ОҚЫРМАНМЕН ТІЛДЕСКЕН «ТАҢ-ШОЛПАН»
ОҚЫРМАНМЕН ТІЛДЕСКЕН «ТАҢ-ШОЛПАН»
«Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналы 2000 жылдан бері жарыққа шығып жүр. Журналдың кезекті санында Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Мырзан Кенжебай, Жаңабек Шағатай, Бейбіт Қойшыбаев, Шериаздан Елеукенов сынды әдебиет майталмандарының шығармалары оқырманға жол тартты. Журналдың қазақ поэзиясының серке қызы Фариза Оңғарсынованың туындыларынан басталуының да өзіндік себебі бар. Ақын биыл көзі тірі болғанда 75 жасқа келер еді. Қазақ поэзиясының көз қуанышы болған Фариза ақынның «Дауа» атты шығармалар жинағына енген бір топ өлеңдері жинақталып жарияланғаны өте орынды дер едік.
Фариза Оңғарсынованың поэзиясы Әбіш Кекілбаевтың повесімен сәтті үндестік тауыпты. Абыл күйшінің әруағына ескерткіш ретінде жазылған «Күй» повесі «Таң-Шолпан» журналы арқылы оқырманмен тағы бір мәрте қауышты. Журналист, ақын Мырзан Кенжебайдың да бірнеше өлеңдері топтастырылып беріліп отыр. Әдеби журналдың проза бөлімінде жазушы, журналист Жаңабек Шағатайдың «Сағындық сені, көке!» деп аталатын мини-романы жарияланыпты. «Тұлғалар» айдарының бұл жолғы кейіпкері – қазақ балуаны Балуан Шолақ. Балуан Шолақтың 150 жыл толуына орай әзірленген жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Аңыз ғұмыр» атты материалынан оқырмандар біршама тың деректер біле алады. «Өлең өлкесі» бөлімінде ақын Ұлықбек Есдәулеттің шығармалары талданған. Ақынның шығармашылығын сарапқа салушы – филология ғылымдарының докторы, профессор Шериаздан Елеукенов. Журналдың жаңа саны Элеонора Хуммельдің шығармаларымен қорытындыланған.
Әсел ӘНУАРБЕК