ТАШКЕНТТЕГІ ТҰСАУКЕСЕР
ТАШКЕНТТЕГІ ТҰСАУКЕСЕР
Төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас ел Өзбекстанда бір жарым миллионнан аса қандасымыз өмір сүріп жатыр. Олар қоғамның түрлі салаларында еңбек етуде. Олар негізінен Ташкент, Науаи, Сырдария, Бұхара және Жызақ облыстарында және Қарақалпақстанда қоныстанған. 500-ге жуық қазақ мектептері, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтында, Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты мен Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінде қазақ тілі және әдебиет факультеттері бар. Өзбекстан Олий мажлисі мен министрлер кабинетінің қазақ тіліндегі басылымы – республикалық «Нұрлы жол» атты апталық газет шығып тұр. Сондай-ақ, қазақ мектептері мен жоғары оқу орнының студенттері үшін оқулық шығаратын «Асыл мұра» баспасының жемісті жұмыс жасап жатқанына да жиырма жылға жуықтады. Өзбекстан Жазушылар одағы жанында қазақ әдебиеті секциясы жұмыс істеп тұр. Онда сол елдегі қазақ қаламгерлерінің әртүрлі жанрдағы жаңа шығармалары талқыланады. Алайда, шешімін күтіп жатқан мәселелердің барлығы да жасырын емес. Сондай мәселелердің бірі қазақ тілінде әдеби-көркем кітаптарды басып шығару мәселесі. Мұндағы ел үшін Өзбекстанда да, іргелес жатқан бабажұрт Қазақстанда да осы мәселенің оңтайлы шешімін табуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жоқ. Өзбекстан қазақтары тек қана демеушілер көмегіне жүгінуге мәжбүр. Мына алмағайып заманда демеушінің де күнде табыла бермесі айдан анық. Сондықтан да, ілуде бір жарық көретін кітаптар елдің мәдени өмірінде жаңалыққа айналады.
Жуырда Өзбекстан Жазушылар одағының қазақ секциясында осы секцияның жетекшісі, Мекембай Омаровтың құрастыруымен жарыққа шыққан «Шұғылалы елдің шабыты» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта Рахмет Аяпбергенұлы, Мұрат Бекей, Айтуар Сабыров, Ахмет Өмірзақ, Наурызбай Жарбосынұлы, Руза Алдашева, Мекембай Омаров сынды белгілі ақындардың және жас қаламгерлердің соңғы жиырма жылға жуық уақытта «Нұрлы жолда» шыққан үздік өлеңдері топтастырылған. Бұл Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің дамып, жетілу үстінде екенін көрсетсе керек. Кезінде осы елден шыққан Төлеген Айбергенов, Өмірзақ Қожамұратов секілді ақындардың, Жұмабай Тәшенов, Рахметолла Райымқұлов, Балтабай Әділов сияқты жазушылардың қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерге айналғаны жалпы жұртқа мәлім. Ал, мына жыр жинағы солардың сара жолын жалғастырушы жастардың қалам қарымын байқатады.
Тұсаукесерде Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Рустам Мұсырман, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы көмекшісі, әдебиетші, публицист Бақтияр Хайдаров, Қазақстаннан арнайы барған жазушы Бегабат Ұзақов, жергілікті ақын Анар Нәлібаева, кітаптың демеушісі Тұрсымат Қалбаевтар т.б. сөз сөйледі.
Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің жай-күйі сөз болып, Өзбекстан жазушылар одағының өкілдері қазақ әдебиеті секциясына «осындағы қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан жылына бір кітап дайындап тапсыруын, оны жарыққа шығаруға жәрдем беретінін және болашақта қандастарымызды толғандырған өзге де мәселелер шешімін табатынын» айтты.
Салтанатты рәсімге қатысқан Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың ақын студенттері өз жырларын оқыды.