РУМЕН ЕМЕС, ТУМЕН МАҚТАНУҒА ТИІСПІЗ

РУМЕН ЕМЕС, ТУМЕН МАҚТАНУҒА ТИІСПІЗ

РУМЕН ЕМЕС, ТУМЕН МАҚТАНУҒА ТИІСПІЗ
ашық дереккөзі
218

Қазақтың біріккенін емес, бөлінгенін қалайтын, тасада жатып тас ататындардың астыртын әрекеті жалғасып отыр ма? Олай дейтініміз, қыркүйек айында қазақтың рушылдық бет-бейнесін дәлелдеуге тырысқан екі акция болып өтті.


ТРАЙБАЛИСТЕР ТЫНЫМ ТАППАЙДЫ


Таяуда әлеуметтік желілердің кейбірі қазақ руларының санын санамалап, ең көп рудың қай ру екендігін айтып, «сүйінші» сұрап, қоғамда наразылық тудырса, екіншісі, былтыр (биыл емес) Қазақстан премьер-лигасының кезекті туры аясында өткен «Қайрат» пен «Ақтөбе» футбол командаларының кездесуін қолдауға шыққан батыс қазақстандық жанкүйерлердің «Кіші жүз» деген плакатты алып, қала көшелерімен жүріп өткендігі жайында видеоның әлеуметтік желілерде пайда болуы. Оны ақпарат құралдарының қыркүйектің 30-ында өтті деп насихаттауы. Дәл осы плакатты алып көшеге шығушылар жайындағы сюжетті республикалық телеарналардың біразы жарыса көрсетіп жатты. 

Байқағанымыз, бұл тақырып әлеуметтік желіні пайдаланушы қазақ жастары арасында ерекше талқыланды. Және өзін зиялымын дейтін кейбір жастардың өзі ұрандатып, руларының ұранын шақырып, шулап қоя берді.Әлеуметтік желіде бұндай қитұрқылықпен кімнің айналысып отырғаны белгісіз. Өйткені сарапшылар мұның арандатушылық екендігін айтып бағуда. Бұндағы қауіпті жағдай – ғаламдық деңгейде сапалы ұлт болу жолына ұмтылған Қазақстанның бір ұлт, бір мемлекет жолында ұйысуы емес, керісінше, кейбір топтардың ру-руға бөлінуге әрекет етуі. Әрине, жастардың бұл әрекетін қатаң сынға алып, сепаратистік пиғыл танытқандарға тоқтау салып жатқан ұлт зиялылары көрінер емес. 

Десе де, қазақ, қай заманда да елдікті, ұлт жолында ұйысуды басты мақсат ете білген халық. Бір ауыз сөзге тоқтап, бір басшыны тыңдай білген. Қазіргі уақытта, «Жүзге бөлініп ұрандау» кімге тиімді? Белгілі блогер Аршат Оразов өзінің www.arshat.kz атты сайтында «Қазақтың ақпараттық соғыста тағы бір жеңілісі» атты жазба жариялады. Ол журналистердің ақпаратты тексермейтіндігінің салдарынан арандатушылардың құрығына жиі ілігетіндігімізді айтады. «Даудың барлығы «Ақтөбе» ФК фанаттарының 1 жыл бұрынғы (11/05/2013) «Қайрат» матчының алдындағы кортеодағы (фанаттар тілінде ойыналды шеру) көріністерінен басталды. Алдарына «КІШІ ЖҮЗ» деген жазуы бар баннер ұстаған фанаттар ұрандатып стадионға қарай келе жатыр. Біреулер осыны кесіп алып, арандату шоғына айналдырды. КТК әдемі іліп алып, оны кеше болғандай қылып көрсетті. Ойын алдындағы фанаттар қақтығысын үлкен трагедияға айналдырды» деген ол жасырын трайбалистердің көздегеніне жетіп отырғандығын тілге тиек етеді. 


Топтаспаған жұрт тозар


Әуелі, Қазақстанның негізгі мақсаты – ұлтты жұмылған жұдырықтай ұйыстыру және мұндағы өзге ұлт өкілдерін қазақ мәдениетінің айналасында топтастыру. Ал ұлттық рухы әлсіз ұлттың өзгелерді өз мәдениетінің айналасында топтастырарлық қауқары бар ма? Әлі күнге дейін мемлекеттік тілді төрге оздыра алмауымыздың бір сыры осында жатса керек. Айталық, бізден өзге түркі халықтары – Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан рулық және ұлттық бөлінушілікке ұрынбай-ақ, өздерінің сапалы ұлт екендіктерін дәлелдей білді. Мемлекеттік тілдерін төрге оздырып, бұл жөніндегі талас-тартысқа біржола нүкте қойды. Әрине, біз әлеуметтік тұрғыдан өзге Орта Азия мемлекеттерінен көш ілгері тұрмыз. Алайда ұлттық рух жағынан алғанда олардың соңында қалғанымыз өкінішті. 

Ресейлік www.lenta.ru сайтында «Младший жуз. Появится ли на берегах Кас­пия новое государство?» атты мақала жарияланған екен. Жариялану уақыты шамамен бір жыл бұрын болса да, бұның бүгінгі қазақ қоғамында аса өзекті мәселеге айналып тұрғаны ақиқат. Мақала 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының шығу себептеріне үңілу мақсатында жазылған. Автор мәселенің әлеуметтік жағымен қоса, рулық факторы болғандығын баса көрсеткен. Маңғыстаулық зиялы қауым өкілдерінің Астанадан бөлініп, автономия құрғысы келетіндігін, тіпті Каспий жағалауында жаңа мемлекет құруға талпынатындықтарын ескертеді. Мақала авторы Петр Бологов «Қазақ территориясында Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз мемлекеттік құрылысы жұмыс істеді. Кіші жүз құрамына енген адай руы ең ірі, шоқтықты рулардың бірі және Қазақ хандығына да, Ресей патшаларына да мойынсұнбаған ру. 1930 жылға дейін Кеңестерге бағынбайтын адай бірлестіктері өмір сүрді. 1989 жылы Жаңаөзенде рулық емес, ұлттық қақтығыстар орын алып, қалаға әскер енгізумен аяқталды. Ал қазір Ақорда маңында Каспий маңы облыстарынан, яғни кіші жүз өкілдерінен тағайындалған шенеуніктер саны өте аз. Тіпті, осы өңірлердің өзінде жергілікті кадрларды ығыстырып, сырттан әкелген қазақтарға басқарту белең алды. Бұның бәрі жергілікті элитаның көңіліне қаяу салғаны рас. Өйткені Қазақстанның өзге өңірлерінде де рулық бөлінушілікке орай кланға бөлінетіндігі жасырын емес, кейбір өңірлерде бұл аса көзге ұрып тұрады. Атырау мен Маңғыстау басты бюджеттік донор бола тұра, барлық саяси процестерге ықпал ету былай тұрсын, тыс қалды»,– дей отырып, өңірдегі халықтың тұрмыс тіршілігінің тым жүдеу екендігін де көлденең тартады. Автор әлеуметтік қиындықтармен қоса, батыс Қазақстандағы ментальдік ерекшеліктерді ескермеуге болмайды дейді. «Мұнда негізінен адайлар тұрады, әрі Батыс Қазақстан салафизмнің ошағы болуымен де ерекшеленеді» деген ол Каспий маңында жаңа мемлекеттің бой көтеруін қолдайтын сыртқы күштердің де бар екендігін жазады. 

 Дәл осындай сарындағы мақаланы біз бұдан бұрын да оқыған болатынбыз. Бірақ ол мақаланы шетелдік сарапшы емес, қазақстандық автор жазған еді. Ал мына мақаланы ресейлік журналист жазып отыр. Демек, іштегі мәселеміздің ушығып сыртқа шыққандығы. Сол себепті де, бұл аурудың алдын алу керек. Ең бастысы, ұлттық құндылықтармен, ұлттық бірлікке бастайтын шараларды жастар арасында көптеп ұйымдастырған абзал. Көшеде әрбір рудың атын ұрандаған машиналардың жүруіне тыйым салып, қарабазарда сатылып жатқан әрбір рудың аты жазылған түрлі бұйымдарды тәркілеген жөн. Өйткені бұлардың барлығы ұрпақ санасын улар, улы химикаттар. Мақала авторы сондай-ақ, сепаратизмге бастайтын бір факторды дұрыс көрсетіп отыр. Ол – діни фактор. Ең қауіпті синдром – діни бөлінушілік. Иракты да, Сирияны да іштей ірітіп отырған осы діни фактор. Сол себепті де, автордың бізді сақтандыруының негізі бар сынды.

Жұрт не дейді:

Жолымбет Мәкіш:

– Дәл қазір бізге арандатуға жол бермеу керек. Қазақтың қалыптасқан ұлт екенін, мемлекетшіл мінезіміз бар екенін көрсетуге тиіспіз. Әйтпесе, үй ішінен үй тіккісі келетін тентектер әр жерде бар ғой. Кешегі жастардың қылығы да осындай «жергілікті патриотизмнің» бір көрінісі ғана. Жаман ойлары болмауы да мүмкін. Бірақ түсініктері сонымен тұйықталып қалғанын көрсетті. Болашақта мұндай нәрсе қайталанбаса екен дейсің. Алматы рушылдық пен жүзшілдікті көшеге алып шығатын қала емес, ұлттың рухы ғана асқақтайтын, бәріне жол сілтейтін, жөн сілтейтін қала болуы тиіс.

Мақсат Ислам: 

– Қазақтың өз ішінен бөлінгені бәрінен де қауіпті. Өзге ұлттың өкілдері, ары кеткенде, өз елдеріне кетіп қалады. Онсыз да қазір олардың үлес-салмағы жыл санап аза-йып келеді. Енді 20 жылда олардың санаулы ғана өкілдерін көретін боламыз. Олардан келетін зиян енді азая береді. Ең жаманы – өз ішімізден бөлінушілік. Міне, осы бастан соның тамырына балта шабу керек.

Серіктес жаңалықтары