ҒАЛЫМ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА

ҒАЛЫМ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА

ҒАЛЫМ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА
ашық дереккөзі
320

Таяуда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде академик Р.Сыздықтың 90 жылдығына орай «Академик Рәбиға Сыздық атындағы дәрісхана» ашылды. Сонымен қатар, «Ғылымдағы қазақ қыздары: қайраткерлік және дәстүр сабақтастығы» атты дөңгелек үстел өткізілді.

 Рабиға Сәтіғалиқызы Сыздықова – көрнекті тіл маманы, түркітанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, Түрік тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, ҚР-дың еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Ө.Айтбайұлы мен мемлекет қайраткері, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы А.Осман академик Р.Сыздық атындағы дәрісхананы салтанатты түрде ашты. Ал академик Р.Сыздық: «Дәрісхананы ашқанда белгілі бір адамның атымен атау керек болған соң, ғалым әйелдердің ішінде жасы үлкені мен болғандықтан, қазақ тіл білімі саласын зерттеуде ғылыми дәрежесі жоғарылардан академик ретінде де мен болғаным үшін менің есімімді берген шығар. Дегенмен қазақ қыздарының білім алуына, ғылыммен айналысуына септігін тигізетін орталық болсын деп тілеймін», – деп, өзінің есімінің берілгеніне пікірін білдірді. 

Салтанатты шара «Ғылымдағы қазақ қыздары: қайраткерлік және дәстүр сабақтастығы» тақырыбындағы дөңгелек үстелге ұласты. ҚазМемҚызПУ бірінші проректоры Б.А. Әлиев: «Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан академик Р.Сыздықтың 90 жылдық мерейтойы Қыздар университетінің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұрғаны ерекше жағдай. Қос қуаныштың белгісі – Р.Сыздықтың атындағы дәрісхананың ашылуы. Бұл дәрісхана филолог мамандарды даярлайтын, сапалы білім беретін орталыққа айналады деп сенеміз. Заманауи озық технологиямен жабдықталған, ғалымның еңбектері қойылған дәрісхана біздің студенттеріміз үшін үлгі болатыны анық», – деп жаңа дәрісхананың ашылуымен құттықтады. Қыздар университетінің 70 жылдығына орай университеттің дамуына сүбелі үлес қосқан, айрықша еңбек сіңіргені үшін академик Р.Сыздыққа, академик Ө.Айтбайұлына «Ұлағат» алтын медалін, мемлекет қайраткері А.Османға «Ұлағат» күміс медалін тапсырды. 

Ал тіл жанашыры А.Осман: «Тіл – ұлттың жаны болса, сол жанды зерттеп, зерделеп жүрген сіздің тұлғаңыз баршаға үлгі. Тіл – Күн болса, сіз – Күнге жақын адамсыз. Адамның мақсаты мәнді өмір сүру болса, сіздің бойыңыздағы асыл қасиеттеріңіз бен ізгіліке толы жемісті еңбегіңіз өміріңіздің мәнді де мағыналы болғанының айғағы. Тоқсанға тоқтамай, жүзге жүгіріп жетіп, қазақ деген дана халық үшін қызмет ете беріңіз», – деп ақ тілегін жасырмады. 

Индира Байсалбекова

Серіктес жаңалықтары