СЕНАТОРЫН ТАҢДАДЫ

СЕНАТОРЫН ТАҢДАДЫ

СЕНАТОРЫН ТАҢДАДЫ
ашық дереккөзі
248

Жуырда елiмiзде ҚР Парламент Сенаты депу­таттарының сайлауы өткені белгілі. Осы науқанда Оңтүстiк Қазақстан облысына берiлген бiр мандаттың иесі анықталды. Ол – Әли Әбдікәрімұлы Бектаев. Сай­лауға өңiрдегi 312 мәслихат депутатының 307-сi қатысты. Бес депутат түрлi себептерге байланысты келе алмады.
ҚР Парламентi Сенаты депутаттығына Оңтүстік Қазақстаннан 5 үмiткер тiркелген болатын. Кейiн түрлі себептерге байланысты олардың үшеуi өз қалауларымен сайлаудан бас тартты. Нәтижесінде екi үмiткер – Әли Бектаев пен Данияр Үсенов қана саяси додаға түсті. Дауыс беру аяқ­талған соң облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерi бюллетеньдердi санап шығып, қорытындысымен таныстырды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Торғауытов: «Сайлауға 307 мәслихат депутаты қатысты. Оның 238-i Әли Бектаевқа, 68-i Данияр Үсеновке дауыс бердi. Бiр бюллетень жарамсыз деп танылды. Сайлауда Әли Әбдiкәрiмұлы жеңiске жеттi», – деп мәлімдеді.
Облыстағы сайлауға ТМД байқаушылар миссиясының 3 өкiлi қатысты. Олар дауыс беру барысында да заңсыздықтарға жол берілмегенін, саяси науқанның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысынан Әли Бектаев сенатор болып сайланды. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары лауазымында болған халық қалаулысынан Оңтүстіктің 3 миллионға жуық тұрғыны тың бастамалар мен қажырлы еңбек күтеді.


Ғабит ҚАДЫРБЕКҰЛЫ.

Серіктес жаңалықтары