692
ХАЛҚЫ СҮЙГЕН ҚАЛАМГЕР
ХАЛҚЫ СҮЙГЕН ҚАЛАМГЕР
Қазақ әдебиетінің классик-жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай, туған жері Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында мерейтойы өтті. Жазушының шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция және ұлттық ат спорты түрлерінен өткізілген жарысты тілшіміз арнайы тамашалап қайтты.
Төңірегі түгел таумен қоршалған, табиғаты таңғажайып Нарынқол халқы Б.Соқпақбаевтай дарынды, дархан һәм мінезді ұлдың мерейтойына жұмыла кіріскен екен. Айбынды таулардың қату қабағы жібіп, мерейтой Хан-Тәңірдің бигіне шағылысқан күннің шуақты шұғыласына бөленді. Қаймана қазаққа түгел сауын айтқан салтанатты шара Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектептен бастау алды. Бұл – Нарынқолдағы үш мектептің бірі.
Алматыдан арнайы келген ақын-жазушы, әдебиет зерттеушілері мен журналистерден құралған делегация мүшелері Б.Соқпақбаевтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, мектеп мұражайын аралады. Білім ордасындағы мұражайға кірсеңіз, Соқпақбаевтың соқпағына түскендей күй кешесіз. Жазушының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған мұражайда дарынды ұлдың артында қалған мұрасы мен көзі тірісінде қолданған заттарынан құралған 2000-ға жуық экспонат бар. Бердібек Соқпақбаевтың тұтынған заттарының арасынан көзге ыстық көрінгені жазушының жұмыс үстелінде тұрған жазу машинкасы болды. Жазушының төрт қатар орналасқан болат әріптердің үстінен басқан салалы саусақтары, ұшқыр ойын қуалап, ақ қағазға «Балалық шаққа саяхат» хикаятын өмірге әкеліпті. «Бұл машинканы жазушы он жылдай қолданған екен. Жәдігерді Бердікбек Соқпақбаевтың әкесінің інісі Сұмағұлдың ұлы Ержан деген қостөбелік азамат мұражайға сыйға тартты», – дейді мұражай жетекшісі Гүлбану Абайқызы.
Мерейтойдағы маңызды шараның бірі «Халқы сүйген қаламгер» атты Б.Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция болды. Нарынқолдағы «Мәдениет үйі» залында өткен жиынға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, Сенат депутаты Нұрлан Оразалин, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, жазушы Кәдірбек Сегізбаев, ақын Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі, жазушы, аудармашы Мәлік Отарбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, тағы да басқа әдебиет қайраткерлері қатысты.
Конференцияда жазушының шығармашылық қыры жайлы, ешкімге ұқсамайтын Бердібек қаламының қажыр-қайраты, бала оқырманды өзіне баурап әкететін шеберлігі көпке өнеге ретінде көп айтылды. Бұдан бөлек, Хан-Тәңірдің айбатындай арыны мен дархан көңілді адами болмысы да мінберден сөз алған әдебиетші қауымның аузынан зал толы оқырманға, салихалы да сырлы естеліктер арқылы кеңінен таныстырылды. «Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары әлемнің 60-тан астам тіліне аударылды. Өзім де қазақ жазушысын Түрік ағайындарға таныстыру мақсатында шағын әңгімелеріне тәржіма жасап жүрмін», – дейді жазушы, аудармашы М.Отарбай. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ өкілі мерейтой қарсаңында танымал түрік журналының бір саны Б.Соқпақбаевқа арнап 10 мың данамен басылып, әлемнің он төрт еліне таралғанын жеткізді. Дарынды ұлдың даңқы аспандап, шығармашылығының оң бағалана бастағанына қазақ зиялылары дән риза болды. Конференцияда сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы: «Бердібек Соқпақбаевты тек қазақ балалар әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің классигі ретінде құрметтеуге тиіспіз», – деп ойын ортаға салды.
Әдебиеттегі орны айшықты тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайлы тереңнен сөз қозғалған конференцияда, Б.Соқпақбаев есімін жас ұрпақтың жадында сақтау, ерен еңбегін насихаттау тұрғысында ауыл немесе аудан деңгейіндегі елді мекендерге есімін беру мәселесі де айтылды. Ақын Айтақын Әбдіхалық: «Той да бітер, әдемі сөз де бітер… Тойдан кейін не істемек керек?!» деген сұрақты ортаға салып, Нарынқол ауылы немесе сол төңіректе орналасқан ауылдардың біріне Б.Соқпақбаев есімін беру мәселесін көтерді. Бұл ұсынысқа Сенат депутаты Н.Оразалин да өз тарапынан қолдау білдіріп, Қытаймен шекара түбіне орналасқан «Қызылшекара» ауылының атауын өзгертіп, Б.Соқпақбаев есімін беру туралы тиісті орындарға мәселе көтеретіндігін, депутаттық сауал жолдайтындығын айтты.
Б.Соқпақбаевтың 90 жылдық торқалы тойында жазушының шығармалары бірнеше томға жинақталып, оқырманға тарту етілді. Алматы облысы әкімшілігінің қаржылай қолдауымен жарық көрген Б.Соқпақбаев шығармаларының екі томдық жинағы мың дана таралыммен жарық көріпті. Әкімдік өкілдері жинақтың 100 данасын ауыл кітапханасына сыйлады. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі де Б.Соқпақбаев шығамаларының бес томдығын әзірлеп, екі мың данамен бастырғаны белгілі болды.
Мерейтойдың мерейін шалқытқан, Бердібектің туған ауылын шаттыққа бөлеген тойдың жалғасы түс ауғанда арнайы тігілген ақбоз үйлердің маңында жалғасын тапты. Хан-Тәңірдің басынан бұлт сейіліп, жайма шуақ күн астында күрескен палуандар, жүйрікке мініп, жүйткіте қыз қуған жігіттер, сәйгүлігін аламанға баптаған шабандоздардың сыртынан қарап тұрып-ақ, Б.Соқпақбаевтың талантын ұштаған, ой-қиялына еркіндік берген, қаламына қарым сыйлаған қасиетті өңірдің қазақы қалпына шын сүйінесің.
Ұлттық ат спорт түрінен өткен қыз қуу, аударыспақ сынды ойындардың барлығына дерлік жүлделер тігіліп, жеңімпаздар марапатталды. Тойдың басты қызығы аламан бәйгеге KIA автокөлігі, топ бәйгеге Нива көлігі тігілді. Бұдан бөлек, бірінші орынға үш жүз мың теңге, екінші жүлдеге бағалы сыйлықтар берілді. Аламанға шапқан 18 жүйріктің ішінен 43 шақырымға шыдас беріп, қара үзген алматылық тұлпар бас жүлдені иеленді. Ал 21 шақырымға шапқан топ бәйгеге 21 ат қатысты. «Бәйгеге тігілген жүлделерді жергілікті кәсіпкерлер дайындаған», – дейді ұйымдастырушылар.
Ақынды ардақтау, шығармашылық келбетін айшықтай түсу алдағы уақыттың еншісінде жалғасын таба беретіні даусыз. Себебі, Соқпақбаев шығармалары мәңгілік жас, сәби жүректің рухани сұранысын қанағаттандырып, ғасырларды желдіріп кете беретін – қазына. Биылғы 90 жылдық торқалы тойдың түйіні Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрда өтетін қорытынды жиын-тойымен аяқталамақ.
Жәнібек ҒАЛЫМ
Алматы – Нарынқол – Алматы