НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛҒАНДАР
НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН АЛҒАНДАР
Микроскоп үшін сыйлық алған…
Бұл саладағы Нобель сыйлығы биыл микроскопия саласындағы ғылыми жетістіктері үшін Эрик Бетциг, Штефан Хелль және Уильям Морнерге бұйырды. Аталған ғалымдар флуоресцентті жарық шығаратын молекулаларды пайдаланып, микроскоптың ұлғайту қасиетін бірнеше есеге жақсартқан. Бұл микроскоп өте кіші масштабтағы әр түрлі объектілердің құрылысын зерттеуге үлкен мүмкіндік береді. Жеке молекулалардың бейнесі мен олардың тірі денеде әрекеттесуін осы микроскоп арқылы көруге болады. Бұл ғылыми жаңалықты ашқан ғалымдардың үшеуі де белгілі тұлғалар. Эрик Бетциг 1960 жылы АҚШ-та дүниеге келген. 1980 жылы ғалым Корнелль университетінде докторлық диссертациясын қорғаған. Қазіргі уақытта Эрик Бетциг АҚШ-тағы Говард Хьюз атындағы медицина институтында қызмет атқарады. Штефан Хелль 1962 жылы Румынияда дүниеге келген. Дәл қазіргі сәтте Германияның азаматы. 1990 жылы Гейдельберг университетінде докторлық дәрежесін алған. Қазір Макс Планк атындағы институттың профессоры. Уильям Морнер 1953 жылы АҚШ-та туған. Докторлық дәрежесін 1982 жылы алған. Қазір Стэнфорд университетінің профессоры.Жапондар да құр қалған жоқ
Физика саласындағы Нобель сыйлығы 2014 жылы жапондық ғалымдарға бұйырды. Нагойи университетінің ғалымдары Исама Акасаки мен Хироси Амано және Санта-Барбарадағы Калифорния университетінен Судзи Накамура көк жарық диод ойлап тапқандары үшін марапатталды. Ғалымдардың аталған зерттеулері қазіргі заманғы техника мен электрониканы толықтай өзгеріске ұшыратты. Мұндай жетістікке ғалымдар қажетті галий нитридінің кристаллдарын өсірудің нәтижесінде қол жеткізген. Көк жарық диодтары 100 мың сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істей алады. Бұл шамдар қуат үнемдейді әрі қоршаған ортаға зиянсыз. Көгілдір шамдарды смартфондардан бастап теледидарға дейінгі көптеген техника түрлерінде қолдануға болады. Көк жарық диод ойлап тапқан жапондық ғалымдар физика саласында бұған дейін де көптеген жетістіктерге жеткен.
«Ішкі GPS-ті» тапқандар да ілікті
Джон О’Киф, ерлі-зайыпты Мей Бритт Мозер және Эдвард Мозер медицина саласындағы Нобель сыйлығын өзара бөлісетін болады. Ғалымдар «ми жасушалары биологиясы» туралы еңбектері үшін Нобель сыйлығына ие болды. 2014 жылғы Нобель сыйлығының иегерлері кеңістікті бағдарлауға мүмкіндік беретін мидағы орналастыру жүйесін, яғни «ішкі GPS-ті» тапқан. «Ішкі GPS» адамның қайда екенін анықтайды, бір жерден екінші жерге дейінгі жолды табуға, жүріп өткен жолды есте сақтауға көмектеседі. 263 үміткер арасынан іріктеліп шыққан жеңімпаздар мидың кеңістікке бейімделуі туралы зерттеу жүргізген.
Британ-америкалық нейробиолог Джон О’Киф Лондондағы Университеттік колледждің ғалымы. Ал ерлі-зайыпты Мей Бритт Мозер және Эдвард Мозер Норвегияның Тронхейм қаласындағы ғылым және технология университетінде еңбек етеді.Бейбітшілік саласына да бұйырды
Биылғы бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын пәкістандық Малала Юсуфзай мен үндістандық Кайлаш Сатьяртхи алды. Екі елдің азаматы болғанмен, мақсат-мүдделері бір. Қос жеңімпаз «балалардың еңбегі қаналмай, мектепке барулары тиіс» дегенді алға тартып, балалар мен жастардың құқығын жаншуға қарсылық танытып, олардың білім алуын қолдағандары үшін беделді сыйлықты иеленді.
Нобель сыйлығына ие болған Малала Юсуфзай 17 жаста. Пәкістанның солтүстік-шығысындағы Сват аңғарында тұрған жас қыздың аты бүгінге дейін де баршаға мәлім болатын. Ол қыздар үшін мектептердің жабылып жатқанына, әйелдердің әдемі киінуі үшін қойылған тыйымға қарсылық танытқан. Тіпті, сол туралы блог жүргізген. Өзі туып-өскен жердегі қыздардың білім алуы керектігін айтып бас көтерген жас қызға бұған дейін шабуыл да жасалған көрінеді. Малала қазір Ұлыбританияда тұрады.
Ал екінші лауреат Кайлаш Сатьяртхи Үндістандағы балалардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 30 жылдан астам уақыт күресіп келеді. Өзі мүшелік ететін «Балаларды құтқарамыз» қозғалысы осыған дейін 80 мыңнан астам баланы азапты өмірден құтқарып, олардың білім алуына жағдай жасаған. Бұл ұйым 1980 жылы құрылған, Үндістандағы балаларды қорғау мақсатындағы жалғыз ұйым.
Әсел Әнуарбек