ТҰЛПАРЛАР ТҰЯҒЫМЕН ЖЕР ТАРПЫҒАН...

ТҰЛПАРЛАР ТҰЯҒЫМЕН ЖЕР ТАРПЫҒАН...

ТҰЛПАРЛАР ТҰЯҒЫМЕН   ЖЕР ТАРПЫҒАН...
ашық дереккөзі
256

   Қазмойынды қазақы аттардың қарасын көбейту мақсатында, қыркүйек айының 14 күні Астана қаласы маңындағы Қабанбай батыр ауылы аумағында 43 шақырымдық аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» республикалық турнирі ұйымдастырылды.Айтулы шара «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен өтті. Көшпелілер мәдениетінің көркем үлгісі, ұлтымыздың ұлағатты дәстүрі, өшпес салты саналған аламан бәйге ежелден қазақ халқының ерекше ықыласына бөленген. Бура сан, бота тірсек сәйгүліктерді сайлап мініп, тақымға толар тарланын таңдап додаға түскендердің қатары елімізде жыл өткен сайын көбейе түсуде. Бабы келген кіл жүйрікті бәйгеге қосқандар бұл бәйгеде де жүлдесіз қалған жоқ. «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің жүлде қоры да қомақты еді. Мәреге алғашқы жеткен 9 тұлпарға қаржылай жүлде бе­рілді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығы атынан аты аңызға айналған Құлагер, Байшұбар, Қубас, Қарақасқа, Ақтабан, Боз ауыз, Тайбурыл, Көкбурыл, Шалқасқа, Тарлан атты номинациялары бойын­ша диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Осы шара аясында «ат сыншысы» бай­қауы да ұйымдастырылды. Ата дәстүрін жалғап, шын жүйрікті жазбай таныған сын­шы­ға «Толыбай сыншы», «Күреңбай сын­шы», «Кейхауыс сыншы» атын­дағы арнайы жүлделер тағайын­далды. Сондай-ақ, ұлттық жәді­герлер көр­месі мен ұлттық қол­­өнер шеберлерінің көр­месі ұйымдастырылып, ат та­ғалау­шы шеберлердің жарысы өтті. «Алтын тұлпар» республикалық турниріне қатысқан аттардың 10 пайызы таза қанды ағылшын және араб тұқымды жылқылар болса, 40 пайызы жергілікті қазақы аттар. Осы қазақы аттарды қостанай тұ­қымды, жабы тұқымды және қарабайыр қазақы аттар толық­тыр­ған. Ал қалған 50 пайызы асыл тұқымды жылқылармен будандастырылған жергілікті жүйріктер екені белгілі болып отыр. Соңғы жылдары жергілікті жылқылармен будандастырылып шығарылған аттарды өсіруге баса назар аударылып келеді. Өйткені олар таза қанды аттардың ұшқырлығын, жергілікті аттардың климатымызға бейімділігі мен төзімділігін алуда. Сонымен бірге, олар ұлттық спортта жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Аламан бәйгенің қорытындысы бойынша 43 шақырымдық бас бәйгені – 10 млн. теңгені Бақторы атты тұлпар мен оның шабандозы қарағандылық Амангелді Думан қанжығасына байлады. Екінші орынды Оңтүстік Қазақстанның Рабат атты сәйгүлігі, иеленсе, алғашқы үштікке Қарағанды облысынан Бекторы атты тұлпар ілінді. Көненің көзіне айналған дүбірлі дода жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді деп болжануда. 

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары