ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ АРТАДЫ

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ АРТАДЫ

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ АРТАДЫ
ашық дереккөзі
473
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндама жасап, журналистер сұрақтарына жауап берді. Аймақ бойынша маңызды мәселелерді түгел қамтыған әкім су тапшылығына айрықша көңіл бөлді.
Шындығында, Жамбыл облысының 80 пайызы Қырғызстанның су қорына тәуелді. Қазір көршіге су тәуелділігінен арылу үшін төрт кішігірім су қоймаларын салу жоспарланып отыр. Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған су қорын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламада осы мақсатта 25 миллиард теңге қарастырылған. 
Бұдан бөлек, әкім алдағы он-он бес жылғы жоспарлар жөнінде баяндап берді. 2020 жылға қарай Жамбыл облысында ауылшаруашылығында 245 миллиард теңгенің тауары өндірілуі тиіс. Қазіргі кезбен салыстырғанда көлемі екі есе ұлғаяды деген сөз. Ал ет өндірісі сол кезде 40 пайызға артып, 82 мың тоннаға жетуі тиіс. Сондай-ақ сүт өндірісінің көлемін 20 пайызға арттырып, жылына 325 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. 
Жергілікті әкімшіліктің тексерісі нәтижесінде қараусыз қалған 457 мың гектар жер мемлекет қорына қайтарылған. Оның 173 мың гектары қазірдің өзінде ауылшаруашылық мақсатта пайдаланылатын болды. Суармалы жерлер аумағы 2020 жылға қарай 214 мың гектарға дейін кеңейтіледі. Бұл қазіргі көлеммен салыстырғанда 40 пайызға артық деген сөз. Оның ішінде тамшылап суару технологиясы 25,6 мың гектар жерде қолданылатын болады. 150 мың гектарда суды үнемдеу технологиясы жүзеге асырылмақ. 
Ауылшаруашылық саласын дамыту үшін шетелдік инвестициялар тарту ісі одан әрі жалғасады. Малайзия мен Венгрия кәсіпорындарымен ірі қара басын көбейту мақсатында келісім-шарт жасалған. Одан бөлек, шетелдік инвесторлар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы бойында 83 шағын сүт фермасын салуға да ынталы. Бұдан бөлек, 145 сүт қабылдау орындары ашылады. 
Әлбетте, аймақ экономикасының локомотиві саналуға лайық химия өнеркәсібінің дамуы басты назарда. 2020 жылға дейін бұл саланы дамытуға 900 миллиард теңге бөлінеді. «Аймақтың химия саласында дамудың жақсы қарқыны байқалады. Болашақта химия өнеркәсібі облыстың өнеркәсіптік қауқарының локомотиві болатынына сенімдімін» – деді әкім өз баяндамасында. Осындай инвестициялық саясаттың нәтижесінде бұл саладағы өндіріс көлемі алты есе өседі деп болжанып отыр. Ең бастысы, химия өнеркәсібі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін беруі тиіс. Төрт ірі индустриалдық аймақ та осы сала негізінде құрылады. «Осының нәтижесінде өңірде 100-ден аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі пайда болады»,– деді К.Көкрекбаев. 
Бұған дейін ғаламторда оңтүстік аймақтарға Украинадан босқындар келіп қоныс аударып жатқаны жайлы ақпарат таратылған еді. Брифингте әкім бұл мәліметті жоққа шығарды. «Украинадан ешқандай босқындар келген емес»,– деп мәлімдеді К.Көкрекбаев. Оның айтуынша, Сириядан келген бір азамат әкім қабылдауында болып, одан көмек беруін сұраған. Ол Жамбыл облысынан шықан қазақ қызына үйленген, қазір төрт баласы бар. Ол әкімнен баспана мен жұмыс сұраған көрінеді. 

Көлбай ЖЕҢІС
Астана

Серіктес жаңалықтары