Қазасы қабырғамызды қақыратып кетті

Қазасы қабырғамызды қақыратып кетті

Қазасы қабырғамызды қақыратып кетті
ашық дереккөзі
209


Қазақтың рухани ортасы ойсырап, айтулы
тұлғасынан айырылды. 26 қыркүйек  күні дәстүрлі күйлерді насихаттаушы, күйші,
кинодраматург, жазушы Таласбек Әсемқұлов дүние салды. 

Жазушы 1955 жылы 1
тамызда Семей облысы Аягөз ауданы Ақтоғай теміржол стансасында дүниеге келген. 1976-1980
жылдары Алматы қаласы Абай атындағы педагогика институты филология
факультетінде білім алған. 1980-1983 жылдары Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлт аспаптар
музейінің ғылыми қызметкері болады. 1984-1987 жылдары республикалық «Жазушы»
баспасында әдеби редактор болып қызмет атқарады. 1987-1998 жылдары Құрманғазы
атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы фольклор кабинетінің меңгерушісі,
1998-2006 жылдары республикалық «Жұлдыз» әдеби журналының сын бөлімінің
меңгерушісі болған Таласбек Әсемқұлов проза, сценарий жазумен институтта оқып
жүрген кезінен-ақ айналысқан.  Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат»,
«Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған
«Талтүс» романы жарық көрген. «Көкбалақтың өлімі», «Біржан сал», «Жезтырнақ»,
«Алматы-Астана», «Тұмар падиша» сынды киносценарийлердің авторы. Сондай-ақ
республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілінде әдебиет, мәдениеттану
тақырыптарына арналған бірқатар мақаласы жарық көрген. 1973 жылы «Байжігіт
күйлері» атты жеке гранд-дискі бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты.
«Мәңгілік сарын» антологиясына 20-дан астам, «Қазақтың мың күйі» (2009)
антологиясына 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Тәттімбеттің мұрасы»
атты СD-дискі шыққан. Отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Менің
өмірімде болған және болмақ жайттардың барлығы да менің жазушы ретінде
қалыптасуыма әсер етті және бұдан былай да әсер ете бермек. Өйткені, адам,
мейлі, ол жазушы я басқа болсын, ғұмыры таусылғанша болмысты тани бермек.
Біздің жазушы ағайындардың, естелік жазғанда оқырманды адастырып, өнер адамының
несібесі, мұраты жайында жалған ой, жасанды идеяға жетелейтін жаман әдеті бар.
Оларды тыңдай қалсаң, қайсыбірі мектепте оқып жүргенде немесе есі кіре
бастағанда-ақ өзінің жазушы болатынына нық сенген екен, ал енді біреулері
«қолымызға қалам ұстап туып едік» деген ертегіні айтқысы келеді. Оқып отырып,
күлкің келеді. Аяйсың. Әрине, бұл айтылғандардың барлығы нашар жазушылардың өз
шығармашылығын бүркемек үшін ойлап шығарған мұнары, корпоративтік мифтер. Бары
осы-ақ. Жазушылық тағдырдың табалдырығы – барлық сұраққа табан астында жауап
беріп, жазушыға айнала салатын емтихан емес» деген екен. Көркем сөздің хас
шебері, зерттеуші Таласбек Әсемқұлов  көненің көзіндей мұраға айналуы
тиіс ұлы дүниелер жазып қалдырған еді.

 Қазақ өнерінің біршама бағыты бойынша айтулы
еңбектер жазып, насихаттап келген  Таласбек
Әсемқұловтың қазасы қаймана қазақ жұртшылығының ғана емес қазақ төл өнерінің
қайғысына, қазақ әдебиетінің қайғысына айналды. Еліне еңбегі сіңген ердің есімі
ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары