АЛАҢДАТҚАН АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР

АЛАҢДАТҚАН АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР

АЛАҢДАТҚАН АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР
ашық дереккөзі
197

Биылғы оқу жылынан бастап оқу жүйесіндегі қалыптасқан жағдай даудың өзегіне айналды. Ең бастысы, кеткен кемшіліктерді сынға алған, депутаттар мен шенеуніктер.Естеріңізге сала кетсек, оқу жыл басында мәжіліс депутаттары білім министріне шүйлігіп: «Оқулықтарды басып шығаруға бюджеттен 8 млрд. теңге бөлінгенімен, мектептерде әлі күнге дейін кітап жеткіліксіз. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі дереу бұл мәселенің шешімін табуы тиіс», ̶ дегенін естіген едік. Таяуда білім саласындағы тағы бір шикі істің шеті шығып, бұл мәселені шешуді Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева тікелей тиісті орындарға тапсырды. Депутат ханым Білім және ғылым министріне тиімсіз шығыстарды қысқартып, бір жыл ішінде апатты және үш ауысымдағы мектептердің түйіткілдерін шешуді жеделдетуді ұсынды. Жақында «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы талқыланған болатын. Жиын барысында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова апатты және үш ауысымдағы мектеп мәселелері былтыр шешілуі тиістігін, алайда бұл ұзаққа созылып бара жатқанын айтқан еді. Депутаттың сөзіне қарағанда, жыл сайын бюджеттен осы мақсатқа қаражат қарастырылғанымен, ол қаражат басқа жаққа бұрылып, нәтижесінде апатты және үш ауысымдағы мектептер саны азаяр емес. «Қаражат бөлініп жатыр, ал мектептер қажетті аудандарға салынып жатқан жоқ. Егерде білім министрлігі халықтың көші-қоны, бала туу саны, индустрияландыру аясындағы шоғырландыру секілді мәселелерді нақты зерделеп, ол бойынша белгілі бір көрсеткіштерді әкелмейінше, бұл мектеп жыры солай жалғаса бермек. Екінші бір мәселе ̶ министрлік бір істі бастайды да, оны аяғына жеткізбестен орта жолда қалдырып, екіншісіне ауысып кетіп жүр. Апатты мектептер мәселесі де солай», ̶ дейді Қарағұсова. Осыған орай, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов апатты және үш ауысымдағы мектептер проблемасы көптеген облыстар бойынша алдағы үш жылда, ал тұтастай республикада бес жылда өз шешімін табатынын айтқан еді. Оның сөзіне сенсек, ағымдағы жылы Қазақстанда 150 мектеп салынса, соның 70-і республикалық бюджет есебінен қамтылып отыр екен. «Апатты мектептер дегеніміз не ̶ соны білесіз бе? Бұл әр күн сайын баланың өміріне қауіп төніп тұратын мектептерді білдіреді», ̶ деді өз кезегінде фракция жетекшісі Дариға Назарбаева Білім министріне қарата айтқан сөзінде. Сонымен қатар, депутат апатты және үш ауысымдағы мектептер мәселесін соза бермей бір жылдың ішінде шешуге кеңес берді.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары