ТӘЖІБАЕВ АЙМАУЫТОВТЫҢ ҮМІТІН ТОЛЫҚ АҚТАДЫ

ТӘЖІБАЕВ АЙМАУЫТОВТЫҢ ҮМІТІН ТОЛЫҚ АҚТАДЫ

ТӘЖІБАЕВ АЙМАУЫТОВТЫҢ   ҮМІТІН ТОЛЫҚ АҚТАДЫ
ашық дереккөзі
399
Қоғамдық ғылымдар академиясының толық мүшесі, профессор Жолмұхан Түркпенұлы ғылыми ортаға кеңінен танымал. Кезінде ұстазы академик Төлеген Тәжібаевтың жетекшілігімен психология ғылымын дамытуға өз үлесін қосқан жанның өмірден көргені мен ойына түйгені көп. Ал ұстазы Тәжібаевтың елімізде Сыртқы істер министрлігін құрып, қалыптастыруда, сондай-ақ педагогика-психология ғылымының негізін салып, дамытуда сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Төлеген Тәжібаев туралы қалай айтсақ та жарасады. Жуырда Жолмұхан ақсақалмен де Тәжібаев туралы әңгіме-дүкен құрған едік. Енді соны газет оқырмандарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.– Жолмұхан аға, психология ғылымының алғашқы ұғымы бізге өткен ғасырдың жиыр­масыншы жылдары ғана келе бастады. Алаш арыстары Жү­сіпбек Аймауытов, Мағжан Жұма­баев, Міржақып Дулатов және басқалар психологияға қатысты мағлұматтар беретін еңбектер жазған. Әңгімені осылардан бастасақ деген ойым бар.
– Иә, олардың көбі мектептерде мұғалім болып, ағартумен айна­лысқан. Арыстар бұл ғылымның на­ғыз маманы болмаса да, алғаш­қы танымдық нұсқаларымен шәкірт­тер­ді таныстырды. Қазақ әліпбиіне төте жазуды алып кеген Ахмет Байтұрсынов ұлттың ең үлкен ұстазы. Ол Мағжанға, Жүсіпбекке, Міржақыпқа осы ғылым жайында оқулық жазуды тапсырған екен. Оның ең сенгені Жүсіпбек Аймауытов болған секілді. Соған көп үміт артқаны байқалады. Жүсекең содан 1926 жылы «Психология» деп аталған кітап жазып шықты. Оқулықтың мәні осы күнге дейін өте маңызды. Біз сол кітапты қазір де студенттерге дәріс оқу барысында пайдаланып келеміз. Тіптен арнаулы семинар сабақтары да өтеді. Оның өнер және кәсіп таңдаудағы айтқандары күні бүгінге дейін құнды. 
Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы» 1922 жылы Орынборда, бір жылдан соң Ташкентте басылып шықты. Бұл психологияның элементтері бар методикалық сипатта жазылған оқулық. Олардың сол ғылыми педагогикалық еңбектері бойынша диссертациялар да қорғалды. Солармен қатар Халел Досмұхамедов, Сәлкен Балаубаев, Қожахметов секілді педагогтардың да психологияға қатысты еңбектері бар. Өкінішке қарай, солардың бәрі отыз бір мен отыз жетінің зобалаңында құрбан болып кетті. Біразын итжеккенге он, он бес жылға айдап жіберді емес пе? Содан бұл ғылымды көтеретін елде ешкім қалмаған. 
Жалпы педагогика мен психология бертінге дейін біріктіріліп, оқытылып келген. Кейіндеу арасын ажыратып, екі бөлек пән ретінде қаралған еді. Қазір Ресей ғалымдары арасын қайта қосып жатыр. Олардың университеттерінде «Психология кафедрасы» ұйымдас­ты­рыл­ған.
Психологиядан оқулық жазбады демесең, олардан бұрын Абай да артында психологиялық ойларға толы еңбектер қалдырды ғой. Абайдың айтқандары күні бүгінге дейін маңызды. Ол: «зерек ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» деп адамның үш қасиетін айтқан жоқ па. Адам бойындағы психикалық қасиеттердің негізі осылар. Кейін менің тамаша ұстазым Төлеген Тәжібаев «Абайдың психологиялық көзқарастары» атты кітап жазған. Кітап орыс тілінде шыққан. Ол кезде бұл ғылымға байланысты еңбектерді қазақша жаздырмаған. Турасы жаздыртпайтын. 
– Алаш арыстары психология ұғымының бастауларында тұрды. Ал енді таза ғылым ретінде қашан қолданыла бастады?
– Арыстар психолог мамандар емес. Олар ақын, жазушы, мемлекет қайраткерлері. Олар психология ұғымын ағартушылық еңбектерінде қосымша алып жүрген. Ал негізгі идеяны орыс кітаптарынан алған. Соларға қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін қосып, ұлттық сипат берген. Шындап келгенде, психология орыстардың төл тумасы емес. Оның ғылыми негізі батыстікі. Орыстардың солардан алғаны анық. Оған психологиялық терминдерінің елу пайызы дәлел. Неміс, француз, итальян, гректен алынған. Мысалға темперамент, характер, личность және т. б. 
Бізге таза психология ғылымын академик Төлеген Тәжібаев алып келді. Ол Жүсіпбек Аймауытовтың шәкірті. Аймауытов 1926-1929 жылдары Шымкентте педтехни­кум­ның директоры болған. Шәкірт­теріне берген дәрістерінің арасын­да психология да бар екен. Тәжібаев сол техникумда оқып, ұстазына зеректігімен ұнаған. Бәлкім, Аймауытов сонда психология ғылымы бізде кенже қалып қойғаны жөнінде айтып, оған ой да салған шығар. Тәжібаев техникумды үздік бітірген кезде Аймауытов оны оқытушы етіп алып қалған. Болашағынан үлкен үміт күткен ғой. Отыз бірінші жылы Аймауытовты «халық жауы» деген жаламен ұстап, атқызып жіберді. 
Ол ұстаз үмітін ақтау үшін Мәскеуге барып, Коммунистік тәр­бие академиясына оқуға түседі. Сонда төрт жыл Педагогика және психология факультетінде оқыған. Тәжібаев академияны үздік бітіреді. Ұстаздары оның білімге деген құштарлығын бағалап, психология ғылымының мықты ғалымдары жиналған Ленинградтағы Герцен атындағы педагогика университетінің аспирантурасына жіберген. Ол университет қабырғасында жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, комсомол комитетінің хатшысы қызметін қоса атқарады. Күнкөріс үшін басқа да жұмыстар істеген. Кей жылдары жазғы демалысында Арыстағы Кабановтың үйіне келіп кетеді екен. Мен Кабановтың өзін көргенім жоқ. Ал балаларымен кездестім. Қазір бір немересі Таразда тұрады. Анда-санда болса да, хабарласып тұрамыз. Ол ғылым кандидаттығын да, докторлығын да сол Ленинградта қорғады. Университет ректоры: «Төлеген Тәжібаевич, сіз аса дарынды психологсыз. Сіздей психолог ғалым біздің университетке аса қажет. Осында ғылыми жұмыстар жүргізуіңізге біз барлық жағдай жасаймыз», – деп ұсыныс жасаған. Сонда ол: «Қазақстанда педтехникумда оқып жүрген кезімде ұстазыма берген уәдем бар еді. Біздің республикада психология ғылым ретінде дамымаған. Соған байланысты елге барып, осы ғылымды жолға қойып, шәкірттер тәрбиелеп шығарғым келеді», – деп бас тартқан екен. 
Араға он жылдай уақыт салып, яғни 1938 жылдың жазында Алматыға оралып, Қазақ педагогика институтына жұмысқа тұрады. Сол кезде елдегі оқымыстылардың шоғырланған жері де осы институт болған. Ал Киров атындағы университет енді ғана құрылып, қалыптасып жатқан кез еді. Тәжібаев институтқа орналаса салысымен «Педагоика және психология» кафедрасын құрып, соның меңгерушісі болды. Бірақ онда көп уақыт істей алмады. Екі жылдан соң Халық ағарту комиссариаты қызметке шақырып, комиссардың орынбасары етіп тағайындалған. Арада көп уақыт өтпей жатып-ақ комиссар болады. Қазіргі Оқу және білім министрі ғой. 
Содан Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Республика Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың орынбасары қызметіне жоғарылатылып, басшылықтың идеология жағын сеніп тапсырған. Респуб­ли­каның білім, ғылым, әдебиет, өнер, мәдениет жұмыстарын ұйымдастыру мәселесімен айналысады. Ал өндіріс жағын Дінмұхамед Қонаев басқарған. Қазіргі Абылай хан мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында құрылысы жаңа ғана біткен тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер беріліп, ОК-тің өндіріс жөніндегі хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен көрші тұрады.
– Сіз Төлеген Тәжібаевты ұс­таз­ тұтасыз. Демек дәрісін тың­дап, тәлім-тәрбиесін алдыңыз. Тә­жі­­баев­­тың өмірде бітім-болмысы қан­дай еді?
– Мен орта мектепті 1951 жылы осы Алматыдағы Жамбыл Жабаев атындағы №18-ұл балаларға арналған мектеп-интернатта бітірдім. Сол жылы Қазақ университетінің физика-математика факультетіне түстім. Төлеген Тәжібаев университет ректоры. Факультет басшылары маған: «Сен осы облыстан екенсің. Ал бізде студенттерге жатақхана жетіспейді. Осы қалада жақын туыстарың болса, сонда тұрарсың», – деп жатын орын бермей қойды. Еңбекшіқазақ ауданындағы Шыбыл деп аталатын ауылым Алматыдан жетпіс шақырым жерде. Ол кезде бүгінгідей ағылып жатқан көлік қайда. Мен: «Мұнда ет жақын туыс­тарым жоқ. Ал ауылымнан күн сайын қатынап оқи алмаймын», – десем олар көнбей қойды. 
Алматыда туыс жоқ. Пәтер жалдап тұруға жағдай көтермейді. Стипендия болар-болмас қана. Күнделікті тамағыңнан артылмайды. Ал оқу керек. Қайда барып, кіммен сөйлесемін? Солай жүргенімде жанашыр біреулер: «Ректор Тәжібаевқа бар. Жұрт оны қайырымды кісі деп мақтайды. Алдына барғанның бәріне қол ұшын береді екен», – деді. Қабылдауына кіре алмай тағы біраз күн жүрексініп жүріп қалдым. Мезгіл қысқа таянған сайын күн суып барады. Шыдамның да шегі бар. Ақыры жан қысылған шақта сол кездегі Совет көшесі мен Ленин даңғылының қиылысындағы қос қабатты ғимараттың есігін аштым. Бұрын бұл орыс гимназиясы болған. Михайл Фрунзе, Тоқаш Бокин секілді төңкерісшілер оқыған. Кейін Кеңес өкіметі орнаған соң университетке берілді. 
Қабылдау бөлмесінде отырған хатшы қызға шаруамды айттым. Ол: «Қазір ректордың қабылдауында бір кісі отыр. Сол шыққан соң кіресіз», –деді. Шағын кабинеттің төр жағындағы стол басында Тәжібаев отыр. Орта бойлы, аққұба өңді, қасы-көзі қап-қара келісті келген кісі екен. Сәлемімді жанарларынан ұшқын шаша күлімсіреп алды да, алдындағы орындықты меңзеп: «Отырыңыз», – деді. Студент екенімді білген соң: «Маған қандай шаруамен келдің?», – деп сұрады. Кейде студенттер лауазымы үлкен кісінің алдына барғанда біртүрлі ыңғайсыз күй кешеді ғой. Мен де солай келген шаруамды қиналып айттым-ау, әйтеуір. Ол кісі: «Бізге физика-математика маманы аса қажет. Көп оқуды, көп ізденуді талап етеді. Ол үшін тәртіпті болып, жақсы оқуың керек. Соған уәдеңді берсең жатақхана беріледі», – деді жымиып. Мен уәде бердім. Ол проректорды шақыртып, маған жатаханадан орын алып беруді тапсырды. Солай жатақханаға орналастым. 
Тәжібаев сол кезде университеттің ректоры ғана емес, Сыртқы істер министрі де еді. Сол министрліктің шаңырағын өзі көтеріп, әр облыстан Шамжанова секілді шет тілін білетін жоғары білімді мамандар іздеп тауып, бар ісін жолға қойған. 
КСРО Сыртқы істер министрі Молотовтың орынбасары ретінде Нью-Йоркке бірнеше рет делегация­ны бастап барған. Біріккен Ұлттар Ұйымында Латын Америкасы, Азия, Африка елдері жөніндегі бөлімді басқарады. Кезекті бір сессияда биік мінберден сол елдердегі халықтардың сауатсыздығын жойып, тұрмыс деңгейлерін көтеру жөнінде сөз сөйлеген тұңғыш қазақ. Сонымен бірге ол Молотовтың бұйрығымен бүкіл Кавказ, Орта Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің жетекші-ақылшысы қызметіне де тағайындалады. Қала берді институтта педагогика және психология кафедрасын басқарды. Оның ағылшын тілін жетік меңгергені былай тұрсын, баяндамаларын да сол тілде сауатты жазатын. Бір өзі қаншама қызметті атқарды десеңізші. Ерік-жігеріне таңданбай көріңіз! Индияда КСРО елшісінің кеңесшісі болып жүрген кезінде сол елдің барлық басшыларымен, ақын-жазушыларымен кездесіп, пікір алысып жүрген. Оның елшімен келісіп алмай өздігімен кездесу өткізетіндігі Мәскеуге ұнаған жоқ. Содан кейін елге қайта шақыртылып алынды. 
Қай бір жылы ұстазым туралы материалдар жинап жүріп, минстрлікке барғаным бар. Сонда министр Михаил Иванович Есенәлиев мені Тәжібаевқа арналған бөлмеге апарып, ол кісі отырған жұмсақ орындықты, столды және қолданған кеңсе заттарын көрсетті. 
Бір кездескен, сөйлескен адамдардың аты-жөнін ешқашан да ұмытпайды екен. Кейде университеттің ұзын дәлізінде, кейде ауласында тұрсақ, алыстау жерден ол фамилиямызды атап шақырып алады. Жағдайымызды сұрап: «Сабақ үлгерімдерің қалай? Берген уәделе­рің­ді орындап жүрсіңдер ме?», – деп сұрайды. Сонда біз ол кісінің есте сақтау қабілетіне таң қалушы едік. Кейде қолымыз қалт еткен шақта психологиядан сол кісінің дәрісін тыңдап жүрдік. Кез келген жанды сыпайы мінезімен, терең білімімен, сөз мәнерімен, шешендігімен, қарапайым­ды­лық қасиеттерімен өзіне тартып алады екен. Қазақшасы да, орысшасы да бірдей. Содан бастап мен психологияға қызыға бастадым. Өзі жеті жасында жетім қалған. Арыс қаласында көшеде аштықтан бұра­тылып жатса керек. Кабанов деген бір орыс теміржолшы көріп, сол маңдағы үйіне көтеріп алып келеді. Жуындырып, киіндіріп, тамақ беріп есін жиғызған. Күзде мектепке баратын кезде балалар үйіне өткізген. Демалыс күндері үйіне қайта әкеліп, өзінің төрт баласымен ойнатып, дүйсенбіде балар үйіне апарып жүреді. Ол солай балалар үйінде тәрбиеленіп, Кабановтың отбасында орысша тіл сындырыпты. 
Тәжібаев қазақ студенттеріне арнап «Жалпы психология» деп аталған кітап жазады. Бірақ оны сол кездегі орыстандыру саясатына байланысты баспадан шығармай қояды. «Еруліге қарулы» демекші, Тәжібаев қандай айла қолданды дейсіз? Оны бірнеше тақырыпқа бөліп, қазақ газеттеріне мақалалар түрінде жариялаған. Қазақша тілі қандай төгіліп тұр. Бұл кісінің тілге шешендігін Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалап, әңгімесін сүйсіне тыңдаушы еді. Сол кезде анау-мынау ғалымдарың ол кісінің алдында мысы басылып отыратынын талай рет көрдік. 
Профессор Құбығұл Жарықбаев екеуміз Тәжібаевтың ғылыми еңбектерін жинап, жарыққа шығару барысында ұстазы Аймуытовтың еңбектерімен салыстырып көрген жайы­мыз бар. Сонда бір байқағанымыз оның терминологиясы Аймауытов негізіне тура келеді екен. Демек идея­сы бір. Аймауытовтың 1926 жылы жарық көрген «Жан жүйесі және кәсіп таңдау» деген еңбегі бар. Тәжібаевтың да тереңдеп зерттегені сол тақырып еді. Солай Аймауытовтың ғылыми идеясын кеңінен таратқан.
– Сіз университеттен физика-математика маманы болып шық­тыңыз. Ал психология ғылымына қа­лай бардыңыз?
– Университетті бітірген соң Іле ауданындағы Жетіген орта мектебінде мұғалім болдым. Оқу ісінің меңгерушісі қызметін де атқардым. Неге екенін қайдам, психология ғылымына аңсарым ауды да тұрды. Әуелгіде жәй қызығушылық болар деп те жүрдім. Бірақ ішкі жан сезімім сол мамандыққа еріксіз тарта берді. Ақыры Тәжібаевқа барып: «Төлеген аға, мен сіз секілді психолог болсам деген ойым бар. Сіз маған қандай кеңес берер едіңіз?», – дедім. Ол әдеттегідей жылы шырайымен қарап тұрып: «Саған неге психолог болмасқа? Тек жақсылап даярлансаң жетіп жатыр. Мына біздің кафедрада бағдарламалар бар. Соларды ал. Мен сені Қарағандыдағы өте жақсы психолог Сәлкен Балаубаевқа тапсырайын», – деді де сол бойда Қарағандыға телефон шалып, онымен сөйлесті. Мені екі, үш жыл өзіне ассистент етіп, психология мамандығына дайындау­ды, содан кейін өзі аспирантураға қабылдайтынын айтып, өтініш жасады. Ана кісі қарсы болған жоқ. Бірден келіскенінен Тәжібаевты қатты сыйлайтынын байқап қалдым. 
Қарағандыда төрт жыл сол кісінің ассистенті болып, етене таныстым. Кезінде Тәшкендегі Орта Азия мемлекеттік университетінде Халел Досмұхамедовпен бірге оқыған екен. Университеттің психология факультетін бітіріп, аспирантураға түсіп, Алматыдағы педагогикалық институтқа ғылым кандидаты атағымен келген. Институтта педагогика саласы бойынша ғылымды ұйымдастырып, былайша айтқанда, психология бөлімін ашып, практикалық жұмыстар жүргізген. Көп ұзамай филология факультетінің деканы қызметіне тағайындалған. Оның қарамағында Мұхтар Әуезов, Құдайберген Жұбанов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов қызмет етеді. 1937 жылы «халық жауы» ретінде қудалана берген соң бой тасалап, Оралға кетіп қалған. Бірақ НКВД-ның құрығы ұзын емес пе?! Сол жерден ұстап, сот алғашқыда ату жазасына үкім шығарғанымен, кейін оны жиырма бес жыл түрмеге ауыстырған. Соның жиырма жылын отырып, ақталып елге оралады. Ғылыми атақтары өзіне қайтарылып, министрлік Қарағанды пединститутына кафедра меңгерушісі етіп жіберген. 
Балабаев мені төрт жылдан соң Тәжібаевқа алып келді. «Төке, мына шәкіртіңіз енді аспирантураға толық дайын. Институтта студенттерге сабақ берді. Практикалық сабақтарды да жүргізді. Бәрін толық меңгерді», – деді. Үш сынақтан ойдағыдай өтіп, Тәжібаевтың аспиранты болдым. Менен басқа үш аспирантқа да өзі ғылыми жағынан жетекшілік етті. Маған «Балаларды еңбекке тәрбиелеп, мамандық таңдауға бағыт беру» атты тақырыпты бекітіп берді.
Аспирантурада оқып жүрген жылдары мен ол кісімен етене араласып кеттім. Үйінде Мәскеу мен Ленинградтан алып келген құнды кітаптары бар еді. Мені үйіне ертіп барып, кітаптарды көрсетті де: «Мен бұл кітаптарды үйге алып кетуге бермеймін. Осы біздің үйге келіп оқисың, – деп әйелі Әзизаға бұрылды. – Жолмұхан менің аспирантым. Біздің баламыздай көріп, үйге келгенде қажетті кітаптарын беріп тұрарсың», – деді. Әзизаның мамандығы да психолог. Екеуі бірге оқыған. Пәтерінің бөлмелері шағын. Кабинетінің бір қабырғасы тұтас кітап. Кез келген уақытта үйіне барып, қажетті кітаптарды парақтап, конспекті жасаймын. Бұл менің ғылыми жұмысыма көп жеңілдік болды. Кейде өзі келіп қалады. Онда шайға шақырып, біраз әңгімесін айтады. 
Сол кезде әйелім науқастан қайтыс болып, үш баламен қалған едім. Көңіл күй жоқ. Еңсем түсіп, жасып жүргенмін. Соны байқап қалған ол мені бір жолы көлігімен саяжайына алып барды. Таза ауада демалып отырғанымызда маған көңіл айтты. Содан соң өзінің басынан кешкен жағдайларын әңгімеге арқау етті. Әке-шешесі, төрт-бес бауыры болғанын, олардың тамақтан уланып, қайтыс болып кеткендерін, солай жеті жасында жетім қалып, Арысқа бара жатқан үлкендерге ілесіп, қалаға келгенін, теміржолшы Кабановтың аштықтан құтқарып, балар үйіне бергенін, баласындай көріп асырап, тәрбиелегенін, Аймауытовтың үмітін ақтау үшін бар Мәскеу мен Ленинградта қосымша жұмыс істеп, өзін-өзі асырағанын, қысқасы, бар қиыншылыққа төзгенін тілге тиек етті. Әңгімесін тыңдап: «Менің басыма түскен қиыншылық бұл кісінің бастан кешкендерінің қасында ештеңе емес екен ғой», – деген ой билеп, бойым жеңілденіп, еңсем көтеріліп қалды. 
Тағы бірде ұстазым: «Жолмұхан, қазір қайда тұрып жатырсың?», – деп сұрады. Мен пәтер жалдап тұрып жатқанымды айттым. Ертеңіне өзі сол кездегі университет ректоры Закиряновқа алып барып, пәтер жағынан көмектесуін сұрады. Ректор: «Бұл аспирант, оқытушы да емес. Мен қалай үй алып бере аламын. Тек жатақханадан бір бөлме бере аламын», – деді. Үш жас баламен бір бөлмеде қалай тұра аламын? Шешем де қолымда. Тәжібаев мені араға күн салып жаңа ашылған Жоғарғы және арнаулы білім министрі Қали Біләловқа ертіп барды. Соған жағдайымды айтты. Біләлов көмектесетін болып, сөз берді. 
Тәжібаев науқастанып, орнынан тұра алмай қалса керек. Әйелі Әзиза «Жедел жәрдем» шақыртады. Дәрігерлер ауруханаға алып кететіндей болса, сыртқа көтеріп шығаратуға керек болып қалар деп үш студентті де шақыртқан. Төсекте жатқан Тәжібаев келген студенттерді көріп, әйеліне: «Менің денсаулығымнан гөрі бұлардың ұстазынан бір сағат дәрісін тыңдағандары жақсы еді ғой. Бекер шақыртқансың», – деп қатты ренжіген көрінеді.
Саяжайында оңаша отырып ашық әңгіме-дүкен құрған күндеріміздің бірінде Дінмұхамед Қонаев туралы да сөз қозғалды. Екеуі бір үйде көрші тұрды ғой. Аралары бір, екі жас демесең қатар кісілер. Ол: «Дінмұхамедпен тонның ішкі бауын­дай сыйласып тұрдық. Индияда елшінің орынбасары болып істедім. Содан елге оралған соң Қонаевтың қабылдауында болдым. Ол маған: «Төлеген Тәжібаевич, қандай қызметті көңіліңіз қалайды?», – деп сұрады. Мен: «Димеке, мен ғылымның адамымын. Мақсатым елімізде кенже қалған педагогика-психология ғылымын көтеру еді. Республикадағы жағдайларға байланысты басшылық қызметке араласып, ғылымға деген уақытымның көбісін өткізіп алдым. Міне, жасым болса елуден асты. Ендігі уақытымды осы ғылымды дамытуға арнасам ба деп отырмын. Маған деген көңіліңізге рахмет!», – дедім. Бертінде, ол кісі өмірден өтіп кеткен кезде базбіреулер: «Кезінде Қонаев Тәжібаев Индиядан оралған кезінде жұмыс бермей қойған», – деп бөсіп жүргенін талай рет құлағым шалған. Олардың қайсысының аузына қақпақ боласың. Ал менің Тәжібаевтан өз құлағыммен естігенім осы. 
Ғылыми жұмысын екі жылда жазып, әне-міне қорғаймын деп жүргенде Тәжібаев кенеттен өмірден озды. Бұл 1964 жыл болатын. Ол Мәскеуге асқазан ауруынан емделуге барған. Естуімізше, жасалған ота сәтсіз шыққан. Сонда 54-те ғана еді. Тәжібаевтың қайтыс болуына байланысты Қазақ Министрлер кеңесінің арнайы қаулысы шықты. Сонда оған зейнеткерлік ақы тағайындап, оның жартысын әйелі Әзизаға, жартысын өгей анасы ретінде Кабановтың әйеліне бергізу туралы шешім шығарған. Олар сол ақшаны асыраушысы жоқ жандар ретінде өмірден өткенше алып тұрды. Қаулының толық мәтіні менің «Тәжібаев» атты монографиямда бар. 
– Пәтерді қалай алдыңыз? Біләлов сөзінде тұрды ма?
– Біләлов мені шақырып алды да: «Мен Тәжібаевқа уәде беріп едім. Сол уәдемді орындауым керек. Пәтер алуың үшін бізге қызметке тұруың керек. Сонда ғана бір жылдың ішінде пәтер алсыз», – деді. Мен келістім. Сол жылы қыркүйекте минстрлікке қызметке тұрып едім, келесі жылдың қыркүйегінде мөлтек аудандағы жаңа салынған үйден үш бөлмелі пәтер алдым. Пәтер таңдауды да өз еркіме салды.
– Тәжібаевтан соң кандидаттық диссер­тацияңызды қалай қорға­дыңыз? Әдетте мұндай жағдайда жаңа ғылыми жетекші тапқанша аспи­ранттар тағы да біраз уақытын жоғалтып жатады ғой. 
– Қызмет бабымен әлдеқашан дайын болған диссертациямды қорғау уақыты бірнеше жылға созылып кетті. Өйткені іссапарға көп шығасың. Оның есебін бересің. Барған жерде жаңа шыққан оқу-әдістемелік жұмыстарды енгізесің. Тәжібаевтың орнына ғылыми жетекшім ҚазМУ-де кафедра меңгерушісі Арғынов деген кісі болды. ҚазПИ-де психология­дан кеңес болған жоқ. Кеңес Мәскеу мен Ленинградта еді. Ол жаққа қайта-қайта баруға жағдай көтермейтін болған соң, психология тақырыбын педагогика жағына икемдеп, осында педагогика ғылымдарының кандидаты атағын қорғадым. Ал тақырып психологияға тікелей байланысты. Кейін маған Мәскеу психология ғылымдарының доценті деп құжат берді. Арада біраз жылдар өткен соң ҚазМУ-де ұстаз болып жүріп, студенттер мен магистранттарға арнап жиырмадан астам оқулық, отыздай оқу құралдарын қазақ, орыс тілдерінде жазып, сол ғылыми еңбектеріме байланысты профессор атағын алдым. Қазір Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесімін. 
– Тәжібаев өмірден ерте кетіп, тағы қаншама ғылыми еңбектері жа­зылмай қалды. Сіз ұстаздың шә­кірті әрі іздеушісі ретінде артында жарық көрмей қалған мұраларына көңіл қойдыңыз ба? Жалпы кейінгі кезде ғалым әрі мәмілегер жөнінде нендей игі шаралар жасалынды?
– Ұстазым туралы оншақты кітап шығардым. Тәжібаевтың 100 жылдығы қарсаңында журналист Мамадияр Жақып екеуміз Шымкенттегі бұрынғы ол оқыған педтехникум орнында болып, бір гимназия мектебіне Тәжібаев атын беруге қозғау салдық. Қазір сол гимназия Тәжібаев атында. Арыста Төлеген Тәжібаев атындағы балалар үйі бар. Соның мұражайымен танысып, ғылыми еңбектер жинағын сыйға тарттық. Туған жері Сүткент ауылына барып, Жетісай ауданын араладық. Барған жеріміздің бәрінде халықпен кездесіп, ол туралы естеліктер айттық. Шардараға барғанымызда бір көшеге және орта мектепке атын бергізуге, ескерткішін орнатуға ықпал еттік. Кейін сол сапарымыздан «Қазақстан» баспасынан «Тәжібаев» атты кітап шығардық. Қазір жыл сайын Төлеген Тәжібаевтың ту­ған күні 23 ақпанда ҚазМУ-де ғы­лыми конференция өткіземіз. Университетте Тәжібаев атындағы «Ұлттық тәрбие» ғылыми орталық жұмыс істейді. Сол орталықтың ашылуына мұрындық болған, университеттің бұрынғы ректоры Көпжасар Нәрібаев. Ол таңдамалы жинағын жарыққа шығаруға да қолдау жасады. Профессор Құбығұл Жарықбаев екеуміз Тәжібаевтың бар ғылыми еңбектерін он томдық етіп жинағанбыз. Қаражат тапшылығына байланысты біраз жыл бойына жарық көрмей, кідіріп қалды. Кейін Жұмағұловтың басшылығы кезінде сол он томдықты төрт томға біріктіріп шығаруымызға тура келді. Сондай-ақ оның «Жалпы психология» мен «Таңдамалы шығармаларын» да шығардық. Ұстазымның «Ушинскийдің педагогикалық психологиясы» атты кітабын қазақшаға аудардым. Орыстың бұрынғы арғы-бергі ғалымдары Ушинскийді тек педагог деп бағалап жүрген. Ал Тәжібаев Ленинградта қорғаған кандидаттық диссертациясында оның психолог екенін де ғылыми негізде дәлелдеп берді. 
– Қазір Тәжібаевтың ұрпа­ғы­нан кімдер бар? 
– Төлеген Тәжібаевтың жалғыз ұлының да өмірі қысқа болды. Қазір екі немересі бар. Асқары Сыртқы істер министрлігінде, Еркежаны ішкі істер бөлімінде қызмет етіп, полковник шенінде зейнеткерлікке шықты. 
– Тәжібаев жинаған құнды кітаптар кімнің қолында?
– Сол кітаптарын кім алғаны бізге белгісіз. Әзиза апай да бақилық болды. Ал өзімде бар дүниелерді ҚазМУ-дің мұражайына өткіздім. Онда әлі еш жерде жарияланбаған суреттері қаншама. Шамамен жүзге жуық-ау.
– Өзіңіз министрлікте қыз­метте жүргенде КСРО Минис­трлер Кеңесінің «Ұсақ шаруашы­лық­тарды ірілендіру жөнінде» арнайы қаулысы шығыпты. Сіз сол кезде қазақ ауылдарындағы шағын елді мекендердегі мектептерге комиссия мүшесі болып барған екенсіз. Кейін 700 қазақ мектебі жабылып қалды деген сөздер айтылып та, жазылып та жатты. Сіз бұған не дер едіңіз?
– Ол кезде Қазақ университе­тін­де ұстаз едім. Оған қосымша Марксизм-ленинизм университетінің насихатшысы қызметін қоғамдық жұмыс ретінде алып жүрдім. Бұл алпысыншы жылдардың басы болатын. Елде тың көтерілген жылдардан бері жаңадан колхоз, совхоздар құрылып жатты. Онда біз ел ішіне әртүрлі мақсатпен шығатынбыз. Бір жағынан тың игерушілерді партияның саяси шешімдерімен таныстыру жұмыстарын жүргізсек, екінші жағынан ауылдық мектеп­тер­дің жағдайларымен танысу. Мектептердегі оқушылармен кездесіп, соларға кәсіби мамандық бойынша бағыт, бағдар беру. Тың облыстарда болдық. Бір емес, бірнеше рет іссапарда болдым. Тың көтерудің дүркіреп жатқан кезі. Сонда көргенім ауылдардағы үйлер саны бес, он үйден тұрады екен. Және олар қала мен аудан орталығынан сексен, жүз, тіптен жүз елу шақырым қашықтықта орналасқан. Үйлер көне. Тіптен кейбір қоржын тәрізді үйлердің бір бөлмесінде өздері жайғасса, қарсы бөлмеде малдарын түнемекке қамап тұрып жатқандарын көрдім. Электр шамы жоқ. Жермаймен жанатын білтелі шам. Оның да шынылары бүтін емес. Тұрғындары арықтың, құдықтың суын ішіп жатыр. Соғыстан кейінгі уақыт қой. Елдің экономикалық әлеуеті төмен. Ауылдарға салынған жолдар жоқ. Мектеп дейтіні ескі үйлердің бір бөлмесі ғана. Онда жастары әр құралыптағы төрт-бес баладан оқиды. Көбісі төрт жылдық мектептер. Балаларға сабақ беретін мұғалім де біреу. Ол математикадан да, дене тәрбиесінен де, ән-күйден де сабақ береді екен. Ал заманның талабы басқа. Әр пәннен өз маманы беруі керек. Бес, он үй үшін жаңа мектептер, емханалар, соншалық қашықтықтарға жолдар салу қалай айтқанда да ақылға сыймайды. Кейін әлгі қаулыға байланысты сол азғана үйлі ауылдарды біріктіріп, колхоз, совхоздарға қосты. Ол біздің іссапардан жазған есептерімізде толық айтылған. Қазір солар мұрағаттарда сақталды ма, сақталмады ма, одан бейхабармын. Мен өз көзіммен көргендерімді айтып отырмын. Ал әлгі 700 деп жүргендері өсіріп айтылған жәй сөз. Қазір де өркениеттен алыс жерлердегі шағын-шағын ауыл­дарды біріктіру керек. Тіпті, қазір де біріктіріп жатыр. Бұл дұрыс.
Тәжібаевтың ғылымға деген арман, мақсаты асқақ жан еді. Өкінішке қарай, өмірі қысқа болды. Бірақ Аймауытовтай алыптар әліппесін ашқан психологияның Тәжібаев ғылыми негізін қалап, оны биік деңгейге көтеріп кетті.

Сұхбаттасқан 
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары