МӘСКЕУДЕ – МӘҢГІЛІК ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ

МӘСКЕУДЕ – МӘҢГІЛІК ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ

МӘСКЕУДЕ – МӘҢГІЛІК ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ
ашық дереккөзі
302

 Мәскеу қашанғыдай ығы-жығы. Әуежайдан түскенде-ақ мұндағы жұрт – өздерін өркөкірек, ызбарлы, үнемі үстем ұстауға тырысатын жергілікті адамдардың жүзінен дегбірсіздік және ештеңеге де көңілі толмайтындықты ғана аңдауға болатынын аңғарғанбыз. Ғасырлар бойы көп мұнаралы Мәскеуді ғаламшардың кіндігі санап үйренген жұрттың санасы күрт өзгерген жаңа заманға ілесе алмай, шалдығып қалғанын байқау қиын емес. Мәскеуліктердің жүзіне қалаға жан-жақтан келген қонақтардан әбден жалыққаны өшпестей жазылып қалған.Біздің айтулы қалаға алғаш ке­луіміз емес. Біз дегенім – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы, «Айқын» га­зетінің бас редакторы, белгілі журналист, әңгіменің хас шебері Нұртөре Жүсіп және мен. Ол екі кісінің қасында мен әңгімеге шорқақтаумын, оған қоса көп көріп, көп тыңдағым келеді. 

Қала халқының бойындағы өз­ге­ріс бірден байқалады. Уақыттың әсері ғой дейтін емес, бүртүрлі тү­сініксіз өзгеріс. Еуропаның өзге қалаларындағы, батыс елдеріндегі адамға сыйластық, кішіпейілділік мұнда атымен жоқ. Адамдардың түстері суықтау, көңілдері пәс. Батыс елдерінің санкциялары қала өміріне қатты әсер еткені бірден білінеді.

Осындай жағдайда, орыстың қа­сиетті қаласында, біреулер мақ­тан тұтатын, біреулер ұнатпайтын Мәс­кеуде қазақ поэзиясының кешін өткізу кеспірі кеткен қаланы бір серпілтуге сеп болатын шығар. Қазақ өнері мен өлеңі, ең бастысы, осындағы қандастарымыздың рухын асқақтатуға сеп болса, оның өзі аз жетістік емес. Олар да алыстағы қазақ елін, өлең-жырын, ән-күйін сағынбайды деймісіз. Ал Мәскеу қаласындағы шығармашылық кешті өткізуге мұрындық болып жүрген Қазақстанның Ресейдегі елшілігі. Әсіресе, Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Марат Тәжин мырзаның еңбегі ерен. Орталық әдебиетшілер үйінде (ЦДЛ) өткен бұл кеш «ХХ-ХХІ ғасырлардағы қазақтың лирикалық поэзиясы» деп аталды. ЦДЛ бұрынғы Кеңестер Одағының барша ақын-жазушыларына әрі таныс, әрі арман болған ғимарат. Мұнда отыз жылдан астам уақыттан бері ешқандай қазақ ақынының үні естілген емес. Поэзия кешінде Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза-Әлі, Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Ұлықбек Есдәулет сынды көрнекті қазақ ақындарының өлеңдері оқылды. 

Қазақ поэзиясының кешіне Мәс­кеудегі қазақ диаспорасының «Мұрагер» және «Қазақ тілі» қоғам­дарының мүшелері, жоға­ры оқу орындарында білім алып жүрген қазақ студенттері, Қазақ­стан­ның ұлттық компаниялары филиалдарының өкілдері мен Мәскеуде тұратын жергілікті қазақтар қатысты. Әсіресе, қазақ жастарының қуанышында шек жоқ, жүздері балбұл жайнап, көздері оттай жарқырайды. 

Шығармашылық кешті белгілі актер Ерлан Біләл шеберлікпен жүр­гізіп, Нұрсұлтан Рейімхан, Әділет Рақымбаев, Нұрқанат Молдахан, Перизат Ярлықасынова және Бақытгүл Ахметқалиева секіл­ді жас актерлар қазақ ақын­да­рының өлмес туындыларын шын жүректен жеткізді. Белгілі өнер шебері, алашқа аты мәлім Бекболат Тілеухан Абай өлеңдерін жатқа оқыды, әрі қазақтың дәстүрлі әндерін өршіл дауыспен орындағанда жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. 

Осынау айтулы поэзия кешінің қойы­­лымдарын Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сахна тілі кафед­ра­сының меңгерушісі Дариға Тұранқұлова ханым әзірлепті. Кешке жиналған жұртшылық қазақ поэзиясының мөлдір бұлақ­та­рынан ғана емес, дәстүрлі қазақ әндерімен де сусындады. Қазір Мәскеу қаласында тұрып жатқан «үш Татьянаның» бірі Татьяна Полтавская Абайдың «Көзімнің қарасын» нақышына келтіре орындап, елге, қазақ халқына деген сағынышын өлмес әнмен жеткізді. Әсіресе, алыстағы ағайынды қазақтың дәстүрлі әні­мен серпілткен Бекболат Тілеуханның орындау шеберлігі орман­дай орыстың арасында жүрген қандастарымыздың қанын ойнатып, ұлттық рухын асқақ­татқан. Ол орындаған Елбасының сөзіне жазылған «Елім менің» әнін жинаған жұрт тік тұрып тыңдады. 

Осылайша ЦДЛ-дің шаңырағы үш сағатқа жуық уақыт бойы қазақ поэзиясы, қазақ әнімен тербеліп тұрды. Залдағы 600-ге жуық тыңдарман қауым, көптеген жастар осынау кештен алған әсерлерімен бөлісіп, ұзақ уақыт бойы тарқамай тұрып алды. 

Дүние аумалы-төкпелі кезең­де, өзгелер қолына қару алып, атысып жүргенде, бейбіт адамдар көз жұмып жатқанда Мәскеу шаһарында өнер тілін, өлең тілін сөйлеткен қазақтар бейбітшіліктің, татулықтың, тыныштықтың ең басты құндылық екенін әлемге кезекті рет танытты. Қазақ елінің беделі биіктей түскені де айдан анық.

Шәмшидин Паттеев

Серіктес жаңалықтары