ТІСҚАҚҚАН ТРЕЙСЕРЛЕР

ТІСҚАҚҚАН ТРЕЙСЕРЛЕР

ТІСҚАҚҚАН ТРЕЙСЕРЛЕР
ашық дереккөзі
3107
Қабырғамен жоғары өрмелеп, ту биік­тен төмен құлдилайтын, болмаса әр түрлі тосқауылдардан тосылмай секіретін сері­лерді шетелдің киноларынан ғана емес, Алматының көшелерінен де жиі көзі­міз шалады. «Еріккеннің ермегі» деп қолы­мызды бір сілтеп өте шығатынымыз бар. Алайда, олар үшін бұл іс өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Өкінішке қарай, экстремалды спорттың жастар арасында кең таралған түрі – паркур жайлы және оның тіс қаққан мамандары – трей­серлер туралы жұртшылықтың білері мар­дымсыз.Паркур – тосқауылдарды бағындыру өнері. Ол өз бойына бірнеше спорттың элементтерін жинақтаған. Паркурдан акробатиканың, альпинизмнің, жеңіл атлетиканың, сондай-ақ соғыс өнерінің қимылдарын көруге болады. Спорттағы бұл бағыттың атауы француздың «parcour» сөзінен аударғанда арақашықтық, тосқауыл жолағы деген мағынаны білдіреді екен. Алғаш рет Францияда пайда болған осы өнердің негізін Давид Белль есімді француз жігіті қалаған. Паркурдың біздің елімізге келгеніне көп уақыт болған жоқ. Оның қазақ жеріндегі тарихын трейсерлер Алматы паркур мектебінің ашылған уақытынан бастағанды құп көреді, яғни 2006 жылдан. Істің тетігін маманнан артық кім білсін? Паркур жайлы кеңірек ақпарат алу үшін белгілі трейсер, Алматы паркур мектебінің инструкторы Жандос Жұмановпен әңгімелескен едік. Бұл кездесу экстремалды спорттың біз білмейтін жай-жапсарына қанықтырды. «Паркурды кейде көше мәдениеті деп атаса, кейде спорттың түріне жатқызады. Біреулер көңіл көтерудің тәсіліне балап жатады. Ал менің ойымша, паркур – болашағынан үлкен үміт күттіретін спорттағы тың бағыт», – дейді Жандос. Оның айтуынша, экстремалды спорттың бұл түрі адамдарға өз денесін билеуге, еркіндікті сезінуге мүмкіндік береді екен. Жандос та бұл өнерге ойда жоқта келген. Оның негізгі мамандығы паркурмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультетінің оқытушысы экстремалды спортпен айналысам деп бұрын-соңды ойламаған екен. Оның паркурға деген қызығушылығы «Он үшінші аудан» фильмінен кейін басталған. Спорт түрі туралы жан-жақты білу үшін Жандос parkour.kz сайтынан ақпарат алады. Сайт ұйымдастырушыларымен танысып, жөн біліскен Жандос Алматыда паркур мектебі бар екенін естиді. Сол күннен бастап экстремалды спорт оның өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналып кетіпті. «Паркурмен 23 жастан бастап айналыстым. Спорт үшін бұл тым кеш. Десе де, паркур мені жатырқаған жоқ, тынымсыз жаттығудың арқасында тіс қаққан трейсерлермен терезем теңесті», – деп Жандос Жұманов өз тәжірибесімен бөлісті.

Трейсер болам десеңіз…

Жандос «паркур – қауіпті іс» дегенді жоққа шығарып, болашақ трейсерлерге сабақ болар біраз жайлар жөнінде ой бөлісті: – Егер жаттығу жұмыстары сауатты ұйымдастырылса, әр адам өз ағзасының мүмкіндіктерімен санасса, паркурдан төнетін қауіп жоқ. Бұл спортпен айналысу үшін бірқатар талаптар орындалуы шарт. Ең бастысы – ниет, құлшыныс керек. Есіңізде болсын, бір-екі күн жаттығып, ешкім трейсер болып кетпейді. Паркурға бел шешініп кіріскен адам кем дегенде екі-үш ай тұрақты дайындықтан кейін ғана қиындықтарды жеңіп шығады. Нәтижеге жетудің ең басты кілті – толағай күш емес, жетістіктің қай түрі болмасын таудай талаптың, қажырлы еңбектің арқасында келеді. Паркурмен айналысқысы келетіндердің ең бірінші қателігі – өз мүмкіндіктерімен санаспайды. Бәріне бірден қол жеткізуге ұмтылады. Ағзаға қысым жасаған дұрыс емес. Жүктемені бірте-бірте арттырып, қарапайымнан күрделіге қарай жылжу керек. Паркурға алғаш келгендер өзге спорт түрлерінің қағидаларын ұстана бастайды. Диета сақтап, өзіне әр түрлі шектеу қояды. Егер бұл спортпен тұрақты айналыса бастасаңыз, тамаққа деген тәбетіңіз артады. Әсіресе, тәтті тағамдарға. Паркур энергияның мол қорын қажет етеді. Сондықтан, құнарлы тамақтан өзіңізді шектей көрмеңіз. Ет жеңіз, сүт өнімдерін, тәтті тағамдарды көбірек тұтыныңыз.

Бақытымызға орай…

Паркур мектебінде ер адамдармен иық тіресе жұмыс істеген арулар да болыпты. «Біздің топта екі қыз болды. Жаттығу кезінде олар соқталдай жігіттердің өзін шаң қаптырып кететін», – дейді Жандос. Алайда, жаттығу жұмыстары болашақ трейсерден көп уақытты талап ететіндіктен қыздар бұл спортпен уақытша ғана шұғылданған көрінеді. Қазіргі таңда трейсерлер ортасында арулардың жоқтығын тілге тиек етіп отырған Жандос сөз арасында «өкінішке қарай» деп қалды. Керісінше, бақытымызға орай дегеніміз жөн болар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін болашақ аналардың таудан тасқа секіріп жүргені көрер көзге әбес секілді. Шоу-бизнес һәм паркур Спорттағы тың бағыт ретінде мойындал­са да, паркурдан мемлекетаралық тұрмақ, рес­пуб­ликалық деңгейде де ресми сайыстар өткізіл­мейді екен. «Тек қалалық деңгейдегі жарыс қана ұйымдастырылып тұрады. Алайда, оның сипаты тартыстан гөрі біріккен жаттығу жұмыстарына, тәжірибе алмасуға жақынырақ», – деп Жандос Жұманов бұл өнерде бәсекенің бәсең екенін айтып қалды. Айтпақшы, елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «SNICKERS URBANиЯ» атты көше мәдениеті фестивалінің бағдарламасына үш жылдан бері паркур да енгізілген. Тіс қаққан трейсерлердің бақ сынасар алаңы, өз өнерлерімен таңдайларды қақтырар шағы да – сол фестиваль. Биіктік атаулыны бұйым көрмейтін трейсерлер ағаштардан, көп қабатты ғимараттардан, зәулім бағандар мен дуалдардан әр түрлі дене қимылын қолдана отырып секіреді. Епті жігіттердің бұл ісіне масс-медиа мен шоу-бизнес тарапынан сұраныс жоғары. Алматының трейсерлері бірнеше жобаның түсіріліміне қатысқан. Көрерменнің көзайымына айналған «Запрещенные танцы» мен «Обратная сторона – 2», «Олимпиада грабителей» секілді отандық фильмдерден, Ринго тобының «Let’s go» атты бейнебаянынан паркурдың көздің жауын алар қимыл-қозғалыстарын көруге болады. Бір қынжылтатыны, бейне өнім дайын болған соң, трейсерлердің есімі елеусіз қалып жатады.    

Анар ЛЕПЕСОВА

 

Серіктес жаңалықтары