СЕНАТҚА КІМДЕР САЙЛАНДЫ?
СЕНАТҚА КІМДЕР САЙЛАНДЫ?
Қазан айының басында еліміздегі Жоғары заң шығарушы орган – Парламент Сенатына сайлау болып өтті. Сенатқа 14 облыс және Алматы мен Астана қалаларынан 16 адам қайта сайланды. Орталық сайлау комиссиясының берген мәліметіне жүгінсек, сенаторлыққа 39 үміткер тіркелген. Сайлау толықтай баламалы түрде өтті.
Сенат сайлауы – біздің еліміз үшін несімен маңызды, несімен ерекшеленеді? Сенат сайлауы Мәжіліс сайлауы секілді бүкіл халықтық сипатқа ие емес. Сенаторлыққа үміткерлерге дауыс беретіндер сайлаушылар, яғни мәслихат депутаттары. Әрине, бұндай жүйе бізде ғана емес, Францияда да бар екен. Алайда біздің сайлаушыларымыз кімдер, олардың арасында сенаторларға дауыс беруде атқарушы биліктің қалауына қарсы шыға алатындай адамдар бар ма? Осы тұрғыдан келгенде күмілжіп қалатынымыз рас. Жоғары палатаның ел өміріндегі алар орны ерекше. Алайда биылғы сайланғандарға көз жүгірте отырып, сенатор болып сайланғандардың бұрынғы шенеуніктер немесе бизнесмендер екендігін байқау қиын емес.
Биылғы Сенат сайлауының бір ерекшелігі – 16 сенатордың 12-сі жаңадан сайланғандар болып отыр. Астана қаласынан сайланған Серік Жақсыбековтің бұған дейінгі жұмысына назар аударсақ, ол «Цесна» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы болған. Алматы қаласынан Алматы Мәслихатының хатшысы қызметін атқарып келген Төлеубек Мұқашев сайланып отыр.
Ақмола облысынан сайланған Светлана Жалмағамбетованың орнын бұл жолы Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Рашит Әкімов басатын болды. Айта кетерлігі, Светлана Жалмағамбетова соңғы кезде Сенатта өзекті мәселелерді көтеріп, шенеуніктерге шүйлігуімен есте қалған еді. Ол әйелдердің зейнет жасын көтеруге қарсы шықты. Оралмандардың азаматтық алуын 5 жылға созуды сынады, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті де аяған жоқ. Бәлкім, ықпалды топқа Жалмағамбетованың осындай белсенділігі ұнамады ма, жоқ басқа себеп болды ма, әйтеуір сайланбады. Оның орнына тағы да бір әкім орынбасары келіп қонжиды.
Ақтөбе облысы да халық қалаулысы ретінде әкім орынбасарын сайлауды жөн көріпті. 62 жастағы Марат Тагимов 2012 жылдан әкім орынбасары қызметін атқарып келген.
Атырау облысынан бұрынғы сенаторлары қайта сайланды. Сәрсенбай Еңсегенов те Сенатқа әкім орынбасарлығынан жол тартыпты. Шығыс Қазақстан облысынан сайланған сенатордың да тағдыры алдыңғысына ұқсас. Сергей Плотников те екінші мерзімге қайта сайланып отыр. Бұған дейін ол да әкім орынбасары қызметін атқарған.
Жамбылдықтар да Парламенттің жоғары палатасына әкім орынбасарының барғанын қалайтындығын танытыпты. 2009 жылдан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Мұратбай Жолдасбаевқа да сенатордың жұмсақ креслосы бұйырған екен.
Батысқазақстандықтар қазіргі сенаторлары Ерболат Мұқаевқа сенім артса, Қарағанды облысынан «Қазақмыс» корпорациясының өкілі Сергей Ершов сайланған. Қостанайлықтар да әкім орынбасарын Сенатқа ұзатуды жөн көрген секілді. 57 жастағы Серік Бетұрғанов 2005 жылдан осы облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген. Қызылорда мен Павлодар облыстары мәслихат хатшыларына сенім артыпты. Қызылорда облысынан сайланған Бекмырза Еламанов та, Павлодар облысынан сайланған Манап Көбенов те облыстық мәслихаттың хатшылары. Солтүстік Қазақстаннан облыстық статистика департаментінің жетекшісі Ольга Перепечина сайланса, Оңтүстік Қазақстан облысынан да әкім орынбасары Әли Бектаев сенатор атанды.
Сонымен, сенаттыққа сайланған 16 депутаттың 4-еуі бұрынғы сенаторлар, үшеуі – мәслихат хатшылары, бесеуі – аймақ әкімдерінің орынбасарлары, біреуі – бұрынғы әкім.
Парламент Сенаты 47 депутаттан тұрады. Олардың 15-ін Президент тағайындайды. 32-сі мәслихат депутаттары тарапынан сайланады. Олардың өкілеттігі – 6 жыл. Әрбір үш жыл сайын 16 депутатқа сайлау жүргізіледі. Келесі сайлау 2017 жылы өткізілмек. 2011 жылы сайланған депутаттарға сайлау жүргізілетін болады.
Халықаралық бақылаушылар Қазақстан Сенатына сайлаудың өте жоғары деңгейде өткенін айтып, сайлау толықтай әділ өтті деген баға беруде. Дегенмен, жергілікті сарапшылар мен саясаттанушылардың Сенат сайлауына қатысты өз уәжі бар. Саясаттанушылардың пікіріне сүйенсек, Сенатқа сайланушылардың дені бұрынғы атқарушы билік өкілдері, жұмыссыз қалған әкімдер мен олардың орынбасарлары. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев «Мегаполис» газетінде бұл жолғы Сенат сайлауының алдыңғы сценарийлер бойынша жүзеге асырылғандығын айтады («Старые новые сенаторы: смешаются с толпой иль мощь свою проявят?»): «Сол баяғы орынбасарлар, мәслихат хатшылары, бизнесмендер. Олардың арасында халықтың үнін жоғарыға жеткізетін, елдің мұңын ашына айтатын жандар аз. Өйткені аймақтардан сайланған депутаттар аймақ мәселесін жақсы білгенімен, атқарушы биліктің арасынан шыққандықтан көп нәрсені батылы жетіп қозғай қоймайды. Сенат саяси тұрғыдан Мәжілістен жоғары тұрғанымен, заңдарды талқылауға келгенде төменгі палата депутаттарындай қызу талқылау болмайды. Мұнда көп партиялылық, пікір алуандығы жоқтың қасы»,– дейді ол.
Сол себепті де, Сенаттың бүгінгі ел арасындағы беделін және оның атқарушы билікке ықпалын төмен деуге негіз бар.