ДҮБІРЛІ ӨНЕР ДОДАСЫ

ДҮБІРЛІ ӨНЕР ДОДАСЫ

ДҮБІРЛІ  ӨНЕР  ДОДАСЫ
ашық дереккөзі
231

Биыл театр өнері үшін айтулы оқиғаларға толы жыл. Әлем ұлы драматург Уильям Шекспирдің 450 жылдығын тойлауға қызу кірісіп кетсе, Алаш аспанында театрдың анасы атанған әйгілі актриса Сәбира Майқанованың ғасыр тойы дүркіреп өтті. Сахна майталмандарының қасиетті Сыр өңіріне жиналуы тегін емес. Ақмешіт атырабы – мерейтой иесінің кіндік қаны тамған туған жері ғана емес, қазақтың тұңғыш кәсіби театрының ту көтеріп, кереге керген құт мекені, сахнагерлер тәу етіп, тағзым етер өнердің ұлы меккесі. Саңлақ салған сара жол

Қызылорда өңірінде өнер додасының көрігі қызды. Еліміздің 7 өңірінен қатысқан 9 театр Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІІ республикалық фестивалінде сахна сынына түсті. Астана қаласының Жастар театры, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры және Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрлары ұжымы бес күн бойы қызылордалық көрерменді театр өнерінің таңғажайып тылсымына таңдай қақтырды. Софокл, У.Шекспир, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов, Ф.Буляковтай авторлардың классикалық жауһарларынан бөлек, Иран-Ғайып, Ж.Ерғалиев, О.Жанайдаров сынды бүгінгі отандық драматургтердің бәйгеге қосар жүйріктей баптап келген туындылары негізінде өнер көрсеткен сахнагерлер ойынына КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, белгілі театр сыншысы, өнер қайраткері Әшірбек Сығай, ҚР халық әртісі Есмұхан Обаев, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, өнертану профессоры Бақыт Нұрпейіс талғам мен талап биігінен бағасын берді. Театр саласының дамуындағы артық-кем тұс бағамдалды. Нәтижесінде, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымындағы жүлдеге Астана қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының актрисасы Түймехан Атымтаева, «Ең үздік ер адам» сыйлығына С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері Батырбек Шамкенов лайық деп танылды. «Сахналық актерлік ұзақ ғұмыр» номинациясы бойынша тағайындалған жүлде Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбаевтың қанжығасына байланды. «Үздік режиссерлік шешімі» үшін фестиваль аясында үш бірдей спектаклі республиканың үш театры ойынында сахналанған режиссер Қуандық Қасымов жеңіс тұғырынан көрінді. Ал «Үздік сценографиялық шешім» М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклі үшін Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының суретшісі, ҚР еңбек сіңірген қызметкері Серік Тұрмахановқа, «Қазақ драматургиясын меңгергені үшін» аталымында Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрына қошемет көрсетілді. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық Мәдениет басқармасы тағайындаған Сәбира Майқанова атындағы арнайы жүлдемен Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» қойылымындағы Толғанай бейнесі үшін Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының актрисасы, ҚР халық әртісі Гүлжан Әспетова марапатталды. «Естайдың Қорланы» спектаклімен «Үздік драматургия» аталымында ақын, драматург Иран-Ғайып топ жарса, «Актерлік ансамбль тұтастығы үшін» арнайы жүлдесі Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры ұжымына табыс етілді. Ал Бас жүлде – 1000000 теңге көлеміндегі Қызылорда облысы әкімінің арнайы сыйлығын У.Шекспирдің «Асауға тұсау» қойылымымен додаға түскен Астана қаласы Жастар театрының ұжымы қанжығасына байлады. Көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Нұрқанат Жақыпбай. 

Жұлдызы биік Жастар театры


Жас болса да халықаралық және республикалық байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Астана қаласы Жастар театрының ізденімпаздығы мен тәжірибешілдігі қай жағынан да көңілге құрмет сезімін орнықтырады. Ендеше, фестивальдің жеңімпазы жөнінде бірді-екілі ойымызды ортаға салып, талдап көрсек. 

Драматургия дүлдүлі Қалтай Мұхамеджановтың сөзімен саралар болсақ, Шекспир шығармасын сахнаға қою – әрбір өнер иесінің бұғанасы бекіп, есеюіндегі ұлы емтихан. Ал Жастар театрының осы сынаққа батылдықпен келіп, классикалық комедияның пернесін дөп басуы үлкен жетістік дер едік. Қойылым режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Спектакльдің әуелгі ерекшелігі – сахналау жұмысына қоюшы режиссерден бөлек, Бекболат Құрманғожаев пен Дәурен Серғазиннің де қолтаңбасы кіріктірілгені. Үш бірдей режиссердің жұмыла жасаған жұмысы Жастар театры сахнасына астарлы әзіл мен көтеріңкі көңіл-күйдің атмосферасын алып келді. Шығармашылық ұтқыр шешімдер, музыка мен би үндестігі, декорация жанр ерекшелігіне сай ұтымды ұйымдастырылған. Қоюшы суретші Ерлан Тұяқов бейнелеген сахна суретінен анау айтқандай классикалық картина мен бай реквизитті көзіңіз шалмауы мүмкін. Есесіне, мұнда кеңістік бар, тірі сахна бар, қажырлы еңбек бар. Әрбір актердің дем алысы мен жүрек лүпілі біте қайнасып, біртұтас дүниеге айналып кеткенін шымылдық ашылғаннан-ақ айқын сезінуге болады. Сөйтіп, Люченцио (Дәурен Серғазин) мен Транио (Ербол Тілеукенов) сүйреп шығар дөңгелектей замана керуенімен бірге спектакль тізбегі де дөңгеленіп жүре береді. Осылай комедияның басынан аяғына дейін елітіп, күлдіріп алып кетіп отыратын Мұхтар Әуезовтің тәржімасымен көрерменге жол тартқан спектакльді езуге күлкі жыймай көру мүмкін емес. Оған қоса, сахна суреткерлері тарапынан ұсынылған тосын да тың шешімдер көрерменін бір сәт те бейжай қалдырмайды. Нұрқанат Жақыпбай қолтаңбасына тән жаңашылдық пен тосыннан, тыңнан өрілер режиссерлік тапқырлықтар Шекспир шығармасының шырайын кіргізді. Атап айтар болсақ, комедияның көңіл марқайтқан тұсы – актерлік ансамбль өнерінің біртұтастықта жүйеленуі. Тұтастай театр труппасы қатысқан қойылым осы ұйымшыл ұжымдық бірліктің арқасында көкейге берік орнықты. Сахнадағы кеңістіктің көп бөлігін қимыл-қозғалысқа сай бос қалдырып, әртістердің өзі жанды декорацияға айналған. Әр актердің ішкі сезімімен бірге сергелдеңге түсіп, бірге толқып, бірге қозғалған сахна суретінен әрқайсысының жүрек лүпілін сезгендей боласыз. Қойылымның келесі артықшылығы – актерлердің пластикалық мүмкіндігі. Цирк әртістеріне тән шеберлікпен сахнаның арғы бетінен бергі бетіне секіріп, шеңбер жасай, домалай қозғалған труппа таланты мен әр түрлі дыбыс шығаруда қақпақ, ожау, шылапшын сынды сан түрлі құралдардың көмегіне жүгінуі де эксперименттік театр элементтерін еске салды. Режиссердің тағы бір ұтымды шешімі – сахнаны ойната білуі. Әр жерден ашылған жертөле тектес едендегі тесіктер, ат орнына пайдаланылған дөңгелекті ағаш бұйымдар – барлығы да комедияның көркемдігін үстеп, көрігін қыздырды. Езуге күлкі үйірді. Костюмер маманның ашық түсті маталардан әдіптеп тіккен киім үлгілері де комедия табиғатынан алшақ кетпеді. Ертедегі Италия жеріндегі карнавалдарды бір сәтке көз алдымызға келтіргендей, еуропалық өнер думанының ішінде жүргендей әсерге бөлендік. 

Театр – ұжымдық өнер десек, Қызылорда қаласында өткен өнер додасында ұжымның сол ұйымшыл жұмысына куә болдық. Өнерден өз еншісін алып, кереге кергеніне әлі 10 жыл да толып үлгермеген тым жас театр екендіктеріне қарамай, «Асауға тұсаудай» классикалық туындыларға үлкен батылдықпен келіп және оны абыроймен алып шығуға деген ұмты­лысы труппа еңбегіне бас игізді. Бұл – біздің пікір. Қызылордалық көрерменнің толассыз соғылған шапалақ шуы мен қошемет, көңіл-күй ауанынан да осыны сездік. Құрамына өнер білгірлері топтасқан қазылар алқасының шешімі де қарапайым көреремен пікірінен алшақ кетпей, бас жүлдеге бірауыздан Астана қаласы Жастар театры ұжымы лайық деп танылды. 

Сыннан кейінгі сын


Театр өнерін насихаттап, оны дамыту, дарынды әртістер мен режиссерлерді ынталандыру, қазіргі заманғы сахна өнеріндегі жаңа бағыттарды анықтау, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге атсалысу, қазақ сахна өнерінің шебері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанованың өрелі өнерін өскелең ұрпақтың мәңгі есінде қалдыруды мақсат тұтқан театр думаны осылай мәресіне де жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тоғыз бірдей театрдың өнерін тамашалап отырып, таңдай қағысып қол соққан, «әттеген-ай» десіп көңіл пәс тартқан тұстар да кездесті. Жанды жадыратқаны – Астана, Петропавл, Көкшетау сынды қалалардан келген театр труппаларының тұщымды ойын өнері мен жастар жанарындағы жалын болса, Талдықорған, Шымкент қаласы театрлары актерлерінің ойлы образдары, салмақты сараптамалары, кейіпкержандылық қасиеттері де бейжай қалдырмады. Көңілді мың сан әсерге бөледі. Кейіпкермен бірге қуанып, бірге мұңаятын сәттер жиі болды. Демек, фестиваль жансыз өтпеді, сезімді селт еткізе алды. Басты жетістік – осы. Әйтсе де, фестивальге қатысқан спектакльдердің жанр жұтаңдығы жабырқатқанын жасырмаймыз. Байқауға жолдама берілген 9 қойылымның тек біреуі ғана комедия, қалғаны – драма мен трагедия. Бірсарындылық көп, дәстүршілдік басым. Бар салмақ көмейге түскен, қимыл мен әрекет аз. Қойылымдардың басым бөлігі жаңашылдыққа жарлылау болды. Драматургиялық талаптарға сай емес пьесалар да ара-тұра сахнадан көрініп қалды. Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры әкелген Жабал Ерғалиевтің «Жетім тағдыр» драмасы мен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры ұжымының үмітін арқалап келген Олжас Жанайдаровтың «Жұт» спектаклі осы қатарда. Сахналық көркем туынды емес, қарапайым газеттік материалдың ғана жүгін көтеретін дүниелердің фестиваль бағдарламасына енуі – аталған театр ұжымдары үшін үлкен сын, біздіңше. Болашақта ұйымдастырылар сахна сынына дайындықта өзге театрлар үшін бұл олқылық сабақ болуы керек. Нәтиже шығарылса, қанеки?!. Ал көп қойылым ішінен көңіл түкпіріне берік орныққан, жаңалыққа бай, тосын да тың шешімдерімен жарқырай көрінген жұмыстар қатарына Астана қаласы Жастар театрының «Асауға тұсау» комедиясы мен С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры әкелген «Эдип патша» трагедиясын, Талдықорған облыстық Б.Римова атындағы театрдың «Естайдың Қорланы» махаббатнамасын, сонымен қатар Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының «Ана – Жер-Ана» туындысын енгізуге болады. 

Фестиваль аясында тағы бір есте қалған сәулелі тұс – өнер делегациясының мерейтой иесі Сәбира Майқанованың туған жеріне табан тигізіп, қасиетті топыраққа тәу етуі болды. Аудандық Мәдениет үйінде аңыз актрисаның өмірі мен өнер жолының тағылымды парақтарынан сыр шертер деректі фильмнің тұсауы кесілді. Фильмде фотошежіре, спектакльдерден көрі­ністер, көзкөргендердің естеліктері баян­далған. Салтанатты жиын соңынан сөз алған қазылар алқасының төрағасы, КСРО халық әртісі, Сәбира Майқанованың өнердегі ізбасары Асаналі Әшімов: «Қаллеки – қазақ театрының әкесі болса, Сәбира – біздің театрларымыздың анасы»,– деп ағынан жарылды. Осылайша бес күнге созылған дүбірлі өнер додасы өз мәресіне жетті. Актрисаның аңыз ғұмыры жайлы тағылымды естеліктер мен таңғажайып әсерлер санада сақталды. Сахнаның анасы Сәбира Майқанова салған сара жол жаңа бір биікке көтеріліп, соны соқпаққа шықты. Өнер өлкесі дүр сілкінді. Сахнагерлер шығармашылық тың серпіліс алып тарқасты. 

Назерке ЖҰМАБАЙ

Серіктес жаңалықтары