ЖУРНАЛИСТ БОЛЫП ТУҒАН ОЛ
ЖУРНАЛИСТ БОЛЫП ТУҒАН ОЛ
Барлық шығармаларының кейіпкері – өзі. Өнегелі өмірін кітаптарына арқау еткен. Жүрегінен жарып шыққан ұтымды пікірлері өмірлік көрген-түйген мол тәжірибесінен бастау алып жатса, тың идеялары, жаңашыл бастамалары қазақ журналистикасына деген қамқор көңілінен туындап жатады. Сүбелі еңбектер… Тартымды тақырыптар…Қырық жыл бойы табан аудармастан журналистика факультетінде еңбек етіп, кәсіби журналистер дайындауға, қазақ журналистикасын дамытуға үлкен үлес қосқан ұстаз, ғалым, қайраткер Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев туралы айтылар естеліктер аз емес. Өмірлік ұстанымын «Адамгершілік» деген ұғыммен тығыз байланыстырған ғалым қашан болмасын тек адалдық пен әділдікті жақтайды. Шәкірттерінің университет қабырғасынан кейінгі кәсіби қызметін бағалап, жеңістері мен жемістеріне жүрегі жарыла қуанып, сәтсіздіктері болса, қосыла ренжіп, қуаныш пен қайғысын қатар бөліседі.
Қазақстан журналистерінің барлық буынын тәрбиелеуге үлес қосқан ұстаз шәкірттерін қабілетіне қарай бағалайды. Ақпараттық ғасырдағы журналистиканың мақсат-мұратын жүзеге асыратын «ойлы журналистердің» қатары сиреп қалмаса деген пікірін бүркемей ашық айтады. Расында қазіргі ақпараттық технологияны терең меңгергенімен, тек жалаң ақпаратты жеткізуші рөлін орындау бұл кәсіптің жүгін жеңілдетіп жібермей ме? Жетінші кітабында «Журналист болып туа ма, әлде қалыптаса ма?» – деп сауал тастаған ғалым-ұстаз бұл сауалына тоғызыншы кітабында: «Нағыз журналист барлық желдің өтінде, өзінің ұстанымы қалыптасқан, пікірі мен бағалауында принципшіл, тақырыптың тұздықты тұсын табуда нағыз мерген»,– деп толымды жауап береді.
Ғалым-ұстаздың бай шығармашылық әлеміне сүңгіп шыққан кімде-кім Қазақстан журналистикасының даму кезеңдеріне куә болады. «Отандық журналистика» сериясынан туындап жатқан ізгілікті ойлар, жаңа деректер, журналистиканың қыр-сырына бойлатып, мамандықты жаңа қырынан танытады.
Ғалым қаламынан туған еңбектердің бір бөлігі өңірлік журналистиканың өзекті мәселелерін қозғайды. «Конечно, сейчас региональная пресса иногда просто выживает. Она дотационная, и вот здесь есть повод для размышлений – как помочь этой прессе? Здесь много серьезных проблем», – деуі оның аймақтық журналистика тағдырына бей-жай қарамайтындығын көрсетеді. Отандық журналистиканың дамуына үлес қосқан өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын «Алтын жұлдыз» сыйлығымен марапаттауы қоғам қайраткерінің шыншылдық қағидасын бетке ұстап, әділдікке жүгінгендігінің айғағы. Журналистика Академиясының марапаты арқылы өңір журналистерін ынталандырып, кәсібіне деген қызығушылығын арттыру, журналистердің еңбегіне құрметпен қарауды қалыптастыру сынды ізгілікті мақсатын орындап келеді.
Ғалым қаламынан туған журналистиканың тарихына қатысты құнды дүниелер шежірелі кезеңдердің куәсі іспетті. С. Қозыбаевтың редакциялығымен жарық көрген «Журналистика Казахстана» энциклопедиясы журналистика факультетінің студенттеріне аса пайдалы еңбек. Өңірлік газеттердің тарихын түгендеп, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары болып саналатын газеттердің тұңғыш нөмірін мұрағаттардан іздеп табу, сарғайған беттерін сараптау оңай емес. Осы орайда зерттеуші облыстық «Рудный Алтай» газетінің тұңғыш нөмірін тауып, 1918 жылы 10 сәуірде шыққандығын анықтады.
Өңірлік жастарға арналған БАҚ нарығын, ақпараттық саясатын зерделеп, жастарды тәрбиелеу функциясына жете мән берген зерттеулері өз алдына бір төбе. Ғалым еңбектерінен жаңсақ, жалаң пікірді кездестірмейсіз. Қандай дерек келтірсе де, дәйектеп, дәлелдеп отыруы зерттеулерінің сапалы, толыққанды екендігін көрсетеді.
Көркем әдеби тілі мен мол тәжірибесі арқылы өмірдің мәнді, мағыналы кезеңдері мен әдеби көркем тілді қабыстырған эссе жанрына қалам тербей отырып, С. Қозыбаев тағылымға толы өткен шақтың құндылықтарын асқан шеберлікпен баяндайды. Еркін, ешкімге тәуелсіз пікірі, жан-жақты ой-толғауы, түпнұсқалығы, белгілі бір кезеңге, оқиғаға, тұлғаға баға беріп, қорытынды жасауы, деректің мәнді, мағыналы тұстарына оқырманның назарын баса аудару автордың тағы бір шеберлік қырын танытады. Автордың 600-ге жуық ғылыми және публицистикалық мақалалары, эсселері бар.
С. Қозыбаев Қазақстан журналистикасы туралы жазылған ғылыми еңбектерді қалт жібермей, ойынан шыққан зерттеулерге пікір қосып, ғалымдардың жаңа буынына ағалық ізгі ниетін білдіріп отырады. «Егемендіктің елең-алаңын көрген, өтпелі кезеңдердің қиындықтарына куә болған, ғылымға да тәуелсіздіктің таңымен бірге қосылған ғалымдардың жаңа буыны бар екенін естен шығармаған жөн. Отандық ғылымның жаңа парақтарын жасайтын да, ұлттық ізденістердің шежіресін түгелдейтін де осылар», – деп қазақ журналистикасына қосылған іргелі зерттеулердің теориялық және практикалық құндылықтарын қуана қолдауы ұстаздық етуден жалықпаған тұлғаның адамгершілік биік парасатынан хабар береді.
«Гордое имя – журналист», «Когда болит душа…», «Времен и судеб властитель…», «Свет Звезды. Элита отечественной журналистики» т.б. авторлық сериялары мен қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының шежіресі іспетті сүбелі, қызықты еңбектері құнды, маңызды мәселелерді жан-жақты және ауқымды қозғайды: БАҚ-тың қоғамдағы орны, саяси үдерістерге ықпалы, ұстанымы, менеджменті т.б. Журналистік шеберлік мектептерін жастарға үлгі етіп ұсынады. Дәстүр сабақтастығын жоғары бағалайды.
Өмірлік тәжірибе араға жылдар салып қалыптасады. С.Қозыбаевтың ғылыми мектебі жас ғалымдар мен журналистерге жол сілтейтін бағдаршам бола беретіні анық.
Назгүл Шыңғысова,
филология ғылымдарының
докторы