ҮШ РЕСПУБЛИКАНЫҢ КОМИФФССАРЫ

ҮШ РЕСПУБЛИКАНЫҢ КОМИФФССАРЫ

ҮШ  РЕСПУБЛИКАНЫҢ КОМИФФССАРЫ
ашық дереккөзі
276

Белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновті еске алуға, оның мұрасын жинақтап, жарыққа шығаруға, халыққа насихаттауға, өмір жолын кейінгілерге өнеге етуге арналған шаралар жетерлік. Әйтсе де, кеңестік жүйенің тепкісінен жүз жылда бір туар талай арысынан айрылған қазақтың тарихи жадын жаңғырту үшін жеткілікті дей алмаймыз. Кешегі қыспақты заманда өмір сүріп, сол кезеңнің идеологиясын қазақ рухын асқақтатуға жұмсаған, ақыры құрсаулы дәуірдің құрбаны болған азаматтарымыздың бірі Темірбек Жүргенов өнегесін еске алудың артықтығы жоқ. Өткен аптада ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қызылорда облысының әкімдігі бірлесіп, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновке арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. «Орта Азия мен Қазақстанның білімі мен мәдениетін дамытудағы Т.Жүргеновтің рөлі және рухани мұрасы» деп аталған конференцияда баяндама жасауға еліміздің белгілі ғалымдары мен зерттеушілері, жүргеновтанушылар және Ресейден, Тәжікстаннан тарихшы мамандар шақырылған екен.

Қырыққа толмай жатып үш бірдей республиканың (Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан) халық комиссары болған, халыққа білім беру мен ұлт мәдениетін дамытуда, тума таланттарды жарыққа шығарып, шын өнерді насихаттауға сүбелі үлес қосқан Темірбек Жүргеновтің қажыр-қайратына таң қалмау мүмкін емес. Шындығында, жазушы Әбділдә Тәжібаев айтпақшы, «Нағыз темір наркомның» өзі еді.

ЖҮРГЕНОВТАНУДЫҢ БҮГІНГІ ЖАЙЫ


Конференцияда жалпы саны 90-ға жуық баяндама тыңдалды. Конференция қарсаңында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен конференцияның ғылыми еңбектер жинағы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының құрастыруымен «Темірбек Жүргенов – мұрағат құжаттарында» атты құжаттар жинағы жарық көрді.

Жиынға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысып, пленарлық мәжілісті университет ректоры Ерлан Сыдықов өзі жүргізіп отырды.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі келе алмаса да, Сыр өңірінен бір топ делегация келіпті. Қызылорда облысы мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов жиналған қауымға әкімнің баяндамасын таныстырды. «Халқымыздың бақытты өмірі үшін аянбай еңбек еткен қайраткердің тағдыры мен тағылымынан сабақ ала білу – өркениеттілік белгісі, кемел келешек кепілі. Ендеше жүргеновтану үдерісі «Мәңгілік Ел» іргетасын қалауға кіріскен Қазақстанда іргелі нәтижелермен көмкерілетіні сөзсіз. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында дәйектелгендей: «Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – «Мәңгілік Ел» болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек» делінген баяндамада.

ТҰЛҒА – ЗАМАНА ЖЕМІСІ


Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Ғылым акакдемиясы Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Тамара Красовицкая біраз жылдардан бері түркі элитасының қалыптасуы мен оның көрнекті өкілдерінің тағдырын зерттеп, монография жазып жүргенін айтып қалды. Ол ХІХ ғасырдың соңынан бастап 1930-жылдарға дейін түркі элитасының Ресей жаңғыруына қосқан үлесін салмақтап жүрген көрінеді. «Әлбетте, Темірбек Жүргеновті мен сіздерден жақсы білемін» дей алмаймын» деген тарихшы ғалым Жүргенов өмір сүрген кезеңнің әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктеріне көпшілік назарын аударды. 

Шындығында, әр тұлға – өзі тудырған заманның ұлы, бейнелей айтқанда, сол замана жемісі. Осы орайда, премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова: «Темірбек Жүргенов өз дәуірінде Шығыс пен Батыстың білімін тең игерген, қазақтың ғылымы мен білімін, мәдениетін дамытуда бар күш-жігерін жұмсаған жаңа толқын өкілдерінің бірі еді»,– деп атап көрсетті.

Дегенмен, ұлты үшін құрбан болған есіл ерлердің еңбегін келер ұрпақ есте ұстау үшін оларды елеп-ескерер әлі талай шаруа жасау керек-ақ. Г.Әбдіқалықова айтпақшы, оның өмір жолына арналған деректі фильм түсіру, мұражайлар ашу, зерттеу­лер жүргізу, ғы­лы­ми-тә­жірибелік конференция ұйым­дастыру, Қызылорда қала­сында құрылысы бітуге таяу шы­ғар­машылық үйіне Жүргенов есімін беру, сол үйдің алдына арнайы ескерт­кіш орнату.


ТЕГІНЕ ТАРТЫП ТУҒАН ҰЛ


Т.Жүргенов 1929 жылы Тәжікстанның қаржы комиссары, 1931-33 жылдары Өзбекстан үкіметінің, 1933-37 жылдар аралығында Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары болған. 1934 жылы қазақтың өнер тарихындағы тұңғыш слет ұйымдастырып, 1936 жылы Мәскеу қаласында әдебиет пен өнер онкүндігін өткізуі – Жүргенов тындырған істердің бірсыпырасы ғана. 

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев өз сөзін «Осыдан 35 жыл бұрын Ақтөбеге барған сапарым еске түсіп тұр» деп бас­тап, Қара Жүргенұлының зиратының басына барғанын әсерлі әңгімелеп берді. Темірбек Жүргеновтің тегін жерден шықпағанын меңзеген жазушы: «Біз қазақ мәдениетінің шырқау шыңдары үшін Темірбек рухының алдында қарыздармыз. Үкіметімізден қомақты шаралар күтеміз. Жыл өткен сайын көркейіп келе жатқан Астанадан оның атындағы сәулетті көше мен сәнді ғимаратты сағынып жүрміз»,– деп атап көрсетті.

Жүргеновтануға сүбелі үлес қосқан зерттеушілердің бірі Тынышбек Дайрабай да «темір-наркомның» шыққан тегіне назар аударады. Ол «Жүргенов әулетінің ақиқаты» атты баяндамасында Қара мен Тұрғаннан тараған ұрпақтың советтік жүйеден көрген зорлық-зомбылығы жайлы сыр шертті. 47 жылдан бері осы әулеттің өмір тарихын зерттеген ғалым мұрағат деректерінің кейбірі бір-біріне қарама-қайшы келетінін айтады. Темірбек Жүргеновтің өзі 1937 жылы жаламен ұсталып, көп ұзамай атылып кеткені, арада жиырма жылдан соң ғана ақталғаны мәлім. Бірақ тарихи ақтаңдақ ашылып, ақиқат салтанат құрғанға дейін оның жақындары көрген зәбір-жапа, қуғын-сүргіннің зардабын жою мүмкін бе?

Конференцияға қатысушылар Т.Жүргеновтің тұлғасына және оның тарихи маңызды қызметіне қатысты мәселелерді талқылап, конференция қарарын қабылдады. 

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары