ҚАЗАҚ ШАБАНДОЗДАРЫ ШОЛПАНАТАҒА НЕГЕ КЕЛМЕДІ?
ҚАЗАҚ ШАБАНДОЗДАРЫ ШОЛПАНАТАҒА НЕГЕ КЕЛМЕДІ?
9–14 қыркүйек күндері Қырғызстанда өткен I Бүкіләлемдік көшпенділер ойындары жөнінде баянымызды төтесінен бастауды жөн көрдік. Ойындар қалай өтті? Осындай әлемдік деңгейдегі іс-шараны Қазақстан неге бастап бере алмады? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кейбіреулер кейде «кедей» деп кекетіп жүрген қырғыз елінің ұлан-асыр той жасағанына жеті күн арасында жүргенде куә болдық. Бұл Шоқан Уәлиханов жазып алған Манас дәуіріндегі «Көкетайдың асының» қазіргі замандағы көрінісі болды. Төрт жағын тау қоршаған қырғыздың Қыршын жайлауында сол Манас дәуіріндегідей жүздеген киіз үйлер тігіліп, жан-жақтан жиналған дүйім елге, жиырмадан астам мемлекеттерден келген меймандарға және спортшыларға көшпенділердің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары әр қырынан табиғи түрде бейнеленіп көрсетіліп, оларға табақ-табақ ет, шара-шара қымыз тартылды, қырғыз меймандостығы дүниеге паш етілді.
Көшпенділер ойындары Ыстықкөл облысының Шолпаната қаласының Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух орда» мәдени орталығында, ат майданында және қаладан қырық шақырым жердегі Қыршын жайлауында өтті. Ел үшін Қыршын жайлауына барып келу үшін тегін көлік ұйымдастырылды. Бішкектен және республиканың түкпір-түкпірінен келгендерден тыс, шолпанаталықтар және оның маңындағы халық осы үш жерге тайлы-тұяғы қалмай, еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін барғандай. Бір қолына емізулі нәрестесін, екінші қолына тәй-тәй басқан баласын жетелеген келіншектерді көп ұшырастырдық. Әлбетте, сұрастыра келе мемлекеттік әкімшіліктер арқылы да өлкенің жеті облысының барлық аудандарынан және республикалық дәрежедегі екі қаладан арнайы делегаттардың келгенін білдік.
Көшпенділердің алғашқы ойындары әлемдік футбол чемпионатындай жоғары дәрежеде болмаса да, ел, өлкенің жетекшілігі күткен деңгейден асып түсті. Мәселе жеңімпаздарға ұйғарылған жүлделерде емес, ұлттық ойындардың шынайы халықтық екендігі дәлелденді.
Әрине, I Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарының Қырғызстанда өтуі түркі тілді мемлекеттер басшыларының бұдан екі жыл бұрын Бішкектегі кезекті бас қосуында шешілгені мәлім. Түркия осыдан он бес жылдай ілгеріде Көшпенділер ойындарын өткерсек пе деген бастама көтеріпті, іске аспай қалған сол жоралғыны қырғыздың отансүйгіш шенеунік азаматтары іліп алып кеткен. Сондай шенеуніктің бірі, Түркі тілді мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысының орынбасары Адахан Мадумаровты президент Алмазбек Атамбаев ойындар аяқталған күннің ертеңіне қабылдап, ризашылығын білдірді. Жабық есік жағдайында өткен бұл қабыл алуда түркі елдердің өзара ықпалдастығынан басқа не айтылғанын тап басып айта алмаймыз, бірақ қабыл алудың Көшпенділер ойынына байланысты болғандығына қарап, келесі екінші ойынды қашан және қай жерде өткізу мәселесі де көтерілсе керек деп болжалдадық.
9 қыркүйекте ойындардың ресми ашылуында қырғыз және орыс тілдерінде алма-кезек сөйлеген сөзінде Алмазбек Атамбаев орысшалап: «Көшпенділер ойындарының барлықтарыңызға ұнайтынына мен сенемін. Біз бұл ойындарды жыл сайын өткізуді жоспарлаудамыз, мен сіздерді келесі Көшпенділер ойындарын келіп көруге шақырамын», – деп айтты. Президенттің бұл сөзіне қарағанда, басқа мемлекеттерден «енді ойындарды біз өткізейік» деген ұсыныс түспеген сияқты. Өйткені әу баста Көшпенділердің ойындарын түркі елдері кезектесіп өткізуді мақұлдасқан еді. Бұл орайда, Көшпенділер ойындарының бірін Қазақстан өткізуге әрекет жасалса, бір керемет, ғажап болар еді дейміз. Осындай пікірді Қазақстаннан Ыстықкөлдегі жарыстарға қатысушылар да, көл жағалауында жаттығып жүрген қазақстандық спортшылар да, осында дем алып жатқан жерлестеріміз де білдірісті. Мысалы, осында тілегін өзінің қолөнершілік істеріне байланысты Қырғызстанға келген белгілі әнші, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бурмистрова да айтты.
Газетіміздің өткен санында ат майданы даяр болмағандықтан, ойындардың ашылу рәсімі кешқұрым өткенін хабарлаған едік. Солайы солай. Құрылыс жұмыстары және әзірліктер кешке дейін жүріп жатты, бірақ салтанаттың қараңғы уақытқа белгіленуі әдейі жасалыпты. Ат майданына баннерлік матамен қапталған бес зәулім пирамида тұрғызылған. Ебедейсіз үлкен пирамидалар қараңғыда экранның рөлін атқарып, телеслайдқа түсірілген көшпенділердің ғасырлар бойы жүріп өткен жолы фольклорлық концертпен қабаттастырылып көрсетіліп тұрды.
Енді, көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына келсек, Қырғызстан 16 алтын, 20 күміс және 19 қола медаль алып, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға қонжиған Қазақстан командасының қоржынында 10 алтын, 9 күміс, 9 қола медаль бар. 3 алтын, 3 қола медаль алған Түркіменстан үшінші, 1 алтын, 3 қола медальмен Тәжікстан төртінші, 1 күміс 6 қола медальды мойындарына таққан моңғолдар бесінші орынға жайғасты.
Жарыстар көшпенділердің ұлттық ойындарының 10 түрі бойынша өтті.
Ең қызықты көкпар ойынының финалы Қазақстан мен Қырғызстанның ортасында болады деп болжанған, бірақ еліміздің көкпаршылары Ыстықкөлге келген жоқ. Бұл жайында әркім әртүрлі айтып жүр. Тіпті, 16 қыркүйекте Қырғызстанның басты мемлекеттік телеарнасының Көшпенділер ойындарының қорытындысына арналған бағдарламасында Қырғызстанның ұлттық спорт саласының бірін басқарған жетекшісі «қазақ көкпаршылары жеңілуден қорқып, келмей қойды» дегенді айтып қалды.
Сондай-ақ, көшпенділер ойындарының аясында бұл жолғы тізімге кірмеген салбурын және басқа да ұлттық ойындардың түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылды.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі