ЖОЛДАҒЫ ЖАППАЙ ЖАУАПСЫЗДЫҚ

ЖОЛДАҒЫ ЖАППАЙ ЖАУАПСЫЗДЫҚ

ЖОЛДАҒЫ  ЖАППАЙ  ЖАУАПСЫЗДЫҚ
ашық дереккөзі
243
Қазақстанда жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Әсіресе, лауазымды қызметтегілер мен олардың жақын туыстарына қатысты шулы жағдайлар көбеюде. Алайда өзгелерден «ерекше жаратылғандар» әдетте жазадан құтылып кетсе, көбіне зардап шеккендер кінәлі атануда. Заң үстемдігі қоғамымызда қашан орнайды?ЖОЛ АПАТТАРЫНЫҢ САНЫ АЗАЙМАЙ ТҰР Шындығы сол, қазіргі таңда аңдаусызда көлік астына түскендер көбіне кінәлі атанып, ал машинаны удай мас күйінде айдағандар, жол ережесін өрескел бұзғандар, жүргізушілік құжатсыз жүргендер судан ақ, сүттен таза болып шығуда. Өкінішке қарай, ішінара заң лауазым мен шенге, қаржы мен ықпалға келгенде әділетсіздік жағына шығып кете береді. Оған еліміздегі қоғамдық наразылық тудырған жағдайлар дәлел болып отыр. Бас прокуратураның ақпаратын­ша, биылғы жылдың 8 айында рес­публика бойынша 12 630 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 1769 адам мерт болып, 16 мыңнан астамы жарақат алған. Ең апатты мекендер қатарында Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстары екен. Өткен жылы 23,5 мың жол көлік оқиғалары тіркелген. Үш мың адам қайтыс болған. Әрбір жетінші апат өліммен аяқталады. Көлік апаттарының негізгі себебі жүргі­зушілердің жылдамдықты асыр­ғаны, жаяу жүргіншілерге жол бермегені, қарама-қарсы бетке шығып кеткені, ішімдік ішкеніне бай­ланысты. Статистика мамандарының талдауы көрсеткендей, жол апатының 90 пайызы жүргiзушiлердiң кiнәсiнен орын алады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жүргізушілердің 24 пайызы жылдамдықты шамадан тыс асырады. Көше қиылыстарынан өту ережесiнің бұзылуы – 11%, маневр жасаудағы қателiк – 10%, жаяу жүргiншiнiң жолдан өту ережесiнiң бұзуы – 10%, қарсы беттегi жол бөлiгiне шығып кету – 9%. Осы тұста көптеген азаматтардың жүргізушілік куәлігін арнайы оқу курстарынан өтпей-ақ, ақша беріп сатып алатынын айту керек. Ендеше, бұл апаттарға ең алдымен жүргізу куәлігін беретін жауапты мекемелер кінәлі емес пе деген заңды сауал туындайды. Министрліктен бас­тап, автомектепке дейінгі сыбайлас жемқорлық еліміздегі қаншама бейкүнә адамдардың жол апаттарында өмірмен қоштасуына себеп болды? «ТАЛАЙ ҮСЕНОВТЕР КӨЛІКТІ ТІЗГІНДЕП ЖҮР» Өкінішке қарай, бұндай жүйе танымал азаматтарға, атқамінерлер мен олардың жақын туыстарына майдай жағып тұр. Бір ғана Мақсат Үсеновке қатысты іс Қазақстанда заң мен әділеттіліктің екі түрлі мағынаға ие екендігін, бір-бірімен сәйкес келмейтінін аңғартқандай. Бүкіл рес­публиканы дүрліктірген Мақсат Үсенов 2013 жылдың желтоқсан айында BMW X6 қымбат көлігінде алты адамды қағып кетті, студент Мұрат Қарабалин оқиға орнында жан тапсырды. Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, Үсеновтің әкесі – Қажымұрат Үсенов «ЕХРО-2017» ұлттық компаниясындағы бөлім басшысы екені белгілі болды. Кейіннен бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі наразы­лық­тардан соң, шенеунік қызметінен кетуге мәжбүр болды. Бір қызығы, қайғыдан қан жұтқан ата-ана о баста қылмыскердің жазалануын талап етіп, кейіннен Мақсат Үсеновті кешірген болып шықты… Заң бойынша ымыраға келгендіктен, қылмыстық іс тоқтатылды. Жазасы бар-жоғы 45 тәулік болды. Бұл мерзім де Мақсат Үсеновке сабақ болмағандай. Жақында оның «Мерседесс» көлігін жүргізгенін түсіріп алған сурет ақпарат құралдарына шықты. Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің берген мәліметінше, Үсенов өз «кінәсін» мойындап,­ таныс құрбысына машинасын көлік тұрағына орналастыруға көмектескенін айтып ағынан жарылған. Бұл үшін оған 18 520 теңге айыппұл салынды. Алайда оның қазір де көлік тізгінін ұстамай жүргеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Соңғы жағдай соның дәлелі. Қоғам наразылығын тудырған жайттардың бірі биыл Риддерде болды. Бұған дейін 2010, 2011 жылдары адамдарды қағып, жазадан құтылған Владислав Зиновьев мамыр айында тағы да бір жаяу жүргіншіні қағып, отбасын қайғыға орады. 2010 жылғы көлік апатында қайтыс болған азаматтың туыстары қылмыстық істі қозғамау туралы шағым берсе, екінші жағдайда амнистия бойынша Зиновьев бостандыққа жіберілген. Осы уақыт ішінде аса бай бизнесменнің баласы көлік жүргізу құқығынан айрылғаны-айрылмағаны белгісіз. Ал биыл тағы бір егде жастағы кісіні жол бойында басып кеткен. Іс әлі тергелуде. Бірақ, жұртшылық осы жолы да кәсіпкердің баласы оңайлықпен құтылып кететініне күмән келтірмейді. 24 қыркүйекте Павлодарда жол апаты орын алды. Үш бірдей адамды қағып кеткен жүргізуші ұсталды. 25 жастағы көлік иесі машинаның рөлін ішімдік ішкен азаматқа берген. Салдарынан үш жаяу жүргінші қайтыс болды. Ең сорақысы, олар адамдарды қаққан соң, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін белгілі болғандай, көлік апатына кінәлі Жамбыл Мұқантаев павлодарлық кәсіпкер Серік Мұқантаевтың туысы болып шықты. Жол-көлік апаттарының лауазымды тұлғалардың қатысуымен орын алуы мемлекеттік қызметкерлердің, шенеуніктердің, құқық қорғау органдары өкілдерінің беделіне нұқсан келтіруде. Ал олардың қаққан адамын өлім аузында қалдырып кетуі, мас күйінде көлікті жүргізуіне ешкім тыйым сала алмайтын сияқты. Қыркүйек айының соңында Маңғыстау облысында прокурор орынбасарының қатысуымен жол-көлік апаты орын алып, екі адам қайтыс болды. ВАЗ көлігінің жүргізушісі мен оның қасындағы бір адам о дүниелік болған. «Тойота» көлігін тізгіндеген Қарақия ауданы прокурорының орынбасары сол кезде қызмет бабында болғаны анықталған. Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, себеп-салдары анықталуда. Әділет қызметкері қызметінен шеттетілді. Ал Ақтөбе қаласында капитан Мұхит Әубәкіровке қатысты атышулы процесс те жалғасуда. Арнайы белгіге қарамастан ол екі адамды қағып кеткен. Ызаға булыққан куәгерлер әскериді дәл сол жерде жазаламақ болған. Бұлары үшін әлгілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал Әубәкіровке қатысты іс қозғалды. Павлодар облысындағы Ақсу қалалық жер қатынастары бөлімінің қызметкері қызметтік көлікте жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ол үшін жұмыстан босатылып, қылмыстық іс қозғалды. 31 жастағы Қанат Исин 53 жастағы әйелді қызметтен тыс уақытта, мас күйінде басып кеткен. Алайда бұл «Абайсызда жасалған қылмыс» санаты бойынша қаралуда. Атышулы жол апаты Қарағанды облысында тіркелген. Облыстық ішкі істер басқармасы оңтүстік-шығыс бөлімінің жедел мәселелер бойынша басшысының орынбасары Жансерік Дәуренбеков мас күйінде қызметтік көлікпен жас қызды қағып кеткен болатын. Бұл оқиғадан кейін Қарағанды облыстық Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Болат Ахымбеков, оңтүстік-шығыс бөлімі бастығы мен оның кадр бойынша орынбасары қызметінен босатылған еді. БІТІМГЕ КЕЛУ МҮМКІН БОЛМАЙДЫ Сонымен бірге, кінәсі дәлелден­ген­мен, бостандыққа шыққан шенеу­ніктер де бар. Жыл басында Астана қалалық прокурорының көмекшісі Мақсат Шыңғысов егде жастағы адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен еді. Кейін үш жылға сотталды. Алайда қайтыс болған азаматтың туыстары араласып, оны жазаламау­ды өтінген. Осыған ұқсас жағдай Алматыда да орын алған еді. Аяғы ауыр ана мен оның үш жасар баласын қағып, оқиға орнынан қашпақ болған Алматы облысы, Ұйғыр ауданы салық басқармасының басшысы Бақыт Құрмашев жеті жылға жүргізушілік құқығынан айрылды. Лауазымды тұлға ішімдік ішіп алған екен. Оқиға орнынан қашуға талпынған оны куәгерлердің бірі тоқтатқан. Татуласуға байланысты қылмыс­тық жауапкершіліктен босату мен абайсызда қылмыс жасау баптары қазір кез келген шендіні, оның жақындарын жазадан құтқарып келеді. Өйткені кезекті қысымнан соң қара­пайым адамдардың кешіруден, пәледен аулақ болудан басқа амалы жоқ. Енді бұған қарсы жаңа қылмыстық кодекс бойынша қоғамда әділеттілік пен құқықтық тәртіп орнауы тиіс. Ішімдік ішіп, адам қағу фактісі аса ауыр қылмыс санатына қосылды. Бұл байқаусызда емес, алдын ала ойластырылған қылмысқа теңестіріледі. Бір адам қайтыс болса – 7 жылға, екі адамға – 12, одан көп болса – 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Сонымен бірге бітімгершілік, ымыраластыққа келу баптары алынып тасталынды. Оның қалай жүзеге асырылатыны алдағы уақытта белгілі болмақ. Осы жылы мемлекет басшысы Алматыға іссапарында қаладағы жол-көлік оқиғаларының көбейгенін айтып, атышулы фактілерге қатысты өзінің пікірін білдіріп, құқыққорғау органдарына ескерту жасады. «Жол-көлік оқиғаларының танымал адамдардың балалары мен туыстарының қатысуымен болып жатқанын атап өткім келеді. Заң алдында бәрі тең, сондықтан бұл жағдайда балаларын да, ата-аналарын да қатаң жазалау керек»,– деді Қазақстан Президенті Н.Назарбаев. Диас БЕЙСЕНБЕК

Серіктес жаңалықтары