«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» ЖОЛ ТАРТҚАНДАР

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» ЖОЛ ТАРТҚАНДАР

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА»   ЖОЛ ТАРТҚАНДАР
ашық дереккөзі
507

Ауыл – қаланың тірегі. Бұл теңеу жуық арада жоққа шығарылатындай. Өйткені соңғы уақытта ауылдан қалаға қарай бағыт алған көш саны көбейіп барады. Қазақ ұрпағының қаймағы бұзылмаған ауылдан тоқтаусыз қоныс аударуды тоқтатып, қалада жоғары білім алған мамандарды ауылдың әлеуетін арттыру үшін жіберу үрдісінің қолға алынғанына да біраз уақыт болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша біраз жас маман ауылға ат басын бұрған. Әйтсе де…Бағдарламаның
бағыты дұрыс-ақ…

ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл, ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет», – деген еді. Елбасының есті сөзін есте сақтаған Үкімет «Дипломмен ауылға» жобасын ұсынды. 2009 жылдан бастап жүзеге аса бастаған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мақсаты – жұмыссыз жүрген жас мамандарды жұмысқа орналастырып, ауылдың жағдайын көтеру. Әуелде бұл жоба жастарға жасалған жақсы мүмкіндік ретінде бағаланып, халықтың қолдауына ие болған. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар ауылдың өркендеуіне, қоғамның дамуына үлес қосады деп қуанған көпшілік. Расында да, «Дипломмен ауылға» жобасы бүгінге дейін, яғни бес жыл ішінде 30 617 маманды жұмыспен қамтамасыз етті. Ауылға барған 30 мыңнан астам жас маманның 73 пайызы мұғалім, 20 пайызы дәрігер, 1 пайы­зы әлеуметтік қамсыздандыру, 3 пайызы мәдениет, 1 пайызы спорт, 2 пайызы ветеринария саласына барған. Бұл қызметкерлер үшін республика бюджетінен бөлінген қаржы да аз ақша емес. 24 млрд. теңгеден астам қаржы ауылға жол тартқан мамандар үшін жұмсалған. Бағдарлама бойынша елді мекендерге жұмысқа орналасқан әрбір жас маманға жетпіс еселік айлық есептік көрсеткішке тең мөлшерде бір реттік көтерме жәрдемақы төленеді. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш 1 852 теңгені құрайды. Нәтижесінде «Дипломмен ауылға» жобасына қатысушы 129 640 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Сонымен қатар, қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдау арқылы 1500 еселік айлық есептік көрсеткіш деңгейінде, яғни 2 778 000 теңге көлемінде 15 жыл мерзімге 0,01 пайыздық мөлшер бойынша бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осынша қаржыны қолға алған жас маманға артылатын міндет – ауылдың өркендеуіне үлес қосу және сапалы қызмет жасау. Көрсетілген көмектерге қол жеткізген жас маман бағдарламаның шарты бойынша ауылдық жерде 5 жыл қызмет етуге және әр тоқсан сайын жұмыс орнынан тиісті орындарға анықтама өткізіп тұруға міндетті. Осы уақыт аралығында сатып алынған үйдің кепілде тұратынын да естен шығармау қажет. Егер көрсетілген ережелер жас қызметкер тарапынан бұзылса, ол барлық шығынды өтеуі тиіс.

Жоба жастарды, жастар үкіметті неге
әуреге салды?

«Дипломмен ауылға» бағдар­ла­масы қолға алынған 5 жыл уақыт ішінде жобаның келісімшартын 3659 адам бұзыпты. Мұндай мәліметті ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлаған. «Ауылға баратын жастарға арналған мамандықтар тізімінің ұлғаюына байланысты бізде өте жақсы ілгерілеушілік бар. Сондықтан да бұл айтарлықтай сан емес деп ойлаймын», – деген еді вице-министр. Ережеге бағынбағандардың бұл көрсеткіші үшін аса қынжыла қоймаған вице-министрдің сөзіне қарағанда, бағдарламаның бекітілген шарттары да үлкен маңызға ие емес секілді.
«Дипломмен ауылға» бағдар­ла­масына қатысты заңбұзушылықтар тек жастар тарапынан ғана орын алып жатқан жоқ. Жергілікті билік өкілдері заңды белшесінен басып, жас мамандарды жұмысқа алдық деген желеумен бұрыннан ауылда жүрген қызметкерлерді қызметке алуы да орын алған еді. Оңтүстік Қазақстан облысында 2011-2013 жылдар аралығында бағдарламаның игілігін көрген 1782 жас маманның 574-і ғана оқуды жаңа бітіріп, қолына диплом алған жастар екен. Қалғаны ауылдың байырғы қызметкерлері болып шыққан. Ауыл қызметкерлерін жоба қатысушысы деп көрсетіп, олар үшін бюджеттен 633 млн. теңге қаржы бөлінген.
Бұл бағдарлама қолға алынғанына бес жыл болса да, оның кемшін тұстары мен шешілмеген түйінді тұстары аз емес. Бағдарлама бойынша барған елді мекенде тұрақтамай, жәрдемақыны алып, өздері қалаған жерге кетіп қалатындардың саны артқан сияқты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шартына бағынбаған жас мамандар, әлбетте, мемлекеттен алған бір реттік жәрдемақысы мен 2 млн. 778 мың теңге көлеміндегі несиесін қайтарады. Ал сол жастардың мұндай қадамға неге баратыны жөнінде ойланып көрдік пе?
Ең алдымен, жастар қауымы әлі де болса ауылды емес, қаланы таңдайды. Жастар жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін қалада қызмет етуге талпынады. Қала жағалаған жастардың барлығына бірдей жұмыс табылмайтыны да белгілі. Сол себепті, ауылға барып жұмыс істеуге ниет білдіретіндердің басым көпшілігі амалсыздан «Дипломмен ауылға» бағдарламасына жүгінеді.
Екіншіден, бұл бағдарлама арқылы шалғай елді мекендерге барып, жұмысқа орналасқысы келген жастарды жұмысқа орналасып, мемлекеттің тиісті көмегін алу кезіндегі қиындықтар әуреге салады. Оған жастардың жоба ережелерін дұрыс түсінбегендігі мен жергілікті билік өкілдерінің жұмысты дұрыс жүргізбеуі әсер етеді.
Осы секілді олқылықтарды саралаған бұрынғы депутат Мұрат Әбенов 2011 жылы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке сауал жолдаған еді. Мұрат Әбеновтің сараптамасында мынадай кемшін тұстар көрсетілген: ауылдық елді мекендерге мамандарды тарту бойынша межеленген көрсеткіштерге қол жеткізбеу, тұрғын үй алу қиындықтарына байланысты мәселелер, ауылға жұмылдырылатын мамандар санатының шектеулілігі, әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру бағдарламасы әкімшісінің дұрыс таңдалмауы. «Дипломмен ауылға» жобасының кемшіліктерін жіпке тізген қоғам қайраткері Үкіметке ұсыныс та жолдаған. Ұсынысында Әбенов мырза ауылдық жерлердегі мамандарға деген сұранысты нақты әрі дәл анықтау, осы мәселемен айналысатын тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдату және жобаның тиімсіз жүзеге асырылуына жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды да айтқан.
Оның бұл ұсынысы осыдан 3 жыл бұрын жасалған. Алайда арада біраз жылдар өтсе де, қоғам қайраткері көрсеткен олқылықтардың орны әлі де толыққан жоқ. Уәде етілген үкіметтік жеңілдіктерге қол жеткізе алмай жүрген жастар әлі де кездесуде. «Белгіленген жәрдемақыны келесі жылы аласың», – деп алдаусыратып жүрген жергілікті билік өкілдері әлі де бар екен. Тіпті, өз ата-анасының үйінде тұрып, қызметін атқарып жатқандар да осы бағдарлама аясында ауылға келгендердің қатарына қосылып жүр. «Ауылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында келіп жатқан жастарды да үкімет үлде мен бүлдеге орап жатқан жоқ» дейтіндер саны азаяр емес. Бес жыл бойы ауылда қызмет етуге құлықсыз жас­тар, ары кеткенде 2-3 жылға ғана шыдайды. 2-3 жылдан кейін қалаға жол тартып кетеді. Мұндай жағдай орын алмауы үшін келісімшарттың мерзімі қысқартылып, көтерме жәрдемақының мөлшері көбеюге тиіс. Отбасылық және өзге де жағдайларға байланысты бір өңірден екінші өңірге қоныс аударғанда берілген өтемақы сақталса. Екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрген «Болашақ» бағдарламасының түлектері де ауылға барып, жұмыс істесе. Ауылда әлеуметтік қызметкерлерден бөлек мемлекеттік қызметшілер де қат. Ауылдағы жас маман белгілі бір мерзім ішінде өзін өзі көрсетсе, оның қалада, облыста, министрлікте жұмыс істеуіне жол ашса. Міне, бұл ұсыныстар өткен айда Қостанайда өткен ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында айтылды.
Бұл бағдарламаның басты мақсаты – құты қашқан ауылдың мәні мен сәнін кіргізу болатын. Ауылдағы кадр тапшылығын жоюды да осы бағдарлама өз міндетіне алған еді. Кәсібін ауылға барып нәсіп етер деп сенген жастардың сенімге селкеу түсіріп жатқаны өкінішті, әрине. Бұл бағдарлама ары қарай тұралап қалмауы үшін қандай амал қолдану керек?

Серіктес жаңалықтары