда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы және бар. Патшалық құрамындағы түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалыстарының басталғанына 2016 жылы 100 жыл толады. Ал 2017 жылы түркі әлеміндегі ұлттық автономиялардың құрылғанының 100 жылдық мерейтойлары бар. Осындай түркі тарихындағы ерекше беттер мен ортақ тұлғаларға арнап сан түрлі жиындар өткізуді қазірден қарастырудамыз. Жалпы, академия Мұстафа Шоқайдың тағдырластары, мүдделестері, Алаш зиялылары туралы тың деректер жинап, кітаптар шығаруға, жаңа деректер табуға күш салатын болады. Сондықтан академия ізденістерге жақсы мүмкіндіктер ашып, соны деректер табуға негіз болады деген ойдамын. Мұның бәрі ғылыми жұмысыма тың серпін береріне сенімдімін. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары