ӘЛСІЗ ТҰСЫМЫЗ — ИМПОРТТЫҚ ӨНІМГЕ ТӘУЕЛДІЛІК

ӘЛСІЗ ТҰСЫМЫЗ — ИМПОРТТЫҚ ӨНІМГЕ ТӘУЕЛДІЛІК

ӘЛСІЗ  ТҰСЫМЫЗ —   ИМПОРТТЫҚ ӨНІМГЕ ТӘУЕЛДІЛІК
ашық дереккөзі
119

Ел экономикасындағы елеулі жаңалықтардың бірі – жанармай тапшылығы жұртшылықты есеңгіретіп, есін жиғызбастан үсті-үстіне төпелеткені соншалық, қоғам қайырым күтпейтін күйге жеткен сияқты. Бұл төңіректе көкейді тескен сауал көп, бірақ жауаптардың тірелер тұсы біреу-ақ. Қазақстан экономикасындағы кейбір көкейтесті сұрақтардың жауабын тарқату үшін экономист, Экономистер ассоциациясының атқарушы директоры Олжас Құдайбергеновпен сұхбаттасқан едік. – Дүниежүзінде мұнай бағасы арзандап жатқаны ақиқат. Олай болса, Қазақстанда жанармай бағасы неге қымбаттайды? Мәсе­лен, Иранда жанармай баға­сы – 40 теңге (біздің валютаға шаққанда), олай болса өз мұнайымызды өңдеуге шығынданбай-ақ, 60 теңгеден елімізге тасымалдап сатуға болмас па?
– Жоқ. Бұл мүлде басқа жағдай. Себебі Иранда тек жергілікті халық­қа ғана арзан бағамен сатылады. Ал экспортқа басқа тариф бекітілген, жоғары бағамен жөнелтіледі.
– Павлодар МӨЗ (НПЗ) дирек­торы Шухрат Данбай шикізат жеткізсе, мұнай дефицитіне жол бермей, өңделген өнімді бірден жанармай құю бекеттеріне жіберетін едік деді. Алайда тиісті орындарға шикізатты көбейту жөнін­де хат жолданғанмен, еш нәтиже болмапты. Кейбір сарап­шылар мұнай жетіспеушілігі қараша айына дейін созылады десе, кейбірі еліміздің Ресейге мұнай қарыз екенін айтуда…
– Бүгінде Қазақстан мұнай өңдеу зауыттары 2,9 миллион тон­на, жалпы ішкі тұтыныммен 4 миллион тонна жанармай өңдейді. Әрине, 1,1 миллион тоннасы импортқа жөнелтіледі. Қазір үш зауытқа да күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде, ол 2016 жылы аяқталады деп жоспарланған, яғни жұмысы жаңартылған соң әрқайсысы жылына 5,5 миллион тонна мұнай өңдеп, ішкі қажеттілікті ғана қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа шығару мүмкін­дігімізді де артыра түседі. Ал жөндеу жұмыстары аяқталғанша, импорттық өнімге тәуелділік әлсіз тұсымыз болып қала береді. Себебі, Ресейдегі жанармай бағасы жиі өсіп тұрады, ал бізде жылына бір рет өзгеріске ұшырайды. Сөйтіп Қазақстанға жанармай сату олар үшін тиімсіз, пайдасы аз экспортқа айналады. Ондай жағдай­да «ҚазМұнайГазӨнімдері» ЖШС жанармайды елімізге үлкен шығын­мен сата бастайды. Әсілі шығыны онша көп емес, дегенмен қандай да болса шығынның тіркелгенін жоққа шығара алмаймыз, сондық­тан жанармайдың бағасын қымбат­татады.
Жалпы, өзі шығынға ұшыраса да, ұзақ мерзімде жанармай сата беруге болады. Бірақ барлық ауырт­­­­па­лық тұтынушыларға жүкте­леді, оның ішінде жанармай тұтынатындар да, тұтынбайтындар да бар. Себебі шығынды өтеу басқарушы құрылымдардың мойнында, сондықтан олар өз кезегінде бюджетке салықты толық төлеуге қауқарсыз болып қалады. Түптеп келгенде мәселе бұған тіреліп тұрған жоқ. Сырттан алдырылған және елімізде өңделген жанармай республика аймақтарына тегіс таратылады. Кей кездері жанармай құю бекеттері бар шағын кәсіпкерлер жанармайды сатып алған соң, оны одан әрі қарай сатудың орнына сақтап отырып алады. Өйткені біраз уақыттан кейін бағасын көтеріп сатуға мүмкіндік туады. Осындай жағдайда оның тұтынушылары ірі компаниялардың ЖҚБ-не (АЗС) баруға мәжбүр болады, ал олардың әп-сәтте ұлғайған сұранысты өтеуге шамасы жетпейтіні айдан анық. Десе де ірі компаниялар тұтынушылар алдындағы міндетін адал атқару үшін талонмен сатуға көшеді. Ешбір мемлекеттік орган жанармайды тұрғындарға қажетті мөлшерде сатуға мәжбүрлей алмайды, нәтижесінде «қолдан жасалған», яғни жасанды дефицит пайда болады. Қоғамда дүрбелең қалыптасып, жанармайдың құны арта түседі. Ақырында ЖҚБ жанармайды жаппай сата бастайды, сөйтіп дефицит қайтадан келмеске кетеді.
Мұндай жағдай орын алғанда қолданатын бір тәртіп қалыптастыру керек. Мұнай өңдеу зауыттары мен жанармай құю бекеттері арасында алыпсатарлар болмауы тиіс, ал келісімшарттың формуласы еркін жасалуы керек. Яғни ЖҚБ-не жеткізілген жанармайдың бағасы екшелмейді, күнделікті әрбір тұтынушыға сатқан жанармайдың шектік бағасына байланысты болуы керек. Сонда жанармайды сары майдай сақтап отырудың қажеті де болмай қалады, сәйкесінше ешқандай да дефицитке орын жоқ.
– Таяуда Ресейге (Татарстанға) өзен арқылы ауыр мұнайды өңдейтін аппарат жеткізілді. Оның көмегімен мұнайды өңдеу жеңілдеп, бағасы да арзанға түспек. Қазақстанда да дәл осындай өңдеуі қиынға түсетін жұмыстарды жеңілдету үшін неге аппарат алмасқа?
– Менің білуімше, аталмыш саланың мамандары бұл мәселеге қанық. Оның үстіне үш МӨЗ-ында да модернизация жүргізіліп жатыр.
– Теңге мен доллар курсы бекітілгендей болып еді. Бірақ Ресей Орталық банкі рубльді еркін айналымға жібермек (2015-2017). Бұл теңгенің тұрақты курсына қалай әсер етеді? Ал Ұлттық банк басшысы теңгенің долларға қатысты курсы 170 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін екенін айтты. Жуық арада бұл процестің орын алуы мүмкін бе?
– Негізі Ресей рубльді еркін айналымға жіберудің аз-ақ алдында. Қазақстанның екшелген курсына қарағанда Ресейдегі валюта курсы үнемі өзгеріп тұрады, мәселен бірде құлдыраса, бірде беки түседі. Сондықтан айтарлықтай өзгеріс болмайды.
Сарапшылардың есептеуінше, рубльдің долларға қатысты нағыз курсы 36-37 деңгейінде. Басқаша айтқанда, рубльдің әлсіреуінің себебі Украина жағдайы мен соған байланысты туындаған санкциялар салдарынан. Егер де бейбітшілікке қол жеткізіп, санкциялар күшін жоя бастаса, рубль бірден бекиді. Міне, осы кезде теңгенің рубльге қатысты курсы тұрақталады. Себебі рубльдің құлдырауына негізделген психологиялық факторлар жойылса, нарық теңгенің күшеюіне әсер ете бастайды. Егер жағдай бұдан да нашарласа, рубльдің де жағдайы нашарлай береді.
Кейбір сарапшылар рубль курсы­ның өзгеруін қабылдайды. Сондықтан курсты тікелей байланыста өзгертіп отыру керек дегенді ұсынады. Яғни рубль 10 пайызға төмендесе, тең­гені де 10 пайызға әлсірету керек дегенді айтып жүр. Бұл бір ғана дерекке сүйенген біржақты талдау. Себебі мұндай мәселелер жан-жақты талдауды талап етеді. Олай болса, мұн­дай тікелей байланысты жаса­мауға бірнеше себеп бар екенін айта кеткен жөн.
Біріншіден, ақпан айындағы девальвация кезінде рубльдің әлсіреуін 36,5 деңгейімен есептеу керек. Егер 20 пайызын алып тастасақ, 43,8 пайыз – ең ақырғы деңгейі, міне осы кезде теңгеге қысымды байқауға болады.
Екіншіден, Ресей – жалғыз сауда-саттық серіктес емес. Қаңтар-шілде айларында еліміздің Ресейге импорты бар болғаны 32,7 пайызды құраған, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда кеміп қалған. Былтыр аталмыш уақыт аралығында 36,3 пайызға жеткен болатын. Ресейден өзге Еуроодақ пен Қытайдың бар екенін ұмытпаған жөн. Олардың үлесі – 22,1 пайыз және 17,7 пайыз.
Үшіншіден, әдетте серіктес мем­ле­кеттің валютасы әлсіресе бұл бір ғана факторға әсер етеді. Атап айтсақ, оның тауарларының арзандауы мен мөлшерлес импорт өсімінің кемуіне әкеп соқтырады. Алайда биылғы жылдың қаңтар-шілде айлар­ындағы Ресейдің импорты былтырғы жылмен салыстырғанда 24,6 пайызға құлдыраған. Сондай-ақ бұл тенденция жыл басынан бері байқала бастаған. Бұл дегеніңіз, Ресей импортының өсімін елімізден валютаны кері қайтару факторы есебінде қарауға болмайды.
Төртіншіден, ресейлік рубльдің құлдырауы Ресейдің ішкі нарығындағы бағаларының өсіміне әкеледі. Бұл ресейлік тауардың арзандауын жояды, ендеше Қазақстанға жіберілетін импортты да азайтады. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, рубльдің динамикасы теңгеге әсер етпейді деп айтуға болады.
Жалпы, рубльдің бұдан әрі құл­дырауы Ресейде бағаны ғана көтеріп қоймайды, сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нашарлатады. Бұндай жағдайда рубльді әлсірете беру Ресей үкіметіне тиімсіз. Оның үстіне рубльдің курсын нашарлатып отырған бір ғана фактор бар – геосаяси жағдай, яғни батыстың қатал санкциялары. Сондықтан аталмыш қақтығыстар тоқтатылып, санкциялар күшін жояды деп үміттенеміз.
– Сіздің 4 банктен несие рәсімдеп, сынақ жүргізгеніңіз туралы оқыдық. Бұл бір қызық бастама екен. Ендеше бұл эксперименттің мақсаты, барысы туралы оқырмандармен бөліссеңіз.
– Иә, мен 4 банктен несие алдым, тағы екеуі несие рәсімдеуден бас тартты. Мен осындай өтінішпен банктердің есігін қаққанда алғашқы тілдесу былай өрбіді.
– Қандай сомада не­с­­ие ал­ғың­ыз келеді?
– Қо­лы­­­ма таза 100 мың теңге (ком­ис­­­сияны есептемегенде).
– Жұмыс орныңыз?
– Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі.
– Қызметіңіз?
– Төраға кеңесшісі.
– Сізге шынымен несие керек пе?
Мен Ұлттық банктің ұстанымын білемін, коммерциялық банктердің ұстанымымен таныспын. Бірақ толық картина қалыптастыру үшін борышкердің де мақсатын білгім келді. Бұған дейін борышкерлермен кездесіп, сөзге тартқан едім, жағдайын сұрастырған едім. Бірақ олар жағдайды толық айтпайды, көбінде өзінің жәбірленуші екенін айтады. Кейін құжаттарды қарастырғанда, әрине, қандай жағдай қалыптасқанына қанық боласың. Келіссөзге келіп, мәселенің тоқетер шешімін шығару үшін нақты дерек қажет. Сондықтан мен өзім несие алуға бел будым. Негізі осы тәжірибем тұтынушы несиесінің барлық аспектілерін түсінуге көмектеседі деп ойлаймын. Сөйтіп барлық тараптарды қанағаттандыратын қорытынды жасауға болады. Біреуін мерзімінен бұрын төлеуге тырысамын, яғни келісімшартта көрсетілген мүм­кіндіктердің барлығын пайда­лануға тырысам. Соңында қай несиені қалай, қанша шығынмен жапқанымды есептеймін.
Соңғы екі жыл ішінде тұтыну­шы несиесі төңірегінде жиі сөз қозғалуда. Әсілі, мәселенің мән-жайын ашып айтатын толық талдау жоқтың қасы, әркім өз қырынан көреді. Талдаудың екі түрі бар, біріншісі – ресми, яғни Ұлттық банктің осы саланы жетілдіру мен бақылауды күшейту үшін қарастыруы, екіншісі – банктер мен борышкерлер арасындағы дау. Егер тұтынушы несиесінің көлемі арта берсе (бұрынғыдай 45-60 пайыз), онда бұл қатерлі ісікке айналады. Бұл Ұлттық банктің дер кезінде шара қолданбағандығын білдіреді. Егер керісінше тұтынушы несиесінің өсу қарқыны төмен болса (0-5 пайыз), онда несие есебінен сатылатын тауарлар сатылымын баяулатады. Сондықтан бұл деңгейді 25-30 пайыз көлемінде ұстап тұру керек.
Сынақ қорытындыларын қазан айында жариялаймын. Рәсімделген несиені төлеу кезіндегі барлық ұсақ-түйекке тоқталамын (мен төлеу мерзімін кешіктіріп, банктердің реакциясын байқадым). Банктердің қателігін ашып айтамын, дегенмен қай банк екенін ашып жазбаймын. Ал дұрыс қызмет көрсетіп, олқылық жасамаған банктерді атап айтуға болады. Жағдайға басқа көзбен қарасақ, барлығымыз адам баласымыз, егер мақсатты түрде жұмыс істейтін болсаң, барлық тараптар өз көмек қолын созады. Ал жала жабу мен ұрыс-керіс жақсылыққа апармайды, бұдан пайда шамалы.

Сұхбаттасқан
Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары