БИЫЛ 5 МЫҢ АДАМ ҚАЖЫЛЫҒЫН ӨТЕЙДІ

БИЫЛ 5 МЫҢ АДАМ ҚАЖЫЛЫҒЫН ӨТЕЙДІ

БИЫЛ 5 МЫҢ АДАМ  ҚАЖЫЛЫҒЫН ӨТЕЙДІ
ашық дереккөзі
200

Таяуда Алматыдағы Орталық мешітте қажыларды қасиетті қала – Меккеге шығарып салу рәсімі өтті. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қажылық миссиясының төрағасы, Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, қажылық сапарында уағызшылар тобына жетекшілік ететін Шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкері Сансызбай Шоқанов, Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағамбетов отандастарымызға сәт-сапар тілеп, кеңестерімен бөлісті. 

«Қажылық – адам өмірін ізгі бағытқа өзгертетін, рухани кемелденетін, имандылықты арттыратын құлшылық. Биыл Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен Қажылық миссиясына 30 адам бөлінді. Дәрігерлеріміз бен имамдарымыз, қажылық компания өкілдері баршаңызға 24 сағат бойы қызмет етеді. Ең бастысы, тәртіпке бағынып, ауызбіршілік танытсақ, сапарымыз сәтті болатынына сенемін», – деді Ғылымбек Жәдігерұлы.

Қажылыққа ниет еткен отандастар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2009 жылы елімізден 2800 адам қажылыққа аттанса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 3300-ге жеткен. Өткен жылы 4000-нан астам адам қажылығын өтесе, биыл, яғни 2014 жылы 5000 жерлесіміз ұлы сапарға дайындалуда. 

«Кейбір елдерде мұсылмандар қажылыққа бару үшін кезекке тұрады. Өйткені бөлінген квота саны шектеулі. Тіпті, кезегі келмей, дүние салатын адамдар да бар. Аллаға шүкір, біздің елде бауырларымыз емін-еркін кезексіз барып келуде. Алла Тағала баршамыздың қажылығымызды қабыл етіп, аман-есен елге оралуы­мызды нәсіп еткей», – деді Ғ.Мәжиев. 

Қажылық миссиясы құрамында 2 білікті уағыз айтатын имам, 4 дәрігер, журналистер тобы бар. Ал 20 қажылық компаниясына 25 имам бөлінді. Дін қызметкерлері қажылардың сұрақтарына жауап береді және құлшылықты дұрыс орындау шарттарын жіті түсіндіреді. 

Алқалы басқосуда уағызшылар тобының жетекшісі Сансызбай Шоқанов қажылықтың қасиеті мен артықшылықтары туралы уағыз айтып, дұға жасады.

Индира Байсалбекова

Серіктес жаңалықтары