МҰНАЙЛЫ ЕЛДІҢ МҰҢЫ
МҰНАЙЛЫ ЕЛДІҢ МҰҢЫ
Қазақстанда 2020 жылдан кейін мұнай өндіру көлемі азаяды деген болжам бар. Бұл былтыр да айтылған, қалған мұнайдың жарты ғасырға ғана азық екені жалпақ жұртқа да аян. KAZENERGY ассоциациясының “Ұлттық энергетикалық баяндама 2013” тұсаукесерінде компанияның бас директоры Әсет Мағауов әлемдік трендтерді таразылай келе, осындай тоқтамға келгенін баяндады. “Әлемдік агенттіктердің болжамы бойынша, бұрынғыша энергия өндірісінде негізгі үлес энергияның дәстүрлі көздеріне тиесілі болмақ. Әрі қарай біз Қазақстандағы бастауыш энергия ресурстарына талдау жасадық. Елімізде алдағы уақытта мұнай өндіру көлемі артады. 2020 жылға қарай Қазақстанда 130 млн. тонна мұнай өндіріледі деп болжанып отыр”, – деді. Ал бұдан әрі қарай мұнай өндірудің жағдайы басқа бағытта өрбімек. «Әрі қарай мұнай өндіру көлемі белгілі бір мөлшерде азаяды. Бұл еліміздегі ірі және бұрыннан келетін кен орындарында өндіріс көлемінің қысқаруымен байланысты. Осы ретте біз геологиялық барлауға тартылатын инвестиция көлемін арттыру мәселесін көтердік. Өйткені соңғы он жылдықтарда мұнай саласындағы негізгі инвестициялар ашық кен орындарын игеруге жұмсалғанын көріп отырмыз. Геологиялық барлауға инвестиция мүлдем тартылған жоқ деуге болады», – деді.
Мұнайлы елдегі жанармай жетіспеушілігі әрбір қазақстандықтың бас ауруына айналғаны жасырын емес. Бірнеше жылда бір қайталанатын бұл түйткіл әдетке айналғандай. Ал төртінші мұнай өңдеу зауыты құрылысын бастаймыз деген уәде тіпті сағым сияқты. Қалай десек те, Әсет Мағауов бұл идеяның жарамсыздығын былай тарқатты. “Қазақстандағы мұнай өнімдерінің дефициті 1 миллион тоннадай. Осыған бола жаңа зауыт салу туралы бастама көтеру экономикалық тұрғыда тиімсіз деп есептеймін. Жоспар бойынша қазір өндіріс көлемін 18 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осылайша қолданыстағы үш зауыттың арқасында мұнай өніміне деген мұқтаждықты жоймақпыз. Болжам бойынша 2024-2025 жылдарға қарай мұнай өнімдеріне сұраныс ұлғая түспек. Бүгінде үкімет аталмыш мәселені зерттеу үстінде. Сондықтан қазір үш зауыттың бірін кеңейту, өндірісті ұлғайту сияқты істер қарастырылып жатыр. Әуелі, Шымкент мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау жұмысына ден қойылып отыр”, – деді ол.
Жанармай жетіспеушілігіне кінәлі – көтерме нарық. Бұл пікірді ұстанған Мәжіліс депутаты Рауан Шаекин Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында аталмыш саланы реттеп, министрліктің жанармай бағасы көтерілмейді деп халықты алдамауын сұрады. Депутаттың айтуынша, саудада көтерме баға бөлшек саудадан үнемі арзан болады. Алайда жанармайға келгенде, көтерме баға бөлшектіктен 10 пайызға қымбат.
«Салалы министрлік мониторинг пен бақылау жүргізбейді, сондықтан көтерме саудагерлерде шектеу жоқ, олар нарықта өз айласын жүргізуде. Өзіңіз қараңыз, елімізде жыл сайын АИ-92 жанармайының тұтыну көлемі 2,8 миллион тонна, дизель отыны 4,6 миллион тонна. Ал отандық мұнай өңдеу зауыттары 1,9 миллион тонна АИ-92 жанармайын және 4 миллион тонна дизель отынын шығарады. Өндіріс пен тұтынудың арасындағы тапшылық Ресей Федерациясынан жеткізілетін өнім арқылы жабылады. Осы мақсатта наурызда Ресейден жеткізуші ортақ оператор «ҚазМұнайГаз Өнімдері» құрылды. Алайда компания құрылғалы бері, оның қызметі туралы ақпарат ешбір мемлекеттік органда көрсетілмеді. Аталмыш компания Қазақстанға Ресейден қандай жанармайды жеткізді? Қай өңірлерге, қай нарыққа жіберді? Бөлшек түрде ме, көтерме ме? Яғни «ҚазМұнайГаз Өнімдерінің» жұмысы ашық емес. Тұрақтылық орнаған жоқ. Ал Мұнай және газ министрі қарашаға дейін жанармай бағасы көтерілмейді деп халықты сендіреді. Ал шын мәнінде, бәрі керісінше болады», – деген уәж айтты.
Бүгінде бұл мәселе көлік иелері мен құзырлы органдарда да қызу талқылануда. Дегенмен нәтиже белгісіз, ал кейбір сыбыстарға құлақ түрсек, жанармай жетіспеушілігі қараша емес, желтоқсан айына деген созыла түспек.