ШЫБЫҚ ТИМЕЙ ШЫҢҚ ЕТЕР...

ШЫБЫҚ ТИМЕЙ ШЫҢҚ ЕТЕР...

ШЫБЫҚ ТИМЕЙ ШЫҢҚ ЕТЕР...
ашық дереккөзі
697
Бойындағы дарынын ұлтының мүддесіне жаратып, халықтың өз сөзін өзіне шекпен етіп жауып қайтаратын қаламгерлер қашанда қоғамның қаймағы саналған. Әлімсақтан сөз қадірін ұғынған қазақ үшін әдебиеттің қоғамдағы рөлі ең маңызды орын алады. «Әдебиетке ардың ісі» деп қарайтын қаламгерлерге сыншы ретінде әділқазылықты үрдіс етіп, қызбалыққа салынбай, қазымырлыққа ұрынбай, салқынқандылықтан жаңылмай, қаламгерлердің жеке басына тиіспей, әзіл-оспаққа, мазақтамаға айналдырмай, ақиқаттың ақ жолынан адаспай, турасын айтуда сыншылар қауымының орны ерек. Сарапталған, талданған сын айтуда сыншылардың бетегеден биік, жусанннан аласа болып, тапқырлық танытуы өз алдына, сынның қазақ әдебиетіндегі қалыптасуын, қарқынын арттырудағы ықпалының барын да ескергеніміз дұрыс. Осы ретте, бүгінгі қазақ әдеби сынының деңгейі мен оның кәсібилігі турасында ой қозғауды жөн көрдік.Аманхан ӘЛІМ, ақын, сыншы: – Қай ғасырда да, қай заманда да әдебиет­тің күрделі мәселесі ауыз­дан түскен емес. Бір кездері әдебиет жоқ, әде­биетте сын жоқ деген де сөз болған. Ол бола да береді. Десе де, мен осы сөздердің бірін де қабыл­даған емеспін. Қазір сын жоқ дейтін болсақ, онда әдебиеттің де жоқ болғаны. Сынның өзі әдебиетке жатады. Сондықтан логикалық қайшылық жүрмеуі керек. Сын – әдебиеттің қозғаушы күші. Бірақ мәселенің мәні сынның қандай екендігінде болып отыр. Мысалы, мақтау, ода сындар бар. Белгілі бір ақынның нашар өлеңін алып мақтайды келіп. Одан жоқ астарларды іздеп жатады. Десе де, шынайы айтылған сын артығырақ. Осы ретте сын жоқ деудің орнына оның қандай сын екендігіне назар аударғандығымыз дұрыс. Қазіргі әдебиеттегі жалған марапаттардың көбейіп кетуіне осындай мадақтама сындардың ықпалы мол. Өзімнен бастап айтар болсам, кейбір аға болып қалды деген азаматтардың көбі бүгінгі жастарды жалған мақтап жатамыз. Біздің қазақта көңілжықпастық деген бар. Әдебиет сынында ондайға орын жоқ. Мен бір кездері үлкен ағалардан бастап, жастарға дейін сынаған едім. Ал қазір алдыма келген жастардың кітабына «алғысөз» жазып беремін, мақтап та жіберемін. Өйткені сынай бастасам мені жақтырмай отыратындығын ішім сезеді. Содан келіп, көңілжықпастыққа, жалпақ шешейлікке барасың. Біркездері мен сынаған жастардың маған айтпаған сөзі жоқ. Бірақ мен оларға қарсы жауап жазған емеспін. Өйткені айтқаннан ешқандай пайда жоғын білдім. Заманында мені де сынаған ағаларымыз болды. Әйтсе де, өз басым солардың ешқайсына қарсы шығып көрмеппін. Қайта сол сынды қабылдап, қорытынды шығаруға тырыстым. Сынды қабылдай алмағаннан кейін сын қалай қалыптасады? Сыншы қалай әділдігін айтады? Айналып келгенде сыншы да пенде ғой, одан да мақтап құтылайын дейді. Сынның әлсіреуіне көңілге қарап сөйлейтін біз, яғни, батабергіштер кінәліміз. Сын бар, сын қабылдаушылар ғана жоқ. Ең дұрысы, сын көтере алмайтындар әдебиетке келмей-ақ қойсын. Негізі нағыз туа біткен таланттар сынды қабылдай алады. Ал жолдан қосылғандар ғана өздеріне шаң жуытқысы келмейді. Сынды қабылдай алмағаннан кейін «сын жоқ» дейді. Мысалы, Ю.Кузнецов деген ұстазым кезінде Пушкиннің өлеңдерін сынаған еді. Оған қарсылық танытып «Пушкинді неге сынадың?» деген­­дер де болды. Десе де, орынды айтыл­ған­дарын мойындағандар да бар. Пушкин ұлт­тың ұлы ақыны болса да, пенде болған соң оның да кемшілігі болады. Мұхаммед Пайғам­барымыздың: «Жаратқанда ғана кем­шілік жоқ. Адам болғаннан кейін менде де кемшілік бар» дегенге саятын сөзі бар. Менің байқағаным, үлкен таланттар қай кезде де сынды қабылдай алған. Ал кем таланттар ғана өздеріне айтылғанды мойындағысы келмеген. Ескеретін тағы бір жайт, ең қауіптісі – сынау үшін сын айтатындардың ісі. Сын әдебиетке деген жанашырлықпен айтылуы керек. Қазіргі белең алған құбылыс, сынды мақтап айтсаң қабылданады, жамандайтын болсаң қабылданбайды. Осы төңірегінде көптеген сыни мақалалар жазған болатынмын. Шамамның келгенінше әділ болуға тырыстым. Тіптен, әлі күнге дейін сын жазған қаламгерлерге (жамандағандарға) деген пікірімді өзгертіп, я болмаса «дұрыс емес екен» деген ойға келген емеспін. Керісінше, мақтау айтқандарымның ішінде «жөнсіз» кеткен тұстарымды мойындаймын. Сыншыға қойылатын бірінші талап, ол – талғампаздық. Мағынасы бұлыңғыр айтыл­­ған «талғаммен таласпайды» дегенге түбегейлі қарсымын. Талғамсыз біреу мақ­таса, талғамсыз біреу даттайды. Ал оған қарсы пікір айтатын болса, оған жауап ретінде «Талғаммен таласпайды» дегенді алға тартады да, «менің талғамым осы» дей­ді. Осыдан келіп, білімінің деңгейі төмен адамның талғамы таяз екендігін ұғынасың. Егер керісінше талғаммен таласатын болсақ, әдебиеттегі сынның жақсы жағы болсын, я жаман жағы болсын таразы басын теңестіретін еді. Сынның өз әдіс-тәсілдері, кез келген сын­шының өзіндік стилі болады. Мысалы, сынның классикалық үлгісі бар. Сынның өзі­не тән бағыт-бағдарларын жіктеп, жіліктеп беретін сыншылар бүгінде жоқтың қасы. Бізде бүгін дәстүрлі-теориялық сын өкілдері қалыптасқан. Қай бағытта болмасын сыншы­ларға ең әуелі білім керек. Олар жазушыдан да, ақыннан да екі есе білімді болу арқылы сын­шылық үрдісті берік ұстана алады. Біздің бүгінгі қазақ әдебиетінде сын бар, бірақ әлсіз, қарқыны баяу. Оның аясын кеңейту үшін білікті, білімді сыншылардың қатары арту керек. Бекен Ыбырайымов, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы: – Жалпы сын жоқ деу шындыққа жанаспайды. Өйткені шығарма бар жерде, қаламгер бар жерде олар турасында сыни пікір айтылмай қалмайды. Сын айтушы қаламгерлер қауымы, я болмаса ғалымдар, тіптен оқырмандар тарапынан болсын әйтеуір белгілі бір пікір болады. Ал сынның кәсібилігіне келер болсақ, ол турасында нақты бір жақты пікір айту қиын. Кеңес кезінде сын саласына арнайы көңіл бөлініп, мемлекеттік деңгейде басшылыққа алынған болатын. Сол кездерде сынның жанрлары, небір тамаша үлгілері қалыптасты. Бүгінгі сын әдебиетпен айналысатын, әдебиетті сыйлайтын қаламгерлердің шеңберінен шықпайды. Сынның деңгейі қай кезеңде болмасын биіктен көрінбегені анық. Бүгінгі әдебиетте кәсіби сыншының сирек болуы Белинскийдің «Сыншы таланты – сирек талант» дегенімен айқындалмайды. Ол көркем шығарманы терең түсінудің, кемел талдаудың шыңына шыққандардың саусақпен санарлық екендігімен әспеттелсе керек. Талданатын шығарманың көркемдік әлемін түсінбеу сыншының, я болмаса оқырманның осалдығы болып саналады. Шығарманың жекелеген қырлары айтылса да, белгілі бір сипаттары ғана бейнеленетін болса да, соның өзі көңілге қонымды болып шыққан сын болса, «шүкір» дейміз. Осыдан келіп жалпы сынның көбейуі, санының артуы бір қалыпқа келетін шығар деген ой туады. Кезінде тікелей сын жазған сыншылар М.Қаратаев, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, Ы.Нұрғалилар өз кезіндегі әдеби процестің, жекелеген айтулы ақын-жазушылардың туындыларын талдап, сараптаумен қоса, қазақ әдебиетінің көркемдік әлемін танытып отырған еді. Осы кісілердің бүгінгі сыншыларға ықпалы болғандығын ілтипатпен айту керек. Жалпы айтылған сынның қабылдану, қабылданбауы әркімнің өз еркінде. Сынның да сыны барын ескеруге тиістіміз. Қандай да бір сын айту үшін ең алдымен шығарманы түсіну, білу аса маңызды. Меніңше, нағыз сын «достық сын» болу керек. Сынның мақсаты құрту, жою емес, керісінше қайрау, қанаттандыру. Кеткен кемшілікті бетке басу емес, оның шешу жолдары мен енді қайталанбауы үшін айтылу. Бұл жағдайда сынды дұрыс қабылдау сынды оқыған адамның интелектуалдылығына, талғамына, көзқарасына, танымына байланысты болатындығын ұғынғанымыз дұрыс. Айгүл Ісмақова, әдебиеттанушы-ғалым: – Кеңес үкіметінде әдеби сын тоталитарлық идеология қаруы болғаны даусыз. Партиялық соцреалистік шарттарға сай әдебиет ресми билік тұрғысынан насихатталып, авторлар соған лайық марапаттауға ие болғаны да бәрімізге белгілі. Дегенмен, «жазалаушы» не «марапаттаушы» ресми әдеби сыннан бөлек әдеби талғам мен көркемдікті алға тартқан кәсіби сын да болғанын айта кетуіміз керек. Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиев, Тәкен Әлімқұлов, Сағат Әшімбаев жасаған кәсіби әдеби сынның үлгісі бүгін де қажет. Себебі, бұл – заман талабын ескере отырып жазылған ескірмейтін әдеби сынның үлгілері. Тәуелсіздік кезеңіндегі сынның негізгі бағыты бұрын болмаған рухани еркіндік екенін ескеру керек. Бірақ осы рухани бостандықтан басы айналған қазіргі сын кәсібилігінен де айрылып бара жатқандай. Заман сұранысына сай қазіргі әдеби сын – публицистикалық бағытта кетіп барады. Мақала, очерк, фельетон, көркем эссе, ақпараттық мәтіндердің бәрінде көсемсөздік бар. Нағыз әдеби сында ғылымилық пен көркемдік бірігіп тұру керек екенін осы ретте баса айтқан жөн. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, әдебиетті таныту сынның негізгі міндеті деуге болады. Сондықтан әдеби сынның жүйеленген жанрлық түрлері бар ғылым саласы екенін ескеру керек. Осы тұрғыда қазіргі тәуелсіздік кезеңінде қазақ әдеби сынының үлгісі деп Шериаздан Елеукеновтың сыни мақалаларын атауға болады. «Тәуелсіздік және әдебиет» атты публицистикалық сын-зерттеулерін қазіргі заманға сай, қазіргі әдеби сынның қажеттілігіне жауап беретін дүниелер. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі көркемдік бағыттарды анықтап, бағдарлама жасап, жетекші болатындай болжамдар жасайтын әдеби сын жоқтың қасы. ХХІ ғасырдағы әлемдік әдебиет пен қоғамдағы әдебиеттің орны, оны түсіндіріп жатқан әдеби сынның жағдайы тұрғысынан қазіргі қазақ әдебиетіне де кәсіби сынның қажеттілігін мойындататын сыни мақалалар жоқ. Кәсіби сынның басты ерекшелігі – әдеби процесті кәсіби әдебиеттанудың көзқарасымен бағалап беру. Идеология немесе саясатпен ғана байланысты емес кәсіби деңгейде әдебиеттану ғылымы қағидаларымен қазіргі әдеби үрдісті саралап шығу – бүгінгі сынның басты мақсаты. Ал, Совет кезінде қазақ тіліндегі әдеби сын Алаш әдебиеттануы жойылып, цензураға ұшырап, тоталитарлық жүйемен шектеліп, шынайы кәсібилікке жете алмады. Тек Тәуелсіз кезеңде рухани бостандығымызбен бірге Алаш әдеби сыны қайта оралды. Қазіргі әдеби сынға шынайы көркемділікпен жалған біркүндік мәтіндердің айырмашылықтарын анықтап беретін публицистикалық сараптама керек. Әдеби сын қазіргі әдебиетке жетекшілік етпек түгілі кәсібилік шындықты айғақтап беруге де дәрменсіз. ХХІ ғасыр жылжып барады. Қазақ әдеби сынының тарихындағы тектілік пен Отан тақырыбына табан тірейтін кез жетті. Қазір Совет кезіндегі жазушы мен әдеби мәтіннің абыройын, тоталитарлық жүйе кезінде жазушы мен оның жазғандары бағаланушы еді деп оны жоқтаймыз. ХХ ғасыр оқырмандарына совет кезіндегі гонорарлық т.б қолдау болды дегенді айта беру жеткіліксіз. Қолдан жасалған саяси жарнамалардан бас тартуымыз керек. Қазіргі жазушылар өз шығармаларына жоғарғы жақтан қолдау күтуді қою керек. Сонда ғана шынайы көркем шығарма шынайы өз оқырманын табады. Қазір оқырманды өткенді жоқтаумен жалықтырып алатын әдеби сынның қажеттілігі шамалы. Қазіргі әлем әдебиеті мойындалған көркем әдебиеттегі жаңа мәтіндерді оқып, өзімізге басқа көзбен қарайтын кез жетті. Алаш әдебиеттану ғылымы мойындатып берген кәсібилікті ХХІ ғасыр басында өмір сүріп отырған біздер жаңғырта білуіміз қажет. Себебі, бұл ғылыми, кәсіби қажеттілік. Әлемдегі әдебиеттің эстетикалық, көркемдік тәртіптері, стратегиясы мен стилистикасы өзгеріп жатқан уақытта қазақ жазушылары заман ағымына ілесе алмай жатқанын жас оқушылардың қазақ әдебиетіне қызықпауын көруге болады. Әлемдік әдебиетте болып жатқан жаңалықтарды біліп отыруға тиіспіз. Заман өзгерді, заманның әдебиетке қоятын талаптары өзгерді. Тек әдеби емес, саяси, ұлттық, тарихи контексте қазақ әдеби сыны алдына жаңа мақсаттар қоюға міндетті. Нұрдәулет Ақыш, жазушы, ғалым: – Қай заманда да сынға оқырман қауымның да қаламгерлердің де көңілі толмаған. Сын – ауыр жанр. Олай болатыны, сынға келгендердің өзі сының негізгі мақсатын түсінгенмен қалай жазу керегін, методикалық жақтарын түсіне бермейді. Бәзбір адамдар сын жазу дегенді оқыған шығарманы мақтау немесе қаралау деп ұғады. Қателіктің басы осыдан басталады. Кеңес кезінен қалыптасқан үрдіс – тапсырыс арқылы жазу (жақсыны жамандап, жаманды мақтап). Бұл тенденциялық үрдісті әділ сынға жатқызуға болмайды. Осының салқыны бүгінгі сында да кездеседі. Белгілі бір мүшелтойға байланысты автордың тәуір деген туындыларын ұлықтау мақсатында талдаулар газет-журналдардың бетін жаулайды. Тіпті, автордың жеке басына көбірек тоқтап, өмірбаянын да жазып жататын кездер болады. Сын жеке авторға емес, тек шығармаға арналуы тиіс. Шығарма мен автордың рухани байланысы болғанымен адамгершілік байланыс бола бермейді. Жақсы шығарманы жақсы адамдар ғана жаза алады деген қате түсінік. Бүгінгі таңдағы сын кәсіби деңгейде деп айта алмаймын. Десе де, ішінара жақсы сын жазып жүргендер бар. Сыншылықтың өзіне тән бірнеше факторлары болады. Сол фактордың бірі болса, бірі жетіспей жатады. Мысалы, бір сыншылар өте білімді болады да, еуропалық шығармаларды көп оқығандықтан біздің төл туындыларға сараптама жасау барысында сол тұрғыдан, сол деңгейден келуге тырысады. Сөйтеді де, бізде әлемдік туындылар жоқ деп үзілді-кесілді баға береді. Ал кейбір сыншылардың білімі жетпесе де, рухани жағынан көркем шығарманы жан-тәнімен түсіне алады. Бірақ соны жеткізуге тілі жетпей, талдауға келгенде ақсайды. Көркемдік шығарма эстетикалық нысан болғандықтан оған тек ғылыми тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да жақын болу керек. Осындай факторларды біріктіре, қиыстыра білетін сыншыны біздің бүгінгі әдебиет қажет етеді. Көркем шығарманы қолға алған жазушының алдындағы басты мәселе ой мен идеяны оқырман сұранысы қанағаттанатындай көркемдік деңгейде шығара білу. Яғни, әдебиет теориясы талаптарына жауап бере алатын туынды жасау. Жазылған кез келген еңбектің көркемдік эстетикалық өресі, әдеби талдаудың, ғылыми-зерттеу нысанына айнала алатынындай сипатта болуы шарт. Тақырыпты саудаға салғанмен, белгілі бір талаптарға жауап бере алмаса, ондай еңбектің әдеби болуының өзі күмән туғызбақ. Сынаудың негізгі өлшемдері біріншіден, жалпы алғанда көркем деңгейде жазылуы керек. Идея мен сюжеттің үйлесімі, көркемдік шешімнің (ой салатындай тосын шешім) болуы, кейіпкерлердің образдары мен мінез-құлықтарын айқындай алуы және олардың күрделі болып келуі, сонымен бірге композициясының жинақы, құрылымының түсінікті болуы және әрбір сөйлемнің лингвистикалық талаптарға сай болуын ескеруіміз керек. Кәсіби сыншы ең алдымен, жіліктеп талдап, майдан қылшық суырғандай етіп аса шеберлікпен сарапатай білгенде ғана нағыз сыншы бола алады. Кәсіби сыншының тағы бір сипаты шығарманы салыстыра отырып, талқылаудан өткізу. Өткенмен салыстыру, шетел әдебиетімен салыстыру арқылы оның артықшылықтары мен кемшін кеткен тұстарын анықтап беру. Кәсіби сыншының қаламгерлік мінезі осындай қабілеттілігімен көрініс береді. Тағы бір ескеретін жайт, кәсіби сыншы болу үшін ғылыми атақ-дәреженің керегі шамалы. Әдебиет сүйер қауымның ішінен де салмақты пікір айтып жүргендерді кездестіруге болады. Олардан келешекте нағыз кәсіби сыншы шығуы бек мүмкін. Сыншылардың ішінде де сыни пікір айту барысында қателік орын алып жататындығын ашып айту керек. Мысалы, публицистикалық сарында жазатын сыншы Дулат Тұрантегінің әдеби сынында былай делінген: «Ақберен Елгезек ақынның өлеңдері өзінің салып алған сара жолымен бүкіл әлемді кезіп кетеді» дейді. Бұл жердегі «сара жол» ұғымы артықтау айтылған деп санаймын. Сын айту барысында осындай тұстарға мән беру керек-ақ. Сын орынды айтылғанда ғана шынайы сын дәрежесіне жететін болады. Дайындаған Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары