СЫР ӨҢІРІНДЕГІ СЕРПІН
СЫР ӨҢІРІНДЕГІ СЕРПІН
Сырдарияға Тереңөзек кентінің тұсынан көпір салу жарты ғасырдан астам шешімін таппай, аудан халқы сандаған жылдар бойы қиналып жүрген еді. Екі жыл бұрын көпірдің қазығы қағылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Көпір құрылысын пайдалануға беру салтанатына облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев қатысып, елді қуанышпен құттықтады. Көпір арқылы 13 елді мекен тұрғындары аудан орталығына тікелей қатынай алады. Көпірді салуға Үкімет тарапынан 2 млрд. 511 мың теңге қаржы жұмсалған. Аудан тұрғындарының көпір құрылысы жұмыстарын жүргізген арнайы мамандандырылған «Мостостройтельный отряд – 25» ЖШС мен бас жоспарлаушы «Институт Геопроект» ЖШС-не де айтар алғыс шексіз.
Көпірдің ашылуы салтанатында сөз алған облыс әкімі
Қырымбек Елеуұлы Көшербаев:
– Қуаттылығы 180 тонна, ұзындығы 220 метрді құрайтын көпір ендігі жерде Сырдария ауданының дәулетін арттырып, жұртшылықтың тыныс-тіршілігі кеңейе түседі. «Біріккен білек – жер қопарады» дегендей халықтың қамы үшін Елбасымыз аталған жобаның бір бөлігін республикалық бюджеттен қаржыландыруға тапсырма берсе, оны жандандырдық. Бұған дейін 13 елді мекендегі 21000 адам аудан орталығына жету үшін 120-180 шақырымда айналып жүретін еді. Осы көпір арқылы 20 шақырым жол жүретін болды. Жаңа көпір жақсы істердің жалғасы, – деп жүрекжарды лебізін, «Біз қалай ірге тасын қаласақ, болашақ солай болады» деген сөзді жиналған қауымға жеткізді. Сондай-ақ келер жылдарда «Қазалы – Көларалық Бекарыстан би – Жаңа құрылыс» автожолының бойындағы Әлсейіт елді мекені тұсынан өтетін көпір құрылысын салу жоспарланғанын атап айтты.
Студенттермен кездесу
Өңірімізде екі жылдан бері облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді. 2013 жылы 123 түлек грантқа ие болып, студент атанса, ағымдағы жылы олардың саны 242-ге жетті. Олардың оқу ақысына облыстық бюджеттен 158,2 млн. теңге бөлінсе, онан бөлек әр студенттің тұруы мен тамағына бір жылға 95214 теңгеден қаралған.Мұндағы мақсат – жастарды металлургия, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, авиация саласына баулу, ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларынан шыққан талабы таудай, білімге құштар, дарынды жеткіншектерді қолдау болып табылады.
– Сіздер облыс әкімі грантының иегерлерісіздер. Негізінде бұл грант әлеуметтік аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасы балаларына арналып отыр. Ғылым, білімге құштар, таудай талабы бар Сыр елінің ұл-қыздарына, ауыл жастарына терең білім алып, мықты маман атануына отбасының әлеуметтік жағдайы кедергі болмасын деп осы грантты тағайындадық. Басты мақсат – осы. Сондықтан сіздерге үлкен үмітпен, сеніммен қараймыз, – деді студенттермен кездесуде Қырымбек Елеуұлы.
Кездесу еркін формада өтті. Облыс әкімі сонымен бірге жастарға өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде студенттер аймақ басшысына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.
– Санаулы жылдардан кейін бір-бір саланың маманы атанасыңдар. Біздің жас мемлекетіміздің болашағы, оның өркендеп, дамуы сіздерге байланысты. Елбасының, Сыр елінің үмітін ақтап, Тәуелсіздігімізді нығайтатын тұлға болуларыңа тілектеспін, – деп аймақ басшысы жастарға жылы лебізін білдірді.
Сыр өңірінің 117 түлегі шетелдердің ірі жоғары оқу орындарында білім алуда. Сонымен бірге, «Байқоңыр инвестициялық форумы» аясында қол қойылған екі жақты келісімнің нәтижесінде бүгінде 82 мектеп бітіруші Ресей есебінен Мәскеу қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің, 25-і Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық университетінің грант иегері атанды.
Мүмкіндігі
шектеулі жандар – басты назарда
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Талсуат ауылындағы оңалту орталығында болып, ондағы мүмкіндігі шектеулі жандармен жүздесті.
Аймақ басшысы Елбасы жарлығымен жыл сайын қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күні ретінде атап өтілетіндігіне, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі екендігіне тоқталды. Облыстағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша мақсатты жұмыстар атқарылуда. Бұл жүйелі жұмыстар 2013 жылы облыс әкімдігі бекіткен «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.
Бағдарлама бойынша медициналық оңалтуды дамыту қарастырылған. Оның ішінде арнаулы медициналық-әлеуметтік мекемелер желісін дамыту көзделіп отыр. Екіншіден, әлеуметтік оңалтуды дамыту шеңберінде мүгедектердің техникалық көмекші құралдар алуына бөлінетін қаржы көлемін көбейту, сонымен бірге арнаулы әлеуметтік қызметтерді әрі қарай дамыту көзделеді.
Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жодауын жүзеге асыру мақсатында жоғарыда аталған «Жол картасына» биыл өзгерістер енгізілді. Осылайша, бұл құжат осы жылдың наурыз айында жаңа редакцияда бекітіліп, оны жүзеге асыруға ел қазынасынан 7,6 млрд. теңге қаралды. Оның 5 млрд. теңгесі осы жылы бөлінсе, қалған 2,6 млрд. теңгесі келесі жылдың үлесінде. Айта кетейік, қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млрд. теңгеге артқан.
Бүгінгі таңда облыста тіркелген мүгедектігі бар жандардың саны 26 мың. Аталған Жол картасында оларды жеке оңалту бағдарламалары әзірленген. Сонымен бірге, мүгедектігі бар жандарды жұмысқа орналастырудың іс-шара жоспары бекітіліп, бірінші кезеңде 374 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Жалпы, жыл басынан бері 700-ге жуық мүгедек жұмысқа орналасқан. Бұған қоса, олардың әлеуметтік, көлік және инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалуда. Мәселен, барлық аудандарда «Әлеуметтік такси» қызмет етеді. Оны дамытуға 17,2 млн. теңге бөлініп отыр. Ал «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 45 мүгедек несие алды. Өткен жылы мүгедектерге арналған 7 аула клубы ашылды.
Жобалар қолдау тапты
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың төрағалығымен облыстық сәулет – қала құрылысы көшесінің отырысы болып өтті. Сол жағалаудағы жаңа қоныс түсетін аумақты түбегейлі жоспарлау жобасы кеңінен талқыланды. Аймақ басшысы кеңес мүшелерінің назарын Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аумақты түбегейлі жоспарлау жобасына аударды. Екі ғасыр тарихы бар қала осы уақытқа дейін өзеннің оң жағалауын бойлай салынды. Осы күнге дейін өзеннің іргесіндегі қаланың келбеттік сәулетін дамытуға Сырдария секілді ірі су артериясының мүмкіндігі пайдаланылмады. Олқылықтардың орнын сол жағалауда түбегейлі жоспарлау жобасы толтырмақ. Қызылорда қала_сында 233 мыңға жуық халық тұрады. Бекітілген бас жоспар бойынша 2025-2035 жылдары халық саны 350 мың адамды құрайтын болады. 2050 жылдары 400 мыңға жетуі мүмкін. Бұл – қаланың тұрғын үй құрылысын жүргізуге қосымша аумақтар қажет деген сөз. Күрделі мәселені шешу үшін өткен жылы облыстық бюджеттен қаралған қаржыға өзеннің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік геологиялық және геодезиялық тексеру жұмыстары жүргізілді. Биылғы бөлінген 107 млн. теңге қаражатқа мың жарым гектар аумақты жоспарлау жобасын әзірлеу ісі қолға алынды.
Алайда аймақ басшысы Қ.Е. Көшербаев атап өткендей, жалдық сипаттағы Байқоңырдың жанындағы Төретам кенті және Ақай ауылы кешенді түрде дамытылуға тиіс. Алдағы уақытқа Төретам кенті Елшібай бағыты бойынша қалыптасады. Кенттің жаңа орталығы салынады. Байқоңыр қаласы мен Ақай ауылының кешенді дамуын Сырдария өзенінің сол жағалауында қарастыру жоспарланып отыр. Ал Бизнес орталығы бас қонақ үй кешенін Бейбарыс Сұлтан көшесінің бойына салу көзделуде отыр. Құрылысын жүргізу үшін 1,4 га жер телімі қажет. Төрт жұлдызды қонақ үй кешені «Хаят» компаниясының басқаруында болады. Онымен қатар, бизнес орталық пен 176 орындық мейманхана, 50 орындық арнайы мейрамхана, СПА орталық, басқа да тиісті қызметтер көрсетеді.
Кеңесте күре жолдың бойынан бой түзетін кәсіпкерлік нысанның жобасы да қаралды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында салынуы жоспарланған кешеннің құны 150 млн. теңге. Жалпы бас қосуда ұсынылған барлық 4 жоба да комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Сонымен қатар облыс әкімі сол жағалауда бой көтеретін ғимараттар мен құрылыс нысандарына ерекше мән беру қажеттігін айрықша атап өтті.
Қысқы маусымға әзірлік пысықталды
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жылу беру маусымына әзірлік егжей-тегжейлі талқыланды.
Көктемде жылу беру маусымына әзірлік жұмысына басшылық жасау, ұйымдастыру және қадағалау арнайы құрылған штабқа жүктелген болатын. Жауапты кезеңге әзірлік туралы хабарлама жасаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев жылу-энергия кәсіпорнында жоспарланған жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтты. Облыс бойынша 363 жылу қазандығының 158-не жөндеу жұмыстары аяқталды.
Қызылорда қаласы бойынша 75 білім нысанының барлығы, 33 мәдениет ошағының 31-і, 21 кіші қазандықтың 19 дайын. А.Тоқмағамбетов пен М.Ералиева атындағы Мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жасалуда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша электр энергиясымен қамтамасыз ету саласындағы жұмыстарды жақсарту үшін «Қызылорда жарығы» холдингі құрылды. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Облыс әкімі әлеуметтік нысандарды жылуға қоса бастау үшін отын қорын жинақтау, жылу беру маусымы қиындықсыз өту үшін барлық шараларды қарастыруды тапсырды.
Қарқын алған маңызды бағдарлама
Елбасы тапсырмасына орай Үкімет «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын қабылдағаны белгілі. Соңғы жылдары осы бағдарлама аясында облыста кең ауқымдағы жұмыстар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде жүздеген отбасылар жайлы баспанамен қамтамасыз етілді. 2014 жылдың өзінде осы бағдарламаны іске асыру мақсатында 7,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бөлінген бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда 1,8 млрд. теңгеге артық.
Айта кету керек, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы тек қалада ғана емес, сонымен қатар облыс аудандарында да қарқынды жүргізілуде. Соның ішінде биылғы жылы Арал ауданында бағдарлама аясында жалпы көлемі 840 шаршы метрді құрайтын 12 коммуналдық меншіктегі бір пәтерлі тұрғын үй салу қолға алынды. Оған барлық қаржы қор есебінен 84,1 млн. теңге бөлінді. Бұл құрылыстарды жеке кәсіпкерлер жүргізіп, қазір олар тұрғын үйлердің құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтады. Енді бұл үйлер жұмысшы комиссиясының қарауына ұсынылып, жақын күндері толықтай пайдалануға берілмекші.
Ал Жалағаш ауданы бойынша «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында құрылыс жүргізуге барлығы 423 млн. теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде кезекте тұрған үйлер құрылысына 73 млн. теңге қаралған. Осы қаржыларды игеру арқылы жыл соңына дейін республикалық бюджет есебінен 560 шаршы метрді құрайтын екі пәтерлі 4 үй мен облыстық бюджет есебінен 280 шаршы метр екі пәтерлі 2 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Дегенмен де осы бағдарлама аясында Сырдария ауданында тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан жоқ. Әзірге бұл ауданның ұсыныстары республикалық бюджет комиссиясына ұсынылып, қазіргі күні ол сарапқа салынуда.
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде Шиелі мен Жаңақорған аудандарында да жүйелі жұмыстар іске асырылуда. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Шиелі ауданындағы «Шұғыла» шағын ауданынан жалпы алаңы 86 шаршы метрді құрайтын бір пәтерлі 12 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Ал Жаңақорған ауданының орталығы «Май бекеті» аумағынан бір қабатты, 2 бөлмелі 8 арендалық тұрғын үй құрылысы салынуда. Іргетасы құйылып, кірпіші қаланған бұл үйлерді салушы мердігер «Аль-Декей» ЖШС алдағы қараша айында пайдалануға бермекші.
Сонымен, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын іске асыру бағытында облыста кең ауқымдағы жұмыстар жүргізілуде.
СЫР ЕЛІНДЕГІ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ
Дәстүрлі музыка әр елдің мәдениетін айшықтайтын дүние. Әрбір елдің бет-бейнесі, бағыт-бағдары мәдениетінен көрініп тұратыны анық. Түркі тілдес халықтардың ұлттық музыкалық өнерін дәріптей отырып, мәдени қарым-қатынасы мен байланысын нығайту, өскелең ұрпақ санасын сіңіру, тілі ұқсас, діні ортақ елдердің салт-дәстүрі, қайталанбас өнерінің озық үлгілері мен түркі әлемінің әлі зерттелмеген, басқаға ұқсамайтын бай мұраларымен жұртшылықты таныстыру және кеңінен насихаттау мақсатында істеліп жатқан шараларды айрықша атап өткен Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық Түріксой ұйымы мұрындық болған жөн.Түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі музыкалық өнер фестивалі айрықша табысқа ие болды. Фестиваль екі күнге созылды әрі «Тұран және түрік әлемі» атты Сыр елі қолөнер шеберлерінің этно-археологиялық көрмесінің ашылуынан басталды. Көрме бес бөлімнен тұрды.
Өнер фестивалі аясында фольклортанушы ғылымдардың, өнер зерттеушілері мен фестиваль қонақтарының қатысуымен «Қорқыт Ата мұралары – түркі халықтарының рухани қазынасы» атты халықаралық ғылыми теориялық конференция облыстық әкімшіліктің мәжіліс залында өтті.
Айтулы өнер мерекесіне Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Молдова елдерінен, Ресей Федерациясының Татарстан, Алтай, Якут-Саха, Хакасия, Башқұртстан республикаларынан 29 әйгілі ғалымдар, фольклортанушылар, өнер зерттеушілері және 36 өнерпаздар мен өнер қайраткерлері жиналды. Фестиваль – Тәуелсіз Қазақстанның тарихи қалыптасу кезеңіндегі мәдениет пен өнердің, ұлттық өнердің даму деңгейін, түркі тілдес елдердің ұлттық фольклорын зерделеуге, сонымен бірге Мәңгілік Елдің мәңгілік мұрасын алыс-жақын шет елдерге паш етуге бағытталды.
Айтулы конференцияны Қорқыт Ата атындағы Мемлекеттік Университетінің ректоры Қылышбай Бейсенов жүргізді.
Алғашқы сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күллі түркі руханиятының ортақ тұлғасы – Қорқыт Ата тыныс тапқан мекенге келген қонақтарға облыс жұртшылығы атынан ізгі лебізін білдірді.
«Мұндай іс-шаралар жаһандану заманында түркітілдес халықтардың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға, мәдениеті мен өнерін, тілі мен ділін, салт-дәстүрін насихаттауға таптырмас құрал. Өткенімізге тарихи жауапкершілікпен қарау үшін де керек», – деді облыс басшысы.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының рухани дүниелерді түгендеудегі орны ерекше. Ұлы Жібек жолы бойында жатқан ескі қалаларды зерттеу, мұраларды жинақтау, Сыр бойындағы саф өнердің бастауын зерделеу үшін облыс әкімі жанынан ғылыми-әдістемелік кеңес құрылған. Елімізге белгілі мәдениет, руханият қайраткерлері осы кеңес құрамында жұмыс істейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне негізі номинациялардың бірі болып Қорқыт ата күйлері мен күй дәстүрі ұсынылды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қорқыт ата ескерткіш-кешеніне қайта жаңғырту жүргізілуде. Екі аптада құрылысшылар жұмысын аяқтайды. Алдағы «ЭКСПО- 2017» көрмесіне келген қонақтарды Байқоңыр ғарыш айлағына жақын жатқан Қорқыт ата ескерткіш-кешенімен таныстыру жоспарланып отыр.
Қырымбек Елеуұлы түркі тектес халықтарға ортақ мол мұраны сабақты жібіне дейін шашау шығармай жинақтауды мұрат еткен конференция жұмысына табыс тіледі.
Одан әрі Қазақстанның халық-жазушысы, ақын Олжас Сүлейменов, ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия Республикасының Ататүрік атындағы Түрік тілі құрылымының президенті Мұстафа Качалин, Түркияның Ескішеһир қаласы әкімінің орынбасары Гүнхан Язар сөз алды. Олар Қорқыт ата мұраларын құндылыққа айналдырудың өзекті тұстары талқыланатын басқосудың маңызына тоқталды.
Бетті дайындаған
Миуа байназарова
Қызылорда облысы