ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ШЫМКЕНТТІК КІЛЕМ

ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ШЫМКЕНТТІК КІЛЕМ

ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ШЫМКЕНТТІК КІЛЕМ
ашық дереккөзі
317

«Ең сапалы кілемдер қайда өндіріледі?» деген сұраққа сіз «Иран, Түркия мемлекеттері» деп жауап беретініңіз анық. Дегенмен, ниет етіп, іс бастаса өзіміздің Қазақстанда да кез келген өнімді өндіруге болады. Кілемді де. Бұған Шымкенттегі кілем шығаратын «Бал текстиль» ЖШС-нің сәтті қадамы дәлел бола алады. 2012 жылы үдемелi индустриялық-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасы аясында «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағында құрылысы басталған фабрика былтыр қыркүйек айынан бастап тауар шығара бастады.
Қазақстанда баламасы жоқ жобаның құны 8,450 млрд. теңгенi құрайды. Ол үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Өндiрiстiк жоба­­ның үш кезеңі толық iс­ке қосылғанда бұл фабрика ішкі нарықтағы сұраныстың 70 пайызын қамтамасыз етуге қабілет­ті. Яғни, еліміз шетел кілеміне деген тәуелділіктен құты­­лады. Болашақта бұдан бө­­лек, 3-4 млн. шаршы метр тауар түрлерi экспортталады деп бол­жануда. Оңтүстікке келген іссапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бал текстиль» фаб­рика­сына арнайы ат басын бұрып, жұмысымен танысқан болатын. Жобаның маңызды екеніне тоқталып, кәсіпорын ұжымы­на сәттілік тілеген-ді. Елдің ықы­ласына бөленіп, Оңтүстіктің мақ­таны­­шына айналған фабрика бүгінде 2,2 млн. шаршы метр тауар шығаруда. Жобаның екiншi кезеңiнде полипропилен жiбiн өндiру цехы мен 4 тоқыма станогы қойылмақ. Құрал-жабдықтар шетелден әкелінеді.
Жуырда «Бал текстиль» жұрт­шы­лыққа өзiнің жаңа тауарларын таныстырды. Тұтынушылармен кездесті. Фабрика директоры Талғат Исхаховтың айтуынша, бұл түркиялық «Kartal Carpets» компания­сымен бірлесіп ашылған кәсіпорын. Түркияда ғана емес, Еуропада да беделі бар компания әлемдегі 60-тан астам елге өз тауарларын экспортқа шығаруда. Міне, осы компанияның тәжірибесін пайдаланған «Бал текстиль» қазақстандықтардың ыс­тық қыласына бөленуде. Сапалы кілемдерін ұсынуда. Кедендік одақ елдері бойынша озық технологиямен жабдықталуы жөнінен бірінші орында тұрған кәсіпорынның кілеміне сұраныс жоғары.
– Фабрикамызда автоматтан­дыр­ылған заманауи құрал-саймандар орнатылған. Ресей мен Беларусь фабрикалары өнімнің сапасы жөнінен бізбен таласа алмайды. Мамандарымыз Түркияда білім жетілдіріп келді. Біз өндірген кілем әлемнің кез келген өнiмiмен бәсекеге түсуге дайын. Дизайны да жақсы. Бағасы шетел кілемдерінен арзан. Бүгінде «Тұран», «Алатау» және «Барыс» сауда белгiлерiмен шығарылуда. Қазақстанды толық қамтамасыз етіп алғаннан кейін алыс-жақын шет мемлекеттерге де өнім экспорттаймыз. Талай жыл бойы шетелден кілем тасып, сауда жасадым. Неге кілемді өзімізде өндірмеске деген ой келді. Ата-бабаларымыздан қалған ою-өрнектер, текемет пен сырмақтар біздің де қолымыздан іс келетінін көрсетпей ме? Сондықтан осы жобаны қолға алдық. Шымкентте шығарылған қазақ кілемін ұлттық брендке айналдырсақ деген ой бар, – дейді Талғат Исхахов.
Іскер азаматқа Үкiмет тарапынан жасалған бағдарламалар, жеңілдіктер және облыс әкімдігінің қолдауы да қанат бітіріпті. «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдай да фабриканың тез аяққа тұруына ықпал етті. Фабрика салатын жер мәселесі шешіліп, кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Инфрақұрылым да жасақталды. Міне, осындай қолдаудың арқасында іске қосылған кәсіпорында қазір 150 адам жұмыспен қамтылған. Жобаның үшiншi кезеңi iске қосылғанда жылына 15 млн. шаршы метр кiлем және 8 000 тонна полипропилен кiлем жiбi өндірілмекші. Өндіріс орны кеңейген соң 700 жұмыс орны ашылады. Өнімнің 40 пайызы шетелге жіберілмек. Яғни, келешекте көршілес мемлекеттер Шымкентте шығарылған Қазақ кілемін тұтынатын болады. Қазақы ою-өрнекпен, көшпен­ділерге тән суреттермен, түстермен кескінделген кілемдер қазірдің өзінде мыңдаған қазақтың үйінің төрінде ілініп тұр. Осындай жобалар мен тың бастамаларды жүзеге асырсақ қана, еліміз тек шикізат экспорттаушы деген аттан құтылады. Қазынамыз молаяды. Бұл жөнінен Шымкенттегі кілем фабрикасы өзгелерге үлгі. Ал, сіз қай елдің кілемін алып жүрсіз?

Серіктес жаңалықтары