«ЖАС ЖҮРЕК ЖАЙЫП САУСАҒЫН...»

«ЖАС ЖҮРЕК ЖАЙЫП САУСАҒЫН...»

«ЖАС ЖҮРЕК ЖАЙЫП САУСАҒЫН...»
ашық дереккөзі
654

 

Барлық деректерде Саттар Ерубаевтың 1914
жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданына қарасты «Арыс»
совхозындағы Ұзынқұдық» жайлауында туғаны жазылған. Саттар дүниеге
келген кезде Саттардың әкесіне жақын ағайыны Тебейдің үйіндегі Тәлімі
дейтін шешеміз «Бапаны келін қып түсіргеннен кейін Асқармен жаз
жайлауымыз да, қыс қыстауымыз да бір болатын. Саттар күзем алып
болғаннан кейін Ұзынқұдықта туды. Ал менің Әмзем одан екі ай кейін
тоқсанның басында туды», – дейді. (Саттар Ерубаев. Мәңгілік өмір.
Алматы, «Жазушы». 1994, 448-бет)Біздің
қолымызға 100 жылдан кейін қолға іліккен құжаттар Саттар Ерубаевтың 1914
жылы емес, одан бір жыл бұрын дүние есігін ашқанын дәлелдейді. Соны
ешқандай аудармасыз бергенді жөн көрдік:

«Подтверждается
дата поступления Саттара в ЛИЛИ – именно 21 июня 1931 г. Далее – новые
разночтения. С.Ерубаев записан как студент отделения языковедения. А
самое главное и очень важное – годом рождения казахского публициста
указывается 1913-й, а не 1914-й, как повсеместно пишут его биографы.
Сохранился и лицевой счет студента 2 курса С.А. Ерубаева. На стипендию
он зачислен с 1 сентября 1931 г. (80 рублей). В декабре с него удержано
за питание в институтской столовой по талонам 25 руб. Другие расходы –
подпис­ка на заем и оплату комнаты в общежитии.», (А.ЖАНГОЖИН. Караганда
– Санкт-Петербург. Индустриальная Караганда.-2005.-4 авг.-С.7)

Мұнан
бөлек, Саттар Ерубаевтың «Мәңгілік өмір» дейтін новелласында мынадай
аса құнды дерек бар. «Бұл 1920 жылы болатын. Онда мен 7-де едім», – деп
жазады. Мұнда да сол 1913 жылды меңзейді. 

Рас, біздің жыл
санауымызға келің­кіремейтін, ай есебіне негізделген хижра бойынша бір
жыл әрлі-берлі сырғи береді. Мәселен, адам бақилық болғанда құрсақта
болған 9 ай да қоса есептеледі. Негізінде, Саттардың біресе 1913,
екіншісінде 1914 болып жүруі осы­дан болар деп есептейміз, әрі мұны
әбестік деп санамаймыз.

Саттар Ерубаевтың жатқан жері әзірге
белгісіз күйінде қалып отыр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазіргі
Алматы қаласындағы Райымбек даңғылының бойында, батыр бабаның
сағанасының маңында мұсылмандар қорымы болушы еді. Кейіннен ол орын
тегістеліп, орнына Ақши, Қаскелең, Ұзынағаш сияқты Алматының
айна­ласындағы елді мекендерге қатынайтын автобус бекеті тұрғызылды. 

Саттар Ерубаевтың ғұмырбаянын хатқа түсірушілер әлеуметтік
жағдайы кедей еді дегенді көбірек айтады. Бұл, әрине, сол кездің
ұстанымына сай келеді. Шындығында, оның баба­сы Ерубай бай болған, елдің
сөзін сөйлеген. Білегінде күші, ауызында сөзі бар алғыр да шешен
болыпты. Әділетсіздік жасаған шонжарлардан жасқанбай, шындықты бетке
айтқан. Сол кездегі шонжарлар Ерубайды қарсылас ата жауларына шоқпар
ретінде пайдаланбақ болып, би сайлайды. Бірақ Ерубай би болғаннан кейін,
елдің жай-жапсарына қаныға жүріп, шама­сынша әділ, парасатты болады.
Елінің жанашыр азаматы, халқының қалаулысы болып өмірінің соңғы күніне
дейін халық құрметіне бөленіп өтеді. Ерубай ердің жасы елуінде қазіргі
Шымкент облысы, Қызылқұм (Отырар) ауданы­ның «Овцевод» совхозындағы
Сумағар деген жерде дүние салады. «Осы жерде әл-Фарабидің әкесі қызмет
еткен, өзі де сонда туды деген ғылыми тұжырым жасалып жүрген «Оқсыз»
деген төбе бар. Сүйегі сол Оқсызға қойылады.

(Саттар Ерубаев. «Мәңгілік өмір».Алматы. «Жазушы», 1994.; Әдіғам Шіл-терха­нов.11.05.1982. 444-445 беттер)

Естеліктерде
«партия қызметкері» деп жай ғана айтыла салатын Ысмайы­л­ов Нұртаза
ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовпен тонның ішкі бауын­дай араласқан. Ұлы
қаламгердің «Өскен өркен» романының басты кейіп­кер­лерінің бірі. Сол
кездегі Шаян ауданының (романда «Ноян ауданы») 1-хатшысы болған. 1961
жылы Мұхтар Әуезов Шаянға келгенде, кезінде «Шаян халық театры» Кремль
сахнасына қойған «Еңлік-Кебек» драмасын жазушының өзіне арнайы көрсетіп,
қойылымнан соң өз үйінде күткені белгілі. Ысмайылов Нұртаза мен Мұхтар
Әуезовтің соншалықты бір-біріне жақындасып кетуіне себепші болған Саттар
Ерубаев екен. Себебі, Мұхтар Әуезов сол Саттар қайтыс болғанда қатты
қайғырып, «қазанамаға» қол қойғандардың бірі болса, Нұртаза Ысмайылов
Саттардың жақын туысы. 

Саттар туралы сөз болғанда оның өз
әке­сі Асқар туралы аз айтылады. Оның әрине, өз себеп-салдары бар
болғандықтан арнайы тоқталуды жөн көрдік. Арғы атасы Ерубай биден Асқар,
Жүсіп, Нақып, Жақып, Бейсенбі деген бес ұл туады. Осы бес ағайынды
ұлдардың арасындағы Асқардан Саттар дүниеге келеді.

Ерубай
биден туған Асқар да жасынан зерек өсті. Ұзын бойлы, аққұба жанның
орысша-қазақша сауаты болған. Түркістанның теріскейіндегі Қаратау
алабындағы Шоқытас Керімбек болыстың қарамағында 30 жылдай старшын
болыпты. Асқардың ақындығы басқалардан алабөтен екен. Бірде ол үлкен
отырыста бет біткенің көріктісі, қос бұрымы төгілген аруға жолығады.
Асқардың Пәтек дейтін қызға үйленіп, одан Қасым, Есім сияқты ұлдарды
сүйіп, балалы-шағалы боп қойған кезі екен. («Шешесі Бапа орта бойлы,
қараторының реңдісі болатын») деп суреттелетін қыз баласы Асқардың
бойындағы ұйықтап қалған ойды оятады, қанды қыздырады, сезімді
сергітеді. Ата салтымен үйлене салған ол кербұландай бұлғаңдаған қыздың
қызуы оттай сөздерінен бас тарта алмай қалады. Әрине, бізге олардың сол
айтыста қалай сөз қағыстырғаны белгісіз. Әйтсе де сол айтыстың аяғы ұлы
махаббатқа ұласып, дүниеге теңдесі жоқ қазақтың біртуар ұлы Саттардың
келгені анық.

Саттар фамилиясын өз әкесінің емес, бабасының
атымен атаған. Саттардың өзі «Менің құрдастарым» атты жартылай
өмірбаяндық романында: «…1931 жылы Ленинградта оқып жүргенімде «әкең
өлді» деген телеграмма келді. Мен жылағам жоқ. Бірақ неге екенін қайдам,
жолдастарымның барлығын жинап алып, «әкем өлді» деп айттым да, жүгіріп
үйге кіріп кетіп қалдым. Кешке біздің екінші курстағы барлық студенттер
жиналып келіп, маған көңіл айтты. Менің қайғыма ортақ екенін білдірді.
Сонда грузин баласы Сивадзе: «Қайғырма, біз екеуміз Совет өкіметі дейтін
өлмейтін әке тауып алғанымыз жоқ па?!» – деді. Сонда мен қайғыдан емес,
қуанғандықтан жылап жібердім», – деп жазған еді. Саттардың әкесі 1931
жылы өліп, Түркістан қаласына қойылады». (Сонда 446-бет).

Жұмай
апай естелігінде: «Асқар ата Шойтөбе жағына қауын-қарбыз егетін еді.
Қауын-қарбыз піскен кезде алып келуге кейде атпен Саттарды жіберетін.
Біліп қалсам, мен де барам деп артынан жүгіретін едім. Көңілімді қимаған
Саттар атына міңгестіріп алушы еді», – деп жазған.

Саттар
қайда және қалай оқыды? Біз оны Нұртаза Ысмайыловтың жазба-ларынан
табамыз: «Менің шешем Мәлике (төркіндері Мәлеш деп атайтын) Асқардың
өзіне тете інісі Жүсіптің үлкен қызы еді. Біздер қазіргі Арыс қаласының
төңірегіндегі Қаражантақ, Қараспан деген жерлерде көшіп-қонып
жүретінбіз. Кейде Сырдария бойындағы Көксарай көлін жайланушы едік.
Шешемді ағайын-жұрт қатты сыйлайтын.Төркінінен алып келген аяқ машинасы
болатын. Ол кезде киім тігетін орын болмағандықтан, ауыл арасында
ағайындардың киімін де тігіп беретін. Жас кезінде кейбір ауыл әйелдері
мені «мәшинеші шешейдің баласы» деп те атайтын. Әкесінің қалада
тұрғандығынан ғой деймін, шешемнің қалта сағаты болушы еді. Ораза
айларында ауыз бекіткенде, кейбір бұлтты күндері шыдамсыздау ағайындар
біздің үйге күннің батқанын анықтау үшін ат шаптыратын. Шешем жылына бір
мәрте Арыс станциясынан пойызға мініп, Түркістан қаласына әкесінің
үйіне төркіндеп баратын. Сол кезде көбіне мені ала баратын».

Саттар
Ерубаевтың қазіргі Отырар ауданының аумағында дүниеге келгенін
айтқанымызбен, оның өнегелі өміріне өрнек берген Түркістан қаласы болды.
Осы қалада оның балалық шағы өтті, мектеп көрді, білім алды, қай кезде
болмасын, қайда жүрмесін Түркістанға оралып отырды, талмай жырлады.

«Нағашымның
үйі сол кездегі тәртіп бойынша бастырмалатып салынған болатын, – дейді
Нұртаза Ысмайылов. – Саттар мен Өмірзақ екеуі бастырма астында аласа
столға сүйеніп сабақ оқып отырды. Мен соларды төңіректеп жүрдім.
Шешемнің сіңлісі Бибін апай (ол кезде бойжеткен қыз) Өмірзақтан да,
Саттардан да көп үлкен, теріс қарап өрмек тоқып отырды. 

Бір
кезде Өмірзақ стол астынан рогаткасын суырып алды да, ылайдан арнайы
жасалған кішкене домалақ кесекпен өрмек тоқып отырған Бибін апайдың жон
арқасын атып жібереді. Бибін апай орнынан да тұрған жоқ, қатты тиген
кесектің орнын алақанымен басып жылап отырды.

Саттар
Өмірзақтың бұл қылығына қатты налып, ұрысты, ақыл айтты. Сонда менің
аңғарғаным, Өмірзақпен жасы қатар болса да, Саттар ерте есейіп өскен
еді. Ол өзін сол кездерде үлкен кісілердей ұстайтын еді.

Осыдан
екі-үш күн өткен соң, Өмірзақ мені қалаға ертіп барды. Қаланың
орталығын аралатып, Саттар оқитын мектепке алып келді. Біз келсек,
шамасы, үзіліс уақыты болса керек, мектептің ауласы ығы-жығы толған
оқушылар екен. Көп баланың ішін аралап жүріп Саттарды тауып алып, мені
Саттарға тастап кетті. Саттар мені қасына алып, оң жақтағы қатардың ең
соңғы партасына отырды. Сабақ үстінде оқушылар өте тәртіпті отырды,
барлығы да мұғалиманың аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алатындай
ықыласпен отыр-ды. Сабақ беріп тұрған денесі нәзік қана, реңді жас орыс
әйелі сөзін тоқтатқан кезде, бәрі қолдарын көтерді, шамасы, «мен
айтамын, мен айтамын» дегендері-ау деп ойлаймын. Саттар қоңыраудан кейін
мені алып үйге қайтты. Жол-жөнекей менен бір сағатта не оқыдың, не
түсіндің деп сұрады. Мен ештеме түсінбедім деп басымды шайқадым. Саттар
мұғалімнің берген сабағын түсіну үшін жақсы оқитын болу керек деп күлді.
Саттарды менің соңғы көр-генім осы болды…» (Сонда. 465-бет).

Мұнан
байқалып тұрғандай, «менің жасым алтылар шамасында болу ке-рек, әлі
мектепте оқымаған кезім» дегеніне қарағанда, бұл кез 1920 жылдарға
келетіндей.

«Әлі есімде, 1925 жылы Түркістанда алғаш қазақ
бастауыш мектебін бітір-ген бір топ бала осы қуанышымыздың құрметіне
Қожа Ахмет Яссауи күмбе-зінің биігіне шығуды ұйғардық. Әбді
Тұрсынбаевтың бастауымен Нұріллә Әбілдаев, Ысмайыл Нышанбаев, Иса
Алтынбеков, Саттар Ерубаев және мен соншалық қуанышымыздан алып-ұшып,
сан жетпес басқышпен жоғары тыр-мысып бара жатырмыз. Бір уақытта кілт
тоқтай қалған ұзын Әбді:

– Қожа Ахмет Яссауи әулиенің
әруағына сүйеніп, төбесіне шығып, сыйынып көрелікші, мүмкін сол кісінің
қасиеті­мен үлкен ғалым боп шығармыз, – деп еді, тізбектің ең соңында
кіп-кіш­кене боп келе жатқан Саттар сәл еңкейіп алға ұмтылған қалпы:

– Қожа Ахмет Яссауи оқымысты ақын, оның өз алдына ұстаған жолы бол­ған, – дегені.

Бәріміз
тоқтай қалысып, таңданыс­тық. Біздің алдымызда күнде көріп жүр-ген
Саттарымыз емес мынау, Яссауидің құдіретімен бір жақтан келе қалған бір
ғұлама сияқты.

Әбді оған қадалып:

– Оны қайдан білесің? – деп сұрады.

– Білем, – деді Саттар.

– Дұрыс біліп тұрсың. Мен саған оны қайдан білесің деп тұрмын ғой, – деді.

– Кітаптағы тарихтан, – деді Саттар әдетінше қасын кере әнтек ойлана қа-лып.

– Оу, «Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» дегендей, пошымың мен тұрысың мынау, сонша үлкен білімді қалай таптың?

– Көкем Ташкент кітапханасынан кітап әкелген екен, содан оқыдым.

– «Кітапхана» деген не? Сарай ма, кітап жинайтын, жоқ магазин бе?


Үлкен қалаларда оқып шығып, қайтып беруге болатын кітаптар жинай-тын үй
болады екен ғой. Ол бізде жоқ. Қожа Ахмет мынау жақын жердегі Сайрамда
өскен. Әкесімен бітімдесе алмай өзі үлкен ғұлама болған соң, мынау үлкен
шаһар Түркістанға келіп, ақындық дәурен сүріпті. Түркістан күнде
базарлы, үлкен қала болған соң оның күнделікті келетін жолаушылары бір
қаладай болады екен. Ол кісі сол қалың халықпен араласыпты. Бұл мешітті
сол кісінің құрметіне Ақсақ Темір салдырған екен, – деп бізді таң-тамаша
етті жас білімпаз. Біз бір сәт аңырап тұрдық та, Әбдінің сілтеуімен
жүріп кеттік.

Ол:

– Мейлі, не де болса әйтеуір сол адамның әруағы қолдап, ғалым болсақ екен, – деді.


«Ғұламалық» дегенге әлденеше жылдар мектепте оқып, сандаған кітап
аударып, бойға сіңіріп барып қана қол жеткізеді, немесе жайдан-жай дари
сал-майды, – деді Саттар тағы да. Әбді тағы да оған:

– Оны да сол кітаптан оқыдың ба? – деді.

– Жоқ, басқа кітаптан оқыдым. Содан кейін ағам айтты, – деді Саттар тура молданың алдында тұрғандай, екі қолын алдына ұстап.

– Өзің құртақандай бола тұрып, бізге ақыл үйретуден қаймығатын емес­сің ғой, – деді Әбді ренжігендей.


Сөз тура келген соң айтып тұр­ғаным, – деп басын төмен салды ол. Біз өз
кішілігін көрсетіп, әдептілік ілтипат еткен Саттарға елжірей қарадық.

Яссауи мұнарасының басында тұрып, біздің аяғымыздың астында
сан үйлердің құмырсқа илеуіндей жыпыр­лағанына таңырқастық…»
(«Мәңгілік өмір». 467-бет)

Саттар Ерубаевтың бар болғаны 23
жыл ғұмыр сүргенін ескерсек, оның ақын­­дығы ертерек басталғанына ден
қоямыз. Оған әкесі Асқардың, анасы Бапаның үлкен әсері болған.

Үстінен
теміржол өтетін Түркістан қаласы дәл сол уақытта білім-ғылым
шоғырланған орталық болғаны анық. Осы білім мен ынтаның арқасында 1931
маусым айының 21 жұлдызында бірден Ленинградтың
тарих-философия-лингвистика институтының 2-курсына қабылданады. Оған
дейін Түркістан қалалық комсомол комитетінде жұмыс істепті. 1933 жылы
оқуды бітіргенде «Орыс неоромантизмі және қазақтың ұлттық әдебиеті»
тақырыбында диплом жұмысын жазып, жақсы қорғайды. Бұл туралы жаңадан
табылған деректерге назар салып көрелік:

(Саттар Ерубаев на берегах Невы. Страницы истории) 

К
Саттару Ерубаеву, окончившему Ленинградский институт философии,
лингвистики, литературы и истории (ЛИФЛИ) в 1933 г., судьба была скорее
сурова, чем благосклонна. Он прожил короткую (1914-1937 гг.), но
удиви­тельно наполненную жизнь.

Уже после смерти С.Ерубаев
стал первым лауреатом премии Ленин-ского комсомола в Казахстане (1966
г.), был удостоен премии имени Николая Островского в честь 50-летия
комсомола (1968 г.). Его имя увековечено на Всесоюзной доске памяти. В
честь С. Ерубаева в г. Караганде названа улица, в г. Туркестане –
школа-интернат, где осенью 2004 г. был открыт и памятник.

Другой
ценный для биографии С.Ерубаева документ находится в деле, содержащем
списки студентов за 1931 г. Подтверждается дата поступления Саттара в
Ленинградский институт линг­вистики и истории – именно 21 июня 1931 г.
По приказу №85 от 13 августа 1933 г. Считать окончившим институт.
Ерубаев вернулся в Казахстан, где работал в редакциях газет «Лениншіл
жас» и «Ленинская смена», публиковался в республиканской газете
«Социалды Қазақстан». Он стал одним из первых лекторов, читающих лекции
по вопросам марксизма-ленинизма и философии на русском и казахском
языках. В феврале 1934 г. С.Ерубаева привлекли в ряды составителей и
переводчиков учебных пособий для начальных и средних школ.Но его душа
тянулась к музыкальной культуре, народному творчеству, что едва не
привело Саттара на должность директора казахского театра.

С
июля 1934-го по май 1935 года С.Ерубаев в Караганде. Работает
замес­тителем ответредактора городской газеты «Караганды пролетариаты»,
печатается в «Большевистской кочегарке». В Караганде Ерубаев задумал
киносценарий о шахтерах, начал главный труд своей короткой жизни – роман
«Мои ровесники», который впоследствии неоднократно выходил в русском
переводе. Творческий потенциал Саттара Ерубаева особенно раскрылся в
1933-1937 гг. В этот период появились 10 его стихотворений, 5 очерков,
15 сатирических зарисовок, 8 новелл и баллад. Он принимал активное
участие в подготовке и проведении I съезда писателей Казахстана (1934
г.) и стал членом Союза писателей СССР. В сентябре 1935 г. Ерубаев
поступил в аспирантуру ЛИФЛИ. Вскоре после начала занятий в аспирантуре
Саттар заболел, около месяца пролежал в больнице на Васильевском
острове. Врачи посоветовали ему сменить климат, вернуться на родину.

В
Алма-Ате, несмотря на болезнь, Саттар старался вести активную жизнь.
Был утвержден доцентом кафедры казахской литературы Казахского
педагогического института, руководил литкружком факультета. В
соав-торстве с М.Жангалиным подготовил «Литературную хрестоматию» для
казахских школ. 2 июня 1937 г. Саттар Ерубаев скончался в алма-атинском
тубдиспансере. Через два года был издан его неоконченный роман «Мои
ровесники» на казахском языке. (Ю. Попов, краеведу А. ЖАНГОЖИН

Караганда – Санкт-Петербург Индустриальная Караганда.-2005.-4авг.-С.7)

Ол
қысқа ғұмырында әдебиет, мәдениет, ғылым, өнер салаларына жанын сала
құлшына әрі өнімді еңбек етті. Ол – өмірге деген, айналасындағы адамзат
баласына деген шексіз сүйіспеншілігін, достарына деген сезімін көзі
тірісінде айтып үлгерген ақын. Оның дос туралы:

Мен білмеймін шекарасын солтүстік пен түстіктің,

Мен білмеймін шекарасын жолдас­тық пен достықтың, – деп тебіренгені ешкімді де бейжай қалдырмайды. 

Кезінде
жан досы жазушы Зейін Шашкин­нің өзі куәгер болған, соңы мұңлы
махаббатқа ауысқан Меруерт сұлуға арналған «Меруерт алқа» өлеңімен қазақ
совет әдебиетіндегі махаббат лирикасын да Саттар Ерубаев алғаш бастады
деуге негіз бар.

Аспандағы күміс айдай, жас 

ақын­ның жары бар,

Аспандағы күміс айдай, құралайдай  

жаны бар.

Құралайды, күміс айды, тура қарап

көріп өт,

Көздері бар күлімдеген, күлкісі бар 

меруерт…

Ол
қазақ әдебиетінде пародия жанрына алғашқылардың бірі болып өз
қолтаңбасын қалдырып та үлгерді. «Өз пародияларым туралы» атты
мақала­сында ол: «Әдетте мені пародия жазу­шы деп атайды. Расында да,
менің мұндай атаққа ие болуыма әлі ертерек, бірақ та мен қазақ
әдебиетінде пародия жанрын бірінші жаза бастадым.

Әуезовтің,
Мүсіреповтің, Әбді­қа­дыр­­овтың шығармаларына, Тұрман­жанов және
басқалардың өлеңдеріне пародия жаздым», – дейді.

Мұхтарға:

Ала қалың, ала қалың,

Шықпай жаңа кітаптарым.Политотдел, комсомолдан,

Геройлардың жидым бәрін.

Ғабитке:

Қарындашын құшақтап,

Ғабит отыр қалада.

Бізге қашан келеді деп,

Колхоз күтеді далада.

Ал
оның «Менің құрдастарым» атты романы қазақ совет әдебиетіндегі өндіріс
тақырыбына арналған Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды», Ғабит Мүсіреповтің
«Оянған өлке» сияқты романдардың алдыңғы легінде тұрды.

Жақында
«Қазақ әдебиеті» газе­тін­­де бел­гілі қаламгер Ғаббас Қабыш­ев­тің
Олжас Сүлейменовке жаз­ған хаты жария­ланды. Ондағы айтылатын мәселенің
мәнісі сол, Олжекең қазақ журналистикасының «жарық жұлдыздарына» арнайы
сыйлық тағайындап, оған Г.Толмачев дегеннің атын бермекші болған екен.
Осыны білген Ғ.Қабышев ағамыз: «Саттар Ерубаевтан артық кім бар? Қазақ
журналистикасын 30-жылдары биікке көтерген сол емес пе еді?» деп ақыл
қосады. Біз де, әрине, бұған бейілдар екенімізді білдіреміз.

Болашақ
ұрпақ, оның ішінде сат­тартанушылар оның «соцреализм» әдісінің негізін
қалаған «Орыс неор­о­ман­тизмі және қазақтың ұлттық әде­би-еті»
тақырыбындағы диплом жұмысы­на назар аударса болар еді деп ойлаймыз.

Саттар
Ерубаев тұңғыш директор болған Алматы қаласындағы Опера және балет
театрына ескерткіш тақта орнатылар уақыт жеткен жоқ па?

Өмір деген тұңғиықтың түбінде

мен жүр едім,

 Өлім деген суық сөздің тілінде

мен жүр едім.

Өмір деген өксігімді баса 

алмас­тан жүр едім,

Бір жабыққан көңілімді аша 

алмастан жүр едім, 


деп жыр­­лаған Саттар бар-жоғы 23 жыл ғұмырында қазақ көгінен мезгілсіз
ағып түскен жарқын да жарық жұлдыздардың бірі болғанын мәңгілікке
дәлелдеп кетті. Саттардың мезгілсіз қазасына байланысты «Қазақ әдебиеті»
газетінің 1937 жылы 5 июньдегі санында мынадай мәтіндегі нек­ролог
басылды.

«Жолдас Ерубаев барлық білімін, мәдениетін көркем
әдебиет майда-нына жұмсаудан шаршап, жалықпайтын еді. Соңғы екі жылда,
жұмыстары­ның көптігіне қарамастан Ленин комсомолының бақытты, қызықты
өміріне арналған «Менің құрдастарым» атты үлкен романын жазып бітіруге
бар күшін жұмсады. Бірақ мезгілсіз ажал 23 жасқа жаңа жеткен, жаңа
гүлденіп келе жатқан жас жолдасты, тым болмаса оның соңғы романын
бітіртпестен де ортамыздан жұлып әкетті.

Біз, оның жасы
үлкен ағалары, әдебиет майданындағы замандастары қымбатты жолдастың
туған-туысқан­дарына көңіл айтып, жалғызы­нан айрылған қарт шешесінің
қолын қы­са­мыз».

Мұқанов, Әуезов, Қаратаев, Тәжі­баев, Жароков, Тұрманжанов, Орманов, Сыздықов, Хасенов.

Міне,
бұл күндері оның өмірге кел­гені­не жүз жылға жуық уақыт өтсе де, мәңгі
жас, мәңгі албырт, тірі тіршілікке мәңгі ғашық болып өткен Саттар
Ерубаев­тың шығармашылығы да, бізге жеткен сирек суреттеріндегі балғын
жүзі де баяғыдай болып көрінеді. Өйткені оның шығармалары бізді әнтек
әсершіл, сезімтал, ерекше шаттық билеген іңкәр әлемге жетектейді. Оның
«Бақыт туралы балладасын» оқып шығып, БАҚЫТ туралы ұғымның соншалықты
күрделі әрі тым қарапайым екендігін түйсінесің. Ол жансебіл еңбек пен
тасқындаған шабыттың мәңгілік өмірмен астасқандағы шексіздігін ғана шын
«Бақыт» деп сол кездің өзінде түйсіне білген жан. Бақыт ұғымының жас
мөлшеріне қатыссыз екенін дәлелдеп кеткен бірден-бір дарабоз талант.
Оның шығармаларын оқып отырып, өмірден ертең өтерін біліп отырған қыршын
таланттың жеке басына қатысты пессимизмге беріл-ген бей-жай көңілін
байқай алмайсың. Керісінше, онымен бірге шаттана, қуа-ныш құйынына ере
отырып, ерекше шабыттана түсесің. Осындайда ұлы Абайдың:

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс.., –

деген өлең жолдары ойға еріксіз орала береді. 

Иә,
ол сол кездердегі буырқанған қазақ қауымының ортасына тым жас кезінде
келді, өте жас кетті және біздің санамызда да мәңгі жас қалпында қалып
қойды.

Жарылқасын Боранбаев

Серіктес жаңалықтары