711
ТАРИХ ТҰНҒАН ТҮРІК ЕЛІ
ТАРИХ ТҰНҒАН ТҮРІК ЕЛІ
Кітапханада, мұрағаттарда табан тіреп отырып ғылыммен айналысу үшін екі апта деген жеткіліксіз. Ал елдің тарихи-мәдени кешендерін, мұражайларын аралап, дәрістер тыңдауға екі апта уақыт толығымен жетіп жатыр. «Атың барда ел таны желіп жүріп…» демей ме. Ұшақ Қап тауларынан асып бара жатқанда көкірегімізді ерекше күй кернеді. Қатпар-қатпар тау жоталары зәу биіктегі ұшақтан ап-айқын адырайып тұрды. Сілем-сілем, білем-білем асуларды бабаларымыз қалай басып өткен, десеңізші. Көптен күткен сапарға шықтық. Бағытымыз – Түркияның ең көне шаһарларының бірі, Еуропаның мәдени астанасы – Стамбұл.
Бабалардың ізімен…
Тарихқа көз жүгіртсек, сайын даланың төсінде еркін жайлаған сақтар Еуропаның қиырдағы түкпірлеріне дейін бойлап, өзіндік өркениет ошақтарын таратқан. Антикалық дәуірде жер бетінде отырықшы грек және көшпелі сақ мәдениеті иық тіресіп тұрды десе, артық айтқандық емес. Балқан, балқан, балқан тау, Ол да біздің барған тау, – деп әжелеріміздің балаларға жаттатқан өлең жолдары тарихи оқиғалардың ел аузындағы сарқыншақтары іспетті. Біз де Еуропаға көшпелі мәдениеттің ұлы мәйегін жеткізген бабаларымыздың ізімен Қап тауларынан зәу биігінен қалықтай ұшып өтіп, көне шаһар Стамбұлға табан тіредік. Қала Мәрмәр теңізінің жағалауында, Босфор бұғазының қос жағасында, Азия мен Еуропаны байланыстыратын су торабында орналасқан. Такси ішінде отырып айналамызға көз саламыз. Шағалалар шарқ ұрған Мәрмәр теңізі, ертедегідей желкені болмаса да, кескіні келісіп жарқыраған, ақ бума түтіндері будақтаған әппақ кемелер, сүйірленіп көкке ұсынған күмбезді ғимараттар қиял шіркінге қанат бітіреді. Стамбұлдың Зейтінбұну ауданында туыстарымыз тұратын. Міне, кешкі Стамбұлды тамашалап, шағын көшелермен серуен құрып келеміз. Бұл – аудандық депутаттар сайлауға түсетін саяси науқан қарсаңы болатын. Әр жерден партиялардың әнұраны (дауыс күшейткіш арқылы) шырқалған автокөліктер, аулаларда, көшелерде сыммен тізбектелген партия жалаушалары, қағаз таратып, үгіт-насихат жасап жүрген партия жетекшілері де әр жерден бір кездесіп қалады. Іңір қараңғысы түсті. Самаладай жанған шамдар көз жауын алады. Түнгі қала да өзінше көрікті.
Мұражайлар – өркениет пен өткен күн айнасы
Келесі күні Осман патшаларының ордасы болған Топқапы сарайына бет түзедік. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі ұлт өкілдері билет кассаларының алдында құрақұрым болып тұр. Тарихқа, ескерткіштерге деген зор құрмет. Қазақстандағы тарихи музейлерге елді тегін кіргізудің өзі мұң болса, мұнда мұражайларға кірудің орташа құны – 25 лира (2,5 мың теңге). Ә дегеннен-ақ мұражайдағы экспонаттардың орналасу реті, бай қоры қызықтырмай қоймайды. Рас, өз тарихында түріктер ешкімге тәуелді болмады. Патшалар сарайын, бар дәулетімен сол қалпында сақтап қалған. Топқапы сарайында экспонаттарға жарық сәулесін өте үлкен талғампаздықпен қоятындығы назар аудартады. Мәселенкей, бір сызықпен түсетін қуатты жарық сәулесі патшалар жүзігінің үстіне тура бағытталып, оның айналасын соқыр қараңғылық көмкергенде, жәдігердің әрбір болмашы сызығына дейін анық аңғарылып, жадыға жатталып қалатындығы дәлдікпен есептелген. Мұнда арнайы қару-жарақ бөлімі бар. Осман патшаларының алғашқы әскерлері түріктік сипаттағы қару-жарақ, сауыт-сайманмен жарақтанса, кейінгі кезеңде исламдық сипаттағы киіну, қарулану үлгісіне өткендігі байқалады. Ескерткіштер ордасын аралап жүріп көне түрік мәдениеті мен ислам өркениетінің тоғысуы нәтижесінде өзгеше бір ұлттық өрнектің, мәдени үлгінің мектебі қалыптасқандығына көз жеткіздік. Бұл Анадолы түріктерінің өзіндік болмысын, бет-бейнесін қалыптастырғандай. Топқапының сәулеттік ерекшелігі, ондағы астрономиялық сағаттар, алтыннан құйылған патша тағы мен алтын бесік айрықша әсер етті. Одан кейін Стамбұл археологиялық мұражайына соқтық. Көптеген антикалық дәуір ескерткіштерінен көшпелі бабаларымыздың мәдениетінің белгілері аңдалады. Мысыр перғауындары мен ежелгі грек билеушілерінің тас табыттары, олардың пошымдары мен көркем безендірілуі кім-кімнің де көңіл түкпіріне түрлі сауалдар тастайды. Тас табыттардың сыртында салт аттылар мен жаяулардың айқасы бейнеленген. Тылсым сырға толы табыттар арнайы бір тақырыптың арқауы ғой. Бір құлпы тастың түбінен өтіп бара жатып, «Анақарсистың мазар тасы» деген жазуға тап болдым. Өз көзіме өзім сенбей, латын әріптерімен жазылған жазуды қайта-қайта оқыдым. Сонау Грекиядағы әйгілі жеті данышпанның қатарынан табылып, ауыздыға сөз бермеген, аяқтыға жол бермеген аңыз тұлғаның тас тұғырына тап келемін деп кім ойлаған? Жер Орта теңізі мен Қара теңіз маңайында небір асқан ғаламдық өркениет ошақтары анықталып, қаншама ғалымдарды тылсым сырлардың тұңғиығына батырғаны мәлім. Мысалы, Тигр мен Ефрат тәрізді қос өзеннің аралығын мекендеген ежелгі шумерлер мәдениеті сан алуан пікірлер мен болжамдар тудырып, кез келгенді баурап алар тылсымдығы мен өркениеттік жасампаздығымен әлем ғалымдарының ұдайы назарында келеді. Атаулы мұражайда Ежелгі Мессопотамияның қыш кітаптары да едәуір орын алған. Бұл жазулар Мысыр перғауындарының жазуына өте ұқсастығы қайран қалдырды… Қыш кітаптар өте ұсақ жазумен жазылған.
Галата сарай, Қыз мұнарасы
Константинопльден қалған тарихи көшелердің бірі – Истиклал. Көшені бойлай жүріп, көне қала сәулетімен танысуға мүмкіндік аласыз. Көше байырғы қалпын мейлінше сақтағандығымен де құнды. Тарихи ғимараттарының сәулеттік нышандарында прото түріктердің дүниетанымдық ерекшеліктері де байқалып қалатындай. Ғимараттарда көшпелі қауымға телінетін ою-өрнектер молынан ұшырасады. Мұнда Истиклалды арнайы көруге, ондағы байырғы шіркеулерге тәу етуге келетін еуропалықтар жиі төбе көрсетеді. Бұл көше ежелде ойын-сауық ошағы болған деседі. Қазір де дәл сол қалпынан айнымаған дейді қасымдағы серігім. Расында, қарбалас көшеден күнделікті мерекелік көңіл-күйдің лебі еседі. Ататүріктің ескерткіші орналасқан алаңнан басталатын бұл тарихи көше Стамбұлдың көрікті символы саналатын Галата мұнарасына алып барады. Галата сарай – Стамбұлдағы ең көне де көркем мұнаралардың бірі. Ол әуелде ағаштан тұрғызылған. 528 жылы Византия императоры Анастасия жау келе жатқанда белгі беретін мұнара ретінде салады. Сосын оны 1348 жылы тастан қалап, қайта көтеріпті. Түріктер жаулаған 1453 жылы мұнараға байрақ ілініп, елдің символдық нышаны болады. Жерден санағандағы биіктігі – 66,90 болса, теңіз деңгейінен биіктігі – 140 метр. Мұнараның диаметрі 8,95 болса, дуалының қалыңдығы – 3,75 метр. Жоғарғы қабаты бүгінде ресторанға айналған. Төбесінен бүкіл Стамбұлдың көркем сәулеті мен айналасын қоршаған судың бәрі алақандағыдай көрінеді. Галата сарайдан кейінгі көрнекті мұнаралардың бірі – Қыз күлесі, яғни Қыз мұнарасы. Түрік жұртында кең тараған аңызға сенсек, өз заманының әлдебір беделді де бақуатты адамы туған қызының сүйіктісін менсінбей теңізге мұнаралы абақты салдырыпты. Өз баласын соған қамапты дейді. Бірақ, қамаудағы қызды су жыланы шағып өлтіреді-мыс. Теңіздегі мұнараның көрінісі әсем-ақ, алайда шын мәнінде ол да ас-су сатылатын кафелердің бірі. Мұнараға қайықпен бару – 25 лира. Біздіңше, 2 500 теңге. Жоқтан бар жасау деген осы болар. Жарнамасын жасап, табыс тауып отыр. Әрі ұлттық мақтаныш сезімін тудырады. Бізге үйренетін нәрсе екен.
Ғылым мен білімге жасалған жағдай
Мимар Синан атындағы көркем өнер университетінде болдық. Ұстаздардың кішпейілдігі тәнті етті. Тәлімгерлерді өздерімен тең санайды. Жанашырлық ниеттері, оқыса, білсе деген тілектері бірден сезіледі. Жастар білмегенін сұраудан қысылмайды, оқытушылары «соны да білмейсің бе?» деп салған жерден төпелетіп қамшы баспайды. Жеке пікір мен көзқарасты бағалайды. Профессорлар 4 мың доллардай жалақы алады. Аптасына 2-3 сағат дәріс оқиды да, бағаларын интернет арқылы қойып жүре береді. Біздің мұғалімдеріміз ертеден қара кешке дейін құжат толтырып, кафедраларда қамалып отырады. Ондай жағдайда ғылым қалай дамиды? Университет асханаларын мемлекеттің ауыл шаруашылығы азық-түлікпен қамтиды. Жастарға тамақ ішуге 90 пайыз жеңілдік қарастырылған. Стамбұлда ертеде салынған тарихи кітапханалар жетерлік. Онда баға жетпес құнды мұралар ғасырлар бойы сақталып келеді. Біз де сондай Исам кітапханасына бас сұқтық. Үш қабатты кітапхананың сөрелерін оқырмандар еркін жүріп аралайды. Жоғарғы қабаттардан бірде-бір кітапхана қызметкерін байқамадық. Көлденең тұрған сөрелердің ортасына аяқ бассаңыз, сезімтал шамдар жанып, кітаптарға жарық сәулесін түсіреді. Сіз кеткен соң бес минуттан соң өздігінен сөнеді. Кітаптың қажетті беттерін суретке түсірушілерге ешкім тыйым салмайды. Кітаптардың электронды нұсқасы да сатылады. Бұл жерден ағылшын, араб, француз, неміс және тағы басқа тілдердегі бағалы кітаптарды кездестіресіз. Ал Абай, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы тәрізді ұлыларымыздың түрік тіліне аударылған шығармаларын көріп, бір жасап қалдық. Кітапханалардағы асханада тамақ елу пайыз жеңілдікпен беріледі.
Анадолыдағы ағайындар
Шетте жүрген қазақты бауырымызға басуға ынтызарлық таныта алмай отырғанымыз шындық. Седат Солақоғлының домбырамен сүйемелдеуімен қазақ қоғамындағы мәдениет бөлімінің жетекшісі Бәшір Ахмет Көсенің «Алтай тауым» атты әнін естіп, көзімізге жас келіп, көңілімізге мұң ұялады. Бәшір аға өз әкесінің он бес жасында Шығыс Түркістаннан ауа көшкендегі әңгімесін, Алтайға деген сағынышын талай тыңдап өсіп, кейін ес білген соң өз еліне деген аяулы іңкәрлігін мұңды да сазды әнмен өрбітіпті. Көш қазақ, тарихи Отанға көш! Әйтпесе, жас толқын ертең өздерінің қазақ екендігін ұмытпасына кім кепіл?.. Стамбұлдың тар көшелерінің бірінде қазақ балалары асық ойнап жатыр. Көріп, қайран қалдым. Өздері мұны шырға дейді. Асық орнына домалақ шыныларды пайдаланады екен. Ережелері кәдімгі асықтікі. Қызық.
Жол мәселесі жолға қойылған
Алматы қаласында жыл сайын бітпейтін жол құрылыстары әбден мезі етеді. Содан көркейіп кеткен жол да жоқ. Келесі жылы қайтадан шұрық тесік болып, таз кепешін киіп алады. Далаға кеткен ақша мен маңдай тер, табан ақы, десеңізші. Тіркелгені бар, тіркелмегені бар 17 миллион шамасында (Түркияның статистикалық қоғамының 2013 жылғы мәліметі бойынша Стамбұлдың халық саны – 14 млн. 160 мың 467) халық сыйған Стамбұлда адам саны бар-жоғы 2 миллионның айналасында саналатын Алматыдағыдай кептеліске кезіге қоймадық. Шаһарда автобус, трамвай, троллейбус, метробус, метро, кеме және тағы басқа көлік түрлері елге қызмет көрсетеді. Көліктер аспалы көпір арқылы бұғаздың үстімен қаланың бір шетінен келесі шетіне еркін қатынайды. Түркияда таксист болудың өзі оңай шаруа емес екен. Таксисттің арнайы нөмірі өте қымбат тұрады. Көлік те қымбат, оған салынатын салық та қымбат. Сондықтан, таксистердің қызметі де жоғары бағаланады. Арнайы такси атағына ие болған машиналар ғана адам тасымалдайды. Есептеу құрылғысы көлік жүріп өткен жердің қашықтығына байланысты төленетін ақшаны есептеп шығарады. Түрік ағайындарымыз құрғақ жер түгіл, Мәрмәр теңізінің астынан өтетін метро салып тастапты. Оны да көрдік. Танауды теңіздің өзгеше иісі қытықтайды екен. Кемеге мініп, Стамбұлдың азиялық тарабына жол тарттық. «Теңіз адам бойындағы уайымды өзіне тартып алады» дейді. Расында солай-ау… Әйтеуір, тулаған толқындардан көз алғымыз келмеді… Кемеге міну құны – өзге көлік түрлеріне мінгенмен бірдей-ақ. Барлық көліктегі жолақы құны – 200 теңге шамасында. Кемемен жарысқан шағалаларды көрудің өзі неге тұрады? Адамдар ұсынған нан қоқымдарын қағып алып, шұрқырап, қиқулап, соңымыздан ілесіп отыратын мұншалық қарақұрым шағаланы бұрын-соңды еш жерден көрмеген екенбіз. Қайтардағы ой: Екі апталық сапарымыз тәмам болды. Аттың басын кері бұрдық. Мәрмәр теңізі мен қиқулаған шағалалар әлі талай уақыт көкейден кетпей, көңілге қонақтап сағындыратындығын сезініп-ақ келеміз. Қош бол, ақ шағала! Қош!..
Арман Әубәкір,
Алматы – Стамбұл – Алматы