ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ: МАҢЫЗДЫ ҮШ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛДІ
ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ: МАҢЫЗДЫ ҮШ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛДІ
Қазақстандағы ең жоғары қаржылық реттеуші – Ұлттық банк жаққа жұрт жиі елеңдейді. Қаржылық ахуал, оның бүгіні және ертеңі талай адамды алаңдататыны анық. Ұлттық банктің тізгіні қолына бір жыл бұрын тиген Қайрат Келімбетов өзі басшылық ететін мекеменің күн тәртібіндегі маңызды мәселелер туралы баспасөз мәлімдемесін жасады.«Зейнетақыға қатысты даудың алдын алдық»
ҚР Ұлттық банк төрағасының айтуынша, соңғы бір жылдың шеңберінде зейнетақы қорларының Бірегей Жинақтаушы Зейнетақы Қоры (БЖЗҚ) қанатының астына біріктірілуі көп кедергі мен қиындықтың алдын алған. «Бірегей Жинақтаушы Зейнетақы Қорын құрып, оның құрамына жеке зейнетақы қорларындағы шоттарды енгізу арқылы бәлкім, үлкен мәселенің алдын алдық», – деді Ұлттық банк төрағасы. Себебі жеке зейнетақы қорларында тәуекелді басқару жүйесі нашар болған және олардың қаржы инвестициялаған компаниялары дефолттың алдында тұрған екен. «Жеке зейнетақы қорлары қаржы салған 38 компанияның 32-сі дефолттың алдында болып, қор нарығының беделін түсіріп, жалпы оның дамуына кері әсер еткен». 2014 жылдың 1-тамызындағы деректер бойынша БЖЗҚ-да 9 280 337 жеке шот бар, 4 240,7 млрд. теңгеге сай зейнетақы жарнасы жинақталған. Бас банкир осы орайда негізгі екі дәйекті келтіреді: «Алдымен, зейнетақы қорларындағы қаржылық қорытындылар азаматтар үшін жағымды болмақ. Бұған дейін жеке зейнетақы қорларындағы комиссия жоғары болса, қазір оның құны 2 есеге дейін азайтылған. Бұл – миллиардтаған теңгеге сай сома». Сондай-ақ, соңғы кездері зейнетақы қорларына деген сенімділік артқан. Бұрындары зейнетақы қорлары бір-бірімен байланысты қандай да бір тұлғаларға, дефолттық ұйымдарға қатысты болса немесе банктер аса тиімді емес ұйымдардың құнды қағаздарына инвестиция жасаса, осы жылы сәуір-мамыр аралығында Инвестициялық декларация бекітіліп, Президенттің тапсырмасына сәйкес зейнетақы активтерін басқару жөніндегі Кеңес құрылған. Кеңес құрамына Үкімет басшысы, Парламент төрағаларынан бастап, белді тұлғалар және шетелдік белді-белді сарапшылар кіреді. Зейнетақы қорының активтері ең алдымен – бюджет тапшылығын қаржыландыруы үшін мемлекеттік құнды қағаздарға құйылады деген шешім қабылданған. Ал қалған бөлігі – облигация, банк депозиттеріне, демек, сенімді қаржылық құралдарға құйылады. Шетелдік құралдарға да инвестиция ретінде тартылады, бұл әртараптандыру үшін қабылданған шешім. Ұлттық банк жалпы, зейнетақы қорларының қаржылық көрсеткіштері жақсы болады деген сенім білдіреді.
Былтырғы жылдың аяғында біріктірілген қорлардың салымшылары өз шоттары туралы ақпаратпен жылдың алғашқы жартысында құлақтандырылса, ал қалған салымшыларды осы жылдың аяғына дейін толық ақпаратпен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Қазір азаматтар өз шоттары туралы ақпаратты Зейнетақы Төлемінің Мемлекеттік Орталығы арқылы біле алады. Ұлттық банк Үкіметке осы сынды ұсыныспен шығып, оның бастамасы қолдау тапқан. Енді базаны электронды үкімет базасымен біріктіріп, қазан-қараша айларында азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы инвестициялық табыстарын көре алады. Яғни, БЖЗҚ, салымдарды басқару жүйесіндегі ауқымды реформа аяқталуға жақын. Зейнетақы активтерін басқару Кеңесі инвестициялық декларацияны қабылдады. Алдағы 10 жылда зейнетақы активтерін инвестициялаудағы портфель былайша бөлінеді деп көзделуде: 33 пайызы – мемлекеттік құнды қағаздарға, 33 пайызы – банк құралдарына, 33 пайызы – сыртқы активтерге, өйткені, сыртқы активтер, тіпті валюталық реттеу кезінде де валюталық қатерді әртараптандыруға ықпал етеді. Демек, зейнетақы активтерін басқару сенімді қолда деп айтуға толық негіз бар.
«Акционерлердің жауапкершілігі артуы тиіс»
Ұлттық банк тарапынан қолға алынған тағы бір маңызды мәселе – банктердің өзіндік капиталын арттыру. Қазір елде екінші дәрежелі 38 банк бар. Қаржы ұйымының лицензиясын алып, осы рынокте жұмыс істеу үшін өзіндік капиталы 10 млрд.теңге болуы тиіс. Ал енді Ұлттық Банк банктердің өзіндік капиталын 100 млрд.теңгеге дейін жеткізуі тиіс деген бастама көтеріп отыр. Бұл шара кезең-кезең бойынша жүзеге асады: 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап – 30 млрд. теңгеге; 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 50 млрд. теңгеге; 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 75 млрд. теңгеге; 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 100 млрд. теңгеге жеткізіледі. Негізгі себептер ретінде мына жайттарды айтуға болады. 2007-2008 жылғы қаржылық дағдарыс кезінде банктердегі мәселені шешуге мемлекет тарапынан мықтап көңіл бөлінді. Сондай жағдайлардың қайталанбауы үшін және мемлекеттің көмегіне қол созудың тағы орын алмауы үшін акционерлердің жауапкершілігі артуы тиіс. Егер банк акционері банк бизнесін салмақты түрде қабылдаса, онда банктің әрі қарай дамуына, оның капиталының артуына дұрыстап назар адаруы тиіс. Бұл ретте тәуекелді басқару шаралары кеңейген. Екінші мәселе – ол банктердің халықтан жинайтын депозиттері. Қазіргі күні кез келген банк халықтан шектеусіз депозит тарта алады. Елде қазір ауқымы жағынан ірі-ірі 10-15 банк болса, олардың қолында депозиттің 96 пайызы шоғырланған. Ұлттық банк Төрағасы Қайрат Келімбетов: «Бұл банктердің арасында қаржысы жеткілікті банктер де бар. Сондай-ақ, қорындағы қаражатын арттыруды қажет ететіндері де жетеді. Өз капиталына көп қаржы салмаған орташа және кішігірім банктер де бар. Сондықтан, біз осы мәселені кеңінен талдап, қарастырып, елдегі 38 банктің басшыларының әрқайсысымен бір-бірлеп кездесіп, мәселенің дұрыс шешілуі үшін қаржы ұйымдары төрағаларының көзін жеткіздік», – дейді. Бұл ретте кішігірім банктердің бастары қосылып, біртіндеп іріленіп, отандық қаржы нарығында әжептеуір ауқымды банкке айналу үрдісін көруге болады. Мәселен, Альянс, Темір банктері, «Верный капитал» Тобы Форте банкпен біріктіріліп жатқанын байқауға болар. Ал онсыз да ірі банктер Қазкоммерцбанк пен БТА банктің қосылуын, Халық банкі құрамына HSBC банктің енуін көреміз.
Бас банкирдің айтуынша, тағы бір назар аударатын жайт – қазақстандық банктердің дамуын, олардың орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету – халықтың қаржы жүйесіне деген сенімін сақтаумен байланысты. Бүгінде көршілес жатқан Ресейде күн сайын қаншама банк лицензиясынан айрылып жатыр .Ал Қазақстанда 2006 жылдан бері ешбір банк банкротқа ұшырамаған екен. Себебі, банктің банкротқа ұшырауы –халықтың қаржы жүйесіне деген сенімінің азаюына әкеп соғуы әбден мүмкін. Кезіндегі «Валют Транзит Банктің» банкротқа ұшырағандағы жаңғырығы әлі де естіліп жатады. Міне, сондықтан да халықтың банк секторына деген сенімін сақтау Ұлттық банк үшін аса маңызды. Бүгінгі күні депозиттер құны 24 млрд.АҚШ долларынан асқан, бұл дегеніңіз, әрине өте жақсы көрсеткіш. Міне, банктердің өзіндік капиталын арттыру талабы – олардың халықтан депозит тартуымен өте байланысты. Өз капиталын арттырғысы келмейтін банктер халықтан депозит жинай алмайды. Депозит салымшыларының мүддесін қорғау үшін мынадай шектеу жасалынады: Егер өз капиталы 10- 30 млрд. теңге болса, 10 млрд.теңгеге дейін депозит тарта алады; Егер өз капиталы 30- 50 млрд. теңге болса, 50 млрд.теңгеге дейін депозит тарта алады; Егер өз капиталы 50- 75 млрд. теңге болса, 75 млрд.теңгеге дейін депозит тарта алады; Егер өз капиталы 75-100 млрд. теңге болса, 100 млрд.теңгеге дейін депозит тарта алады. Ұлттық банктің ұстанымын Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы мен Қазақстан Қаржы Қауымдастығы да қолдап отыр. Әрі жақында ғана қабылданған Қаржы Концепциясына сай келеді.
«Түйткілді несиелер» деңгейін азайту – басты мақсаттарымның бірі»
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің осы қызметке тағайындалғанына осы қазан айында бір жыл болды. Осыдан бір жыл бұрын ол «Түйткілді несиелер» санын азайту – басты мақсаттарымның бірі», – деп ағынан жарылған Бас банкир алдына қойған мақсатын қаншалықты жүзеге асырды? Қазіргі күні проблемалы несиелердің жалпы құны 4 685,5 млрд. теңгеге тең екен, бұл дегеніңіз банк секторы несие қоржынының 32 пайызына жуық. Несиені алып төлей алмай отырғандар – заңды тұлғалар мен орта жəне шағын кəсіпкерлік өкілдері. Түйткілді несиелердің 72 пайызы – заңды тұлғалардың үлесіне, ал 13 пайызы орта және шағын бизнестің үлесіне тиеді. Сала-сала бойынша бөліп қарастырсақ, проблемалық несиелердің негізгі үлесі құрылыс және жылжымайтын мүлікпен операциялар, сауда сияқты салаларда шоғырланған. Тағы бір ескеретін жайт, осы проблемалық несиелердің үштен екіге жуығы – банктер. 2006-2008 жылдар аралығында берген қайтарымсыз қарыздардан тұрады. Нақ сол жылдары банктердің несие беру қарқыны жоғары болғаны белгілі. Қайтарымсыз қарыздардың едәуір үлесі осы үш банкке тиесілі. Ұлттық банк аталған түйткілді несиелердің санын азайту үшін «Түйткілді несиелер қорын» құрған. Жалпы, түйіткілді қарыз банктердің экономикада белсенді жұмыс істеуіне кесірін тигізеді. Ұлттық банк қазіргі күні проблемалық қарыздардың жоғары деңгейі банктердің несиелік қоржынның өсуін тежейтін негізгі жайттарының бірі деп есептейді. Сондықтан да банк жүйесіндегі несие қоржынының сапасын жақсарту және түйткілді несиелердің мөлшерін азайту үшін біраз іс-шараны қолға алып отыр. Оның ішіндегі негізгі көмек – заңнамалық кедергілер мен шектеулерді жою, Ұлттық қордан мақсатты трансферт есебінен республикалық бюджет арқылы «Түйткілді несиелер қорының» қаржы ресурстарын капиталдандыру. Ұлттық банк осы биыл мамыр айында «Түйткілді несиелер қоры» акционерлік қоғамының жұмыс істеу Тұжырымдамасын да əзірледі. Ұлттық банк Үкіметке және Қаржы министрлігіне біраз ұсыныстарын жасапты. Ең негізгісі – салықтық ынталандыру. Салықтық ынталандыру дегеніміз не? Мəселен, банк өзінің мойнындағы жүк болып тұрған қарызды – орта және шағын бизнестің немесе заңды тұлғалардың қарызын кешіре алмайды, себебі, ол кешірген күннің өзінде мемлекетке, салық органдарына сол қарыз бойынша салық төлеуін жалғастыра береді. Сондықтан, Ұлттық банк Үкіметке сол банктерге салықтық жеңілдік қарастыру бойынша ұсыныстар жасаған.
Ресми деректерге сүйенсек, түйткілді несиелер, қазір бүкіл несиелік пқоржынның 32 пайызына тең. Осыған байланысты Ұлттық банк алдын алу шараларына қатысты заңнама шеңберінде банктердің несие қоржынындағы қайтарымсыз қарыздардың үлесіне арналған лимиттер (2013 жылдан бастап – несие қоржынының 20 пайызы, 2014 жылдан бастап – 15 пайызы) енгізген. 2016 жылы қайтарымсыз қарыздар бүкіл несие қоржынының 10 пайыздан аспауы тиіс. Ұлттық банк жекеменшік банктердің несие қоржынының сапасын жақсарту жөніндегі жұмысты жандандыру мақсатында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайтарымсыз қарыздар бойынша 10 пайыз деңгейінде пруденциялық норматив енгізетін болады. Мұны банктердің лицензиясынан айыру, акционерлерінің алдына банк басшыларын өзгерту мәселесін қою деп түсінген жөн. Ал 2016 жылдан бастап, Банктер өздерінің проблемалық несиелерін азайтпаса, онда банктер қаржы нарығында жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады. Ұлттық банк қордаланған несиенің көлемін азайту үшін ауқымды шараларды қолға алғанымен, болашақта түйткіл несиелердің жинақталып қалмауы үшін заңды тұлғалар мен шағын кəсіп иелеріне, жалпы несие алуға ниеттенген азаматтарға жеті рет өлшеп-пішіп алу қажет дейді. Бір жылдың ішінде Ұлттық банк қолға алған іргелі үш шара – қаржы нарығының еркін тыныстауына мүмкіндік беріп, банк секторын қордаланып қалған мәселелі қарыздан азайтуға, болашақ зейнеткерлер алаңдамайтындай зейнетақы активтерінің сенімді басқарылуына ықпал еткені айқындалып отыр.