БҮГІННІҢ СӨЗІ — БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

БҮГІННІҢ СӨЗІ — БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

БҮГІННІҢ СӨЗІ — БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ
ашық дереккөзі
439
Таяуда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жезқазған өңірінде болып қайтқаны белгілі. Осы сапарында «Хабар» агенттігінің тілшісі Ринат Думанұлына берген сұхбатында ол Ұлытауға қатысты тарихи жайларды алға тарта келіп, ұлт мәселесі жөнінде де көп ойларын ортаға салған еді. Әсіресе, мұнда айтылған мемлекеттік тіл, ата дін, елдің бүгіні мен ертеңі, Еуразиялық одақ жайындағы мәселелер ешкімді бейжай қалдырмағаны анық. Және ең бастысы, Елбасымыз осы сұхбатында өзін тек Президент қана емес, елін сүйген ер, ұлты үшін қам жеген ұлт перзенті ретінде де танытқандай. Газетімізде жарияланған төмендегі ой-пікір иелері Президентіміздің әр сөзіне мән бере отырып, оның мән-мағынасын неғұрлым аша түсуге ұмтылған. Нұрсұлтан Назарбаев:  «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз.» Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы: – Кез келген ұлттың басында сын артар тарихи кезеңдер болады. Сыннан сүрінген ұлттың сағы сынады. Сыннан сүрінбей өткен ұлттың бағы жанады. Біздің ұлт қазіргі таңда дәл осындай бір тарих толқынына түсіп, бағы үлкен сын үстінде тұрған ұлт екені ақиқат. Елбасы аузымен айтылған Ұлытау толғанысын оқып отырып, өз басым осы бір тамырын тереңнен тартар, тәлімі зор, ұлт тағдырын анықтар еңселі мұраттың ел үшін, ұрпақ үшін қаншама қажет екенін іштей қайыра бір сезіндім. Бұл, әсіресе, бүгінгідей жаһандану дейтін жанды, жүректі арбаудың жаңа сатысына көтерілген, адам ойы мен санасын жаулаудың ал­уан-алуан түрлері жан-жақты игерілген дәуірде маңызы артып отырған тарихи қажеттілік екені күмәнсіз. Ия… Бұл сөз, яғни елдік пен бірлік хақындағы Ұлытау толғауы осыған дейін сан мәрте айтылып келген Елбасының тіл мен дін, тарих пен мәдениет, ұрпақ пен ұлт мәңгілігін қамтамасыз ету хақындағы толғауы тоқсан ой-пікірдің заңды, жүйелі жалғасы. Сұхбатта ұлтты ұйыту мен мемлекет іргесін бекіте түсудің алғы шарттары барынша қамтылып, ұрпақ санасын тәрбиелеу мен ұлт бойындағы күрескерлік рухты қалыптастырудың жолдары қайсы деген сұрақтарға мейлінше қадау-қадау, кең, тынысты жауап берілген. Бір сөзбен айтар болсақ, бұл сұхбат дүние әлем тапырақ күй кешіп, кешегі Киевтің Майдан алаңынан басталған демократиялық сипаттағы түрлі-түсті ревалюциялық ахуалдардың ақыры Батыс пен Шығыстың үлкен майданына айналып отырған тұста, Араб елдеріндегі түлеу көктемнің соңы қақыраған қара күздің жан түршіктірер қара суығына, мүдделер мен мақсаттар соғысына жалғасып жатқан кезеңде елді сақтандыруға, жұртты қобалжытпауға, мемлекетіміздің ішкі, сыртқы саяси, экономикалық және рухани бағыты мен бағдарын анықтауға көмектесер бағдаршам – пікір екені анық. Ұлт тарихында орны айрықша Ұлытау іспетті киелі де қасиетті ұлы төрлеріміздің бірінде Әулиеата биігінде отырып, арғы-бергі тарихымызды қозғап, Алаш дейтін әруақты жұрттың елдік өткеніне, мемлекет болып іргесін бекітуіне қатысты дәуірлер мен кезеңдер, тұғыры биік тұлғаларды тілге тиек ету арқылы Қазақ Президенті қабырғалы жұртымыздың тарихы мен тамыры тереңде жатқанын ашып айтады. «Біздің ең жоғары байлығымыз – Тәуелсіздік! Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз», – деген кесімді сөз соның айғағы. Қазақ қазақ болғалы басынан нендей күндерді кешпеді? Бүгінгі ұрпақтың пешенесіне толыққанды қызығын көру бақыты бұйырған Тәуелсіздікті Өткен – Бүгін – Болашақ дейтін Уақыт кеңістігінің аясында қарастыра отырып, сол Тәуелсіздікке қызмет етудің, замана талабына сай күресе білудің жолдары да сұхбат барысында анық-қанық айтылған. Президенттің халыққа жолдаған кейінгі Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясының мұратты ұстанымы Тіл, Дін, Жер, Мәдениет, Ғылым, Еңбек, Адам секілді құндылықтарға табан тірей отырып, әлемдік өркениет кеңістігіне еркін шығудың бірден-бір жолы зайырлы (интеллектуалды) ұрпақ тәрбиелеу, зайырлы ұлт пен зайырлы қоғам қалыптастыру екеніне баса назар аударылғанын білеміз. «Ұлытау сұхбатында» Елбасы осы идеяны жүзеге асыру бағытында ұлт жанын тәрбиелеу мен ұлт болмысын даралау критерийлерін, сондай-ақ көпэтнос өкілдері өмір сүретін елдегі ұлтаралық қатынас мәселесін қалай реттеу мен қалыптасып отырған ғаламдық геосаяси ахуалдар қорығынан қалай шығудың жолдарын да қарапайым жұртшылыққа аса түсінікті етіп баяндап, нақтылап айтып берген. Менің ойымша, бұл айтулы сұхбат Қазақстан есімді байтақтың барша жұртының қалта кітапшасына айналатындай мол тиражбен басылып таралуы тиіс. Ұлытау сұхбаты — Ұлтты тәрбиелеудің, бағыттаудың шын мағынасындағы Ұстаздық сөзі. Қабырғалы қазақ жұртының қалыптасқан өлшем – таразысына салып айтар болсақ, Ұлытау сұхбаты – Бүгіннің Сөзі, Болашақтың кепілі. Нұрсұлтан Назарбаев:  «Мысалы, Отан деген үлкен ұғым. Отанды қорғау дегенде, әрине, адам баласы алдымен өзінің шаңырағын ойлайды. Әкеңді, шешеңді, бауырларыңды, балаларыңды, немерелеріңді ойлайсың. Сол жүрекпен, сол тілекпен Отаныңды қорғайсың. Сондықтан тарихыңды білген жөн болады. Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр болуы мүмкін. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды таныту үшін қазір көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың куәгері – Ұлытау. Оны білуіміз керек. Кезінде мен астана болатын жер іздегенде Ұлытауды көрейін деп әдейі келдім. Қазақ жерінің нағыз орта тұсы екені рас.» Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Елбасының Ұлытаудағы сұхбаты басқа берген сұхбаттарына ұқсамайтын ерекше. Оның ерекшелігі сол, жұрттың көкейінде жүрген бір нәрсе бар-тұғын. Ол қазақ тілінің өзекті мәселесі. Тіл комитетінің құрылғанына ширек ғасыр өтсе де, қазақ тілі әлі орнынан ілгері жылжи қойған жоқ. Бұған қатысты мәселеге, осы жолы Президент тиянақты, тұрғылықты, халықтың көкейінде жатқан сауалдарына нақ басып жауап айта білгендігі үшін іштей қуандым. Баяғыдан осылай болу керек еді ғой деп те ойладым. Елбасының «қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деген сөзі мәтелге айналып кетті. Қазақ тілінің мәселесі ̶ ұлттық, мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі мәселе. Қазақстан Республикасының негізін құрайтын халық қазақ болатын болса, оның тілінің кенжелеп келе жатқандығы біздің арқамызға аяздай батады. Осы жолы Президент соның барлығына нақты жауап берді. Мемлекеттік тілдің болашағының, бүгіннен гөрі ертеңі жарқын болатынына Елбасы сенім білдірді. Көптеген жиналыстарда, мекемелерде қазақ тіліне біртіндеп көшу турасында ұтымды пікір айтты. Әрине, біртіндеп, эволюциялық жолмен көшкен дұрыс. Мен де осы айтылған ойды қолдаймын. Бұрқ етіп бір күннің ішінде көшеге шығып, «барлық жерде бірдей қазақ тілі болсын, орыс тіліндегі телеарналарды қиып тастайық» деп Украинадағы я болмаса басқа жерлердегі жағдайларды жасай алмаймыз. Өйткені біздің геосаяси жағдайымыз бен ішкі ұлттық әртүрлілігіміз ондайға жол бере қоймайды. Тарихи жағдаймыз осылай қалыптасқан. Елбасының айтуы бойынша, қазақ халқының саны 65 пайызды құрайды екен. Демек, бұл моно мемлекет деген сөз. Президенттің әрбір айтқанының мағынасына үңіліп, тереңірек түсініп, санамызға сіңіріп отыруымыз керек. Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болғаннан кейін қазақ тілін жаппай үйрету жүріп жатыр. Бірақ, өмірде көбірек қолданысқа түсуіне алып келу керек. Бүкіл электроника, компьютерлік жүйе, экономика т.б қазақ тілінде сөйлегенде қазақ тілінің қажеттілігі артатын еді. Дін мәселесіндегі біршама түйткілдерді де Елбасы сұхбат барысында айтып өткен еді. Әуел баста шыққан заң бойынша діни конфессиялардың барлығына рұқсат беру орынсыз болды, сол ұстанған саясатымыздың қазіргі кезде зардабын көріп жатырмыз. Соның салдарынан әртүрлі секталар, діни ағымдар қаптап кетті. Оларды тоқтату қиынға соғады. Егер күшпен тоқтатқан жағдайда, халықаралық шуға айналып, оны «әлдекімдер» қолдап шығуы мүмкін. Өйткені бір елде мамыражай тыныштық болғанын өзгелер қаламайды. Украина соның бір көрінісі, дәлелі. Бұл жағдай жерден гөрі тіл мәселесінен шықты. Осыны біздің Президент жете ұғынып отыр. Украинаның жағдайы ушығып жатқан кезінде, Елбасыға Қырым немесе Донбасс, я болмаса Луганскідегі мәселе тілден туындап отырғандығын айтқан едім. Халық украин тілінде сөйлесін дегенде оған қарсылық білдірді. Осындай дүрбелең кезді пайдаланып, халықтық рес­публика дегенді ойлап тауып, соны жариялап жіберді де, оны Ресей қолдап шыға келді. Осыдан шыққан дау дүниежүзілік соғысқа әкеп тірей жаздады. Ол дау әлі де бар. Сондықтан біздің еліміз осы жағдайдан сабақ алуы керек. Бізге тыныштық керек. Десе де, намысымызды аяққа таптатпай, қайта рухымызды көтеруге ұмтылуымыз қажет. Елбасының тілге қатысты айтқанын ұзақтан бері күткен едік. Бұл мәселені шын пейілімен, ықыласымен айтқандығы сезілді. Сұхбат барысында халқына деген сүйіспеншілікті де көрдім. Елбасы Н.Ә. Назарбаев сұхбат барысында Еуразиялық одақ турасында да өз пікірін айтып өтті. Қазір болып жатқан жағдайлардан кейін бұл одақтың болашағы бар ма, жоқ па деген екіұшты ой туа бастады. Бұл одаққа байланысты идеяның авторы біздің Елбасы болатын. Айналып келгенде, Еуразиялық одақ, оның алдындағы Кедендік одақ өздерінің қабылдаған заңын бұлжытпай орындайтын болса, ешкім залал шекпейді. Бұл жерде бұрмалаушылыққа жол жоқ. Елімізде болып жатқан жағдайларға шынайы көзқарас қалыптастыру керек. Ішкі жағдайымызды өзіміз жақсартуға ниеттеніп, өзге елдерге жалтақтай бермеуіміз керек. Елбасы осының барлығын түсіндіруіндей-ақ түсіндіріп жатыр. Н.Ә.Назарбаевтың ұлт мәселесі жөніндегі айтқандарының барлығын құптаймын, қолдаймын. Лайым осылай, жыл сайын бір рет болса да, емін-еркін көсіліп, шынын айтып, соның барлығын іс жүзінде жүзеге асырып отырғандығын тілер едім. Оған халық тарапынан риза көңілімізді білдірейік. Осы уақытқа дейін Елбасыны қолдап келеміз, алдағы уақытта да қолдай береміз деген ойдамын. Нұрсұлтан Назарбаев:  «Осы күні қалтасында ақшасы болса, ұшаққа отырып, қажылық жасап қайтатындар көбейді. Заманның ағымына байланысты ол да дұрыс шығар. Бірақ қажылықтың қасиеті басқада. Оған жолдың азабын көріп, бірнеше ай жүріп баратын болған. «Абай жолы» романынан Құнанбайдың жасаған қажылығы жөнінде оқыдыңдар ғой. Ойлап қараңдар, ол кезде ат арбамен қаншама ай жүріп, жол қиындығын тартып, әзер жететін. Сондықтан дінге бас иетіндер шын жүрекпен, әділеттілік үшін, имандылық үшін барса деп ойлаймын.» Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі: – Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Киелі мекеніміз, қасиет қонған жеріміз Ұлытаудағы Елбасының ұлт туралы, дін, тіл жайлы ұлағатты сұхбатынан дін өкілдері де, имам-молдалар да мол тағылым алды. Жанға – жігер, көңілге – демеу сыйлаған салиқалы әңгімеде елдегі және әлемдегі діни ахуал туралы парасатты пікір айтылды. Президентіміздің Ұлытау төріндегі толғанысы жамағатты ізгілікке, бірлікке, игілікке үндеді. Елбасы айтқандай, талай нәубетті кезеңдерді бастан кешкен халқымыз бір кездері дінінен де, тілінен де айрыла жаздаған еді. Алайда ұлтымыздың жүрек түбінде жысырылып келген Құдайға құл, адамға ұл болу адамгершілік ұстанымы Тәуелсіздік алған жылдары қайта жалғасты. Дін мен дәстүріміздегі мәңгілік өшпес асыл құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Ешкімге жалтақтамай, Жаратушыға емін-еркін құлшылығымызды жасап, діни рәсімдерді атқарып келеміз. Еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған еңселі мешіттер елордамыздан, облыс орталықтарынан салынды. Мұнарасы биік, сәулеті жарасымды зәулім мешіттерде білімді, білікті имамдар ел игілігі үшін қызмет етуде. Шетелдік діни оқу орындарынан кем түспейтін өзімізде имамдарды дайындайтын университет аштық. Медреселеріміз шәкірт тәрбиелеуде. Мешіттердің есігі жамағат үшін айқара ашық. Кейбір көрші елдердегідей «мешітке барма» деп тыйым салып жатқан ешкім жоқ. Осындай үлкен нығметке, жетістікке жетуіміз Алланың қалауымен, Елбасының берекелі бастамасының арқасы. Бұл – тәуелсіздігіміздің жемісі, бірлігіміздің нәтижесі. Көнекөз қарияларымыз, ақ жаулықты аналарымыз куә ғой, кезінде емін-еркін намаз оқи алмаған жағдайлар да болды. Дінге қысым жасалып, жасырын құлшылық еткендер жазаланып отырды. Ал қазіргі жағдайымызға шексіз шүкіршілік айтуымыз мұсылмандығымыз емес пе? Қазыналы қарияларымыз: «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз», – деп ұрпақты Құдайға шүкір етуге, қанағатшылдыққа тәрбиелеп отыратын. Президентіміз сұхбаттағы бір сөзінде: «Қандай мінбеден қазақша сөйлесең де, ешкім «тәйт, былай тұр» деп айтпайды», – деді. Сол секілді, бүгінде қай мешітке барып, құлшылық етем десек те, ешкім бізге «мешітке кірме» деген емес. Осындай уақыттың, бейбіт заманның қадіріне жете білуіміз керек. Мұндайда қазақ: «Бағаламасаң бақ кетеді» демей ме? Исламды тек құлшылықпен, мешітпен, Құранмен ғана байланыстыру – бұрыс түсінік. Дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Әбішұлы Құранның қасиетті ғақлияларын орындау үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендету жөн екенін айтты. Осындай игі амалдар адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді. Ислам – қайырымдылық діні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл басынан бері қайырымдылық іс-шараларға ұйытқы болып келеді. Мешіттерімізде тұрмысы төмен отбасыларына жан-жақты көмек көрсету, жетім балалар мен қарттарға көмектесу – имамдардың абыройлы міндеті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір өсиетін­де: «Адамдардың жақсысы – елге пайдасы тигендері», – деген. Жабыққанды жарылқау, қамыққанға қамқор болу, Аллаға ұнамды істердің бәрі – құлшылық. Мұсылманға кедергі келтірген жолдағы тасты алып тастау да – садақа. Көршімен тату тұру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – исламның асыл құндылықтары. Біз діннің осындай ұлы құндылықтарын қоғамды ізгілендіру, имандылыққа шақыру, кешірімді болу, бірлік пен ынтымаққа ұйыту, қанағатшыл болу, бүлікке жол бермеу сынды игі істерге пайдалануымыз керек. Елбасы сұхбатынан осыны аңғардық. Нұрсұлтан Әбішұлы исламның негізгі қайнар көзі хадиске, яғни Алла елшісінің (с.ғ.с.) өсиетімен үндесетін, дініміздің қағидасымен қабысатын ұлағатты сөз айтты: «Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады». Ал хадис тәлімі мынадай: «Адам қандай ниет қылса, соған жетеді, пенде әр нәрсені өз ниетінен табады». Халқымыз: «Жақсы сөз – жарым ырыс», – деп босқа айтпаған. Осы Отанда нәпақамызды тауып, бала-шағамызды асырап, тыныш тіршілік етіп отырған соң, мемлекеттің іргесі бекем болуына баршамыз жанашырлық танытуымыз – адамгершіліктен. Жақсы ниеттің өзі үлкен мәнге ие. Елбасы айтқандай, Отан дегеніміз – ол біздің бала-шағамыз, туған-туыстарымыз, өскен ортамыз, т.б. Мемлекетке пайдамыздың тигені – өз отбасымызға пайдамыздың тигені деп сезінгеніміз абзал. Елбасы бір діннің ішінде өзара ұғыспай, ағымдармен келіспей, соғысып, қоғамға қауіп төндіріп жатқан діни ағымдар жайлы толғанысын білдірді. Дін атын жамылып, қан төгіп, соғыспен, мемлекеттік дін жасаймыз, халифат құрамыз деп жүргендер туралы да сөз етті. Жастар арасында «менікі ғана дұрыс, менің жолым адастырмайды» деген пікірге байланып қалғандар бар. Асыл дініміз ислам өзге дін өкілдерінің ұстанымына құрметпен қарауға шақырады. Тарихта ислам осылайша басқа діндегі адамдардың үлкен құрметіне ие болғанын білеміз. Елбасы сұхбатында тек біздің дініміз ғана дұрыс екен деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болғанын баяндады. Кейбір елдердегі бей-берекетсіздік жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Тыныштық орнаған қоғамда ғана даму, өркендеу көрініс табады. Елбасының ұстанған салиқалы саясаты да ұлттар мен ұлыстарды, дін өкілдерінің басын біріктіруге бағытталған. Бірлігіне бекем болған елдің мерейі әрқашан үстем болмақ. Алла тағала бүгінгідей берекелі де бейбіт заманымызды мәңгілік етсін. Мәңгілік елге мәңгілік татулық тұрақтасын деп тілеймін! Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тәуелсіздік жариялағанда Қазақстандағы қазақтың саны 40 пайыз болатын. 40 пайыз! Басқалар «Сендер азсыңдар мына мемлекетте, қайдағы тәуелсіздік сендерге?» деп айтпайтын ба еді? Дегенмен елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, біз тәуелсіздік жарияладық. Қазір, міне, қазақтың саны 65 пайызға жетті. Қазақстан халқының саны сол кездегіден азайып, біразы көшіп кетті ғой. Ресейге көшті, еврейлер көшті, немістер көшті, анау көшті, мынау көшті… Осы тұста халық 13-14 миллионға жуық болған еді. Қазір 4 миллиондай халық қосылып, 17 миллионнан астық.» Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, кинодраматург: – Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлытаудың төрінде берген сұхбаты қазақ халқының арасында жақсы қабылданған сұхбат болды. Бұл сұхбаттың бір ерекшелігі – Елбасының түйткілді сауалдарға дер кезінде жауап беруі. Қазақ қауымын алаңдатып отырған көптеген сұрақтарға түпкілікті, түбегейлі жауап алынды. Әсіресе, соңғы кезде Ресей президенті В.Путиннің, Жириновскийдің Қазақстанды түртпектеуі, әсіресе, Ресей президентінің «Қазақстанда 90-жылдарға дейін мемлекеттік болған жоқ» деген мәлімдемесі бүкіл қазақтың төбе шашын тік тұрғызды. Сонымен қатар бұл қазаққа жасалған қиянат десек те болады. Оның мұндай сөзді қандай деректерге сүйеніп айтқаны белгісіз. Қазақ мемлекетінің сонау ерте дәуірлерден бері қалыптасқаны белгілі. Алтын ордадан кейінірек бірнеше хандық бөлініп шықты ғой. Сібір хандығы, Өзбек хандығы, соның ішінде 1456-1465 жылдары Қазақ хандығы да бөлініп шыққаны белгілі. Осыны көрмеген болып, қазақ мемлекеттігі болмаған дегенді айтты. Міне, осы тұста Елбасының Ұлытау өңірінде берген салиқалы сұхбаты көптеген Ресей шовинистеріне жауап бергендей болды. Елбасы «қазақ тарихы тек қана бәйтерек болса, оның тамыры тереңде жатыр. Егер тамыры тереңде болмаса, ол құлап қалар еді. Қазақ тарихының тамыры көне түріктер, Алтын ордадан басталып, одан кейін қазақ хандығымен жалғасып, сөйтіп тәуелсіз мемлекетке ұласты» дегенді баса айтты. Қазақ хандығының тарихы туралы көркем телесериалдар, деректі фильмдер түсіруге сұхбат берерден бұрын-ақ нұсқау берген болатын. Қазір Президенттің бұл тапсырмасы орындалып жатыр. Біз тарихымызды ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Ендеше, кейбір империяшыл саясаткерлер Қазақстан тарихын ұмытып қалған болса, оны еске салып тұру керек. Қазақ хандығының құрылуына 1456-1465 жылдар арасында 9 жыл кеткенін ескеріп, 1465 жылдан есептесек келесі жылы «Қазақ хандығының» құрылғанына 550 жыл толады екен. Осы тарихи сәтті мемлекеттік деңгейде атап өту қажет. Қанша айтқанмен, Ресей секілді ұлы державаның бірінші басшысы барша әлемге паш еткен мәлімдемесінен кейін біз де оған жауап беруіміз керек. Содан кейін мемлекеттік тілге қатысты да Елбасы бірқатар салиқалы пкірілер айтты. Қазақ қауымын алаңдатып отырған қазақ тілінің жағдайына кеңірек тоқталды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде әлемде 6000 тіл бар екенін, оның жыл сайын ауқымы тар 10 пайызы жойылып отыратынын айтты. Менің есептеуімше, ай сайын екі тіл өледі екен. Демек, ғасыр соңына дейін аз ғана тіл қалады. Тек орыс, ағылшын, француз сынды қолданыс аясы кең ұлы тілдер ғана сақталады. Қазақ тіліне байланысты Елбасы өте орынды ұстанымдар айтты. Қазақ елі тәуелсіздік алған сәттен бастап әрбір жылы қазақ тілі үшін жұмыс істеп жатқандығын да тілге тиек етті. Елбасымыз айтқандай, біз қазақ тілінің көк туымыз секілді көкте желбіреп тұруы үшін жұмыс істеуіміз керек. Рухани құндылықтарымыздың басты күші – тілімізді қорғай білуіміз қажет. «Сабыр түбі – сары алтын» деген принципті ұстануымыз керектігін ескертті. Өйткені біз сабырмен әрекет жасап отырсақ та, әрине, тіл үшін күрес тоқтамауы керек. Бірақ ол күрес ешқандай дау-жанжалға, айқай-шуға, жұрттың мазасын алатын дау-дамайға ұласпауы қажет. Киелі өңір Ұлытауда өткен сұхбат өте салмақты, парасатты пайымдауларға толы болды. Елбасының әрбір пікірі жан-жақты аргументтермен дәлелденді. Еуразиялық одаққа енуіміздің басты себебін де түсіндіріп берді. Әсіресе, «шығысымызда Қытай, солтүстігімізде Ресей екі теңіз сияқты. Біз ортасында теңізі жоқ ел болғандықтан, осы екі ел арқылы шет мемлекеттермен сауда-экономикалық байланысын орнатамыз. Сол үшін Еуразиялық одаққа мүше болып кірдік» дегені де ойға қонымды. Еуразиялық Одаққа мүшелікке енудің еліміз үшін қажеттілігін сездік. Бірақ біздің бір осал тұсымыз бар. Ол – Еуразиялық одаққа кіру арқылы біз Ресейдің ақпараттық кеңістігінің тасқынында қалдық. Онсыз да Ресейдің ақпараттық тасқынына осы уақытқа дейін тоқтау болмаған еді. Енді шекара алынып тасталып, бір одаққа кіргеннен кейін бұл тасқынға тоқтау салу әсте мүмкін емес. Мұндай жағдайда қазақ тілінің жағдайы тамаша болады деп айту қиындау. Қазақ тілінің меншік иесі Қазақстан мемлекеті өзінің ақпараттық кеңістігіне ие болуы қажет. Егер де біз Ресейдің бір губерниясы секілді орыс мемлекетінің барлық бұқаралық ақпарат құралдарын қабылдап отыра берер болсақ, қазақ тіліне ешқандай пайда болмайды. Бізде орыстанып кеткен азаматтар көп. Мына Алматының өзінде орысша сөйлесетін қазақтар қаптап жүр. Мұндай жағдайда қазақ тілінің жағдайы жақсарады деп айту қиын. Сол үшін біз ақпараттық кеңістігімізде қазақ тіліне басымдық беруіміз керек. Олай етпесек, тарих алдындағы қазақ тілінің құны жоғалуы мүмкін. Мемлекет өзінің рухани рәмізі – мемлекеттік тілін құрметтегенде ғана ол елді өзгелер де құрмет тұтады. Осы мәселелерді Елбасы сабырмен шешуге кеңес бергендей болды. Елбасының Ұлытау сұхбатынан біз осы жайттарды түсіндік. Нұрсұлтан Назарбаев:  «Сабырлы болған жөн. Біздің көпұлтты болып отырғанымызға ешкім кінәлі емес. Тағдыр солай болды. Өзге халықтардың да ешқандай жазығы жоқ. Орыстардың, украиндардың, белорустардың, ұйғыр, шешен секілді халықтардың не кінәсі бар? Осылай болды, тарих бізді көпұлтты етті. Бәрінің басын қосып, Қазақстанның бірлігін сақтап, төзімділік танытып, экономикамызды өркендетіп, өсе беретін болсақ, келешек қазақтың қолында болады.» Асылы ОСМАН, «Мемлекеттiк тiлге – құрмет» бiрлестiгiнiң төрайымы, профессор:  – Тарихымызда айрықша орын алатын киелі құт қонған, қыдыр дарыған өлкеде, қасиетті Ұлытау төрінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев салмақты сұхбат беріп, өзінің ақжарма тілегімен бөлісті. Елбасымыздың сұхбаты қазіргі қоғамдағы болып жатқан жайттардың барлығын жан-жақты қамтып, біршама мәселеге өзінің көзқарасын білдірген болатын. Тілдің мәселесін де, дінді де, мәдениетті де, әдебиетті де, елдегі экономика саласын да жан-жақты талқылап, сараптама жүргізді. Қоғамға, жалпы қазаққа керек құнды дүниенің барлығын айтып өткендігі халықпен ой бөліскендей әсерде қалдырды. Ол кісінің Ұлытау төрінде болған сұхбатын өз басым жоғары бағалаймын. Сұхбат барысында ашық түрдегі, орынды әңгімелер де қозғалды. Әсіресе, менің жаныма жақын тіл мәселесіне қатысты Елбасының айтқаны толғантпай, тебірентпей қоймады. Әр сөзінде тілге екпін түсіріп, шегелеп айтқандығын байқауға болады. Мемлекеттік тіл мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтың ықпалынан біршама жақсарғандығын, қоғамның барлық саласындағы тілдік қолданыстың жүйелі түрде жүргізіліп отырғандығын да тілге тиек етті. «Мемлекеттік тілдің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдай жасалды. Конституцияға «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылды. Солай ғой? Ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп, кедергі жасап отырған бір адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек. Қандай мінбеден қазақша сөйлесең де, ешкім «тәйт, былай тұр» деп айтпайды. Қанша адам отырса да, соларға арналған аудармасын беріп, қазақ тілінде сөйлеуге болады. Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек. Ешкімге анау сөйтпеді деп уәж айтудың жөні жоқ», – дейді Елбасы. Расымен, қазақ тілінің қолданыс аясын қалыптастыруға, кеңістігін кеңейтуге өзіміз бел буа кірісуіміз керек. Оң көзқарас қалыптастыруымыз керектігін баса айтады. Елбасының осы пікірімен баршамыз санасуымыз керек деп ойлаймын. Қарап отырсақ, Мемлекеттік комитеттің жүргізіп отырған жұмыстары, арнайы бағдарламалар да жоспардағыдай жүзеге асып жатыр. Мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, қолға алуындай-ақ алынып отыр. Ол аз десеңіз, елімізде өзге ұлт өкілдерінің барлығына өз туған тілін меңгеруге, сонымен қатар, мемлекеттік тілді де бірдей дәрежеде ұстауға барлық жағдай жасалуда. Мен қазіргі таңда, «Достық үйінде» өзге ұлт өкілдерінің ана тілін үйренуіне басшылық етіп отырмын. Бұл ретте, бұл бастаманың тасы өрге домалауына мемлекет айтарлықтай ықпал етіп отыр. Өзге ұлт өкілдерінің де, мәдениетінің, тілінің, ділінің, дінінің дамуына ерекше көңіл бөлініп, барлық талаптарына сәйкес жұмыстар қарқындылықпен жүріп келеді. Өзге ұлт өкілдерінің ана тілін меңгеруімен қоса, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне де көңіл бөлу керектігін назардан тыс қалдырмай отырмыз. Елбасы айтқандай, қазақ тіліне қарсылық танытып отырған ешкім жоқ. Жерімізді мекен етіп отырған 130-дан астам ұлт пен ұлыстың қазақ тіліне деген көзқарасы оң. Тек қазақ тілінің қолданысын, жүргізілу қарқындылығын арттыратын өзіміз. Менің көтеріп отырған басты мәселем де тіл екендігі жалпақ жұртқа аян. Тілді «құрал» деп жатамыз. Ол – одан бұрын ұлттың жаны. Ұлттық бас­ты құндылығы – тілі. Қазақ тілінің байлығын, қолданысын, тазалығын, мәнді-мағыналығын, көркемдігін, бейнелілігін, шоқтығының биік екендігін мақтанышпен сезіне білу керек екендігімізді Елбасы Н.Ә. Назарбаев жетесіне жеткізіп айтып-ақ жүр. Сонымен бірге, бүгінгі күні қазақ тіліне сұраныс, талап, қажеттілік керек екендігінен, ондағы келелі мәселелердің біршамасынан Елбасы хабардар болып отырғандығын сұхбат барысында аңғардым. Менің түсінігімде, тілге қатысты дүниеде біреуге кінә артуға болмайды. Ендігі тарихқа да, тілге де кінә артпай саусағымызды біріктіріп, инемізді іліктіріп, алдымызға мақсат қойып, сол бойынша жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл пікірді Елбасы сұхбат барысында негіз ретінде айта отырып, көпшілік жұртқа ой салады. Саналы түрде, кез келген ұлттың тілін саясатпен араластыруға болмайтындығын, оның басты құндылық саналатынын көшбасшымыз кезінде айтқан болатын. Бұл тұжырымды сөзді, ұлтқа, тілге жанашыр азаматтың салмақты ойы деп қабылдадым. Мен қазақ тілінің сұлулығын күнге балаймын. Еліміздегі әрбір азамат қазақ халқының мәдениетін, салт-санасын, ең бастысы, тілін құрметтесе, сол адам күнге жақын болады. Күнге жақын болған сайын, жарқырап көрініп, жылуға ие болады, жылу бере алады, мерейі үстем болады. Мемлекет басшысы: «Қазақ тiлiне қамқорлық жасау менiң перзенттiк те, президенттiк те парызым», – дедi. Бұл – Елбасымыздың азаматтық ұстанымы. Бұл ел азаматтарын ойлантуы тиiс. Ұланғайыр жазира даламызда бейбітшілікті ту етіп, татулықты бірлікпен бекемдеген, ұлттар достығын нығайтып, басты құндылығымызға айналған – қазақ тіліміз барда, Қазақстанның тәуелсіздігін берік, байламын анық етуге болады. Нұрсұлтан Назарбаев:  «Сонда біздің «теңізіміз» не болды? Біздің «теңізіміз» – Ресей территориясы. Біздің «теңізіміз» – Қытай территориясы. Осы екі мемлекетті теңіз деп санасақ, біз солардың жағасында тұрмыз. Енді біз осылармен сауда-саттық жасамасақ, онда экономикамыз қалай өседі? 17 миллион ғана халқымыз бар. 250 миллиардқа жақын өндіріс өніміміз бар. 17 миллион халықты қамтамасыз етіп болғаннан кейін ары қарай қалай өсеміз?» Гүлшат МАХАЖАНОВА, мұғалім: – Қасиетті Ұлытау төрінде берген Елбасының сұхбаты Қазақстан тарихындағы ерекше маңызы бар оқиға. Талай тарихтың куәсі болған Ұлытау жерінің ел ордасына айналуы да мүмкін еді. Бұл туралы Елбасы өзінің сұхбатында: «Кезінде мен астана болатын жер іздегенде Ұлытауды көрейін деп әдейі келдім. Қазақ жерінің нағыз орта тұсы екені рас. Бірақ қазіргі заман талабымен қарасақ, бұл жерде не жол, не су, не әуежай жоқ – ешнәрсе де жоқ. Бұл жерге қыруар қаражат керек болар еді. Бәрібір елдің ордасына лайықты жер емес-ті. Бірақ қасиетті мекен ретінде бағалана береді», – деп айтқан болатын. Демек, Ұлытауда сұхбат беруінің өзі бір тарих. Президентіміз Н.Назарбаевтың сұхбат барысында тіл, дін, тарих мәселесіне баса назар аударуы қазақ халқының ойындағы сан сұрақтың жауабын ұсынғандай болды. Қазақ тілінің жағдайы үшін, Елбасымыз айтқандай, ешкімге уәж айтып, реніш білдірудің қажеті жоқ қой. Бәрін де өзімізден бастауымыз қажет. Расында да, бізге қазақша сөйлеуге ешкім кедергі жасап жатқан жоқ. Өз тілімізді өзіміз құрметтесек, бізді ешкім басынбайды. Бәрі де өз қолымызда. Біз бүгінгі заман талаптарына сай болуымыз керек. Елбасының бұл ойы да өте орынды. Қазір оқушылардың үш тілді де еркін меңгеруі үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр. Әлемдік деңгейде қолданылатын ағылшын тілін қазақтар да біліп тұрса, оның несі айып? Елбасы айтқандай, үш тұғырлы тіл саясатына қарсылық танытатындар не орыс, не ағылшын тілін білмейтіндер. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп қазақ ақыны Қадыр Мырза Әли де айтып кетті емес пе?! Ендеше, көп тіл білуден қазақ жастарын алшақтатудың қажеті жоқ. Ең бастысы, қазақтың тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін санасынан шығармаса болғаны. Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр болатындығын да Елбасы бекер айтпаса керек. Сондықтан, Елбасының Ұлытаудағы сұхбатында айтқан пікірлерімен келісемін. Мемлекеттік тіл туралы айтқан ойлары талай уақыттан бері таласқа түсіп келе жатқан мәселеге нүкте қойғандай болды. Бүгінде түйткілді тақырыптардың біріне айналған – дін мәселесі. Қоғам арасында жиі талқыға түсетін тақырыптарға Елбасы да баса назар аударды. «Біз тәуелсіздік жылдарында дінімізге қайта оралып жатырмыз. Қарап отырсаң, қазақ ешқашан діннен айрылып көрген емес. Ешқашан уақыт үзілісі болмағандай, дінімен қайта қауышты да, әрі қарай жалғастырып жүре берді. Бұрынғыдай қорықпай, жасқанбай, дінге бас иіп, Құдайға құлшылық етіп, мешіттер салып жатырмыз. Қаншама азаматтарды – білімді, дінді насихаттайтын молдаларды дайындап келеміз. Осының барлығы дұрыс қой, дініміз де, дәстүріміз де қазаққа керек, әрине. Дегенмен, тек біздің дініміз ғана дұрыс екен деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болды», – деді Елбасы сұхбат барысында. Міне, осыдан біз қазақтың көк туының астында өмір сүріп жатқан барша дін өкілдерін татулыққа шақырғанын байқадық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сөз соңында жастарға үлкен сенім артатындығын айтып өтті. Мәңгілік елдің жасампаз ұрпағы бақыты ғұмыр кешуі үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Ертеңгі ел іргесін ұстайтын азаматтар да, Отанын сүйетін патриоттар да бүгінгі жас ұрпақ. Сол жас ұрпақты Елбасының сенімін ақтайтындай тәрбиелеу біздің, яғни ұстаздардың борышы деп білемін. Нұрсұлтан Назарбаев:  «Ал айтыңдаршы, қай жерде бізді кемсіте алады? Егер де бұл жағдаймен келіспейтін болса, Қазақстанның ол экономикалық одақтан шығып кетуге құқы бар. Мен бір рет айттым, тағы қайталап айтам, тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – Тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сондықтан бұл жөнінен ешқандай күдік болмасын.» Мұрат ӘБЕНОВ, қоғам қайраткері: – Елбасының Ұлытаудың етегінде берген сұхбатын өте жақсы қабылдадым. Бұл сұхбатта Н.Назарбаев мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатқа қатысты сұрақтарға жауап берді. Және Елбасының жауаптары жалпылама ресми емес, нақты және терең болды. Бұл сұхбаттың мәнін толық түсіну үшін елдің тарихын және айтылған ойдың астарын білу керек. Мысалы, Елбасының «Болашақ біздікі» деген сөзі маған қатты ұнады. Қазіргі көршілес мемлекеттермен байланысымыз, одақтарға кіру мәселесі, егемендігіміздің болашағы, мемлекеттік тіл мәселесі кеңірек ашылып, талқыланды. Мемлекеттік тілге, қазақ тілінің мәселелеріне қатысты керемет ойлар айтылды. Мектеп түлектерінің 80 пайызы қазақ тілінде оқуын тәмамдауда. Бізге одан артық қандай жетістік керек?! Қазақ халқының саны да артып келе жатыр. Біз қазіргі тыныш, бейбіт жағдайымызды пайдаланып, экономикамызды, саяси-әлеуметтік жағдайымызды реттеп алуымыз керек. Барлығын бүгінгі қысқа мерзім ішінде шешуге тырысудың қажеті жоқ. Ұзақ мерзімді жоспарлар құрып, сол жоспармен жұмыс жасаған жөн. Асығыстық жасаудың қажеті жоқ. Көптен бері сүйсініп тыңдаған, өзімнің көкейімдегі көптеген түйткілді сұрақтарыма жауап алған сұхбат болды. Сұхбат беруге таңдаған жердің өзі де қандай. Алайда сұхбатты Ұлытау төрінде беруінің сырын бұқаралық ақпарат құралдары толық жеткізе алмады. Мен жастармен жиі кездесіп тұрамын. Оларға да көп сұрақтардың жауабын осы сұхбаттан алуға болатындығын қайталап айтып жүрмін. Берері мол сұхбат болды. Біз енді сол сұхбаттың мәнін талдап ашуымыз керек. Бұл – бізге, қазақ халқына арналған сұхбат. Кейбір шетел саясаткерлері Елбасының ойларының ішінен өздеріне қажеттісін суырып

Серіктес жаңалықтары