ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР СЫРЫ

ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР СЫРЫ

ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР СЫРЫ
ашық дереккөзі
389

Ұлттық өнер тарихына көз жіберсек, атақоныс, туған топырақ туралы тебіренбеген, толғанбаған, қалам тартпаған, ән жазбаған өнер иесін кездестіре алмаймыз. Біздің қолымызға тиіп отырған «Аққұм – атақоныс» деп аталатын кітап та аты айтып тұрғандай туған өлке туралы сырлы шежіреге толы тарихи-танымдық еңбек. 2013 жылы «Арыс» баспасынан шыққан кітаптың авторлары журналист-қаламгер Жалғасбек Аманов пен Кендебай Сейітов. Кітап «Ақмешіт шапағаты» қоғамдық қорының құрметті төрағасы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Қылышбай Бисеновтің бастамасымен және демеушілігімен жарық көрген.
Кітапты оқып, пікір білдіру оқырман иелігіндегі нәрсе. Бірнеше тақырыптарға бөлінген кітаптың беташары «Ауыл азаматымен ажарлы» деген айдармен басталады екен. Өзгелер үшін тау-қыраты кездесе бермейтін, табиғаты сүреңсіздеу болып көрінетін, ал өзіміз үшін ешкімге, ешнәрсеге айырбастауға келмейтін Сыр өңірінің табиғаты туралы авторлық толғаныстан басталған кітаптың тілі оқырманға соншалықты әсерлі, жатық.
Аққұмнан шығып, ауылдың ажарына айналған азаматтар туралы жазылған сәттер де құр мақтау-мадақ емес, өмірдің өзінен ойып алғандай шынайы, тартымды суреттелген. Көркем публицистика тілімен жазылған кітаптың ерекшелігі де осында болса керек.
ХVI-XVIІI ғасырларда өмір сүрген Амандық әулие, Қамыс әулие, Тынымбай би сияқты бабалар шежіресінен бастау алған кітап кейіпкерлері Аққұм топырағынан түлеген бүгінгі тұлғалы азаматтардың өмір жолдарындағы бедерлі белестерді көз алдымызға әкеледі. Тарих толқыны Аққұм ауылында ел, ұлт мүддесін ойлаған мемлекет, қоғам қайраткерлерін, еңбегімен елдің құрметіне бөленген еңбек адамдары, ұлт руханиятында өзіндік орны бар өнер адамдарын, білім мен ғылым саласын дамытуға ерекше үлес қосқан ұстаз-ғалымдар тәрбиеленді. Кітапта осындай тұлғалар әр кезеңнің тарихи оқиғаларымен байланыстырыла отырып суреттелген.
ХІХ ғасырдың аяқ кезеңі мен ХХ ғасырдың басы қазақ даласында қайшылыққа толы өзгерістер кезеңі болды.
Қазақ жерін патшалық Ресей отаршылдарының иемдене бастауы, қазақ даласында бұрыннан қалыптасқан әкімшілік басқару жүйесіндегі өзгерістер, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Ақпан, Қазан төңкерістері, «Алаш» партиясының және «Алашорда» үкіметі мен Уақытша үкіметтің өмірге келуі қазақ қоғамында саяси-әлеуметтік тұрғыдан біршама өзгерістер алып келгені тарихтан белгілі. Көп оқырман үшін белгісіз болып келген Хамза Сарбасұлының өмірі мен азамат соғысы жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, қызметі туралы кітапта көп дерек келтірілген. Сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы ұжымдастыру, сауаттандыру кезеңіндегі ел ағалары Б.Жарекеев, С.Көшкенов т.б. өмір жолдары тек естелік-әңгімелер негізінде ғана емес, тарихи деректерге сүйене отырып жазылғаны кітаптың құндылығын арттырып тұр.
Сталиндік қуғын-сүргін қасіретін тартқан И.Әшімов, Ә.Машанов, Ж.Сабытовтардың тағдыры да кітаптан тыс қалмаған. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдары, жеңіс күнін жақындатқан аққұмдықтар ерлігі кітапты тарихи-танымдық тұрғыда қуаттандырып, мазмұнын аша түскен. Бір айта кетерлігі, Сыр өңіріне ғана емес, елімізге танылған қайраткер тұлғалар туралы да айтылған. Солардың бірі – Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов. Кітапта А.Бисеновтің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен бірге оның азаматтық келбеті шынайы ашылған. Әулет шежіресі, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан тағылымды дәстүр кейінгі ұрпаққа өнеге боларлықтай.

Ғабит Тұяқбаев,
филология ғылымдарының
кандидаты
Қызылорда қаласы

Серіктес жаңалықтары